Слободан ДЖУРОВИЧ: Орта ғасырларда аудармашылар әулие саналған
31.07.2023
377
0

Слободан Джурович – серб ақыны, аудармашы. ­­­­15 жыр жинағының авторы. Өлеңдері Жапония, Канада, Үндістан, Ресей, Тунис, т.б. елдерде шыққан антологияларға енген және шетелдік басылымдарда жарияланған. Бірнеше халықаралық сыйлықтың иегері. Неміс, украин, парсы, словен, болгар, орыс, македон, т.б. халықтардың ақын-жазушыларын аударған.

– Слободан мырза, 15 жыр жинағыңыз шықты. Ақын ретінде мақсатыңыз қандай?
– Оқырмандарға шығармашылығым арқылы ой салуға тырысып келемін. Сондықтан рухани, философиялық жырларымда өмірдің мәні мен жалғандығы туралы жаздым. Ал махаббат жайлы өлеңдерімді сезіммен, естеліктеріммен көмкердім. Жалпы әдебиеттің функциясы – меніңше, рухани құндылықтарды тарату. Америкалық-британиялық ақын Томас Элиот «Әрқайсымызда білімнің жұқанасы ғана бар. Өзгелердің көзқарасын оқып-білу арқылы ғана таным көкжиегімізді кеңейтеміз» десе, ал поляк ақыны Адам Загаевский «Құрдымнан құтылудың жолын өзге ақындардың поэзиясынан табасыз» деген. Яғни, көп оқу қажет.
– Поэзияға образ беру керек болса, қалай бейнелер едіңіз?
– Ақын уақыт пен кеңістікке тәуелді емес. Ол әрдайым оқырмандарына лирикалық гүлдерін ұсынып тұрады. Өз табаны тимеген өлкелерге де жыры жетеді. Тіпті, өзі өмірден әлдеқашан өтіп кетсе де, бұл ісі тоқтамайды және қайтарымына ештеңе сұрамайды.
– Ақындық дарыныңыздың оянуына не әсер етті?
– Бозбала шағымда азапты дертке шалдығып, ұзақ ауырдым. Ұйқысыз түндерде терең ой мен тұңғиық уайымға берілетінмін. Сондағы жан тебіренісімнен өздігінен өлеңдер туды. Тырнақалды жырларым мектеп журналында жарияланған соң, ұстазым оқып, ұнатып, алғашқы кітабымды шығартқызып берді. Жас кезімнен оқуға құмар болдым. Белградтың орталығындағы кітап дүкендеріне күн сайын бірнеше шақырым жаяу жүріп барып, түскі ас ішетін ақшама кітаптар алатынмын. Сөйтіп, кешке үйге тағы да жаяу қайтатынмын. Қарным аш болғанмен, көңілім тоқ еді, бастысы. Сондай-ақ әдебиетке біржола бетбұруыма Блок, Неруда, Леопарди, Ади, Ракич тәрізді қаламгерлердің шығармашылығы ықпал етті. Сөз өнеріне өзгелерге сынақтарды жеңу, қайратты болу кілтін ұсыну үшін келдім. Ежелгі грек драматургі Софокл «Қайғы-қасірет шекпеген кісі маған кеңес бере алмайды» демеп пе еді…
– Өлең жазудан бөлек, тәржіма да жасайсыз. Әдеби аударманың мән-маңызына тоқталсаңыз.
– 15 жыр жинағымнан тыс 3 халықаралық антологияны құрастырдым. Сонымен қатар сербиялық сәулетші әрі ақын Балса Ражчевич жөнінде монография жаздым. Жүзден астам эссем мен мақалаларым бар. Ал аударма саласындағы еңбектерім әртүрлі дәуірде өмір сүрген әрқилы елдердің ақындарын қамтиды. Мәселен, Аттар, Хафиз сықылды парсының сопы шайырларын сербше сөйлеттім. Сондай-ақ Германия, Ресей, Украина, Болгария, Македония, Словения, т.б. мемлекеттердің қаламгерлерін тәржімаладым. Олардың арасында Рильке, Гёте, Гессе, Каросса, Пауль Целан, Блок, Лермонтов, Евгений Чигрин, Сергей Шелковый, Ирина Уральская, Натали Биссо, Владимир Бабошин, Алексей Калакутин, Руслан Пивоваров, Роман Киссёв, т.б. бар. Аударуға өлең таңдағанда жырда лирикалық әуез болуына баса мән беремін. Өйткені, румын әрі француз ойшыл-эссеисті Эмиль Чоран айтқандай, «лирикалық әуез әлсіз болған жерде поэзия да жоқ». Аударманың маңызына келетін болсақ, бір ғана нәрсе айтайын: орта ғасырларда аудармашылар әулие саналған. Осының өзі біраз жайтты аңғартады.
– Оқырмандарымыз өмірбаяныңызды да білгісі келеді.
– 1952 жылы Белградта тудым. Әкем заңгер еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагерде тұтқын болды. Ал анам машина құрастыру зауытында жұмыс істеді. Шығармашылығымды өмір бойы қолдап келе жатқан туған әпкем бар. Менің нағашы атам полиглот болатын. Ондаған тілде сөйлейтін. Соның арқасында екінші дүниежүзілік соғыста отбасын аман алып қалды. Бұл жайт мені де көп тіл білуге ынталандырды. Аударма саласындағы еңбектерімнің бәрін де нағашы атама арнаймын. Менің қызым да бірнеше шет тілін біледі. Өзім мектепті Белградта бітірдім, ал жоғары білімді Хорватия астанасы Загребте алдым. Негізі мамандығым бойынша инженермін. Әдебиетті ғұмыр бойы өз бетіммен оқып келемін. Ізденуді ешқашан тоқтатпаймын.
– Демек, ата-әжелеріңіз де, әке-шешеңіз де екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын тартқан. Қазір сіздің еліңіз тыныш. Әйтсе де ғаламның өзге түкпірлерінде қантөгістер болып жатыр. Дүниеде бейбітшілік орнату мүмкін бе? Майданның алдын алу жолдары бар ма?
– Соғыс деген – орны толмас қасірет. Соғыста қайғы шекпейтін адам болмайды. Ол орасан материалдық шығын әкеледі. Бірақ бәрінен бұрын ата-анасынан айрылған балалардың, перзенті мерт болған қариялардың, күйеуі өлген әйелдердің, жақыны қаза тапқан адамдардың жүрегіне түскен жарасы ешқашан жазылмайды. Меніңше, соғыстың алдын алу үшін білім беру және халықтар арасындағы мәдени байланысты күшейту керек. Сонда ұлттар руханиятында қаншалықты ортақ құндылықтар бар екеніне көз жеткізіп, өзге жұрттардың да өзіміз секілді адам екенін ұғынамыз.
– Сүйікті әдеби шығармаларыңыз қандай?
– Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза», Толстойдың «Иван Ильичтің ажалы», Кафканың «Процесс», Камюдің «Оба», Гомбровичтің «Фердидурка», Золяның «Жерминаль», Селимовичтің «Дәруіш пен ажал», т.б. шығармалары маған ерекше әсер сыйлады.
– Сербияның мықты ақын-жазушылары деп кімдерді атар едіңіз?
– Болашағынан үміт күттіретін жас қаламгерлерді айтайын: Драган Маркович, Тайана Потериахин, Зелжко Сарич, Владимир Вукович, Зориса Павлович, Борис Косович, Марко Станожевич, Елена Гаврилович, Ивана Миланков, Людя Ракосевич, Ана Правилович, Юлиана Балабан, Мая Белегисанин, т.б. Олар заманның күнгейлі, көлеңкелі тұстары туралы қатар жазады.
– Ақын-жазушыларыңыз баршылық екен. Ал оларды оқитын оқырман бар ма Сербияда? Отандастарыңыздың кітап оқуға деген ынтасы қалай?
– Сербияда жас та, жасамыс та кітапты сүйіп оқиды. Бірақ әркімнің талғамы әртүрлі. Біреулер тарихи немесе биографиялық романдарды жақсы көрсе, өзгелер поэзияны немесе эссе жанрын оқиды. Алайда махаббат туралы туындылар, шытырман оқиларға толы шығармалар және детектив бағытындағы жинақтар, яғни әлемдік бестселлерлер бәрінен көп оқылады. Сербиядан шыққан авторлардың шығармашылығына деген сүйіспеншілігіміз ерекше. Сонымен қатар әлемдік әдеби үдерістегі жаңалықтарды да жіті бақылап отырамыз. «Белград кітап жәрмеңкесі», «Кітап түні» тәрізді іс-шаралар жылына сан мәрте ұйымдастырылып, халықтың ықыласына бөленетіні сонша діни жоралғы секілді болып кеткен. Мұндай жиындарға жас-кәрі түгел әдемі киініп келіп, ерекше мәдениет пен ізет көрсетеді. Сондай-ақ шатырлар мен дүңгіршіктерді «сүзіп», қорегін іздеген аш қасқырдай қажетті кітабын іздейді. Кітап жәрмеңкесінен тыс уақытта да, кітап дүкендеріне барып, кофе ішіп отырып, кітап оқитындар көп.
– «Әлем әдебиетін де қалт жібермей, қадағалап отырамыз» дедіңіз. Ал қазақ қаламгерлерінен кімдерді оқыдыңыз?
– Бірнеше жыл бұрын қазақ ақыны Абайдың орысшаға аударылған жырларын оқып, тереңдігі мен өзектілігіне сүйсінген едім. Сондықтан серб тіліне аударып қойдым. Бірақ әлі жарияланған жоқ. Сербиядағы қазақ достарыма оқытқанымда олар жоғары бағалады. Алдағы уақытта қазақ поэзиясымен кеңірек танысқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір