«Семсер жүзіндегі серт» – әдебиетіміздің елеулі табысы
17.04.2023
617
0

        Тағы бір жыл тарих қойна­уына кет­ті. Әлемдік панде­мия­ның соңғы жағына тура келген бұл он екі ай да қашанғысындай қаламгер­леріміз үшін тынымсыз еңбектің, тоқтаусыз ізденіс­тің уақыты болғанға ұқсай­ды. Жемісі, міне, қолы­мыздағы оннан аса кітап және мерзімді баспасөзде жарық көрген көптеген прозалық шығармалар.
Енді мойынға алған міндеті­міз бойынша соларға хал-қаді­рімізше тоқталып өтейік.

1. Молдахмет ҚАНАЗ. «Армандай алыс жағалау». «Денсаулық» баспасы. Көп томдық шығармалар жинағының алғашқы томы екен. Кітапқа жазу­шының «Армандай алыс жағалау» хикаяты, тағы екі көлемді, бірсыпыра мөлтек әңгімесі еніпті.
«Армандай алыс жағалау» – менің білуімше, жазушының ертеректе, жастау кезінде жазған, есім-сойын біраз жұртқа мәлім еткен шығармасы. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда қалай болар екен деген қызығушылықпен қайта қадалып оқып шықтық. Жоқ, арада талай заман өткеніне қарамай, сол бұрынғы деңгейі – зау биігінде екен. Бәз-баяғы қалпы мөлдіреп тұр. Демек, уақыт сынынан өт­ті деген сөз.
«Теңіз» деп маңдайша қойылған бірінші бөлімінде жұмысына берік, мығым жігіт­ті пайдаға дәніккен көршісі өзінің жазықты екеніне қарамай қайығын бүлдіріп, теңіз ортасына тастап кетеді. Қатар өскен жолдасынан мұндай айуандық күтпеген аңғал азамат кайткенде де тірі қалу үшін жанын жалдап, жағаға қарай ұмтылады. Кездескен көлденең қатерлерді еңсеріп, соңында таң сыз бере табаны жағалаудың құм-қайраңына тиеді.
«Дария» аталатын екінші бөлімде екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедегі Төлепберді қарт­тың басынан өткерген ауыр тағдыры өз аузынан баяндалады. Майданға кеткенде артында қалып, кейін иесі жоқ жетім ретінде Астрахань асқан жалғыз қызы анасының қайтқан хабарын естіп, топырақ салуға келе жатады. Cонша алыстан үздігіп жеткенде соңғы бөгет – тасыған дария жол бермейді. Қарап тұрып кері қайтатын емес, қайырымды жандар көмекке келіп, арасында шал да бар, тәуекел деп қайық­қа мінеді. Өтіп келе жатқанда қайық­ты сең соғып, құшағында жаңа туған нәрестесі бар шалдың қызы қатерге тап болады. Соңында сәби құтқарылып, анасы суға кетеді. Жүрекке салмақ салатын осы оқиғаны ол кезде әлі жас автор аса дәлдікпен, шашау шығармай, өте шебер баяндайды. Тіл шұрайлы. Құрылым шымыр.
Жазушының мөлтек әңгімелері де тамаша! Басында бір шығармаларға кірмей қалған қысқа зпизодтар шығар деп немкет­ті көз салып едік. Іле ішіне қалай сүңгіп кеткенімізді сезбей қалып­пыз. Негізі мұндай шығармаларды қара сөзбен жазған өлең деп атайды. Мазмұны, табиғаты өлең болғанымен, өзегіндегі шымырлаған мұң, лепірген лирика, батпандаған қасірет қарасөз арқылы жүзеге асып, жарыққа жетеді. Талай елдің әдебие­тінде бар жанр. Қалай екенін, бізде мүлде дамымай қалған. Кездестіріп отырғаным осы.
2. Төкен ӘЛЖАНТЕГІ. «Ебіл-дебіл дүние». Хикаят­тар жинағы.
12 хикаят­тың басын құраған көлемді кітаптың көп бөлігі жазушы өзі жақсы білетін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылығы мол кезеңге арналыпты. Құдайдай сенген «коммунизм» деген қызыл арман көзден бұлбұл ұшып, ешқашан жолда қалдырмастай көрінген Кеңес одағы бір күнде келмеске кетіп, не істеуді, қалай жан бағуды білмей халық боп дағдарған әрі-сәрі шақ. Қажет­ті екеніне қарамай, көп жазыла қоймаған тақырып. Төкен ағамыз оң жамбасына келетін осы уақыт­ты біраз қаузапты. Еңбегі нәтижесіз де емес. «Бақыр басты еркек» – міне, осы ізденістің жемісі. Жеке адам емес, тұтас жұрт болып тұйыққа тірелген жаңағы тобанаяқ заманда түртініп жүріп, жаңа бір жұмыстың көзін тауып, тірлік бастаймыз деп тұстасы Қанатпен келісіп, үміт шырағы енді жанған Майсары дәл сол күні түнде тосыннан жүрген, сол өңірдегі қыс айларының тұрақты мінезі «Теке тұрқылдың» құрбаны болып кете береді.
«Жалғанның жанды қуыршақтары» хикаяты да осы тақырып төңірегінде. Елі кетіп, қаңырап бос қалған ауылда қыбырлап жүрген төртеу. Қарты, қырма сақалы бар үш еркек және бір әйел. Әрі-беріден соң әйелге талас басталады. Ашық, әшкере емес, жабық, жасырын. Соңы – трагедия.
Жазушының жазу машығында авторлық баяндау кептеу секілді болып көрінді. Десек те, қаламы төселген прозашы екені көзге ұрып тұр.

3. Оразхан АХМЕТ. «Тұлпардың соңғы тұяғы». «Мазмұндама» баспасынан шыққан хикаят. Қытайда тұратын қазақ жазушысы көтерген мәселе таныс әрі бейтаныстығымен есте қалды. Бір қарағанда баяғы мәңгүртизм. Бірақ басқа жағдайда, өзгеше кеңістікте көрініс тапқан өзге азғындау.
Енесін өгіз жарып өлтіріп, тумай жатып жетім қалған құлын түртініп жүріп бір қорада бірге тұратын, жаңа туған қодығы бар есіктің бауырына тұмсық тығады. Қанша дегенмен хайуанның аналығы ғой, жетімнің бұл қылығын есек те теріс көрмейді. Сөйтіп, адал құлын арам есектің бауырында ержетеді. Оданда сорақысы, есек емген құлынның атақты айғырдың тұқымы екені кейіннен белгілі болады. Сыншының көзі түсіп, жаратуға кіріседі. Тұлпардың тұяғы әбден бабына келеді. Аламанға қосылады. Барлық ат­тан оқ бойы озып келген сәйгүлік мәреге аз қалғанда аса алмас «асуға» тап болады. Алдын шалшық құрлы жайдақ су кес­кестейді. Бойындағы есектік қасиеті қозып, қол-аяғын байлайды. Соңғы есепте, қол созымда тұрған мәреге жете алмай, бәйге басқа біреудің қанжығасында қызырып кете барады.
Оқыс оқиғаның иіріміне шым батып кеткен біз әлден уақыт­тан кейін әрең суырылып шығып, бүгінгі әңкі-тәңкі халімізді ойладық. Қараңғы кезімізде басымыздан сипап, көзімізді ашқан, күнсіздерге күн болған қамқор «әкемізді» еске алдым. Соның бауырында өсіп, азат­тыққа шыққалы көп жылдар өтсе де, еңсесін әлі тіктей алмай келе жатқан жұрт­ты ойладым. «Осының бәрі ненің кесірінен болды?» деген сұрақ тұрды көкейімде.

4. Жәди ШӘКЕНҰЛЫ. «Жәнібектің соңғы сапары». Деректі хикаят.
Шығарма халқымыздың жоңғарларға қарсы азат­тық соғысы кезінде Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болған, оң жағынан орын алған, керейден шыққан әйгілі батыр ер Жәнібектің өмірінің соңына таман Маңырақ, Шілікті, Тарбағатай, Ақсуат өңірін қамтыған Барқытбел қойнауына жасаған ақырғы сапарын арқау етіпті. Ұрыс қимылдарына үн қосу мақсатында емес, ел ішіндегі дау-шарларды шешіп, тентектерді жөнге салу үшін. Сол себепті туындыда батырдың жөн-жосыққа жетік, ел ісін жақсы білетін сұңғылалығы мен қарақылды қақ жарған әділдігі, ділмар шешендігі көрініс табады. Тарихи тұлғаның сом бейнесі жаңа табылған тың деректер арқылы ашылыпты.

5. Айтбай ТАСИЛОВ. «Түнгі телефон шырылы». Әңгімелер жинағы. «Тоғанай.Т» баспасынан шыққан кітапқа дәрігер қаламгердің бір топ әңгімесі топтастырылыпты. Топтаманың көзіқарақты оқырман көңілінен шыққаны анық. Біз кітаптан бұрын осы кітап жайлы жазылған көлемді мақаламен таныстық. «Қазақ әдебиетінің» биылғы №2 санында Асхан Майлыбаева деген кісінің «Жан жарасы» және қаламгер» деген мақаласы шықты. Алдыңғы жағына Есенғали ағаның (Раушанов) хаты қоса берілген. Есағаң дегенде жан қалама, бас салып оқып шықтық. «Айтеке! Кітабыңызды оқып шықтым. Қызық дүние екен. Әдет­те, әркім өз кәсібімен айналыспай, «басқаның огородына» түсе бастаса, өз басым қорқа бастаушы едім. Ал «Сен жүрген жол» расында басқа болып шықты» деп басталатын хат Айтбай Тасиловтың шығармашылығына арналыпты. Және жақсы баға берген. Ал әлгі мақала авторы «Дәрігерлігінде «тән жарасына» ем, қаламгерлігінде «жан жарасына» сөз таба білген шипагер шығармаларының көркемдік деңгейі, тіл шұрайы, ой шырайы олардағы оқиға жілісімен жымдасып, өмір шындығымен үндесіп жатыр» деп ақын ойын бекіте түседі. Біз де осы пікірге қосыла отырып, одақ басшыларынан осындай ізденгіш авторларды назарда ұстауды өтінер едік.

6. Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ. «Омартаның ойраны». «Әдебиет» баспасынан жарық көрген бұл кітапқа жазушының «Караөзек» романы мен бір топ әңгімесі еніпті. Жазылғанына жиырма неше жыл болған, сыншы, әдебиетшілерден лайықты бағасын әлдеқашан алған «Қараөзек» туралы айтып жатуды артық деп санадық. Сөз – әңгімелері жайында, оның ішінде былтырдан бері жұрт назарында болған, көп талқыланған «Үрейлі үш күн» хақында болмақ. Рас, әсерлі туынды. Олай болатыны, жазушы адамдардың ең әлсіз жеріне қол салған. Әлі болмаған, болашақта ғана болуы ықтимал екеніне қарамастан, баян­далған оқиға әркімнің-ақ басына түсердей білініп, қат­ты тіксінтеді. Себебі, ешбір жан, қандай себеп­пен болсын, бауыр еті баласынан ажырағысы келмейді. Ал заң ажыратпақ. Адам айтса нанғысыз қатыгездік. Одан да өткен қатыгездік – балабақша тарапынан жазылған арыз. Ол тіке келіп, кесіп алса қан шықпас Сұлтан Лидің қолына түседі. Ерімбет­тің миынан түтін шығады. Өйткені баласы – алданышы ғана емес, сүйікті жарының қыршын өмірінің бодауы да еді, екі жанның тіршілігін қосақтап арқалап жүрген жалқы үміт. Айрылу – өліммен тең. Үш күнде өмірі болмаған азап шегеді. Құдай оңдағанда, оқиға соңы оңымен аяқталады. Өзінің бұлыңғыр өткені туралы ізденіп, мұрағат ақтарған Сұлтан өзі үшін адам сенгісіз жаңалық ашады. Соның себебінен бойында адамшылық сезім оянады. Ерімбет­тің баласы қасында қалады. Әңгімені оқыған адамның бәрі оған тілекші. Және ұрпақ туралы, болашақ жайында дұрыстап ойлануға мәжбүр болады. Біздің ойымызша, туындының ең үлкен жетістігі – осында.
7. Назым СЛЯМҚЫЗЫ. «Мұзтау – музам менің». Алматыдағы «Перизат» баспасынан шыққан бұл кітапта автордың көркем эсселері топтастырылыпты. Бірақ барлығы бірігіп, тұтас бір тізбекті құрап, сағыныш деген өзекке көгенделген. Алтайдан ұзатылып, Алатауға келген қыз екі-үш жылдың алдында қат­ты ауырып, ғажайып түс көреді. Түсінде алыстан қол бұлғаған Алтайды көреді. Қанша талпынса да оған жете алмайды. Оянған соң кішкене тәуір болсам, туған жеріме сапар шегейін деп шешеді. Жүзеге асқан сол сапар әсерлері кітапқа естелік боп төгіліпті. Тақырып жақсы. Дегенмен орындалуында айта қалсын олқылықтар бар екенін ескерткіміз келеді.

Енді аяңдап романдарға келейік.
Қолымызға төрт роман келіп түсті. Оның біріншісі – Елен ӘЛІМЖАН ағамыздың «Дәуір» баспасынан шыққан «Алтын жүлге жыры». Аса көрнекті ғалым, халқымыздың қадірменді ақсақалы Мекемтас Мырзахметұлының өміріне арналған шығарма. Баршаңызға белгілі, қарт ғалымның өмірі қиындықтармен өрілген. Бала кезі ашаршылық заманға тап келіп, сопайып жетім қалса, есейген шағында ұлы Абай таныған Шығыс әлемін зерт­теуді қолға алып, ел жүрмеген соқпаққа түскені себепті көп шетқақпай көрген. Мұндағы кедергілердің бір ұшы – сол кездегі саясатпен астасып жатса, екінші жағы ғылымдағы догма надандықпен, көреалмаушылық дейтін қызылкөз қызғанышпен, бақастықпен тұтасып кеткен. Бұл жағдайларды тәптіштеп зерт­теп, ел алдына жайып салу – белгілі бір деңгейде Қазақ­стандағы гуманитарлық ғылымның, соның ішінде абайтанудың жүріп өткен жолын көрсету болар еді. Осы мақсат­та іске кіріскен автор өзінің діт­теген мақсатына жеткен. Мекемтас Мырзахметұлының ғалым ретіндегі ілім-біліммен өрілген көркем бейнесі сәт­ті жасалған. Әрине, жанр табиғатына байланысты, бұл тараптағы тәжірибесінің аздығы себепті шығармада құрғақ баяндаудың көбейіп кеткенін, оның көркемдікке кәдімгідей кері әсер еткенін айта кету міндет.

Романның екіншісі – Әбдісат­тар ОСПАНОВ деген автордың «Зар заман зардабы» ат­ты тарихи туындысы. Өткен ғасырдың басында Қазалы-Арал өңірінде жасаған қазақтардың Совет өкіметі келген тұстағы көрген көресі, тартқан тауқыметін Құдайбергенұлы Құрманбай деген бидің қиындыққа толы өмірі, маңындағы жақын, жамағайын­дарының тоз-тозы шыққан қилы тағдыры арқылы көрсетуге тырысыпты. Бай мен биге қырын қарайтын Совет өкіметі Құрманбай бидің кейінгі ұрпақтарын да аяй қоймаса керек. Бұл кезең бидің екі ұлы Әбдіжәли мен Әбдіқалидың өмірі арқылы өріліп, жарыққа жол тартады. Биік көркемдік тұрғыдан қарағанда, шығарма талапқа толық жауап бермейді. Соған қарамай, оқып шығып, пікір білдірдік.

Үшінші роман – Нұрдәулет АҚЫШ ағамыздың «Алтынсарин алауы» дилогиясының І томы. Көкшетаудағы «Надежда 2050» баспасынан шығыпты. Аты айтып тұрғандай шығарма ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өміріне арналған. Балқожа бидің ағасы Ханқожаның табанды қарсылығына қарамай, шешімінен таймай, немересін Орын­борға оқуға алып жүрген тұсынан басталатын ұзақ әңгіме, орыс оқуын оқып, білімнің дәмін татып, ержетіп, енді сол білгенімді қырдағы қазақ баласына жеткізсем, үйретсем деген арманға иек артып, нық қалыптасқан Алтынсаринің «мектеп ашсам» деп жанталасып жүрген кезімен түйінделеді. Кейіпкердің өсу жолы нанымды. Тілі жат­тық. Зерт­теушілердің (С. Оспанұлы) айтуынша, деректер дәл, артық-ауыс кеткен ештеңе жоқ. Үлкен ізденістің, қажырлы еңбектің жемісі.
«Ұлт­тық әдебиет­тің алтын қорына қосылған қомақты үлес» деп айта алмаспыз, ол үшін әуелі роман толық аяқталып, жарық көруі, одан уақыт тезінен, сыншылар сарабынан өтуі керек. Ал алғашқылардың бірі болып оқып шығып, ой қорытқан адам ретінде айтарымыз: бұл роман – өтіп кеткен 2022 жылдың үлкен табысы.

Қолымызға келіп түскен романың төртіншісі – Әділбек ЫБЫРАЙЫМ­ҰЛЫНЫҢ «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясы. Алматыдағы «Мазмұндама» қоғамдық қорынан» басылып шығыпты.
Үш томнан тұратын бұл еңбек жарық көргелі бері ел назарында. Мерзімді баспасөздегі хабар-ошарды айтпағанда, аздың алдында «Үркер» бағдарламасында да талқыланып үлгерді.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары мен оның ұлы Сыздық сұлтан өміріне арналған көлемді романның бірінші кітабы «Арланның азуы» деп аталыпты. Оқиға Тезек төренің қырғызға жасаған сапарынан басталады. Қасында Сұраншы батыр, Сүйінбай ақын және Бөлтірік шешен бар. Жарты жыл ілгері хан Кенені өлтірген Орманбет хан анасына ас беріп, соған шықырыпты. Аста Қатаған мен Сүйінбай айтысады. Әңгіме, міне, осы айтыс арқылы өріс алады. Қырғыздардың Сарыүйсін жеріне қашан, қалай келгені, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында қазақтың көрген қорлығы, одан 1749 жылғы елдің қалмақтарға қарсы соғысы баяндалады. Мұнда жоңғарларды орыс пен қытай ғана демеп қоймай, көршісі қоқан мен қырғыздардың да қолтығына дым бүріккені айтылады.

Екінші кітап «Серт­те» Кенесары ханның басқыншыларға қарсы қиян-кескі ұрыстары сурет­теледі. Қақтығыс орыс императорының қазақ даласына қаратқан отарлау саясатынан тұтанған еді. Ат­тай он жылға созылады. «Абылай атамның ақ туын қайта көтерем, халқыма теңдік әперем!» деп серт берген хан азат­тық күреске інілері – Наурызбай, Әбілғазы сұлтан, Бопай ханым және дала жолбарыстары – Ағыбай, Жанайдар, Иман, Жоламан, Бұқарбай сынды батырларды топтастырады.
Жорық басталғанда іштен Ақмола өкірігінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы, кіші жүз сұлтандары Ахмед, Арыстан Жантөриндер, Баймағамбет Айшуақов сықылды қарсылар да табылады.
Біраз жылғы шайқастан соң хан ығысып, оңтүстікке жылжиды. Орыс, қырғыз, қоқан және ел ішіндегі төрелер бірігіп, Кенесарыны қолға түсіреді. Қыл мойны қылыш жүзінде тұрғанда хан: «Орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат!.. Хан Кене құласа да, қазақтың туы жығылмайды! Қазақ түбі тәуелсіздігін алады!» деп ұрандайды. Кешікпей ханның басын Омбы губернаторына жіберу ұйғарылады.

«Рух» деп аталатын үшінші томда Кенесарының «орындалмаған арманым – ұрпағыма аманат» деген соңғы сөзі арқау етіліп, ұлы Сыздық сұлтанның тәуелсіздік жолындағы қилы күресі баяндалады. Туынды өн-бойынан бұрынғы романдарда кездеспеген құрылымдық, көркемдік, стильдік ерекшеліктер айқын көзге ұрады. Рухты қозғайтын тосын оқиғалар, кейіпкерлердің мінез-құлқы шынайы және кестелі бейнеленген. Кең тынысты кесек туынды Тәуелсіздік кезеңдегі дербес сананың жемісі екені анық. Құрылымы күрделі, мазмұны терең шығарма тарихи деректермен берік тиянақталған. Шиеленіске толы сюжет, құнарлы тіл және тосын шешімдерімен де бағалы. Шығарманы жуық жылдардан бергі әдебиетіміздің елеулі табысы деп атауға әбден болады.

8. Ертай АЙҒАЛИҰЛЫНЫҢ «Мен саған ғашықпын» романында Ұлытау өңірінде туып-өскен Мәлік, Орал және Айтолқын атты бір сыныпта оқыған кейіпкерлердің кейінгі өмірлеріндегі шым-шытырық махаббат хикаялары шебер баяндалады.
Тапсырмаға сай енді әдеби басылымдарды шолып өтейін.
«Жұлдыз» журналында Кәдірбек Сегізбайұлы ағамыздың «Біз» ғұмырнамалық романы бастаған, Марат Мәжитовтың «Хақназар ханы», Мәди Айымбетовтың «Бопай ханымы» қош­таған үш роман, Төлен Әбдік ағамыздың «Қамқоршысы» бастаған он неше хикаят жарық көріпті. Тағы қаншама ұсақ әңгіме.
«Қазақ әдебиеті» газеті. Бұл апталықта жыл бойына 55 әңгіме жарық көрген. Басын оннан біріктірсек бес кітап деген сөз. Оңай олжа емес.
«Қазпоштаның» жұмыс жайын білесіздер. Кешіксе де жетіп, қолға түскендерін қарап шықтық. Жыл басында жарыққа жеткен Тұрысбек Сәукетаевтың «Алтыншы оқ» әңгімесі оқырмандар назарын аударып, ізі суымай жатып мақала жазылды. Авторы – әдебиет­танушы Нұрлыайым Батыр. Марқұм Мархабат Байғұт ағамыздың «Аршакие» әңгімесі мен Қуандық Түменбайдың «Ех, бостандық» әңгімелері көңілден шықты. Одан соң Шерхан Мұртазаның 90 жылдық тойына арналған әңгіме бәйгесінде топ жарған Гүлзейнеп Сәдірқызының «Жас жесір» (№43) деген әңгімесі есте қалыпты. Демек, жаман дүние болмағаны.
Ақыр «Қазақ әдебиеті» туралы сөз болып жатыр ғой, реті келіп тұрғанда тұрақты шығып келе жатқан жас қаламгерлерге арналған «Жас тұлпар» қосымшасы жайында да айта кетейін. Әдеби апталықтың жастарға арналған қосымшасы өте жақсы ұйым­дастырылып келеді. Жазуды жаңа бастағандарына қарамай, жастар қазір шетел тілдеріне аударылатын болыпты және қаншама жас талапкер шетелде оқып жатқан, содан сұхбат, басқа да жазбалар арқылы хабар таптық. Өз шығармашылықтарынан сырт қаншама шетелдік әдеби жаңалықты, аудармаларды оқыдық, қуанарлық-ақ жағдай. Осы игі істің басы-қасында жүрген Асылан Қуанышұлына ризашылық білдіріп қойсақ артық болмас деп ойлаймын.

Енді «Таң-Шолпан» журналы. Бұл басылым өткен жылғы көлемінің біраз бөлігін қырғыз прозасына арнапты. Әр санда 3-4-тен шығарма беріп отырған. Ал өзімізден Кәдірбек Сегізбайұлының «Біз» ат­ты ғұмырнамалық романы екі санында жарық көрген. Журналдың 3-санында Әділбек Ыбырайымұлының жоғарыда аталған «Семсер жүзіндегі серт» романынан «Кек пен серт» ат­ты үзінді беріліпті. Ал хикаят­тардан, Қуаныш Жиенбайдың «У мен уылдырығы», Әбділдабек Салықбайдың «Президент­тің етігі» тарихи-көркем хикаясы орын алған.

«Жас Алаш». Әдебиетке аз-көп қатысы болғандықтан, анда-санда сайтына кіріп қарайтынбыз. Сонда есте қаларлықтай екі-үш әңгіме оқыдық. Алғашқысы – қытайда тұратын көрнекті жазушы Жұмабай Біләлұлының «Шаңқан боз» әңгімесі. Жылқы малының текті, естілігі туралы баян. Қасиет­тен безіп, кие ұрған азғындар қайда жоқ дейсіз, сондай есіріктердің бірі айғыр қоюға әзірленіп, бұла күші бойына симай жүрген жас дөненді көзін байлап, енесіне шаптырып жібереді. Не сұмдықтың болғанын артынан аңдаған асау айлана қашып, таяу жердегі тау басына қарай қашады. Сол бет­те барып құздан өзін атады. Оқып болып, төбе шашымыз тік тұрды. Малдың ерлігіне емес, істің немен бітерін біле тұра, аңқау жасты адастырып, анасына салып жіберген адамның ит­тігіне.
Тағы бір әңгіме Нұрлыбек Саматұлының «Қаңбағы». Кәдімгі қаңбақ. Сөйтсек, қаңбақтың біз білмейтін басқа бір сыры бар екен. Нұрлыбек құрдастың сөзіне сенсек, «ұшарын жел, қонарын сай білген» деген жаман аты шыққан қаңбақ бекер босқа далақтап, тентіреп жүрмейді екен, қайта аса маңызды іспен айналысып, ұрпағын көбейту үшін, үп еткен лепке еріп, иен даланы кезіп, тұқым шашып жүреді екен. Әңгіменің тілі шұрайлы, құрылымы шымыр.
Сөзімді аяқтай келе, қадірлі қаламгерлер, назарларыңызды «Абай» телеарнасындағы «Үркер» бағдарламасына аударсам деп едім. Менің ойымша, бұл жоба ұлт­тық сөз өнерімізді насихат­тауға көп күш жұмсап келеді. Ақшасын шығарып, алаң ашып бергені үшін арна жетекшілеріне одақ басшылары алғыстарын айта жатар. Мен өздеріңіздің ат­тарыңыздан жобаның жетекшісі, әрі жүргізушісі, алда талқыланбақ кітапты үтір-нүктесін қалдырмай оқып, елеп, екшеп, додаға салуға дайындайтын алғашқы сарапшы – жазушы Жүсіпбек Қорғасбекке ризашылық білдіріп, алдағы жұмысына табыс тілегім келеді.

 

 

Серік Нұғыман

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір