Семсер
09.10.2023
2230
0

Ойлан, ойлан, ойың бақ,
Ой бақпасаң, қойың бақ.
Ойсырадым он ұлдың
Ойсыздығын уайымдап.

Ойлан, ойлан, ой қашыр,
Бола көрме жай тасыр.
Басың пісіп жетпесе,
Бақытты етпек қай ғасыр?

Опынамын отырып,
Ойланғаның өтірік.
Ойсыздығын көрсетті,
Дін қарындас шоқынып.

Он ұл, оман жұртым-ай,
Іші — жүдеу, сырты — май.
Сойылыңды соғамын,
Жан-тәніммен шырқырай…

 

  ХХ ғасырдың соңына таман қазақ поэзиясына келген тегеурінді толқын аз емес. Есенғали, Тыныштықбек, Ғалым Жайлыбай, Светқали, Гүлнәр Салықбай сияқты ақындар арасында Нұрлан Мәукенұлының есімі тіл ұшына бірден оралады. Нұрлан Шығыс Қазақ­стан облысы, Зайсан ауданында туған. 1984 жылы Қазақ Ұлт­тық Университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы КИМЭП-тің саясат­тану бөлімін бітірді.

1979 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті журналистика факультетінің қазақ бөліміне 50 бала түстік. Ол кез­де студент­тік өмір сәл өзгеше еді. Сенбі-жексенбі сайын түрлі кеш, соның ішінде поэзия кештері жиі өтіп тұратын. Сол жылы оқуға түскен 50 баланың барлығы дерлік ақын еді десем, артық айтпағаным. Журфактың жатақханасында күркіреп өлең оқып, талдап жатушы едік. Сол оқуға түскен түлектердің бірі, орталарда өзінің өрнекті өлеңдерімен танылған Нұрлан Берғазиев болды. Кейін ол ақын ретінде Нұрлан Мәукенұлы деген атпен танылды. Бірінші курста оқуға түскен 50 баланың барлығы дерлік ақын болғанымен, зейнетінен бейнеті басым, мехнаты көп таза ақындықты ұстап қалғандар санаулы еді. Олар Нұрлан Мәукенұлы, Бейбіт Құсанбек Баян Бекетова, Үмітхан Алтаева, болатын. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын ретінде мойындалған азамат­тар. Бәлкім, курсымыздан шыққан ақындардың ішіндегі шоқтығы биігі Нұрлан десем қателеспеспін.
Алғашқы еңбек жолын құрылысшы болып бастаса да қалақты қаламға айыр­бастап, журналист мамандығын алуға құштар жігіт университет­ті бітіргеннен кейін Зайсан аудандық «Достық» газетінде жемісті жұмыс істеді. Арасында комсомол ұйымын басқарды. Республикалық «Ана тілі» – «Жалын» бірлескен басылымы бас редакторының орынбасары болды.
Студент кезімізде университет­те Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестік бар болатын. Онда Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбай, Еркін Қыдыр, Бейбіт Құсанбек, Баян Бекетова және осы Нұрлан Мәукенұлы сияқты әдебиетке біртабан жақын жүретін талапты жастардың көбі мүше еді.


Негізі, Нұрланның мінезі тұйық, көп адаммен аралас-құраласы жоқ, саяқтау жүретін. Отырыстарда топты жарып сөз сұрап, «мен білемін, мен айтайын» деген кеудемсоқ мінезден ада, өзіндік көркем мінезі, өзіндік жұмбақ жан әлемі бар жігіт-ті. Қаламынан керемет ойлы жыр туып жатса да, ол студент­тік жылдары басылым бет­теріне өз өлеңдерін көп жариялай қойған жоқ. Студент бола жүріп, алғашқы кітаптарын шығарып үлгерген пысықайлардың қатарынан емес-тұғын. Тырнақалды туындыларымыздың көбісі сол бірлестікте талқыланды. Сондай отырыстарда, жыр кештерінде Нұрлан «мен мынадай керемет өлең жаздым, мынаны тындырдым, мынаны былай жазғалы жатырмын» деп суырылып алға шығып, ойын ортаға тастап, жан әлемін ашқан емес. Бірақ оңашада ойлы өлеңдерін қойын дәптеріне түсіріп жүргенін білетінбіз. Нұрланның балғын жырлары «Аудитория», «Қарлығаш» жыр топтамаларында жарық көрді.1995 жылы «Бойтұмар», 2008 жылы «Сұңқарбұлақ» ат­ты поэзиялық кітабы шықты. Бірнеше мүшәйралардың, Алматыда өткен Түрік дүниесі поэзиясы фестивалінің жүлдегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Нұрлан Мәукенұлының «Алтай-Ертіс кітапханасы» сериясы бойынша «Мойыл көзді келіншек» жарық көрді.
Жалпы, Нұрлан екеуміздің арамызда бір жақсы достық қатынас болды. Мені жанына жақын тартып, жазғандарын көрсетіп, сырласып жүруші еді. Оның өлеңдері Қазанғап, Шалкиіз, Ақтамберді секілді атақты жырлардың сарқыты секілді, сол жыраулардың жалғасы сияқты көрінетін. Өлеңдерінде сол жыраулар көтерген алдаспан ойлар, тамырлы байламдар, құнарлы пікірлер тұнып тұратын. Соны бүгінгі оқырманға сай етіп, көркем тілмен өріп тұрып беретін. Дауылпаз ақын Махамбет­тің де ұшқыны бар десем, қателесе қоймаспын.
Университет­ті бітірген соң Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне жолдамамен барып, жұмысқа орналастым. Екеуміз хат алысып тұрдық. Ойларымызды ортаға тастап, ақылдасып, сырласып тұрушы едік. Кейіннен ол Алматыға келіп, Ұлықбек Есдәулетовпен бірге «Жас қазақ» басылымын шығарушылардың бірі болды. Журналистика саласында да өзін ерек көрсете білді. «Жас қазақ» газетін шығаруда алған білімі мен білігін барынша жұмсады. Өнімді жұмыс жасады. Оның газет­терде жазған-сызған дүниелерін жинақтаса бір кітапқа жүк болар еді. Нұрланның өндіріп тұрып шығармашылықпен айналысқан кезі де осы тұс шығар деп ойлаймын. Кейде «менің өлеңдерімнің жанында сенікі түкке тұрғысыз» деп қалжыңмен қағытып, әдемі әзілдесіп қоятынмын. «Әй, саған сөз жоқ. Сені жеңу мүмкін емес» деп жұмсақ жымиып қана қоюшы еді.
Оның өлеңдері баяғы жыраулар дәстүрін қайта жаңғыртқандай болып көрініп тұрады. Есімдері ұмыт қалған көне жыраулардан, ақылман Абайдан, тегеурінді Махамбет­тен бастау алатын елшілдік сарыны ерекше аңғарылады. Жерұйықты аңсаған Асан қайғының «Ертіс бол да, Есіл бол, Ел ұнатқан шешім бол» деген жырының сілемімен, арасында Абайша «Қайран да менің қазағым!» деп күңіренісіне өз үнін жалғайды. Нұрландағы сөз қуаты алапат еді.
Қоғам қотыр,
Сен де қотыр,
Мен қотыр,
Қотыр күйден айықпаспыз көр де тұр…
Алтын үйін салып алған өрде отыр,
Қараша үйді қалқайт­қандар төрде отыр, –
деген жыр жолдары мына заманның бүкпесіз шындығы емес пе?
Өлеңдерінің құрылысы жорғаның жүрісіндей мінсіз-тұғын. Өте ойлы ақын болды. Жыр көгінде жасындай жалт етіп көрініп, жоқ болса да, соңына ойлы, нәрлі дүние қалдырды. Балалар тақырыбына қалам сілтеу оңай дүние емес. Нұрлан балаларға арнап та талай жыр жазды.
Бір аяғы – сегіз,
Бір аяғы – тоғыз.
Бір атасы – сақ,
Бір атасы – оғыз.
Күмбірлесе – домбыра,
Күңіренсе – қобыз,
Созылғанда – сағыз,
Сазарғанда – нағыз,
Қызарғанда – қымыз,
Сызданғанда –нығыз,
Долданғанда – дойыр,
Сілтенгенде – сойыл.
Балалардың таным-түсінігін кеңейтетін осы бір шумақта домбыра мен қобыз, дойыр мен сойыл туралы терең ойға толы сыр жатыр. Қарапайым тақпақ тәрізді болғанымен қазақтың нағыз ұлт­тық болмысы қатар өрілген.
Нұрлан Алматыға келген соң, біраз уақыт пәтерсіз жүрді. Сол тұста қоғамның небір түйткілін ақ қағазға сарқып төкті.
Қоғам кедей,
Қайда барам мен асып…
Шидем шекпен
шилі ауылға жарасып,
Үлкендерім үйде
отырып, бал ашып –
Қоғамымнан қайда барам мен асып, –
деп оңашада құса көңілдің көрпесін жамылды.
Алматы болды әуенiм.
Ауылда туған жан едiм,
Сауыр мен
Сайқан тау едiм,
Алатау болды мәуелiм.
Ауылда өскен бала едiм,
Бауымда өскен тал едiм.
Бұрқауда бойда
бiр тылсым,
Таба алмай келем
әлi емiн –
қара Ертiс бойы қалың құм,
Шағылға барып шағындым.
Шағала қонған жағадан
Қалаға қарай сабылдым.
Астана келдiм – қаңғырдым,
Астында қалдым жаңбырдың.
Өтiнде қалдым ызғардың,
Тезiне түстiм тағдырдың.
Мендейлер және көп екен,
Мекенi жерде жоқ екен.
Қазақы көңiл қалғанда,
Шыққан жан – дейтiн топ екен –
Жаны да нәзiк – мен едiм,
Қаны да бұзық – мен едiм.
Елжiрегенiмде – ерiдiм,
Қарайғанымда – қарайдым.
Желден де жұмсақ – мен едiм,
Жерден де қат­ты – мен едiм.
Жыласаң – жылар сел едiм,
Құласаң – қара жер едiм.
Жаны да нәзiк – мен едiм,
Қаны да бұзық – мен едiм.
Табыса қалсам, тату ем,
Тiресе қалсам, телi едiм.
Желден де жұмсақ – мен едiм,
Жерден де қат­ты – мен едiм.
Сүйсiне қалсам, сүйер ем,
Түйiле қалсам, түйер ем.
Жаны да нәзiк – мен едiм,
Қаны да бұзық – мен едiм,
Желден де жұмсақ – мен едiм,
Жерден де қат­ты – мен едiм –
Түсiнбей жүрген ел едiң
Түк айта алмай келемiн…, –
деген толғауында әйгілі Махамбет сарыны өксік қағады.
Ауылдан қалаға келген жастарды кім жарылқасын? Тіртінектеп жүріп «Таугүл» шағын ауданынан жер алып, соған өз күшімен, маңдай терімен үй тұрғызды. Бәлкім, сол тұстағы баспанасыздық, мынау ақын жанын аялай алмайтын нарық заманы, адамның асыл қасиет­тері адыра қалған, қым-қуыт дүмбілез қоғам, тағдыр тауқыметі – бәрі-бәрі ақын жүрегіне үлкен салмақ салғаны белгілі. Жүрек көтере алмады ма, қайдам, ақын досым екі кештің арасында артына бәрін қалдырып, о дүниеге ат­танып кете барды. Бірақ артында азамат ретінде тындырған жұмысы, тамыры тереңге тартқан мәнді де мағыналы, тау суындай мөлдір, дала өзеніндей терең жырлары қалды. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Тұманбай Молдағалиев: «Нұрлан Мәукенұлы менің ұғымымда – үлкен ұлт­тық ақын. Терең ой, тегеурінді сезім Нұрланның өлеңдерін ерекшелендіретін еді», – деп бағалаған.
Нұрлан жырлары лирикалық-философиялық толғаныстарға толы. Заманында дәуірлеген бабалар даңқына жиі оралады.


Қайран, ата-бабам-ай,
Ат жалында кеткен арманы,
От-жалында кеткен орманы.
Ішінде кеткен құсасы,
Құлаумен болған қорғаны, –
деп жырлайды. Осы «Қайран, ата-бабам-ай…» өлеңімен қатар «Зайсан», «Зайсан деген жерден кеткен ем…», «Беғазы», «Қиқулап ұшқан қызғышым», «Күміс зерлі қазыналы жағданды», «Қытай ауған», «Қылқұйрықты мінбедім», «Бізден кейінгі ұрпақ», «Ертіс бол да, Есіл бол», «Туған ауыл» деген өлеңдерінде өзі туып өскен өңірге деген махаббаты мен мұңы қатар өріліп жатады.
Өлең – адам тағдыры. Нұрлан өмір мен өлімді ұдайы есінде ұстапты. Жарық дүниенің сәулелі сәті жарқ етіп сөнерін де іштей сезген сияқты…
Көңiлiм жүйрiк,
Көзiм жүйрiк,
Қолым жүйрiк,
Қашаннан адастырған
жолым жүйрiк.
Шашыма шаң
жұқтырып шаршатады,
Құтылмасқа құрып ап
Торын бұйрық.
Маңдайыңа жазғанын көрерсiң де –
Қуанасың, жылайсың, өлесiң де –
Ажалы жүйрiк
болды жарықтықтың,
Деп алып, сақтамайды-ау,
ел есiнде.
Жадында ұстайтұғын жақын ғана,
Басқаға беймағлұм атың, бала.
Жазмыштың жазғанынан
Озамын деп,
Өзiндi өзiң өлердей тақымдама.
Жүйрiктер жетпей құлар мәресiне,
Тап болып пәни жалған пәлесiне.
Дүние дөңгеленген ақтық демде
Оралар-ау, опынтып бәрi есiңе.
Дүние жеткiзбестен жөнеледi,
Қызығына тiрiлер кенеледi.
Жел де жүйрiк, айналған
Жер де жүйрiк,
Жығылады десем, кiм сенер едi?..
Нұрланның жүзінен байсалдылық, парасат­тылық, тау қозғалса да, қозғалмайтын салмақтылық сезіліп тұратын. Тіпті оның жарқылдап күлуі де сирек. Әдемі жимиып қана қоятын. Көбінде мұңды кейіпте жүретін. Кейде ол уақыт­тың салмағын жүректен өткізіп, ұлт қайғысын өзінің қайғысындай сезініп, бәрін жүрекпен қабылдап жүргендей сезінетін. «Жүрегіме жинадым-ау бәрін, Жолын таппай, қаңғып ақты-ау қаным. Қайманаға бола алмадым қаймақ, Жан дүнием ауырады,жарым…» – деп бекер жазбаған болар.
Нұрлан «Бақалы көлге түскенмін» деп басталатын өлеңінде албырт та аңғал балалық шағын анық байқайсыз, бірақ осы жыр жолдарында оның ел тағдырына алаңдау сезімі басым түсіп жатыр:
Бақалы көлге түскенмін,
Балдырлы суын ішкенмін.
Бойлаулығын жуғанмын,
Балығына ау құрғанмын…
Бағыма көлім бар-тұғын,
Балдырлы суы бал-тұғын,
Көлім де бүгін таусылды.
Жасынның алған жарқылын,
Тарғыл да тасым бар-тұғын,
Тасым да бүгін таусылды.
Алмайтын бейне нар тыным,
Сайын бір далам бар-тұғын
Далам да бүгін таусылды.
Құлағың шалсын даусымды!
Нұрлан тұрмыс тапшылығын ғана жырламайды, тұтас заман қайғысын жүрегінен өткізе жырлайды.
Жылау да жылау,
Зар жылау…
Қотандай болып қалдым-ау —
Жылаудан басым қаңғырды,
Зарлаудан шашым ағарды,
Көре де көзім ағарды,
Сөйлей де сөзім жоғалды.
Таба алмай қалдым қоғамды.
Тар қапасқа қамалған, тұңғиыққа түскен, тығырыққа тірелген қаншама қазақ азаматының қатыгез замандағы запыраны. Ақын соны өлең арқылы өрелі билікке жеткізгісі келеді. Адамына араша түсер азамат бар ма деп қоғамда деп мұң шағады.
Жанымды қояр жер таппай
Жеті түнде желдеп кетіп барамын.
Жасымды құяр көл таппай
Жеті белден селдеп кетіп барамын.
Будақ-будақ бұлт­тай
Боз аспанда боздап кетіп барамын.
Боздағымды ұмытпай
Баста мұңын қозғап кетіп барамын!
Тап қазіргі уақыт­та да өткірлігі мен өміршеңдігін жоғалтпай тұрған жыр емес пе?
Студент кез­де әскери кафедраның Қордайда оқу-жат­тығу полигоны болды. Жігіт­тер бір жарым ай сонда болдық. Дайындықтан өт­тік. Жусанды жер. Сол жусанның түбіне бозторғайлар ұя салады. Бірақ көктемде жер жыртқанда бозторғайдың ұясы балапанымен қоса жыртылып, трактордың табаны астында жаншылып қала береді екен. Шынжыр табан трактор жерді жыртып келе жатқанда бозторғай балапанына қорған бола алмай, арқан бойы биіктікке көтеріліп алып, шыр-шыр ететіні бар. Сондай бір жағдайды көзбен көрген Нұрлан қат­ты тебіренді. Көзіне жас алды. Соған куә болдым. Жаны қатал адамға бозторғайдың өлгені не, балапаны трактор табанының астында қалғаны не, бәрібір емес пе? Жүрегі дір етпесі анық.

Бұл жайт Нұрланға қат­ты әсер еткенін түсіндім. Көзі жасқа толып, ұзақ тұрып қалған. Жер жыртып келе жатқан тракторды тоқтата алмайды. Мемлекет­тің жұмысы. Тракторшының да бұл жерде кінәсі жоқ. Жырт деді, жырт­ты. Сол кішкентай көріністен Нұрланның сезімталдығына куә болдым. Жүрегінің әлсіздігін сезіндім. Ол бозторғайдың шырылын, балапанның соқаның астында қалып бара жатқанын көзбен көріп қойған жоқ, оқиғаны жүрекпен қабылдады.
Жан жүрегiм қашты ма,
Кеудем неге бүлiндi? –
Аппақ айдың астына
Сөнер арман iлiндi…
Беу, жүрегiм, бәсенде…
Жетер жерiң – жайсыздау.
Мына әлемдi қоса емде,
Тiршiлiгi – ойсыздау…
Мен кеудемдi сөгейiн –
Өз қағымнан жериiн.
Көз жасымды төгейiн –
Жанды жатқа телиiн.
Жүрек сұрап көрейiн,
Жүрексiзге жалынып.
Көрейiн де өлейiн,
Қызыл қанға малынып.
Бұдан саған не түсер? –
Көкiрегiм қымтайын.
Бiрге бiр күн кетiсер
Мезет барын ұмытайын.
Жарым түнде жалқы айым,
Қобызшы боп келмегей.
Кеудемдегi айғайым,
Үнсiз қалып өлмегей.
Тас түйiн бой түйiлме,
Қалыпқа түс, бәсенде.
Елжiреген күйiнде
Ел жүрегiн қоса емде…
Қордайдағы сол оқиға, Нұрланның көзіне жас алып тұрған шағы әлі есімде. Бәлкім, оның рухты, адамның ішкі қылын қозғай білетін сыршыл ақындығына осындай жайт­тар да әсер еткен болар.
Нұрланның «Тірінің қамын тірі жер» деген шер толғауын тебіренбей оқу мүмкін емес. Пенделік пен парасат, тіршілік пен арасат арасындағы паралелль оқыған адамның жон арқасын шымырлатады.
Тiрiнiң қамын тiрi жер,
Тiрiлер бiрiн бiрi жер.
Тiрлiкте қашқан қадiрiң
Өлгенде ғана бiлiнер.
Өлiнiң қамын тiрi жер,
Жоқтауын салып жүгiнер.
Жоғалтып алған асылы
Айрылғанда бiлiнер.
Тiрiнiң қамы – бас қамы.
Күнде бiр әлем – ашқаны.
Күйремейтiндей көңiлi,
Құламайтындай аспаны.
Өлiнiң қамы – өз қамы.
Топырақ болып тозғаны.
Азасын тұтқан ағайын
Мәңгiлiк мекен қазғаны.
Өлiнiң қамы – өз қамы,
Өгейсiп кеткен өз қаны.
Бiр уыс топырақ бұйыртып,
Маңдайға бақыт жазғаны –
Тiрiнiң қамы – бас қамы,
Таусылмайтындай дастаны.
Өлеңшiл өзен өткенi.
Айғайшыл асу асқаны.
Өлiнiң қамын тiрi жер,
Тiрiлер бiрiн бiрi жер.
Бiр күнi бiз де барамыз,
Сен аман болғай, сiрi Жер!
Нұрлан Мәукенұлының шығармашылығы туралы белгілі сөз зергерлері өте жақсы баға берген. Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Кәрібаева: «Мені таңғалдырғаны жас ақын бойындағы мөлшерден тыс талант, оны шашпай-төкпей, адаспай қазақтық алдаспан жырымен қатар қалап, қалау мәнерін мінсіз меңгеруі», дейді. Ақын Темірхан Медетбеков: «Нұрлан Мәукенұлы әдебиетке үзеңгі қағыстырып қатар келген өз тұстастарының ішінде ерте көзге түсіп, ерте танылған ақындардың бірі болатын. Келгенде де еліктеу-солықтаудан мүлде ада, өз бедері, өз ою-өрнегімен, образдар жүйесімен, ешкімге ұқсамайтын ырғақ-мәнерімен, әр-бояуымен келген еді», – деп жазған екен.
Ақынын ардақтаған елдің келешегі кемел. Нұрлан Мәукенұлы атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауын өткізу Зайсан өңірінде дәстүрге айналды. Көңілге дәт ететін бір жайт, Нұрлан Мәукенұлының туған жерінде көшенің, мектептің аты берілді. Оның атында әдеби сыйлық та бар. Әлі де аты дәріптеледі, оның өлеңдерін жас ұрпақ түйсіне үңіледі деп ойлаймын.
Нұрлан халық құрметіне лайық жігіт. Ол досқа берік, адал жан. Айт­қанын уақытында орындайтын. Адами қасиет­тері ерекше жан-тұғын. Курстастары «біздің Нұрлан» деп еркелет­ті, ардақ тұт­ты. Жан жары Гүлмира Мәукенкеліні «Қазақ газет­тері» ұжымында ұзақ жыл есепші болып жұмыс істеді. Нұрлан екеуі мектептен дос болған. Нұрлан шығармашылығында жарға деген іңкәр сезім, балаға деген сүйіспеншілік менмұндалап тұрады. Жарына да, балаларына да талай жыр арнады. Қамшының сабындай қысқа өмір сүрсе де, үйде де, түзде де өзін сыйлата білді. Өзгені сыйлай білді. Артында жақсы сөз қалдырды. Амал қанша, қаламы толысып піскен, кемеліне келген шағында өмірі үзілді. Әйтпегенде исі қазақ үшін талай сүбелі, кесек дүниелер берер еді, әт­тең…
Нұрланның бітім-болмысы – ақындық. Балаларына да ешкім қоя бермейтін, тек ақын адамдар ғана қоя­тын ерекше ат­тар қойды. Ұлының атын – Наздан, қыздарын – Гүлден және Гүлрең деп атады. Тағы бір үлкен өкініш – ұлы Назданның нағыз жетіліп тұрған шағында өмірден өтуі. Гүлмира осы ауыртпалықтың бәрін көтеріп, ақын шаңырағының отын түтетіп, немересі Әбдрахманның тілеуін тілеп отыр. «Орнында бар оңалар» дегендей, Нұрлан Мәукенұлының ұрпақтары атасына тартып отаншыл, елшіл, сыршыл жандар болып өсіп-өне береді деп тілейік!

Нұртөре ЖҮСІП

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір