Жүрегімнің шуағын адамдарға, Өлең етіп келемін үлестіріп
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ
ОРАЛЫП ОЙДА
ӨТКЕН ЖОЛ
Бермесе егер табиғат дарын маған,
Қалай жазам өлеңді арындаған.
Жетсем-дағы мен кейбір биіктерге,
Асулар бар алдымда алынбаған.
Кезім жоқ, пайда іздеп ардан асқан,
Үйрендім айналамнан замандастан.
Өмірден қалай өтем ағайындар,
Жолдарын жақсылардың жалғамастан.
Аулақпын деуден менде жақсы бәрі,
Тіршілікте талайлар бақ сынады.
Дәм-тұз бітіп ақырет күні келсе,
Аманатын Алланың тапсырады.
Кей салтын жалғастырып ескіліктің,
Біреуге ескі жыр боп естіліппін.
Өзіме ұнап қалған кейбір істің,
Пайдасының жоқтығын кеш біліппін.
Тақсіретін тартқанбыз баспананың,
Сорпа-суын ішкенбіз асхананың.
Аналардың баққанбыз қас-қабағын,
Армандарын орындап жас баланың.
Қалды арман, алыстағы ауылдарда,
Дес бермей кеттім боран, дауылдарға.
Қала бердім, өмірден әкем кетті,
Бас болып қарындас пен бауырларға.
Бойымда асқақ рух, тулап қаным,
Есімде жастық шақта шулатқаным.
Өмірде жүріп өткен жолдарымнан,
Жазылды осынау жыр шумақтарым.
***
Өмірдің өткелдері таныс маған,
Баспаған секілдімін шалыс қадам.
Кездерім болды ма екен тіршілікте,
Ағайын, дос, жолдастан алыстаған.
Бір күнім бір күніме ұқсамаған,
Кей сәтім өткір болды ұстарадан.
Өтуде, келем жүріп өз жолыммен,
Адымдап, кейде жасап қысқа қадам.
Балалық, алыс ауыл, елестері,
Қалды артта өткен өмір белестері.
Өмірде кәдеге асты, жасырмаймын,
Қарттардың айтқан сол бір кеңестері.
Тағдырдың сезінгенде таршылығын,
Ұмыттық ата-дәстүр, қанша ырымын.
Қоңыр кеш алыс ауыл, сағынғанда,
Есіңе мені бір сәт алшы, гүлім.
ҚОЛ ҰСТАСЫП БАҚЫТТЫҢ БАСПАЛДАҒЫН
Таң шапағы секілді күлімдеген,
Жүрісің қалқам маған білінбеген.
Бір ғана саған аян бойымдағы,
Бұл күнде жырымда өлең, сырымда өлең.
Көрген кез әлі есімде алғаш қырдан,
Икемдеп, ертеңгіні қамдастырған.
Бақыттың дәмін таттық біз екеуміз,
Қос ғасырға куә боп жалғастырған.
Бірге жүздік махаббат айдынында,
Бастан өтті, өмір ғой, қайғы, мұң да.
Ілесті арттан ұл-қыз, немерелер,
Еркелігі ұқсаған тай, құлынға.
Өтті күн дауыл, боран, сағым басқан,
Өлеңді жаза алмаймын сағынбастан.
Жаратқан Ием мәңгі, жалғыз тілек,
Әулеттің айырмағай бағын бастан.
ОЙ
Сана сілкіп біреудің сөйлегені,
Басқа ой алаңдатты кейде мені.
Түнде ұйқымнан оятты ойлар келіп,
Жыр-шумақтар тербеді кейде мені.
Келген ойды жалғадым, бөгемедім,
О, менің биіктерім, төбелерім.
Ақ қағазға ойланып, қара түнде,
Нөсерледім, жаңбыр боп себеледім.
Қандай бақыт осындай ойым бары,
Жасырынған, шумақ боп, бойымдағы.
Қалайша қуанбайын әнге айналып,
Айта алғанға талайдың тойындағы.
ШЕТТЕТПЕЙІК
Сүрінгенді қоймастан қудалама,
Ор қазба қалдырам деп қу далада.
Өкпең болса, жазасын алғаннан соң,
Өзіңдей өмір сүрсін бұл адам да.
Не пайда дүниенің кеңдігінен,
Тағдыр қатал пенденің кейбіріне.
Жүргендер бар байқамай шалыс басып,
Қиналып, өмір кешіп бел бүгіле.
Жеңіл, ауыр болса да кінәң үшін,
Жазасының алдында тұрары шын.
Жүк түскеннен азаяр ауыртпалық,
Адамдықтан тапқан соң жұбанышын.
Шеттетпейік ортада жүрген бірге,
Адасқанның барлығын тірлігінде.
Өмір сүру шын екен бұл фәниде,
Қамқор болып адамдар бір-біріне.
ШАБЫТ
Зәмзамдай шөлдегенде қандыратын,
Жүректі от болып кеп жандыратын.
Таң қылатын кеудемде бар мұратым,
Кезгенмін туған жердің сан қыратын.
Ойлардың сездім қалқам тереңдігін,
Тағдырдың ерте білдім кереңдігін.
Осынау аппақ әлем ұлы жолда,
Арманның ақ жолымен келем бүгін.
Үйретті, шынықтырды күрестіріп,
Қиындықпен шыңдады тірестіріп.
Жүрегімнің шуағын адамдарға,
Өлең етіп келемін үлестіріп.
***
Іздемейтін тосын жол бос іргеден,
Мен – бір ақын адаммын дос іздеген.
Қазағымның кең байтақ даласына,
Сүйсінемін, ауырып жарасына.
Әлемнің талай елін араладым,
Біледі Астанадай қала барын.
Арылып кейбір ойлар, елестерден,
Мен аман өттім талай белестерден.
Кездерім көп көңілім шарықтаған,
Қиялым көкте құстай қалықтаған.
Ризамын бұйырған өміріме,
Адамдардың қарадым көңіліне.
***
Елміз біз армандармен алға асығар,
Тарихы тереңдеген, сан ғасырлар.
Тағдырдың көрген қаңтар, ақпандарын,
Жаулардың қақтық тастап
қақпандарын.
Дұшпанды бейбіт елміз іздемеген,
Мен оны дәлелдейін сізге немен?
Бақытты өмір тілеймін балаларға,
Тыныш ұйқы тілеймін аналарға.
Жақсылармен мәңгілік достасамыз,
Жамандармен көрместей қоштасамыз.
Бейбіт күн мен мейірімді ұрлаған ба,
Әлемде тыныштық жоқ бұл заманда.
ТОҚТАЙЫН
Айырам деп әр істің ақ, қарасын,
Ауырады кей сәттер жоққа басың,
Өзің болсаң қайтер ең деп ойламай,
Сын айтуға асығыс оқталасың.
Ал біреу сұрап, сөйлеп білгішсініп,
Адамсып, көкке қарап бір күрсініп,
Тұрғанда жауап бере алмай қалып,
Шатасып, қателесіп, жүр сүрініп.
Нең бар-ды білмегенге араласып,
Басын шатып әр ненің, ала қашып,
Ортаның шырқын бұзып, тоқтай алмай,
Сөз бөліп, билік айтып, жағаласып.
Өстіп білмей тұрып ап өз жағдайын,
Кейбіріміз екенбіз сөзге дайын,
Бір шеті кетер тиіп өзіме де,
Тоқтайын, әрі қарай қозғамайын.
ПІКІРЛЕР1