ЖАЛТ ЕТІП СӨНГЕН ЖАСЫНДАЙ…
25.01.2024
558
0

Дарынды ақын еді. Ерте бастады. Тым ерте аяқтады. Жастай орылып, қыршынынан қиылды. Ол бар болғаны жиырма жыл, алты ай ғана ғұмыр кешіпті…
Әңгіме Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам ауылының тумасы, ақын Артығали Ыбыраев жөнінде.

«Білеміз, – деп
айт­қанменен, – барлығын» ,
Аз ұғамыз бұл өмірдің дәлдігін.
Он алтының
бір келерін білгенмін…
Кім біліпті,
кеп қаларын дәл бүгін.
Балалықтың бал мінезі
күрт тынып,
Арамызда қалғандар бар
мұрт шығып.
Бала ғой деп елемесе шешелер,
Азамат деп сенеді енді
жұртшылық.
Азамат­тың
алтындай ғой ертеңі,
Көңіл шіркін
бара жатыр өртеніп.
Балалықты тастау керек,
әйтсе де,
Қалды деме ел алдында еркелік.
Еркелікке
жоқ ешкімнің таласы,
Еркелетпей
тұра ма ана баласын?!
Азаматы бола білсең еліңнің –
Сәбиі боп, еркелей де аласың,– деп, Артығали ақын он алтыға толған күні он алты жолдан тұратын «Өмір заңы» деген өлең жазыпты. Он алты жас… Он алты жол өлең… Заңдылық па әлде кез­дейсоқтық па?
Өлеңде айтылған өмір туралы философиялық жүйелі ой, түйінді шешім, көркемдік қуат, он алты жасар ақынның аса мол дарыны мен шығармашылық мүмкіндігінен хабар беріп тұр. Табиғатынан дарынды Артығали сонымен қатар ғажап психолог еді.
Ақын – қоршаған орта мен өзі өмір сүрген қоғамның төл перзенті. Ол әлемге, өз қоғамы мен айналасына қандай көзбен қарады? Нені сезіп, не түйсінді? Ақын басынан өткен күллі сезім пернелері оның өлеңдерінен көрініс тап­пақ. Өлең – ақынның жан сыры, оның өмірі мен жүйке-жүйесінің көрінісі. Бұл – хақ!
Артығалидың бозбала күнінде жазған «Тамшылар» деп аталатын тағы бір өлеңі бар. Өлеңде айналасына қуана қараған ақынның ап­пақ жүрегі алақанда тұрғандай анық көрініп, оқушы жанын баурап алады.
Бәрі мөлдір пішінде
Арғысы да берісі.
Дірілдейді ішінде,
Тіршіліктің белгісі, –
деген жеті буынды болып келетін а-б-а-б болып, шалыса ұйқасқан бұл шумақта, ақын сезімі мөлдіреп тұр. Мөлдіреген шынайы тазалық – тіршіліктің басты белгісі деген ақын ойы, оқырман көңілін биікке жетелейді.
Қарап тұрмын үңіле,
Күлімдейді жаз алдан.
О, армысың, Дүние,
Тамшылармен тазарған!
Тамшылармен тазарған тап-таза дүние мен ақынның жан дүниесі бірін-бірі жатырқамай, риясыз қауышқан. Келер күннің жақсылық пен қуанышты бақыт әкелеріне қалтқысыз сенген ақын, айтпақ болған негізгі ойын түпке сақтайды да, соңынан жеткізеді.
Ол – ғажап лирик ақын. Оның төрт-бес, асып кетсе, бес-алты шумақтан аспайтын лирикалық жырларының бірде- бірі сізді бейжай қалдырмайды. Ақын өлеңіндегі сезім мен ой өз ырғағымен қабат­таса келе, қамшының өріміндей болып өз жүйесін әдемі тапқан. Ақынның табиғат лирикаларындағы шынайы көрініс табиғат ананың бар сұлулығын паш етіп, оқушының көз алдына жанды сурет алып келеді. Он үш буынды болып келетін, қара өлең формасындағы ақынның «Таңсәрі» өлеңін оқып көрелік:
Даланы кезіп,
аймалай келген таңғы ағын…
Көтеріп бірден,
әкет­ті-ау түнгі самалын,
Самал жел желпіп,
асықпай ғана бір-бірлеп,
Өшіріп жатыр аспанның
жұлдыз шамдарын.
Ақын өлеңіндегі дала, жанымыздың бір бөлшегі – Қазақтың даласы. Желпи соққан самал жел – даланың «жұлдыз-шамдарын» бір-бірлеп өшіріп жатыр. Таңғы сәуле аспан жұлдыздарын бірден өшірмейді, бір-бірлеп өшіреді. Қандай әдемі, айшықты, шынайы сурет. Ақын түнгі аспанның жұлдыздарын шамға теңейді. Көркем ойдан нәр алып, тапқырлықтан туған келісті эпитет. Ақындық шеберлік дегеніміз де – осы. Негізгі ойын соңына сақтайтын Артығали, өлеңнің соңғы шумағының ақырғы екі тармағын:
Жарысып жүрген,
табысып жүрген мың сәуле
Асыға басып, ауылға бет­теп келеді, – деп аяқтайды жырын. Әлемдік ұлы гармониялық-үйлесімділікті ақын: «Жарысып жүрген, табысып жүрген мың сәуле» , – деп сурет­теген. Табиғат­тың ұлы үйлесімділігі – жарық күнді сезімтал да байқампаз ақын «мың сәуле» деп атаған. Біз күнде көріп жүрген жарық күн – мың сәуленің қосындысы. Осы «мың сәуле» қараңғылықты түріп тастап, адам жанын рахатқа бөлеп, ауылға бет­теп келеді… Бұл – Артығалиға дейін ешкім айтпаған сөзбен салынған тірі сурет. Сөз құдіреті дегеніміз де осы. Артығали өлеңдеріндегі ақын сезімі шынайы. Ол жалғандыққа барып, оқушысын алдамайды. Ақын нені көріп, нені сезді, сол сәт­тегі сезім
күйін ол қысылып-қымтырылмай, шынайы түрде өлең тіліне аударады. Автор туындыларының оқушының талғам биігінен көрініс беруінің негізгі себептерінің бірі осы болса керек.
Артығали ақын махаббат лирикаларында тіптен шыншыл. Алғашқы сәтсіз бала махаббат – оның өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырған. Ол ішкі сыры мен құпиясын ешкімнен жасырмайды. Сүйгенінен өзінің кіші болуы – ақынның терең өкініші, жан жарасы. Жүректі жаралаған өкінішін ақын:
Шыңырауымнан
шықпай қалса дүрбелең,
Кішіліктің кесірі деп
білген ем, – деп,
әсерлі жеткізген. Бұдан ары ақын:
Сен тұрмысқа шыққан күні
өрістен
Қозы-лақты қайыра алмай
жүрген ем, – дейді.
Содан кейінгі ішкі психологиялық сезім күрделене түсіп, тіптен шиеленісіп кетеді. Алғашқы тағдыр талқысын бала Артығали өте ауыр қабылдаған. Аса күрделі өмір сынағын басынан өткізіп жатқан лирикалық өлеңнің бас кейіпкері сол кез­дегі көңіл күйінің ақиқатын:
Айдалада алған едім
жылап та,
Сонда сені теңеген ем лаққа, – дейді.
Мөлдіреп тұрған шынайы сезім. Ержетіп үлкейдім деп жүрген бала-жігіт жылап алғанын да жасырмайды. Сүйгенін жамандыққа қимайтын ғашық жүрек, сүйіктісін лаққа теңейді. Әдемі теңеу. Қозы-лақ баққан баланың түсінігі бойынша, лақтан сүйкімді, лақтан әдемі, лақтан сұлу не болуы мүмкін?! Бірақ Артығалидың лағы – қайыру бермей кеткен бірбеткей, асау лақ.
Сүйген жүрек ғашығын күтуін тоқтатар емес… Жыр жолдарын:
Сіздің ауыл,
біздің ауыл – іргелес
Қол созымда көрінетін қыр-белес… – деп, Шығыс нақышындағы сағыныш сазымен қорытындылайды ақын. Соңғы екі жолда сұлу өрілген әдемі эллегия бар.
Жиырмадан сәл асқанда қыршын кеткен Артығали ақынның аңыз-әңгімелерге негізделіп, өлең түрінде айтылатын жыр – «баллада» жанрында жазылған «Бір қыз туралы балладасын» дәл қай жасында жазғанын дөп басып айту қиын. Десе де, поэзия әлеміне енді қадам басқан жап-жас, бозбала ақынның баллада жанрына қорықпай қалам тартуы – өзінің ақындық дарын күшінің мүмкіншілігіне деген сенімінің айқын көрінісі. Аты айтып тұрғандай, Артығали балладасының бас кейіпкері – сұлу көркімен, жүріс-тұрысы, сыр-сымбаты арқылы елді тамсандырып, күллі жігіт атаулыны өзіне ғашық еткен жап-жас қыз. Күллі жұрт­ты тамсандырған сұлу қыз бір күнде мылқау болып қалады. Тағдыр соққысы деген – осы. Сыртынан ғашық болған жігіт­тер де, қыздың сымбаты мен көркін тамсана сөз қылатын қалың ел де уақыт өте келе қызды ұмытып кетеді. Уақыт өтіп жатыр… Күндердің күнінде, ата-анасы мылқау қызын бір шалға бермекші болады. Міне, баллада өрісіндегі шиеленісті оқиға осы тұстан басталады.
Ата-анасы шалға бермек болған мылқау қыз:
Анасына келіп бір күн
ым қылды.
Айтар сөзін айта алмады, қылғынды, – дейді ақын.
Оқушы елең етіп, бүкіл денесін жиып алады. Оқиға қайда бастап барады? Қыз не айтпақ? Ол – мылқау ғой… Автор бұдан ары қарай елеңдеп, бар назарымен ширығып отырған оқушысын ширата түсу ниетінде:
Кенет… кенет… – дейді.
Не болып бара жатыр? Автор не айтпақшы? Оқырман бар назарын келесі өлең жолына салып, демін ішіне тартып, асыға оқи жөнеледі. Не болар екен ары қарай?
Кенет… кенет…
«Сүймеймін!» – деп,
шыңғырды,
«Сүймеймін!» – деп,
күнге қарай жүгірді.
«Сүймеймін!» – деп,
шаршап-талып құлады.
«Сүймеймін!» – деп,
жер жастанып жылады.
«Сүймеймін!» – деп,
жан ұшырып тұншықты.
Махаббат тілеген қыз жүрегі шалға күйеуге шығуға жан-тәнімен қарсы. Міне, осы жан ұшырған қыз қарсылығын автор градациялық-өрлеу үстінде бейнелейді. Қыз: «Сүймеймін!» – деп шыңғырады. Бұл – әрине тілі жоқ сөйлей алмайтын арудың ішкі қарсылығы… Оның жан дүниесін түсінер пенде баласы жоқ… Бүкіл әлемнен қолдау тап­пай, өзімен-өзі булыққан қыз далаға қарай жүгіреді. Ақын осы тұсты:
«Сүймеймін!» – деп,
күнге қарай жүгірді, –
деп,
терең білгірлікпен сурет­теген.
Неге күнге қарай? Ескі түркілік ұғымда күн – барша ізгілік, әділет, мейірім символы. Сондықтан да болу керек, көшпелі ерте түркілер мен олардың қазіргі ұрпақтары киіз үйлерінің есігін күнге қаратып тіккен. Мүмкін, сол сәт­те жаны қысылған сұлудың ерте түркілік сенімі оянған болар… Мүмкін автор тарапынан ойлап табылған символдық іс-әрекет шығар… Қалай десек те, қыздың күнге қарап жүгіргені оқушы үшін тосын да, ерсі де емес. Керісінше, жаны қысылған қыздың іс-әрекетіне оқушы шексіз сенеді. Содан соң қыз «шаршап-талып құлайды, жер жастанып жылайды» . Ақынның: «жер жастанып жылайды» , – дегені де – образды, бейнелі сурет.
Бұдан арғы оқиға градациялық негізде өрлей түсіп, шарықтау шегіне жетеді. Қыз тұншығып жатыр. Ақырғы арпалыс… Оқиғаның шарықтау шегіндегі ақырғы арпалысты автор:
«Сүймеймін!» – деп,
жан ұшырып,
тұншықты, –
дейді де, содан соңғы оқиғаны:
Мылқау қызға кенет өстіп тіл шықты, – деп аяқтайды.
Балладаның соңғы шумағын оқып біткенше оқушы тас-­түйін, жан-ұшырған көңіл күйде отырады. Ақындық дарынмен бір бірлікте бітеқайнасқан шеберлік – оқушы ойын еріксіз өзіне баурап алған. Оқырманын бір ғана сәт­те түрлі көңіл күйге түсірген сөз құдіреті мен ақын талантына еріксіз басыңды иесің.
Артығали лирикалары – ойлы лирика. Онда терең мазмұн да бар, әсем үйлескен келісті ырғақ та бар. Оның жыр жолдарынан әшейін ұйқас үшін айтыла салған бостекті бір ауыз сөз тап­пайсыз. Ақын өлеңдеріндегі бірінші жол екінші жолды толықтырып, мазмұнын тереңдете түсіп, оқушы қиялын шырқау биікке көтеріп отырады. Артығали өлеңдеріндегі жүрекке жылы, тосын суретке құралған «Ақ орамал сияқтанып ай туды» , «Жүрегін мүмкін, жұлдызға соғып жарады», «Сырымнан мұңлы сыңсиды балғын құрақтар» , «Оянған омырауың» , «Өткір еді көздері отпен аралас» , «Топ сәуле дірілдейді, жарқ етсе ақ білегің» , «Адамдар сияр табытқа, ақындар бірақ сыймайды» деген секілді өлең жолдарындағы айшықты образды сурет­терге ә дегенде тосырқай қарап, соңынан еріксіз таңырқап қаласыз.
Бақыт­ты болғысы келмейтін пенде жоқ. Барлығымыз да бақыт­ты болуға талпынып, пендешілікпен ғұмыр кешеміз. Ең қызығы, бақыт­ты әркім әр қалай, өзінше түсінеді. Артығали да бақыт­ты өзінше түсінген. Ол былай дейді:
Бақыт­та жоқ мекен тұрақ
Кейде адамдар
жоқты іздейді.
Өзі қуып жетер бірақ
Қуғандарға жеткізбейді.
Ойланып барып, соңынан таңғаласың. Рас-ау, бақыт­ты боламын деп, бақыт­ты қуып жеткен адамды көргеніміз жоқ. Анығында, бақыт адамдарға өзі келеді. Қызығы да сол, шын бақыт­ты адам өзінің бақыт­ты екенін білмейді. Адамдар арасында күні бүгінге дейін талас тудырып, әрбір пенде білім деңгейі мен пайым-парасатына қарай өзінше түсінетін философиялық ұғым – «бақыт­ты» ақын төрт-ақ жолға сыйғызған. Таңғаласың, жиырма жыл ғана ғұмыр кешкен Артығали ақын осының бәрін қайдан білген? Білім… әлде, ақындық түйсік… Дөп басып айту өте қиын.
Түйсік дегеннен шығады, әдебиет зерт­теушілерінің айтуына қарағанда, ақындарда табиғи түйсік өте жоғарғы деңгейде дамыған. Тіптен олар өздерінің ажалын да күні бұрын түйсік арқылы сезген дейді де, мысалға, әңгіме үстінде бір досына Лермонтов айт­қан: «Менің өмірім таусылып, өлімім тақап қалды»,–деген сөзін келтіреді. Тек бұл емес, Грибоедов: «Білем – Тегераннан тірі оралмаймын»­,– десе, ­ақын Николай Гумилев:
Өлермін бір қуыста,
Қою шөпті уыстап, – деп, өз өлімін өте дәл сипат­таған.
Күн өтіп өлген Андрей Белый:
Алтын сәулеге сенуші ең
Күн жебесінен мерт болдың,– деген өлеңін өз өлімінен көп бұрын жазған.
«Мен өлемін өзімнің биігімде», – деген Төлеген Айбергенов, ақындық даңқ тұғырының биік шыңында тұрған отыз жасында, Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында аяқ астынан ауырып, қайтыс болды. Төлеген де өз тағдыры мен ажал сағатын алдын ала болжап, біліп отырған сияқты.
Не десек те, ақындар Тәңірдің тегін жаратқан адамдары емес. Артығали да өзінің ажалын алдын ала сезген секілді. Ол өзінің ішкі азапты ой, психологиялық шиеленіске құрылып, символизм стилінде жазылған «Қаршыға» өлеңінде:
Аспанда, бәлкім,
бір бейне болып қалады.
Жүрегін, мүмкін,
жұлдызға соғып жарады.
Арманы үшін азапқа
түскен осы құс
Саған да ұқсап, маған да
ұқсап барады, – дейді.
Меніңше, «Жүрегін жұлдызға соғып жарған қаршыға» – ақын Артығалидың символдық өз бейнесі. Дәл солай! Ол осы жерде өзін айтып отыр. Ақын «Соқпақ соңы» өлеңінде:
Сынасып сабыр-меже,
күле жетем,
Тақалды таусылуға,
міне, мекен,
…Сірә, мен аспан
жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен! – дейді.
Сан түрлі ойға қалдыратын бұл өлеңдегі айтылар ойды бір-екі ауыз сөзбен түйіндей салу мүмкін емес. Бұл өлеңде жүріп өткен жол, із… өмір… өлім… бәрі-бәрі бар. Ақын тек бұл өлеңінде ғана емес, «Далам менің» өлеңінде: «Бір гүлің үшін қиылып кетсем, қыршындай», – десе, «Жыр–төбе» өлеңінде:
Арман жоқ менде армандап сені апат­тан,
Күлімдеп тұрып, қиылып кетсем қыршындай…
Біртүрлі ажалын сағынып, өлімін күтіп отырған секілді. Не десек те, болашағынан көп үміт күт­тірген дарынды ақын Артығали Ыбыраевтың жиырмадан енді аса бергенде қыршынынан қиылғаны рас.
Осындайда, шіркін-ай… Ең болмағанда Төлеген Айбергеновтың жасына да жетпеді ғой деп армандайсың. Пенделік қой, әрине…
Қалай десек те, өмірімен, шығармашылығымен ғана емес, өлімінің өзімен де ақындар артында сан түрлі аңыз қалдырып кететіні – ақиқат!
Сондықтан да болар, Арты­ғали «Ақын» деген өлеңінде:
Қамықпа досым, қамықпа
Көктеме күнін сыйлайды.
Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды, – деп жырлап, шын ақындарға уақыт шеңберіндегі кеңістік деген ұғым тарлық ететінін айтады.
Артығалидың «Ақын» деп аталатын төрт шумақ өлеңінің соңғы шумағының айтар ойы­ның, көтеріп тұрған жүгінің салмағы орасан мол. Соңғы шумақтың алдыңғы екі тармағында Артығали ақын досына келер күндерден күдеріңді үзбе деп, жігерлендіру береді. Болашақта болар жақсылықты ақын: «Көктеме күнін сыйлайды» , – деп түйіндейді. Күллі әлемдегі жан-жануар, өсімдік атаулы толысып, нәрленіп, жаңғырып келер жаңалығы мен жақсылығы мол жаңа мезгілді ерте қазақтар – «Көктеме» деп атаған. Сірә, біз қазір қолданып жүрген «көктем» сөзі де осы «көктеме» сөзінен бастау алса керек. Төрт түлік малдың ең жуасы қой: «Көктемеде бір тойдым, көбік қарда бір тойдым» деген де ескі тәмсіл бар.
Досына үміт сыйлап, жігерлендірмек ойын ақын осы «көктеме» сөзі арқылы беріп тұр. Десек те, тұтасып келген әдемі шумақта бір-біріне кереғар екі ой бар. Біріншісі, болашақтан үмітің мен күдеріңді үзбе деген жігерлендіру болса, екінші ой табиғаты тылсым ақын жаны жайында. Болмысы бөлек ақындардың «жұмбақ жанына» көктеменің өзі де ем таба алмайтындай. Қарапайым пенделерге мүлдем ұқсамайтын, құпиясы мол, бөлек жаратылыс ақын жанын автор: «Адамдар сыйған табытқа, ақындар бірақ сыймайды», деп бір-ақ жолға сыйғызған. Күллі дүние адамы сыйған, пенде тәнінің мәңгілік мекені табытқа ақындар сыймайды. Ешкімге ұқсамайтын, тіптен басқаша, ерекше тәмсіл. Ақын жаны ерекше құбылыс екенін дәл осылай айт­қан өзге ақынды өз басым білмейді екенмін. Қарапайым пенде мен ақынның ой-жүйесінің арасындағы айырмашылықты Артығали ақын соншалық нәзік сезіммен түйсінген. Бұл не? Бәлкім, өмірді зерт­теп білген ой қорытындысы. Әлде, Тәңірдің өзі тарту еткен ақындық түйсік. Мүмкін, екеуі де…
Артығалидың ақындық талантының құпиясы тым тереңде жатыр. Оның жырларындағы әрбір сөздің астарына жіті қарап, байып­пен үңілу шарт. Сонда ғана біз ақын жырларында айтылған ойдың мағыналық жүйесі мен бағытын бағамдай аламыз.
Бар болғаны жиырма жастан асар-аспас қана өмір сүрген Артығали – соңында анау айт­қан мол мұра қалдырмаса да, екшеп алғандай «сылдырап өңкей келісім» сұлу жыр қалдырған қазақ поэзиясының аса талант­ты өкілі. Артығали Ыбыраев есімі қалың оқырман қауымға жете таныс болмаса да, әдебиет сүйер қауым үшін белгісіз есім емес. Байбота Серікбай, Ұлықбек Есдәулет, Маралтай Райымбекұлы, Зәмзә
Қоңырова секілді белгілі ақындар мен Қали Сәрсенбайдай қалам қайраткерлері орайына қарай республикалық ақпарат құралдары арқылы Артығали ақынның өмірі мен шығармашылығын талдай отырып, ақын шығармаларын қалың оқырман қауымға таныстырып өтуді мақсат етіпті.
Артығалидың ақындығы туралы Маралтай Райымбекұлы өз мақаласында: «Артығали он бес жасында сол кез­дегі қазақ әдебиетінің бүгінгі марқасқаларына айналған Мұқағали, Төлеген сияқты алыптарынан дүниені түйсіну, оған көркемдік тұрғыдан баға беру, тіпті ақындық болмыс жағынан да ілгері тұрғанын айтуға тиіспіз» , – дейді. (М.Райымбекұлы. Ұғымына жұрт­тың сыймаған. Мақала.. Артығали Ыбыраев. Бір қыз туралы баллада. 42-бет. Алматы: ҚазАқпарат, 2008)
Келіспейміз. Автор ақын ғой, артықтау айтып, көбірек алып қойған. Қазақ болашағынан үміт күт­тіріп, тұлпар болар тайын танымал тұлпарлармен салыстырмайды. Себебі әр тұлпардың өз тағдыры барын олар тереңнен сезінген. Оның үстіне тұлпарлар жөнінде «бақ» және «бап» деген ұғым тағы бар. Ақындар турасында да дәл осыны айтуға болады.
Сөз жоқ, Артығали – талант­ты ақын. Десек те, Төлеген мен Мұқағали жырларына қарағанда, Артығали жырларынан поэзия әлеміне енді қадам басқан балаң сезім анық аңғарылады. Артығали жырларын Төлегеннің мұңлы, Мұқағалидың асқақ сезімді сыршыл поэзиясымен салыстыра зерт­теп талдамай жатып, дәлелсіз сөйлеу жөн емес.
Артығали поэзиясынан Төлегеннің сағыныш-мұңы мен Мұқағалидың асқақ үнді сыршылдығын аңдадық десек, дұрысы осы болар. Даланы асқақтату үшін, тауларды аласартудың жөні жоқ. Мұқағали бір басқа, Төлеген басқа. Сол секілді, жаратылысынан ақын болып туған Артығали шығармашылығының өзгешелігін пайымдау үшін де, ақынның соңында қалған аз ғана мұрасын жан-жақты ғылыми негізде талдай отырып, зерт­теу шарт. Сонда ғана біз Артығали ақынның қазақ поэзиясындағы орнын анықтай аламыз.

Нұрғали Махан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір