Өлеңде жүрегімнің дірілі бар…
18.08.2023
647
0

Жүрсін ЕРМАН

Ұлытауда ұлар жоқ

Аз отырған қонағың көп сынайды,
Қарт Ұлытау бұл күнде
жоқ шырайлы.
Ұлытауға үйіріліп барған халық
«Ұлар бар ма бұл тауда?» – деп сұрайды.

Ұлытауда ұлар жоқ.
О несі екен?
Көңіл бірден алады неге секем?
Бұл Ұлытау – өзі емес көне таудың,
Бізге жеткен аласа елесі екен.

Көзін тігер өткенге кім оралып,
Бір тау жатыр көрпесін
жылы оранып.
Заңғар таудың биігін уақыт ұрлап,
Тау шөккенде, кетіпті ұлар ауып.

Кімді кандай күтеді тағдыр алдан,
Биіктікпен өлшенбек әрбір арман.
Өмір сүре алмаған аласада,
Бақыт құсы биікке дағдыланған!

Ол бір заман – бұлдырап алыс қалған,
Бақыт бар ма – бұлт­тардан
әрі ұшқаннан.
Биік ұшып, биікке қонған құстар
Жорғалауға төменде намыстанған.

Зердесі бар адамға – ол да қайғы,
Көздің жасы мұң болып сорғалайды.
Жерде жүріп үйренген мимырт адам
Бауырында сол таудың жорғалайды.

Іңкәр ақын көңілге жара салып,
Адамдар да жатады аласарып.
Биіктеген шығар деп көз тігемін,
Ұлытаудың басынан тараса бұлт.

Ұлар деген ұлы құс – тауық деп пе ең,
Ұлылық та жатпайды жауып көктен.
Таудың аласарғанын назырқанып,
Ұлытауда ұлар жоқ.
Ауып кеткен!
* * *
Барам-келемін,
сенделіп келем-кетемін,
Не болса соған көңілді елеңдетемін.
Қадалма, қалам,
қағазға кенедей болып,
Өле алмай жүріп
өңмендеп өлең не теңім?!
«Сырымды жұртқа жаюға»
неге ынтығамын,
Желкемді қиып барады
көген-тұмарым.
…Аранын ашқан ашқарақ
көңіл-пешіме
Көмейі толып қалғанша
өлең тығамын!

Өз үйім

Өз үйім – өлең төсегім,
Осында өніп, өсемін.
Осында келіп құтылам
Даңғазасынан көшенің.
Осында бүкіл қазынам,
Кез­дерім болса қажыған
Әңкі де тәңкі басымды
Осында тығып жазылам.

Көлденең көздің сұғынан
Осында келіп тығылам.
Үйректей атса біреулер
Үйіме жетіп жығылам.

Айта алман сүт­тей ақпын деп,
Үйімнің дәмін татқым кеп,
Қансырап келіп осы үйге
Қанымды жалап жат­тым көп!

Көңірсіп жанса ошағым
Күн менен түнді қосамын.
Күтеді мені осы үйде
Күдерін үзбей қосағым.

Әкемнен қалған шаңырақ
Қалмасын дедім қаңырап.
Жамырап келіп жатса екен
Ұлым мен қызым маңырап.
Алтыннан ардақ босағам,
Айтармыз әлі қош-аман.
Білдірмей алшы осы үйде
Жанымды бір күн, Жасаған.

Сөзге құрмет

Қазақтың барлық сөзі меншігімде,
Берейін меншігіменен енші кімге?
Өлеңді шумақ-шумақ шашу үшін,
Шабытым, шамырқанып келші күнде!

Ақ жауын секілденіп сіркіреген
Құйылса көктен күнде шіркін өлең!
Татыса таңдайыма сөздің дәмі,
Құмарым басылмаса жыр тілеген!

Қазақтың екеуінің бірі ұғынар,
Өлеңде жүрегімнің дірілі бар.
Мәңгілік сапарыңды бастау үшін
Сөздерім, мәңгілікке тіріліп ал!

Жазғырар бұл өлеңді жазды деп кім,
Талғажау ет­тім сөзді азды-көп күн.
Сәждеге қоймай жүрген басымды иіп,
Ана тіл – ардағыма тағзым ет­тім!

Асыл – Ажар
туған күн

Жүр-ау деп қыр астында тосып ажал,
Сен енді еш қорықпа, шошыма, жар.
Өзіңді апарады алыстарға
Аузыңнан түсе салған Асыл-Ажар.

Өзің ғой жарқылдаған жанар, түрі,
Өзіңнен кемісі жоқ, жоқ артығы.
Осылай ала берсе тәрбиеңді
Екінші Бақытжамал болар түбі.

Қадамын қапысыз ғып санап басқан,
Барлығын аңғаратын қабақ-қастан.
Қайткенде ұқсаймын деп ұлы анама
Сәтімен инеңді де сабақтасқан.

Тезірек оралсын деп қосына аман,
Ол біздің бәрімізді тосып алаң.
Қасиет-қадіріңді кие тұтып
Басады орыныңды осы балаң.

Оянсаң ортасында кейде түннің
Қайтқаны қайырымен бейнетіңнің.
Бейнесі сол болар ма бізге жеткен
Ақбала, Ханымбике, Зейнекүлдің!

Екеуміз ескі қоныс, еңістеміз,
Ұрпақты шығарармыз өріске біз.
Жүрер-ау шыр айналып қасымызда
Жебеуші ақ қанат­ты періштеміз.
Айналған қасында әлі шыркөбелек,
Ол саған пәруана бір көбелек.
Сен менсіз қалған күні үміт­тенем
Сол ғана көз жасыңды сүрте ме деп.

Асыл жар

– Неге үйіне асығады бұл кісі? –
Деп біреулер келетіндей білгісі.
Мен үйіме асығатын себебім –
Менің жарым – асыл жардың үлгісі.

Күн шыққандай – күлсе оның күлкісі.
Оның көзі – көз біткеннің мұңдысы.
Кейде менің өңменімнен өтеді
Секілденіп қосауыздың ұңғысы.

Мен сияқты баласының тұңғышы,
Кейде мені келеді оның ұрғысы.
Соның ыстық пейіліне ынтызар
Мен аялап келе жатқан жыр құсы.

Мен жәйлі оның келер бәрін білгісі,
Айырбастай алмас оны мың кісі.
Анамдай боп аймалайды бетімді
Басқа түгіл, оның жұмсақ сүлгісі.
Келеді оның қасымда ылғи жүргісі,
Жарасады менімен тек тұрмысы.
Қызықпайды басқалардың бағына –
Тек менімен келеді өмір сүргісі.

Тек менімен келер өмір сүргісі,
Жер бетінде бар болған соң бір кісі.
Асығамын, асығамын үйіме –
Болмайын деп сағындырған жыл құсы!
* * *
Қыз едің – көзіндегі моншағы әзір,
Сүюші ем,
Сүймейтіндей онша қазір.
Мені сені жақсы көрем демегелі
Сұмдық-ай, өтіпті ғой соншама жыл?!
Жазылмай қалғандай-ау қаншама жыр.

Жүр-ау деп бәрін іштей өзің біліп,
Қалдыра жаздаппын-ау сезімді ұмыт.
Қажетсіз бұл не деген қатыгездік,
Жөні жоқ бұл не деген төзімділік?

Қамықпа самайыңа қонса күміс,
Лапылдап жүр менде әлі сол
сағыныш.
Кеудені кернеп тұрған сөзді айтпаған
Тілімді кесу керек болса қылыш!

Қасыңда жүрмін ғой деп күйеусімен,
Мен сені сүйем әлі, сүйем, сүйем.
Қыл өтпес ортамызға қайдан түскен
Мына бір жүгірмектер жиенсінген…

Маңында үйірілген қыз-келіннен
Мұршаң жоқ қайырлатын бізге
мүлдем.
Мен сенің жүрегіңнен айналайын
Бәріне жетемін деп жүз бөлінген!

Қарт­тықтың күпісіне иығым шақ,
Мен бүгін ата болдым иі жұмсақ.
Махаббат шуағына бөле мені
Көзіңнің анда-санда
қиығын сап!

Ақбөкенді азалау

Ақбөкен – Арқадағы текті хайуан,
Бұйырған несібесі тек Құдайдан.
Арқадан жетіп жатыр суық хабар,
«Киіксіз қаламыз-ау», – деп мұңайған.

Сарыарқа – суы шәрбат,
шүйгін шөбі,
Ұядай мекенім деп сүйдім сені.
Есілдің ернеуінен бір сімірсе,
Басылмай қалушы еді
кімнің шөлі.
Кім екен тұнығымды лайлаған,
Азабы асып түсті-ау мың айладан.
Ақбөкен көзіндегі айна қирап,
Уызың у болар деп кім ойлаған?!

Алашқа бесік болған бақ мекен-ау,
Құшағың дәл осындай қат­ты екен-ау.
Отырмын Алматыда аза тұтып,
Қазақтай аңғал, байғұс Ақбөкен-ау!

Суық хабар

Аралыңа бар, Қарақұм, Оралыңа бар,
Бәрібір тауып алады қаралы хабар.
Телефоныңнан шыға ма, хатпен
жете ме –
Шалғайларыңа жүреді оралып олар.

Естігім келмей жан шошыр
жайсыз хабарды,
Түнге де көрдім тығылып
айсыз қараңғы.
Жүректі тіліп түсетін
сөздерден қашып,
Ойсыз күн кештім өтпекке
ойсыз да мәңгі.

Қарағым, сырым көп еді
саған ақтарар,
Сүйінші күт­тім көңілім қанағат табар.
Тауменен бүркеп басымды
тығылып жатсам,
Саңлаудан тауып келеді
жаманат хабар.

Шуы мен дуын жүрсем де
қуып қаланың,
Сезеді жүрек ажалдың жуықтағанын.
Үн-түнсіз қалсам бір күні
таңданба, қарғам,
Таянып саған қалғаны суыт хабарым!

Қажығұмар
Шәбденұлы

Жат жерде жан табылмай сөзін ұғар,
Қытайда көзін жұмды Қажығұмар.
Солығын баспай кет­ті сорлы жүрек,
Жүректің сонша кімге жазығы бар?

Жетпеді туған жерге. Жеткізбеді,
Шекара шарбағынан өткізбеді.
Елінің бүйрегін-ай бүлк етпеген,
Ұят­тан өртенеді бет біздегі.

Тауысып түрмелерде бар қайратын,
Сексен жыл сағыныштан
сарғайды ақын.
Тарықса көк бөрідей ұлығанмен,
Зарықса кімнің атап қарғайды атын?!

Қадамы кері кетсе басқан алға,
Демедік «жанарыңды жасқа малма».
Талаптың тауы қайтіп шағылмасын,
Туған ел айналған соң тас қамалға?!

Сексен жыл суымады жалыны іштің,
Сексен жыл жуымады жанына ешкім.
Құшағын айқара ашып Ажал ғана.
Құтқарды түрмесінен сағыныштың!
* * *
Біздің ауыл шалғайда, жер түбінде,
Бөлек біздің ауылдың дерті мүлде.
Бір сапарға шығып ем он үшімде,
Енді мына тағдырдың еркі кімде?
Ауыл қалды шалғайда, жер түбінде.

Қайырылуға қайран жоқ, барам ұзап,
Жолдас болдым жандарға жанары жат.
Ішіп жүрген суымның бәрі – кермек,
Жұтып жүрген ауамның бәрі – аңызақ,
Қайырылуға қайран жоқ, барам ұзап.

Ұзап барам, қайтейін, барған сайын,
Қанша жылым бар енді,
бар қанша айым?
Бәйтеректің басымын тамырынан
Алыстайтын – жапырақ жарған сайын…
* * *
Болсам да өтіп кеткен жылдарға алаң,
Мезгілдің сиқырына
күнде арбалам.
Біз сені баяғыдан танимыз деп
Береді күнде сәлем мыңдар маған.

Тағдырым, уақыт­тан оза алдың ба,
Білемін құтқармасын ажалдың да.
Көк айна, сен арқылы бар өмірім
Өтіпті қазағымның көз алдында.

Жазарсың, жазбассыңдар құлыптасқа,
Мендегі арман басқа, үміт басқа.
Қазақтың құлағына құйып жүрмін
Жүрсін Ерман атымды ұмытпасқа.

Ашындырма ақынды

Ашындырма ақынды,
Ашынбасын.
Басынбасын біреулер асыл басын.
Сальердей-Моцарт­ты маңайлаған
Жүрген жоқ па, байқаңдар, қасыңда сұм?

Мұңайтпаңдар ақынды,
Мұңаймасын.
Мұңайтпаудың табыңдар
мың айласын,
Басқалардың қабағы кірбисе де,
Ақыныңның көзінде күн ойнасын!

Жасытпаңдар ақынды,
Жасымасын.
Тұтқиылдан түспесін басына сын.
Етемін деп бірімді қайтсем екеу
Күйбеңменен миы оның ашымасын.

Күрсінтпеңдер ақынды,
Күрсінбесін.
Қуаныштан жүрегі дүрсілдесін.
Қасірет­тен қан жылап жүрегі оның
Әрең сүйреп жүрмесін құр сүлдесін.

…Теңізде де қайырға батып кемем,
Жыр шөлінің азабын тартып келем.
Нағыз ақын уайымның уын ішіп,
Қасіретпен жазады бақыт­ты өлең!
* * *
Әзілің толып тұр ма шын,
Қалжыңдап қойшы, құрдасым.
Түсердей миым ауызға,
Ауырып тағы тұр басым.

Суырып, шаншып жанарым,
Сездірсе сырқат хабарын.
Осынау мидың ішінде
Кім білсін не жоқ,
не барын…

Миымда бәрі, миымда:
Бұйым да, теңге, тиын да.
Миымда ойнақ салады,
Айналған өлең құйынға.

Миымда бәрі, миымда:
Мәжіліс, мимырт жиын да.
Адалдан келген мадақ та,
Арамнан көрген сыйым да.

Миымда мынау дерт алған,
Мәңгілік өшпес бар таңбаң.
Аяқтан шалған – аярлық,
Алақан қаққан арқамнан.

Әркімнің сөзін малданар,
Аярға оңай алданар.
Кеш десе, көне салатын
Ақымақ қалпым ол да бар.

Сумаңдап жеткен өсек те,
Суынып қалған төсек те.
Мазалап жатыр сол миды
Ұмыт­тық қанша десек те.

Жарым да, кәрі шешем де,
Жауымда кеткен есем де,
Шырт етіп сынған кесем де,
Шуылға толы көшең де –

Миымда бәрі, миымда:
Білмеймін, қалай сыюда?!
Сыздаған баста сол миға
Солқылдап ауру қиын ба?!

Менің бюстім

(мүсінші Тілеуберді Бинашқа)

Қолыңмен құйылыпты бас пішінім,
Қаншама жасағансың тасты шығын.
Есімде, үйіңде сәл отырған ем
Күзетіп қазандағы ас пісуін.

Сол қалпым тас мүсінге айналыппын,
Тұғырға қол-аяқсыз байланыппын.
Мен ертең топыраққа сінгенімде
Жүреді есімімді ойға алып кім?!

Қырандай қияларға сілкінген ем,
Сыймаса, сыймас тасқа мүмкін денем.
Тілеужан, жаным қайда шырылдаған
Қайда менің жүрегім дүңкілдеген?!

Неге жоқ лыпылдаған бойда қаным?
Күлкім қайда?
Қасірет қайда қалың?
Ештеңеге селт етпес тас мүсінге
Қараймын да, қамығып ойланамын.

Шеберсің, таласым жоқ, Тілеуберді,
Кісі көп құнығатын мінеуге ерді.
Тасқа неге айналтып жібермейсің
Қойынына тас тыққан біреулерді?!

Мүсіндерің секілді мұра дайын,
Абылай тұр, Шоқан тұр, тұр Абайым.
Бәлкім саған өкпелеп жүрген шығар
Құйдыра алмай мүсінін бір ағайын.

Тынысымды жан едім жырға тосар,
Жұмысыңды демеймін шират, осал.
Жанымды алып қалмасаң, Тілеуберді,
Тасқа айналған басымды қирата сал!

Дүрбі салу

Жалғыздың қинады ма тұрмысы анық,
Ішінде жат­ты ма екен бір құсалық?!
Өзінің балконынан Сәкен-сері
Қарайтын біздің үйге дүрбі салып.

Отбасым, үбір-шүбір бала-шағам,
Шуылдап қол бұлғайтын таласа оған.
Беймезгіл шақ демей-ақ, есікті ашып,
Кіріп-ақ келуші еді тамаша адам.

Қысылып-қымтырылып жатсаң-дағы,
Келетін кісідей-ақ жоқ салмағы.
Сәкенді күтіп ылғи отыратын
Үйдегі менің анам тоқсандағы.

Демеуші ек бейуақта неге келді,
Белгілі бүгін оның себебі енді.
Аймалап отыратын алдына алып
Аталап жүрген менің немеремді.

Келе ме ішін отпен жылытқысы,
Келе ме жалғыздықты ұмытқысы,
Жұбатып отыратын өзін-өзі
Ұлтының қамын жеген ұлық кісі.

Өткеннің өрнегі осы ойда қалар,
Дуылдап, дүрмекпенен тойға барар.
Телміріп терезеден мені іздейтін
Ақкөңіл, аңғал-саңғал қайда ағалар.

Түрмедей болды-ау кейде тұрмыс оған,
Көңілім арылмайды бір құсадан.
Көрініп қала ма деп Сәкен ағам
Мен енді дүниеге дүрбі салам…

Поэзия

Әкем маған жат­татқызды бірде аят,
Қияқтай ай көк желкемде тұрды аяп.
Қойнымдағы қағазымды су-су ғып
Жаңбыр талай жазып берді рубаят.

Ақынмын деп қырға
шықтым алшаңдап,
Қуанушы ем құшаққа жел
толса алдап.
Шыр-пыр болды
қарлығаштар ақ тамақ –
Қонар ем деп басыңа егер –
болсам бақ.

Шуылдады сырын айтып көк қамыс,
Қиялым да көкке самғап кет­ті алыс.
Жүрдім талай қой соңында салпақтап,
Қыр астында жусандарым көп таныс.
Жат­тым сайда саққұлақтай
тың тыңдап,
Төбемде ұшты көкала үйрек
сымпылдап.
Саз-саз болған менің жалаң басыма
Дәл сол күні қонған шығар
мүмкін бақ?

Сырласам деп төбемдегі тырнамен,
Ғашық болып қалдым ба екен
жырға мен.
Содан бері таңдайыма жабысып
Өлең болып келе жатсың,
нұрлы әлем!
* * *
Тағдырдың болмаған соң қожасы адам,
Бермейміз ертелі-кеш маза саған.
Басымды тауға да ұрдым,
тасқа да ұрдым –
Бармақтай бақ берші деп, о, Жасаған!

Бармақты қазақ өзі тапқан ба ойлап,
Берді Алла бармақ түгіл
батпандай бақ.
Басыма қонған бақты үркітіппін
Беліме шамам келмес
шоқпар байлап.

Шарықтап қиялымның ұшқан құсы,
Төгілді маңдайымнан мыс тамшысы.
Бүйірден мезгіл-бақсы иіргенде
Алтын боп асығымның
түсті алшысы.

Болам деп жылқылы бай,
ақшалы бай,
Обал-ау тілемсек боп жатсақ ұдай.
Көзіме қанағатсыз құм құйылар,
Ынсап бер пейіліме, патша құдай

Пессимизм

Пенде болсаң – болмайсың
шерден кенде,
Шер сарқылар,
таусылар жерге енгенде.
Қу дүние шырмаса шырмауықтай,
Өтер бүкіл ғұмырың сергелдеңде.

Адам – тағдыр қожасы деген бекер,
Тағдырыңа қожа бар сенен бетер.
Тау мен тасқа ұрасың бақыр басты,
Одан саған түк те жоқ келер-кетер.

Осы жолмен жүрмеді неше пенде,
Көнбіс болмай, көгермес көсегең де.
Әуел баста барлығы бір бұйрықпен
Жазулы тұр пенделік пешенеңде.

Жанталаспа озам деп елден қалай,
Сендей сорлы өмірге келген талай.
Қияметін фәнидің көрген сайын
Қиналмайтын боласың өлгенде оңай.
* * *
Қалтаңды бір ойлаумен, малтаңды бір
Жүргеніңде таусылар талқан-ғұмыр.
Қабағыңды күн шалып болмай жатып,
Қараңғымен қымтайды арқаңды іңір.

Асығыстық кіргендей үрдіске анық,
Ай азайып, барады күн қысқарып.
Өте шығар басыңнан елес-өмір,
Жанталаспен жүргенде тұрмыс бағып.

Шашым ұзын болғанмен, мұртым
қысқа,
Жалындаған жігіт ем былтыр қыста.
Ақырет­ті ойлаған адамсынып,
Бой үйретіп жатырмын бұл тұрмысқа.

Құлағымды төсемей кеңеске құр,
Елеңдеумен келіп ем елеске бір.
Талайларды тақымға басқанындай,
Ерт­теп мініп алды ғой мені ескі өмір.

Тауға да ұрып басымды, тасқа да ұрып,
Бекер іздеп жүріппін басқа ғұрып.
Менің зая тағдырым – менікі емес,
Жатыр менсіз бір жерде басқарылып!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір