Жыр жалына жармасумен келемін
14.10.2025
269
0

Оралбай КӘМЕТИЯҰЛЫ

Асқақ үн

Не екенін түсінгенде тірліктің,
Келмей кетті жанартауды мүлгіткім.
Бұл дүниеге келгеніме қуандым,
Жағыпардан жалбарынып жыр күттім.

Қоғам берді өнегелі санасын,
Сауықтарда сайрандармын сан асыл.
Ұрпақ болып көп қуаныш сыйлас,
Жарымменен тапсам және жарасым.

Байлық, сені құмға сеуіп тастармын,
Атақ-мансап, ащы екен астарың!
Тірлігімнің тауқыметі тәнге жүк,
Мені өлтірмес кеудемдегі асқақ үн.

Сағыныш тауы

…Өткен түнде қалаға қар түсіпті…

Міне, төртінші қыс…
Мені сағындыңдар ма, бауырларым?
Өмір өзі – арпалыс, дауыл жалын.
Бәлкім, саналарыңнан
шығарған шығар,
Бұл жақта да бір «ауыл» барын.
Ал мен ұмытар емеспін өздеріңді
Себебі, сағыныш тауындамын.

Сағыныш тауы да солтүстік сібір
секілді суық,
Түндері толғатып,
Тұманға құндақтайды таңдарын туып.
Ал мен ару қыз ұйқы
Бұйығып жатқан сол таңдарда
Зәрлі қармен уылжыған бетімді жуып,
Бүйрегі мұз тірлікке құлаш ұрамын,
Темір төзіммен белімді буып.

Тұман тұмшалаған Күн
көзіндей күрсінемін,
Сағыныш тауына шыға алмайды
кіршіл ерін.
Құзында жалаң аяқ мұз басып жүрмін.
Табиғатынан түршігемін…
Сендерді егіліп сағынамын,
Көбік қарға көз жасым салып тұр сілемін.

Ағаларыңды әбден шөлдеттіңдер ғой,
Шырын – балдарым!
Көлемдеріңді көкірегіме қысып,
Көз жасымды төгу – арманым.
Мені сағынсаңдар, жандарым,
Қарап қайтыңдар,
Мен ойнаған төбелердің баурайын.
Сонда қапты бір бармағым.
Бет сипаңдар басына
барып шалдардың.
Амал нешік,
Ағаларың болып белсенді,
Бірің үшін де:
«Батыра алмадым сазға белшемді».
Налымаңдар, кешіріңдер інілер!
Туыстығым сендерге
Сағынышпен ғана өлшенді…

Уық

Ағам отау құрған жылы. Сол жылы
Естен кетпес оқиғалар болды ірі.
Жеңгемізді ап қашқаны – «бір дастан»,
Айтар болсам, тойдың-дағы «мол жыры».

Абыр-дабыр тойды атқарып тастадық,
Енді шаруа қалмағандай басқа түк.
Шаңырағын ортаға алып отаудың,
Керегеге уық байлай бастадық.

Сағанаққа салып аяқ, бір түсіп,
Кеттім мен де бір кісідей кірісіп.
«Ораш, Ораш! Бостау байла,
байқа!» – деп,
Жатты бәрі маған қарап күлісіп.

Айтпаса да, бәрін өзім байқағам,
«Іс тындырдым» деп қалайша айта алам?!
Мен шанышқан уықтарды түгендеп,
Ағам өзі қадап шықты қайтадан.
Ренжитін жөнім жоқ қой, текке мен,
Содан бері сыннан өттім көптеген.
Мен шанышқан поэзия уығын,
Ешкім қайта қадай қоймас деп келем.

Сені күту

Сағынышым өртенгендей қаулады,
Сен деп сүйдім түп шынарды таудағы.
Сенен хабар жеткізетін бір медет,
Құба жолдар көз алдымда аунады.

Сенің үнің талып жетті шыңдардан,
Мөлдірлігім сағынышпен шыңдалған.
Сағыныш боп қалсаң да егер, өкінбен,
Махаббаттың мұнарасы мұңлы арман!

Сені күту – ауыр азап, ащы ән,
Ащы әнді мархабатпен тұщынам.
Сен сыйлаған қуанышты, қайғыны,
Өзің жаққа өлең қылып ұшырам.

Жабырқама

Жабырқама, сүйгенің жаныңда жүр,
Табиғатпен тәнім де, жаным да бір.
Сағынышқа айналған арман бейнем,
Көз алдыңда мұнартқан сағымда жүр.

Жапыраққа шық тұнса мөлдіреген,
Мендік сезім, соны сүй, сендірем мен.
Қызғалдақтар қылтиса аялай жүр,
Үмітім ғой ол менің үлбіреген.

Мен де өзіңдей сені аңсап ойланармын,
Бірге талай өзіңмен тойға бардым.
Жел боп келіп жеңіңнен
жұлқып тартып,
Самал болып бетіңнен аймалармын.

Саған арнап қызғалдақ гүлін шашқан,
Сағынышың сезілер әр қырды ассаң.
Көкжиекке ұласқан менің жолым.
Кең пейілім – төбеңде ашық аспан.

Сені іздеймін

Қанша қайғы жұтса жаным сені ойлап,
Саған жету үшін сонша асығам.
Ойда дауыл, жон арқамда от ойнап,
Ақ қағазға төгіп өтем жасын ән.
Сонда, жаным, сені іздеймін қасымнан,
(Ару құшқан сері сезім асылдан!)
Сенің үнің құйылып кеп тосыннан.
Қуат беріп шабытыма тосылған,

Қос өзендей сарқыраймыз қосылған,
Сонда тағы сені іздеймін қасымнан.
Туған жердің топырағы, тасынан,
Тамыр тартып, ауасында ашылған.
Өзің жайлы жеткізбекке ғасырға ән,
Сал жырым жатқа оқысын, жас ұлан!
Сенсіз тірлік – босқа ғұмыр бас ұрман!
Сосын, тағы сені іздермін қасымнан.
Шаттығыңды көру үшін тасынған,
Бақытымды байқау үшін басымнан!

Осылайша, сені іздеумен, ғашық жан,
Арайланып арай толы асыл таң.
Жыр жолына үңілгенде жосылған,
Сені көрем мойыныма асылған.
Сонда тағы сені іздеймін қасымнан…

Ыстық өмір

Ыстық өмір құшақтап ап бір ұлы
Сен кіргенде салқын үйім жылыды.
Сенсің – жалғыз дүниенің тұнығы,
Сенсің – жалғыз осы үйдің ұлығы,
Әкесінің кіп-кішкентай құлыны!

Көңілімнің кем-кетігі толықты,
Көгершінім күнбезіне қоныпты.
Ертелі-кеш қызаң келсем егерде,
Анаң-дағы кейімейтін болыпты.
Татулықтың туы сенсің, орнықты!

Сені ойладым, жүрсем жолда апталап,
Жеткенімше асығамын, жоқ тағат.
Жаратқанға жалбарынам күн-түні;
«Періштемді сақтай гөр деп, бақ қарап»,
Арманымнан айырма тек ақ қанат!

Жылқының түске енуі

Түсімде әлі атқа мініп жүрмін мен
Үзеңгімді тебістіріп құрбыммен.
Қадамымды қанша шалыс бассам да,
Үмітімді үзе алмаймын бұл күннен.

Кейде жуас, кейде асауға мінемін,
Мұндай түстен қобалжиды жүрегім.
Асау жықса әкеледі аздап мұң,
Жүйіткіп жүрсем, орындалар тілегім.

Жүйрік, бәлкім, емес пе деп өлеңім?
Жыр жалына жармасумен келемін.
Күлтеқұйрық – мендік муза болса егер,
Ауып түсіп қалмасыма сенемін.

Жылқы түске енуі де заңдылық…
(Жарыс үшін жаратылған жанды ұқ!)
Жығылсам да жылқы мініп жүрейін,
Жаяу жүріп жол тартқанша мәңгілік.

Өлең туралы өлең

Керек емес ешкімнің атақ-аты,
Байлықтың да тимейді шапағаты.
Осы күнге мені алып келе жатқан,
Өлеңнің маған деген махаббаты.

Өлеңсіз күле алмаймын, күл десең де,
Жабырқап бұл өмірде жүрмесем де.
Фәниді тастап және кете алмаймын,
«Өлеңсіз жұмақ дайын, кір!» десең де.

Дауасы – өлең ғана көңілімнің,
Қыздырған қуаныштың көрігін мың.
Өмірге іңкәр өлең болмағанда,
Селеуі селдірейді сенімімнің.

Қара өлең – қандасым да, досым менің,
Онсыз мен жалғыздықтан шошыр едім.
Жетелеп жарқын жолда келе жатыр,
Бекітіп беделімнің бос ілгегін.

Қара өлең, сені ойласам, мұңданамын,
Ауызы бітер ме екен бұл жараның?
Кез келген шаужайыңнан жармасады,
Санаспай сезіміңмен жүр, қарағым.

Қаламын сені қалай арашалап?
Қорлады-ау сені талай орашолақ.
Басыңа тәж кигізіп қойсам ба екен,
Жамандар келе алмайтын жанасалап?!

Жұбану мен қайралу

Қару етіп қаламымды қолыма,
Түстім өлең жолына.
Еңбектенбей өткен өмір бос ғұмыр,
Ең болмаса сөзім қалсын соңыма.
Көркем сөздің кестесін,
Сұлу сезім дестесін,
Қайран қазақ не істесін?!

Лапылдап жанатұғын шағыңда
Жігер тауы шағылма!
Көкіректі кернеп біткен өлеңді,
Тәңірімнің тартуы деп қабылда!
Өнер шашып еліме,
Гүл егейін жеріме,
Жарқырайын Көгінде!

Күлгенімді көре алмайтын біреулер
Өспесін деп тіленер.
Өнерім мен өрлігімнің өлшеуін,
Өресі зор өлеңімнен біле бер.
Арманым да басқа дүр,
Жол бермеді-ау жасқа бір,
Қасқайып жатқан қасқа адыр.

Жанарыңа іле бермей тамшы құр,
Жаным оттай жаншы бір.
Бүге-шіге қой асығы қаймықсын,
Атан өгіз сақасындай алшы тұр.
Қара өлеңім – қайнарым,
Ақындығым – айбарым,
Желбіресін байрағым!

Қала таңы

Тіршіліктің тамашасы ұйқымды ап,
Тұрдым таңда тамылжыған күй тыңдап.
Табиғаттың тұла бойын сиқырлап,
Тал басында сансыз торғай шиқылдап.
Сұлу сазы судай сіңді санама,
Сүйсіндім мен табиғаттай анама.
Көкжиектен көтеріліп Күн ару,
Сәуле сеуіп келеді екен қалама.

Бейбіт қалам Күн нұрына боянған,
Бақыт құшқан тұрғындары оянған.
Бір-бірімен құшақтасып, қауышып,
Бұрынғыдай бірлігіне таянған.

Осы менің аппақ қалам, ақ қалам,
Мен өзіңнен шаттық табам, бақ табам.
Көз алдымда тұнып қалған сәтіңді,
Болашаққа өлең етіп ап барам.

Ақтөбе облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір