ЖАҚЫН ОТЫРҒАНДА ҚҰРМЕТТІМ, АЛЫС ОТЫРҒАНДА НЕМКЕТТІМ…
18.03.2016
2286
0

рух 4Негізінен зиялыларда айтар ой бар, бірақ оны айтатын ауыз жоқ, оған қоса жігер жоқ, ұстаным жоқ, бағыт-бағдар айқын емес, бұлдыр. «Ұлттық идея» туралы демагогияға салынудың қаншалықты қажеттігі бар?.. Егер сол жоспардың басқасын былай қойғанда, ең негізгі – алғышарттары да жүзеге аспаса… «Парламентке өтіп, бірде-бір «депутаттық сауал» жолдамаған кісіні де көргенбіз!», – деген бір жазушы ағамыз.


Әлібек БАЙБОЛ

Бір таң қаларлығы бүгіндері: «Сай­лау­ға түсіп жатқан үміткерлерді кім са­ра­лап, кім сұрыптап жатыр?» деген сұ­рақ­тың жауабын іштей ғана іздеуге дәр­мені жететіндей көрінеді. Кан­ди­дат­тар­дың ішінде Баян Есентаева, Жанар Дұ­ғалова, Қайрат Нұртас деген есімдерді кезіктіргенде жер-әлем шыр айналып, сон­шалықты биік те паң көрінген Аспан жер­ге түскендей, Аспанды да таптауға бо­латындай күй кештік. Яғни қадір тұ­татын дүние қалмағанын аңғарғандай бол­дық. Осы бір адамдардың сон­ша­лық­ты құрметке ие болып,  депутаттыққа өтуінің бір себебі – таны­мал­ды­лы­ғында. Бүгінгі қазақ үшін кім қадірлі, кім сыйлы екенін бір сәтке болса да түсін­гендей болдық. «Халық қалау­лы­лары» болып ойшылдар емес, әнші-артистер сайланса, күніміз не болатынын көз алдымызға елестетудің өзі қиын. Бәріміз той-думан, ән-би, көңіл-күй патшалығына сапар шегіп, трансқа кі­реміз де кетеміз. Бұл – құрдымның ба­сы…

«Прайм Плазадағы» оқиғадан кейін Қай­­раттың ел алдындағы беделі түсің­кі­ре­ген­дей болды. Қолдайтын, қолпаш­тай­тын, соның жағына шығатын аға қа­жет болды. Сол тұста Бибігүл Төлеген­ова: «О балада дауыс жоқ, ол әнші емес…», – де­генде, қазақ өн­ері­нің мэтрі саналатын Асанәлі Әшімовтің өз әріптесінің ойын қолдай қоймағаны қатты өкінтті. Егер қажет деп тапсақ, жолын ашатын қа­зақтың талай талантты жас­тары бар. Әсі­ресе, театр саласында. Құр­метті зия­лы­лар… соларды көретін, бай­қайтын көз бар ма екен, бізде?! Құндылықтар ауыс­қан заманда жез – алтын, әк – алмасқа балануы түсінікті жайт. «Массон ложа­сы­­ның» өкілдері секілді Ақшаны құдірет тұ­тып, тамыр-танысты барынша тиімді пай­­даланудың салқыны бізге де тигелі қа­­шан?! Коррупция – барлық саланы жай­лап, індет – обадай сұмдық тез тарауда. Балық басынан шіриді… Әр өті­ніш, әр ұсыныс ақшамен шешіледі.

Қазіргі шындық – реалды өмір осындай… Шортанбайдың күйін­генде айтқан мы­­на бір сөзі ойымызға орала берді, орала бер­ді…

Арам арсыз жан шықты,

Қайыры жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты.

Кедей-кепшік, жоқ-жітік не істейді… Боп­ты, қош, билік бұндай нәрсеге немкетті де­лік, ал зиялылар қайда қарап отыр? Неге солар қолдамайды? Неге солар көмектеспей­ді? Неге солар шығармайды? Неге солар жа­­нашырлық танытпайды? «Рухани реанимацияда», «рухани комада» жатқан қазақ үшін барлық оқиға соншалықты сал­қын қа­был­данатын күйге жеттік. Камюдың «Бөгдесі»: «Бүгін шешем қайтыс болды… Не­­месе кеше өлді ме, білмеймін, есімде жоқ…» деп басталады. Қорқынышты емес пе?! Сонда біз де Бөгдеге айналғанбыз ба?! Орыстың қайбір басылымы: «Ресей өнері­нің беткеұстар тұлғасы Алла Пугачева…» деп ке­кесінмен жазғаны есімізде. Ал біздің бет­кеұстарымыз кім? (!)

Осыдан екі-үш жыл бұрын өнерде жүр­ген бір ағамыз жас саясаткерді қатты мақ­тап, екеуі қосылып бір бастама көтерген-ді. Жиын-басқосуларда ұлт туралы сөз сөйлеп, ұлттық проблемалардың шешу жолдарын ұсынған еді. Қуандық. Біз де со кісілермен бір­ге болсақ деген ой келді… Бірақ… арада үш ай өтпестен-ақ бәрі қуғынға ұшырады. Аға­мыз шетел асты, әлгі жас жігіт елде қал­ды. Сөйтсек, ақкөңіл, жанашыр өнер­паз­ды біреулер белгілі бір мақсатта пай­далан­бақ болған екен. Алдына салып алып, анаған бір, мынаған бір айдақтай берген. Бәрі жос­пар екен ғой. Оны кейін білдік. Ин­телли­ген­ция өкілі саяси ойынға шатылып, алданып қалғаны қабырғамызға батты, ызамызға тиді. Орны толмас өкініш пайда болды. Кез келген «игі бастама» финалы осылай аяқта­ла­тындай көрінді, бізге. Бір  ағамыз талғам­сыз көрерменнің куми­рі­не айналған әншіні қолдаса, екінші бірі құрбандыққа айналып кете берді. Бұл мысал зиялылар біртектілік­тен айырылып қал­ды дегенді аңғартып үл­гер­ді. Бұның арғы жағында әркім әр жаққа тартатын ауыз­біршіліктің жоқтығымен қатар, бір-бі­ріне, керек десеңіз  өз-өзіне деген сенімнің жоғалуы жатыр.

Көшірме бағдарлама, көшірме ән, кө­шір­­ме жоба, көшірме модель, көшірме, көшірме, көшірме… Қазақстандағы зият­кер­лік, интеллект, ой орталығы жұмысы байыр­қа­лауының кесірінен ең осал, ең нашар, ең сорақы дүниелер сорпа бетіне қал­қып шық­ты. Және көп жағдайда бір бүйірі олқы соғып тұрған нәрселер «Ақиқат трибунасы» ретін­де қабылданатын болды. Бір әнді шетелден көшіріп, оны еш қымсын­бас­тан орындай салатыны өз алдына, кем­шілігін бетіне басып жатса да мойындамайтын, «мені» (эго) асқынғаны соншалық, менменшілдіктің ең соңғы стадиясына дейін жеткен. Аузының дуа­сы жоқ, екіжүзді, өтірікші, талғамсыздар би­лік айтып, өзін ел болашағына қатты жа­ны ауыратын жандар сияқты ұстайтыны күл­кі шақырады…

– Ринат Зайытов болмаса, бүгінгі қазақ өнері баяғыда-ақ құрып кетер еді, – деген сөзді ел арасында беделі бар деген кісінің ау­зынан естігенде не дерімізді білмей сасып қалдық…

– Ринат айтыскер ақын… Ал Поэзия деген мүлде бөлек нәрсе, аға…

– Оразәлі Досбосынов, Балғымбек Имашев, Айбек Қалиев, Жандарбек Бұлға­қов­тар Бұқар, Шернияз, Доспанбеттерден қалған тұяқтар.

– Дұрыс қой, енді. Бірақ Поэзия, өлең, ақын, поэтикалық әлем деген бөлек категория. Ол әдебиеттің үлкен бір саласы, бәйте­рек­­­тің бұтағы, аға…

Ағамыз шынайы әдебиет не екенін, қандай қиындықпен жазылатынын білмей­ті­нін байқатты. Дәл сол ағамыз Әбіш Ке­кіл­баев дүниеден өткенде:

– Кім ол? «Қан мен терді» сол кісі жазбады ма?.. – деп сұраудан да ұялмады.

– Жоқ, «Абай жолының» авторы, – дедік біз қырсығып.

– Иә, иә! Дәл, өзі – деді,  Ұлы бір жаңалық ашқан адамша риза боп.

– Эврика! Эврика! Эврика!

Осынау бір рухани қиын жағдайға тап болған ұлт өміріндегі зиялылардың ролі қан­шалықты? Жасалатын амалдар қандай болу керек? Сұрақ көп…

Біртектілік жоқ деп ек қой, сөз басында. Соның жалғасы… Бүгінгі қазақ қоғамында адам­ның тұлға болып қалыптасу эволюциясы бұзылған. Яғни оның даму, өсу, же­тілу, танылу, еңбек сіңіру секілді баспал­дақ­тар атауымен жоқ. Бәрі аяқ астынан. Немесе біреу келе қалады, орынға отыра салады. Осылай, енді. Я бар тұлғаны, ел білетін зиялы еңбегін елемеу, ескерусіз қал­дыру сияқты ке­рі құбылыс басым. Ал ештеңе тындырып үл­гермеген пысықтар интеллигент маскасын киіп алып, сайрауға бейім тұрады. Бәрін өздері ұйымдастырып, өз-өздерін жарна­ма­лау­ға әбден төселіп алған-ды. Қазіргі қазақ шындығы – «Көксандықтың» бетін кім бер­месе, сол – данышпан, сол – гений, сол – қа­һарман, сол – зиялы… Саяси сөздікте: «Ин­­­тел­ли­генция ұғымы XIX ғасырдың орта­сын­да пайда болған. Бұл сыни көзқарастағы, рефлексияның жоғары дәрежесіндегі ойлау жүйесі ерекше дамыған, білімі мен тәжіри­бе­сі толысқан әлеуметтік топ» делінген. Шын­­дық пен өтіріктің аражігі қаншалықты ажы­ра­ғанын осыдан-ақ түсіне беруге болады.

2009-2011 жылдары аралығында қазақ бас­пасөзінде: «Зиялы қауым – зиянды қау­ым» деген кертартпа, сыни мақалалар кө­бей­іп кеткен болатын. Бұндай мәселеге де бір­жақты келуге болмайтын шығар. Себебі, өзін зиялымыз деп таныстыратын «қой терісін жамылған қасқырлар» рухани панораманы бұзып, жаман бір ахуал қалып­тас­тыр­ғанын да баса айтуға тиіспіз. Ал «жаңыл­ған жақ, сүрінген тұяқ» болса, оны эмо­­цио­­­нал­­ды-психологиялық жағдайға оп-оңай ысыра салғаннан гөрі, адами әлсіздікке балағанымыз жөн шығар-ау, осы. Негізінен, халық санасы өте таза келеді. Жаңа туған шақалақтікі секілді ғой. Не көрсе, не естісе, не айтса, соны тез қабылдайды және кейін жатталған нәстені жадынан өшіру қиынға соғады. Сол себептен, «Өтпелі кезеңнің» мінездеріне бой алдырмай, хақиқатын ғана, тұмсығымыз тірелетін ең түпкі мәнін ғана айтуға дағдыланайықшы дегіміз келеді…

Нобель сыйлығының лауреаты, әлемдегі ең қысқа әңгіме жазған канадалық жазушы Элис Монро «Нью-Йорк таймс» журналисі­нің:

– Өзге ел әдебиеті туралы… Әсіресе, Ор­та Азия мен мұсылман елдері әдебиеті жө­нін­де не ойлайсыз? – деген сұрағына қалам­гер:

– Шынымды айтайын. Ол жердің жазушыларын оқыған жоқпын. Бұл бір. Ал екін­ші­ден түркітілдес жазушыларға әдебиет керек емес. Бүйтіп айтуыма себеп бар. Ол жақ­та… бұны басылымдардан оқыдым. Әдебиет статусы жағынан ең соңғы орында екен. Ал осы­дан кейін оларды қалайша сыйлауға бо­ла­ды. Билігін, жазушыларын… Олар өз идеа­лы үшін күресу деген сезімнен айырыл­ған­дай көрінеді. Нағыз зиялы – жазушы. Бұл – шындық! Сонда кез келген оқиғаға бей-жай қарап отыратын адамды қалайша зиялы деуге болады, айтыңызшы? – деген болатын.

Монроның бұлайша көсілуіне басты себеп – жазушы, жалпы өнер адамдарының элитарлық топтан ысырылып, екінші план­ға өтуінде. Мемлекет ойшылдық қабілетінен айырылған күннен бастап, ол өзінің дамуын, алға қарай ілгерілеуін тоқтатады. 2016 жыл­дың Нобель сыйлығының лауреаты, бе­ларус жазушысы Светлана Алексиевичтің романдарында ұлтшыл-шовинист, басқару­дың барлық тетіктерін пайдалануға әркез дайын тұратын орыс билігіне қарсы протест бар (мен шығарма сапасы туралы айтып тұрған жоқпын). Яғни күрес бар. Идея, ел мен жер, Отан, ұлт, адамзат игілігі үшін кү­рес бар. Ал өкінішке қарай, сол майданда біз – қазақтар оңбай жеңіліп жатқанымыз ұят нәрсе. Дәрменсіз күйге түсіп, тұяқ серпу­ге де күш таба алмай отырған жоқпыз ба?!

Әдебиетті ұлт тіршілігінен алыстату, жа­зу­шы мәртебесін төмендетуді біреулер қасақана жасауға ұмтылатынын көре отыра, тып-тыныш отырғанымыз ұрпақ алдында ұят. Абайды «коммунист» деп таныған жас­та­рдың уланған санасын серпілту міндеті басқа басқа емес, өнердің, оның ішінде, әде­биет­тің тікелей міндеті емес пе?!

«Іштен шыққан жау жаман» дегендей, қазақ  әдебиетінің негізін салған классик­терді түгендеп және оларды қаралау проце­сіне атсалысып жүрген де өзіміз ғой. Жан­сүгіров, Торайғыров, Мүсірепов, Мұқанов, Әуезов әруағына тиіскеніміз қаншалықты ақылға сыйымды?.. Абай мен Жамбылды аты-жөні жоқ сынап-мінеп, кінәрат іздеге­німіз онсызда «Белгісіз бір қол» қоғам санасын қойы­ртпаққа айналдырып отырғанда, бұл кері құбылысқа тыйым салуымыз қажет. Керексіз кезде мінберге шығып Цицеронша көсемситін зиялыларымыздың бірде-біреуі ұлы тұлғаларды жақтап, сөзін сөйлеген жоқ. Айтылды, со жерде қалды. Бірді-екілі кісі­лер болмаса, топ боп ешкім жауап қатқан жоқ. Бұның өзі бүгінгі зиялыларда ортақ мүдде, ортақ ой, ортақ жоспардың жоқ екен­дігінің нышаны. Кейде белгілі бір тұлғаны руға немесе жүзге телу ауруының да белгі беріп қалатыны бар. Кейде зиялы болудың өзі зиянды ма деген ойға қаласың. Оның зиян­дылығы сонда – қолыңдағы билікті бұ­рыс бағытта пайдалансаң, азабын өзің емес, өңге – халық тартады. Ел сеніміне суа­рылған алмас қылышты қара тасқа ұрсаң, оның майысқан жүзін екінші рет қалпына келтіру қиынға соғады. Тіпті, бұ нәрсе мүмкін еместей көрінеді. Руханият, мәдениет, саясат, экономика, ғылым-білім­нің, елдегі  өзгерістер мен жаңа бет-бұрыс­тар­­дың алдыңғы шебінде жүру түсінген адам үшін жауапкершілік атаулының ең ауыры. Жаратушы, ұлт, Отан, адамзат пен таби­ғат алдындағы жауапкершілік. Ал бүгіндері жауапсыздық біздің жауымызға айналғалы соншалық, уәдені оп-оңай бере саламыз. Биік-биік мінберден сөйленген сөздерді «сол айналаның құлағы» ғана естуге ниетті. Қалғандарында ниет жоқ… ештеңеге. Адам сөзі­нен мұншалықты жерінеміз деп кім ойлаған?! Сартр «Құсығындағы» кейіпкер секілдіміз. Көрген нәрсеге жүрегі лоблып, құсқысы келеді де тұрады…

Біздіңше, зиялы жанкешті жан. Камикадзе. Ол әркез құрбандыққа дайын тұрады. Ол өзгенің мүддесін өзінікінен жоғары қоя алады. Кейде өз-өзімізге: «Бүгіндері зиялы болу мода ма екен?» деген сауал қояты­нымыз бар. «Алайда, бас көтеретін, бізді алға сүй­рейтін, түнек ішінде шам жағатын, жол бастайтын серке, ел сүйетін ерке болу керек қой?..» дейміз өз ойымызға қарсы шы­ғып.

Бірде бір ағамыздан:

– Интеллигент болу үшін не істеу керек? – дедім сыр суырып.

– Бермен жақындашы. Құлағыңа айтайын… Қайтесің, оны. Тып-тыныш жаныңды бағып жүре берсеңші…

Бұл  ағамыз  белсенді. Көп белсенділердің бірі. Жиын, мәдени шара, кездесу, дөңгелек үстел, басқосу, келелі кеңестен қалмайды. Құрметті қонақтардың қатарында, «ақ тізімінде» жүреді. Ол ағамыз бір жерге бара қалды дегеніңіз, аузы ақкөбік болып сөйледі дей беріңіз. Сөйлегенде «FAIRY» ішкен балаша көпіреді. Көбік-сөздің ішінен қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін айыру қиынға түседі. Ең ғажабы – со кісінің сөзі өтеді және үлкен қызметте отыр.

– Аға! Осы: «Ұлт, ұлт…», – деп ұларша шулайсыздар… Ұлт өркендеп, өсу үшін не істемек керек?

– Көптің ішінде жүр. Артық ауыз сөз айтпа. Ешкімге қарсы шықпа. Билікті жамандама. Сөйт.

– Егер алашордашылар болмаса, біз қазақ ретінде құрып кетуіміз де мүмкін еді ғой. Мойындаңызшы.

– Рас, рас. Тарихты бір адамдай-ақ оқы­дық қой. О кезең  енді  оралмайды. Сондық­тан өткенді емес, қазіргіні айтайық. Ең бастысы бейбіт өмір сүріп отырмыз ғой. Құдай­ға шүкір, соғыс жоқ…

– Қателеспеңіз, нағыз соғыс, астыртын соғыс дәл қазір жүріп жатыр.

– Е, Дон Кихотым-ай! – деді де рахаттана бір күліп алды (ұлт туралы әңгімелер күлкі шақыратын дәрежеге жетіппіз. Оған жеткізген кім? Әрине, өзіміз, басқа ешкім емес).

Дәл осы тұстан әңгіме үзілді. А жоқ, үзіл­ген жоқ екен ғой. Аузымыз қышып тұрған біз, тағы бір сөз қыстырып үлгеріппіз.

– Мен сізді Алаштың ұрпағы деп санамаймын. Сіз кеме отқа оранғанда, одан бірінші болып қашатын тышқансыз…

Әлгі ағамыз не дерін білмей артымыздан біразға дейін жүрді. Кейін жүрегін ұстады. Қалтасын ары ақтарып, бері ақтарып, дәрі­сін тапты-ау, әйтеуір. Шамасы, «давлениесі» көтерілсе керек. Бұ кісі кім екені, қайдан кел­гені, кім болып жұмыс істейтіні құпия болып қалсын, оқырман.

Біз Табиғаттағы Абсолют деген құбылыс­қа сенеміз. Яғни бар нәрсе толықтай жойылып кетпейді. Қазақ қоғамында шыныменде елі десе еңіреуге дайын, әркез жаны ауыратын, сайқалсымайтын, тек ақиқатын ғана айтатын азаматтардың барына сенемін. Қазір олар көлеңкеде жүр. Жағдай сондай. Ұлан-ғайыр Қазақстанның әр өңірінде, әр аймағында, әр қаласында, әр ауылында жүр. Дәл қазір олар аса қажет еместей көрінеді.

Басты кедергі – механизм. Болты дұрыс бұралмаған, гайкасы түсіп қалған, кей тұсы май­лан­баған, сықырлайды… Зиялы – қы­лыш­тың жүзі, найзаның ұшы, батырдың білегі, арыстанның жүрегі… Біздің ұғымы­мыздағы зиялы осындай. Ол әркез  ел алдында жүреді. Жақсылықта да, жамандықта да, қуанышта да қайғыда да. Зиялының сөзі, іс-қимылы, өзін-өзі ұстауы да  бөлекше болу­ға тиіс. Ол көп ешкімге ұқсай бермейді. Со­нымен қатар, соншалықты қарапайым, соншалықты әділ, соншалықты бірбеткей. Бұл утопия емес, нағыз шындық. Қайбір жиында үлкен дөңгелек үстел басына зиялылар, қазақтың қаймақтары жиылды. Сөз басын Астанадан келген қонақ бастады. Бір кезде дипломатынан тізімін алып шығып оқи бастады. Аталған есімдердің ішінен лайықты делінген екі-үшеуін ғана кезіктірдік. Ал қалғандары ортақолдар. Со кезден бастап қонақтың талғамына күмән­мен қарай бастадық. Ең қызығы сол жиын түйінсіз қалғаны өз алдына, бірде-бір жібі түзу ұсыныс айтылмады. Мақтау, мадақтау, одан қалса өз жағдайын айту… Концептуалды дүниелер атауымен жоқ. Қонақтың:

– Кімде қандай ұсыныс бар? – деген сөзін кім қалай түсінгенін білмейміз, бірақ әр кәллада бір қиял дегендей, әркім әр нәрсені ойлап отырғандай әсерде болдық. О басқосуға жастар, болашақ жоспар, идеология, бәсекеге дайындық, оқудағы олқы­лық­­тар, журналистердің кез келген ақпарат­қа қол жетімдігі, барлық саладағы де­мо­к­ра­тия­лық ұстанымдар жайы сөз бола ма деп барғанбыз. Алайда, үлкен үдеден ешкім шыға алмады. Көкейде: «Біз хаостың қай жағындамыз немесе қай жеріндеміз? Басында ма, ортасында ма, әлде соңында ма екенбіз?» деген сұрақ туды. Бұ сауалға жауап таба алмай дал болдық.

Біздіңше, зиялы деген ол белгілі бір топ. Саны да өте аз. Ол шешімтал кезде аянып қалмайды. Ұлтына қауіп төндіргендерді ая­майды. Барынша арлы болуға тырысады. Өзгеге үлгі болып, жастарға жол көрсетеді. Оның өзіндік ойы, нық ұстанымы бар. Ол сергек әрі білімді. Шетелдегі барлық жаңа­лық­қа құлағы түрік жүреді. Жақсы делінген дүниелерді енгізбес бұрын, жұрт талқысына салады. Егер оныңыз сіңісіп кетіп жатса, құба-құп… Ол ешкімді күштегісі келмейді. Оның күші – ақыл-парасаты, ұстамдылығы, халыққа жақындығы, адалдығы…

Билік жас режиссер  Әділхан  Ержанов­тың «Хозяева» фильмін көрсетуге тыйым сал­ған екен. Уәжі – «ащы шындықты көр­сету­ге болмайды» екен. Туындыда қазақ қоға­мындағы келеңсіздіктерді сарказммен жеткізеді. Карикатуралық кейіпкерлердің өмірі де ортасы да қызық әрі аянышты. Кино аяқталғанда көзімізге жас келді. «Біз сын көтере алмай қалғанбыз ба?» деген ой келді. Ал 2014 жылы орыс режиссеры Юрий Быков түсірген «Дурак» киносы әлі күнге дейін көрсетіліп жүр (екі туынды рухтас, көтерген тақырыбы ортақ). Сонда Ержановты қолдап шыққан бірде-бір зиялыны көрмедік. Осы кезде Мөңке бидің сәуегейлікпен айтылған мына бір сөзі есімізге түсті:

Құрамалы-қорғанды үйің болады,

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай сайын басқан жиын болады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір