ЖАҚЫН, ЖАҚЫН ДА БОЛСА АЛЫС АСТРАХАН
17.09.2024
417
0

Жақын күндері облыс губернаторын сайлауға дайындалып жатқан Астрахан қаласына Атырау арқылы 4-5 сағат­та жет­тік. Әдебиет оқулығы мен тарихи кітаптардан ғана атын естіп, суретін көрген шаһарды көзімізбен көріп, көшесінде жүру бақыты да бұйырды. Кешегі Алтын Орданың астанасына айналған Батудың сарайы мен күй атасы Құрманғазы бабамыз жатқан мавзолей осы облыста орналасқанын ескерсек, жақын, жақын да болса алыс Астрахан облысы – қазақ халқы үшін тарихи орны бар өлкенің бірі.
Астрахан деп ресми түрде аталса да, атының шығу төркіні туралы дерек көп. Атауларын санамалап көрсек, Хаджтархан, Хаджи-Тархан, Хайдар-Хан, Гаджи дорахан (Торахан), Акжарха, Аджитархан, Ашитархан, Аштархан, Торги-Ихам, Хазтархан, Гинтархан т.с.с. Бірі – Мекке көрген қажылар осы жерге топтасып, ол жер кейін қалаға айналып, «Хаджтархан» деп аталды десе, енді бірі – кньяздің атымен байланыстырады. Ал жырау Мұрат Мөңкеұлы шығармаларында Аштархан деп жырға қосады.
Алғашқы күні Астрахан қаласының тарихи-мәдени жерлерін аралап, әдеби-танымдық экскурсия ұйымдастырдық. «Ресей Венециясының» Астрахан кремлін, Часовников көпестің музей-­үйін, П.М. Догадин атындағы Астрахан көркемсурет галереясын, өлкетану музейін тамашаладық. Қала орталығында орын тепкен Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішіне де бардық. Тарихи ғимарат­тарын сақтап, туристік нысан ретінде көпке ұсынып отырғанына ерекше ырза болдық.
Астрахан қаласына барудағы басты мақсатымыз – Астрахан облысының архив және кітапхана қоры негізінде Алаш зиялысы, жазушы, публицист, мемлекет­тік бағдарламамен шетелде оқыған алғашқылардың бірі Ғазымбек Бірімжанның өмірі мен шығармашылығын зерт­теу, қазақ әдебиетіне қатысты деректер мен құжат­тарды анықтау, жинақтау. Астрахан облысының мемлекет­тік архивінде жұмыс істеп,
Ғ.Бірімжанның нағашы атасы Сүлеймен Жиһангеров (Хиуа ханы Қайыптың немересі) пен қайын атасы Сәлімгерей Жантөре туралы деректерді нақтыладық. Тағы да бір айта кететін жайт, Сәлімгерей Жантөренің ұрпақтарымен байланыс орнат­тық. Астрахан халық университеті (1918 жылы ашылған), қазіргі Астрахан мемлекет­тік медицина университетіне қатысты қорлармен жұмыс істеп, тұлғаға қатысты тұстарын анықтадық. Сонымен қатар Астрахан губерниясының құрамына кірген Бөкей Ордасы туралы, Уәлитхан Танаш, Шафқат Бекмұхаммед т.б. сынды тұлғалар туралы мәлімет­тер қарадық. Қазан төңкерісіне дейін жоғары оқу орны болмай, Астрахан оқушылары Қазан қаласына баратын болған. Мәселен, Алаш қайраткері Уәлитхан Танаш 1899–1908 жылдар аралығында Астрахан гимназиясында білім алып, Қазан университетіне оқуға түскен. У. Танашқа 1908 жылдың 5 маусым күні берілген ат­тестатына көз жүгіртер болсақ, үлгерімі жақсы оқушы болғанын біле аламыз. Шекараны шегендеуге қатысқан қайраткердің туған інісі Сабыр Танаш та туған жерінен білім алып, кейін Қазан университетінен Ташкентке, одан әрі шетел асып, Берлин қаласында білім алған. Ғазымбек Бірімжан, Дәмолла Битілеуұлы, Әбдірахман Мұңайтпасұлы, Темірбек Қазыбекұлы сынды қазақ жастарымен бірге Алманияға ат­танып, Берлин ауылшаруашылық институтының қант қайнату факультетінде оқыды. Ал Шафқат Бекмұхаммед 1902–1912 жылдар аралығында Астрахан гимназиясында оқыған болатын. 1915 жылғы «Қазақ» газетіндегі «Қазанда қазақ студент­тер» ат­ты анықтамада: «Шафхат Бекмұхамедов – Астрахан губерниясы, екінші округтан, әзір өз күшімен оқиды, келер жыл патша хазрет­тері таққа мінген құрметіне ашылған қазақ стипендиясына алуына үміт­теніп жүр» – деп Ғайса Қашқынбай анықтама берген. Сол жылдары Саратов университетінің медицина факультетінде Астрахан губерниясынан Батырғали Жүсіпқалиев пен Ахмет Ниязов оқып жатқан болатын. Сонымен қатар Астрахан губерниясы және Ішкі Ордадан шығып тұрған «Кедей тілі», «Ұран» газет­терінің тігінділерін қарап шықтық.
Архивтен басқа Н.К. Крупская атындағы облыстық ғылыми кітапханасына оқырман ретінде тіркеліп, сирек қор мен газет-журналдар бөлімінде жұмыс істедік. Астрахан губерниясына қатысты «Астраханский вестник», «Астраханец», «Коммунист», «Астраханский край», «Прикаспийский край» тәрізді басылым бет­терін қарадық. Сонымен қатар қазақ-орыс тіліндегі тәуелсіз газет ретінде шыққан «Ақ ниет» газеті мен еліміз тәуел­сіздік алғаннан бастап бертінге дейін шығып тұрған «Ақ арна» газетін де шолып өт­тік. «Ақ ниет» газетінде қазақ хандары мен би-шешендерінің сөздері (Бала би, Зілқара би, Бекқали төре), мақал-мәтелдер, нақыл сөздер молынан беріліпті. Екі газет­те де Шафқат Бекмұхамедтің әкесі Мақаш туралы деректер бар. Осы өлкеден шыққан тұлғалардың дені Мақаштың тәрбиесін көрген, тәлімін алған. Ал халық депутат­тары Астрахан облыстық Кеңесінің, кейін Астрахан облысы әкімшілігі мен тіл және мәдениет «Жолдастық» қоғамының үні болған «Ақ арна» газетінде қазақ әдебиетіне, тарихына байланысты материалдар жетіп артылады. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан бастап, тұрмыстық зат­тарына дейін мәлімет­тер береді. Қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Мұхтар Мағауин, Мұқағали Мақатаев, Шөмішбай Сариев, Сүндет Сейітов, Серік Тұрғынбекұлы, Серікбай Оспанұлдарынан бастап, Құбаш Батырашев, Мүслім Мұқамбетов, Хайреден Жамбылов, Маркс Көбеев, Л.Қапашев, Мәжіліс Өтежан, Өтеміс Медьяев, Қайыпназар Шотбасов, Сүйін­ғали Нәдіров, Қайреден Жамбылов Рая Қаженова, Роза Құспанқызы т.б. сынды жергілікті қаламгерлерінің, мектеп оқушыларының өлеңдері басылған. Қазақ поэзиясы тарихынан деп арнайы ат қойылып, айдар тағылып, Асан қайғы, Доспамбет, Қазтуған жыраулардың, Абай Құнанбайұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері оқырман назарына ұсынылған. Тағы бір ерекшелігі, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында жарық көрген мерзімді басылымдар, атап айтар болсақ, «Дала уалаяты», «Айқап», «Кедей тілі» ат­ты газет-журналдардың мақалалары кирилл әліпбиіне түсіріліп, жарық көрген. Сондай-ақ Астрахан қазақтарына есімі етене таныс Құбаш Батырашевтың өлеңдері мен аудармалары тұрақты түрде беріліпті. Қ. Батырашев Абай мен Шәкәрім шығармаларын қазақ тілін білмейтін немесе нашар білетін қазақтар үшін орыс тіліне аударып, кітап та шығарғанын бірі – білсе, бірі – білмейді.
Сөзімізді түйіндер болсақ, Астрахан сапары Қазақ­стан Жазушылар одағының «Қазақ­стан жазушыларының ТМД елдерінің архивтеріндегі зерт­теу жұмыстары» ат­ты ауқымды жобаның аясында ұйымдастырылды. Іргелі жобаны жүзеге асырған Мереке Әбдешұлы бастаған Қазақ­стан Жазушылар одағының басшылығы мен ұжымына, экспедицияларды рет­теп, үйлестіріп отырған ақын, мұстафатанушы Қасымхан Бегманов ағамызға, жөн сілтеп, бағыт-бағдар берген алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай ағамызға алғысымызды білдіреміз.

Данияр ИХСАН,
«Қазақ­стан жазушыларының
ТМД елдерінің архивтеріндегі зерт­теу жұмыстары»
жобасына қатысушы ғалым, алаштанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір