ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЛЫ ЖАЗУШЫ
11.02.2023
2253
0

Жақында облыстық «Қызылорда» телеарнасынан «Оралған әлем» атты деректі фильм көрермендер назарына ұсынылды.
…Шетсіз-шексіз кеңістікке созылып жатқан құба дала… Онда да құмы төбе-төбе болып үйіліп,аяқ бассаң сусып, үп еткен желден үйіріле көтеріліп, алыстан көрінген сағымға ынтық қыла аяғыңа оралады. Осыдан оншақты жыл бұрын көрермендерге ұсынылған «Жоғалған әлемге жол» атты деректі фильмдегі табиғаттың осы бір дүлей шағымен арпалыса жүріп, басынан талай сындарлы сәттерді өткізген жазушының жанкешті еңбегі еш кетпепті… Құмды төбеден асып түскен жазушы ақ көбікті толқындарын жағаға ұмтылдырған, айдыны жарқ еткен Арал теңізін көрді… Сол бір асау толқындардың жалына қиялымен жармасып, тағдырын теңізбен жалғаған эколог, жазушы, бүгінде ғұмырнамасының 75-ші белесіне шығып, төңірегіне байыппен қарап, теңіз жағалап келе жатқан Сайлаубай Жұбатырұлын көресіздер. Бұл жолғы әңгіме басқаша…
Сонау балалық шақта «Алыстағы аралдар» повесімен әдебиет әлемінің есігін айқара ашқан ол, «Абыржы» трилиогиясына дейінгі қаламы қолынан түспей, теңіздің мұңын, сырын, жоғын жоқтаумен өткен шақтарын, жанкешті еңбегін көгілдір экран арқылы жұртшылыққа жеткізуді жөн көріпті. Мұнда да табиғаттан бір сәт те ажырамай жоғалған теңіздің қақ-қақ боп жарылған табанында әлде бір үмітпен алға өршелене ұмтылса, бұл жолы алысы жақындап, ұлы теңіздің кенерген табанына су келіп, тіршілік жанданған сәттегі атқақтай соққан жүрек лүпілін, жанардың түкпірінен сөнуге айналған бір сәуленің жылт етіп, қайта жанғанын көресіз… Фильмде жазушының Арал теңізімен бітеқайнаған тағдыр жолы көрерменді тарих қойнауының еншісіндегі талай соқпаққа жетелеп апарады… Туған жері Арал теңізінің бір мүйісіндегі Бөген ауылының тіршілік-тынысынан басталған бала сезім ұлы теңіздің қасіретіне ұласып, жүрегін талай жұлмалағаны Құдіретке және өзіне ғана аян екені шығармаларына ғана арқау болғаны хақ.
«Абыржы» триологиясындағы жазушы бейнелеп жазған тағдырлар өзінің де жан дүниесінің қалтарыстарына сыналап еніп, біртұтас дүниеге айналғаны қашан?.. Теңіз тағдырлы жазушы… Арал жайлы сарқа жазған қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жолын жалғаған жалғыз ізбасары – «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, эколог, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы десек артық айтқандық емес. Оны «Оралған әлем» деректі фильмін көрген көрермендер сезініп, түйсінері анық. Аралдың айдыны толық толмаса да, оның шөлдеген ұлтанына тіршіліктің белгісіндей боп өсіп тұрған бір түп шөп те судың дәмінің алыс емес екенін сезетіндей ызғырық желдің өтінде тіршілік үшін майыса тырмысып күреседі… Жазушының үмітімен тағдырлас… Биыл 75 жасқа келіп, көңілі Арал деп соққан эколог, жазушы ағамыз Сайлаубай Жұбатырұлының шөліркеген дүниені көл-көсір пейілімен сусындататын «Топансу жүзін жуған Ұлы Дала» атты еңбегі Ежелгі тарих, Тұран, Дала қойнауын зерделеген, оқырманды қызықтырып оқылатын туынды. Жазушының тағы бір қырын көрсететін көркемдік элементтері басым бұл еңбектің әдебиетке де салар өз олжасы бар. «Оралған әлем» деректі фильмі осыны айғақтай түседі.

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,
Қазақстан Жазушылар одағы
Қызылорда облыстық филиалының
директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір