ЖҰМБАҚ КЕЙІПКЕР һәм ӘБДІМОМЫН ӘЛЕМІ
05.03.2024
41
0

Барша болмысынан әуен ақтарылған күйі Шу аудандық мәдениет үйіне атақты күйші Әбдімомын Желдібаев кіріп келе жатты. Амандасып, аз-кем тілдескен соң: «Сен домбыра тарта аласың ба?» – деді маған. Домбыра шерте білмейтінімді айтып едім, «Әй, бала, төбелес осындайдан шығады», – деп түйіліп бір қарады да, сосын жүзін жылытты… 

Қазақ күй өнерінде көрнекті орны бар Әбдімомын Желдібаевті білмейтін қазақ жоқ шығар. Бүгінде Шу ауданының орталығы Төле би ауылында қарапайым ғана тіршілік кешіп жатқан күйшінің өзі: «Мені елдің бәрі үлкен қалалардан іздейді екен. Қалада не бар? Қалада күн көре алмаймын. Ауылда, ағайынның арасында отырғанға не жетсін?» – дейді. Күйшінің бірқатар ән-күйлерінен бөлек, атақты «Еркесылқым» күйінің өзі ұлттың күй өнеріндегі ерекше құбылыс емес пе?! Иә, бүгінде еліне еркелеп, халықтың қошеметіне бөленіп өмір сүріп келе жатқан «Еркесылқым» күйінің авторы осы бір шығармасы туралы және жалпы шығармашылығы жайлы әңгімелеп берді.
«Еркесылқым» бұл күнде халықтың күйі болып кетті. Күй 1973 жылы туды. Әрине, бұл күйдің дүниеге келуіне әсер еткен жан да өмірде болды. Сол арқылы қазақ қызына деген адамның жан-дүниесінің махаббатын күй тілінде жеткізгім келді. Осы күйді жазып жүрген кезім еді. Бір күні мені облыстық партия комитетіне шақырды. Екінші хатшы Ибраев деген кісімен «Алатау» ансамблі туралы әңгіме болды. Кейін бұл орынға Ғайникен Бибатырова келді. Ансамбльдің репертуарына бір-екі жаңа шығарма сұрады. Содан Жамбылда жатып осы күйді аяқтадым. «Еркесылқым» алғаш рет сол кездегі Жамбыл қаласындағы «Алатау» ансамблінде орындалды. Алтынбек Қоразбаев ансамбльге басында көркемдік жетекші болып келіп, кейіннен директор болды. Театрда болған концертке қатысып отырған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов орнынан атып тұрып: «Мынау қай ғасырдағы күй?» – деді. Авторы мен екенімді білген соң арқамнан қағып, құрмет көрсетті. «Еркесылқым» Алматыда да, Мәскеуде де көп тартылды. Қазір мұны жапон да, орыс та тартады. Шетелдіктердің де қызығушылығы басым», – дейді күйшінің өзі.
Ауылда жүрсе де қазақ өнеріне үлес қосып келе жатқан Әбдімомын Желдібаев дегенде бірден еске «Еркесылқым» түсетіні рас. Бірақ шынайы шығармашылық адамының қабілеті, әрине, бір шығармамен ғана шектелмейтіні түсінікті. Кезінде қазақ даласын лирикалық күйімен тербеткен күйші бүгінде өнердің өзге жолына түсіпті. Біраз уақыттан бері қазақ күйлерінен симфониялық поэма жазып келеді екен. Үш бөлімнен тұратын «Төле би» толғауының өзі күйшінің қазақтың күй-дастан жанрын жасауға еңбек сіңіргенін көрсететін құнды дүние. Мұнда ғасырлар бойғы ұлттың ұлы арманы, еліміздің басынан өткен қилы жағдайлардың тарихи суреті, халық үшін туған тектілердің сәулелі болмысы көрініс табады. Сол сияқты, «Жамбыл баба жыр толғайды», Кенен Әзірбаев туралы «Күй-Көкшолақ», «Нұрсұлтан», «Шабыт», «Әулиеата» поэмаларының өзі қазақ өнерінің ерекше табысы деуге болады. Саңлақ күйшінің бұл шығармалары қазіргі кезде түрлі сахналарда орындалып жүр. «Менің ұстаздарым – Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Түркеш сияқты ұлы күйшілер. Бала күнімізден осындай ғажап күйшілердің күйлерін естіп өстік. Одан өзіміз де тарттық. Нұрғиса Тілендиевпен жақын болдық. Алматыға барған сайын Нұрғисамен жолығатынмын. Мұның бәрі де өнер үшін еді. Өнер – халықтың рухын көтеретін күш. Түсіне білген адамға күй деген қазақтың жан-тәні ғой. Қазақтың егіз тілі – ана тілі мен күй тілі. Адамда бірінші дыбыс пайда болады. Дыбыс болмаса ештеңе де болмайды», – дейді атақты күйші…
Әңгіменің соңында екі саусағының арасына шылымын қыстырып, қою түтінді бұрқ еткізген Әбдімомын Желдібаев: «Еркесылқым» күйі халықтікі болып кетті. Өз күйін қазақтың өзіне бердім. Ал менің жанымда оның кейіпкері жұмбақ күйінде мәңгі жасай беретін болады», – деді. Осы сәт «Еркесылқым» күйінің әрбір иірімі кеудемізде күмбірлеп ойнап тұрғандай еді. Күйдегі шабыт та, қуаныш пен өкініш те, сыр мен мұң да қазақ баласымен бірге жасайтын құндылық болып қалатыны шындық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір