Алаш баласы ұмытпайтын ашаршылық
1916-1934 жылдар тарих бетінде қазақ даласы жазықсыз адамдардың мүрдесіне толған, ұлы нәубет алаш баласын қынадай қырған кезең ретінде таңбаланып қалды.
Ең алғашқы ашаршылық 1916-1918 жылдары азаматтық соғыс уақытында болды. Бұл уақытта қаза тапқан қазақ саны – 1,5 миллион адам.
Екінші ашаршылық 1921-1922 жылдары болды. Азаматтық соғыс және 1918 жылдың 13-мамырынан бастап «азық түлікті тәркілеу» науқанының салдарынан адамдар жаппай қырыла бастады. Сонымен қатар оба, сүзек аурулары да қосылып, қайтыс болған адам санының артуына әсер етті. Бұл ашаршылықтан еліміздің солтүстік және батыс өңірлері қатты зардап шекті.
Үшінші ашаршылық қазақ даласын жаппай шарпыған нәубет Голощекиннің билікке келуімен басталды. 1929-1933 жылдары «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды желеу еткен Голощекин жендеттері қарапайым халықтың алдындағы малы мен астықтарын әр түрлі салық арқылы тартып алумен қолдан ашаршылықты жасады.
Ашаршылық жайлы естеліктерді оқып отырып, көзіңе еріксіз жас келіп, «бұлай болуы мүмкін емес шығар» деп ойлайсың. Бірақ осынау нәубет қазақ халқының басынан өткен еді. Көрген қарттардың сөзі мен естеліктері және тарих деректері оған анық дәлел бола алады. Бір жұтым су мен үзіп аларлық нан болмағаннан қаншама еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ажал құшты. Қазақ даласы алғаш рет сұрқия саясаттың кесірінен өліктерге толды. Мұны көзбен көрген жандар ажал алқымына келгенше естен шығармады. Қолдан жасалған ашаршылық салдарынан қазақтың саны қысқарды. Ашаршылық жылдарындағы кейбір естеліктерге көз жүгіртсек, адам
ойына келмеген сұмдықтарды оқып, жүрегің қан жылайды. Сейітқасым Боранқұлов өз естелігінде:
«Жұрт туыстарын, бала-шағаларын тастап, бет-бетімен бытырапты. Нәркен деген шешеміз сабаудай-сабаудай төрт ұлымен балық аулап күндерін көре алмай, ашығып, үш айлық немересін құндағымен айдалаға тастап кетіпті. Кетіп бара жатқанда баланың жылаған дауысы біраз жерге дейін естіліп тұрған. Шешеміз кейін бір жайсыз жағдай болса:
– Бізді Құдай қалай жақтасын, сол нәрестенің қарғысы бізді оңдырмайды ғой», – дегенін талай естідім» деп жазады.
Әр жерде қоқыс секілді шашылып жатқан адамдардың мүрдесі қалыпты көрініске айналып кетті. Ес біліп, етегін жинаған бала мен әйелдер де шошынатын халден кетіп, азық тауып, аштық пен ажалдың торына түспеуге қарекет жасап бақты. Бір әулеттен бір ұрпақ ғана қалдырған сұрқия саясаттың салдары тарих беттерінде қанмен жазылып қалды.
Сол жылдары қос санды қоса білмейтін, алты әріпті ажырата алмайтын жатыпішер жалқаулар, қой баға алмайтын қотыраштар аяқ астынан үкіметтің, елдің тірегі – белсендісі боп шыға келді. Әкімдер мен өкілдер: «Ет керек», «Жүн керек», «Май керек», «Сүт керек», «Астық керек», «Бәрін де орындау керек», – деп ұрандатқанды ғана білді. Жоспар біткенді асыра орындаймыз деп жанталасқан олардың және жергілікті белсенділердің аузындағы сөзі: «Жерден қаз, көктен сау – бәрін тап» немесе «Қайдан тапсаң, одан тап. Қаптың түбін қақ!» болды. Ел біткеннің еңірегенде етегі жасқа толды. Оған қарап жатқан өкіл мен милиция жоқ. Халық амалсыз жан-жаққа үдере көше бастады.
1931-1932 жылдың қысында аштық қысқан қазақтардың легі көбейіп, зауыттар мен қалаларда жұқпалы аурулар қаупі күшейген сайын, қазақтарды Батыс Сібірден күштеп қуып шығара бастады. Крайком солтүстіктің үш өңірінде (Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе) сүзек індеті және Ақтөбеде қара шешек (черная оспа) індеті басталды деп жариялады.
1932 жылға қарай республиканы жантүршігерлік ашаршылық жайлап алды. Америкалық әлеуметтанушы Питирим Сорокин азаматтық соғысы кезіндегі өзінің бақылаулары мен зерттеулеріне сүйеніп, ашаршылық жағдайындағы адамның мінез-құлқы небір күшті тыйымдар мен тежеулерді тұншықтырып тастауы мүмкін, кейбір төтенше жағдайларда тіпті «адам етін жеу сияқты қоғамға жат» әрекеттерге мәжбірлеуі мүмкін екенін анықтаған еді. Қазақ ашаршылығы да бұл мәселені айналып өтпеді: аштықтың басталуымен, қылмыс, оның ішінде ұрлық оқиғалары кең етек жайып, қауымдастық қатынастар үзіле бастады.
Каннибализм немесе етін жеу үшін адам өлтіру туралы сыбыстар ашаршылық кезінде үнемі, әсіресе «ашыққандар балаларды ұрлап әкетіп жеп қояды» деп қорыққан ата-аналар үшін жантүршігерлік үрейдің тұрақты көзі болатын. Аштық қысқанда адам баласы өлмеудің қарекетін жасап, жерде кетіп бара жатқан жан-жануар, жәндіктерден түк қалмады. Адамгершіліктен аттаған жандар өз туысын ғана емес, туған баласын жеген оқиғалар да болған.
Бала күндегі көргенің өле-өлгенше көз алдыңнан кетпейді. Өтебай Қанахин өз көзімен көрген сол жылдардағы зобалаңды былайша еске алады:
«Балалар үйіне деп әкеле жатқан ұнға жолда аш кірешілер тұз қосып, соның салмағындай ұнды ұрлайды. Сор татыған нан жеп, тұзы удай ащы быламық ішкеннен кейін біздің ішіміз өтіп, шетімізден ісіп-кебе бастадық, өлім-жітім де аз болған жоқ…
…Қыстың ұзақ түніне аш-арық баланың қуығы қалай шыдасын: таң алдында түзге шықтым. Дәретхана деп қасындағы содан аумайтын, жазда үй ақтау үшін әк сақтаған жұқа тақтай-қойманың есігін ашып қалғанымда, отынға жаққалы дайындаған сексеуілге ұқсатып, төбеге жеткізе қалап қойған өзім құралпы, кейбірі менен де кішкентай балалардың тырдай жалаңаш өлі денелерін көргенде, зәрем ұшқаны сонша, табанда құлап қалыппын. Арғы жағында не болғанын білмеймін. Ес-түссіз жоқ, талып жатқан жерімнен біреулер көтеріп ішке кіргізсе керек».
Аштықтан әл жиып тұра алмаған шал-кемпір, жас бала қамаулы қалпында қорада өлді. Өмір мен өлімді таластырып, жан ұшырып жүріп кеткендер жолда өлді. Адамдардың өлгендерді топырақпен жабуға шамалары да келген жоқ.
Зейтін Ақышевтің мына естелігіне көз жүгіртсек.
«1934 жылдың мамыр айында Павлодар облысының Май ауданы, Аққұдық деген жеріне 120 пұт егістік тұқым апардық. Ауылға кірдік. Жан жоқ, адам түгіл еш жәндіктің қыбыры жоқ. Ауыл шетіндегі бір үйге кірдік. Еш жанның белгісі білінбейді. Ішке кірдік, бөлме бұрышында бір шымылдық керіліпті, жас жұбайларға арналған болар. Шымылдықты түртіп қалып едім, матасы іріп тұр екен, жұлым болды. Ар жағында екі адамның қаңқасы, бірінің шашы ұзын, екіншісінікі қысқа, жас жігіт пен әйел екені, жас жұбайлар екені байқалып тұр. Өлімді құшақтасып қарсы алыпты. Осы көрініс өмір бойы есімнен кетпейді…»
«Сталин біздің көсеміміз» деген ұранды желеу қылған сұрқия саясат қазақты құртуға арналған жүйелі жоспармен құрылған еді. Салдарынан жүздеген ру, мыңдаған әулет аштықтың құрсауына түсіп, құрып кетті. Қайран қазақ аштықтан қиналып, азап шегіп жүрсе де, бір сәт Құдайын аузынан тастамады. Қолдан жасалған нәубеттің басында тұрғандар өздеріне қарсы шыққан халықтың қаймақтарын, аузы дуалы, білімді, би-шешендерді, оқығандарды Сібірге айдап, жұмысқа салып, көзін құртып отырды. Нәтижесінде, бас көтерері жоқ халықтың жартысы босып кетті, жартысы ажалдың жастығына ерте бас қойды.
«Бір күн ашыққан адамнан қырық күн ақыл сұрама» деген екен халқымыз. Асқазанға неше күн ас түспей, ақыл-естен айырылуға шақ қалса да, адамгершіліктен аттамаған адамдар да аз болмаған. Қасірет жалмаған жылда көзі қарауытып, аш өзегіне түсіп бара жатып, Құдай қосқан көршісінің балаларын құтқарып қалған апаларымыз да өтіпті. Бір уыс бидай, бір асым етпен екі үйлі жандарды аман алып қалған дана аналарымыздың арқасында бүгінде қаншама әулет өсіп, өнді. Осыдан кейін қазақ халқын текті, иманды емес деп қалай айтарсың?..
«Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған уақытта аш өзектеріне түспей, аман қалу үшін жұрт жан-жаққа сабылумен болды. Бір үзім нан емес, жеуге құрт-құмырысқа таппай қалған заман еді.
Алашордашы Міржақып Дулатұлы ашаршылық туралы: «Баяғысы, ақтабан шұбырынды, әлгі елдің басынан кешті деп отырған соңғы жылдардағы оқиғалар қазіргі қазақ халқының басынан кешіп отырған ашаршылық апатының қасында ойыншық болып қалды. Енді алты алаш, алты миллион елім бар деп үйде отырып, өзіңді толтыратын қазағың жоқ болудың алдында тұр. Күні кеше құлан, киіктей емін-еркін жүретін, жортып жүріп сайран еткен Сарыарқаң қан сасып, топалаң тиген қойдай қырылған адам өлексесіне толып, сасық жел ескелі отыр. Елдегі басшыларымыз бір үзім нанға, бір жұтым суға зар болып, көзі қарауытып, қара таласып, жан ұшырып, әзірейілмен алысып, ерні жарылып, демі бітіп өліп бара жатқан мұңдас, қандас, бейшара бауырларының қарғысынан қорқар деп сенеміз», – деп ашына жазды.
Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал
Күңіреніп көкірек – қан, көңіл – дал.
Құша беріп немересін, қош десіп,
Көз жұмысты, босап буын, құрып әл.
Көрші осыны, ағатайым – бастығым,
Ел-жұртыңа болмаса егер қастығың.
Аштан қырмай асырашы, жатыр ғой
Қоймаларда етің, майың, астығың, – деп осынау шырылдай жазған өлеңі үшін 18 жастағы Шахан Мусинді жағымпаз жандар билікке қарсы келіп жатыр деген желеумен 18 жылға абақтыға жапқызады. Қиындыққа қарсы тұрып, азапты күндерден аман келген Шахан Мусин 18 жылын түрмеде өткізіп, қалған 40 жылында қазақтың қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында актер болып жұмыс істеп, 1999 жылы дүниеден өтті.
Бұл аштық бейкүнә жандарды адамгершіліктен аттатып ғана қоймай, қатыгездіктің сан түріне итермелеткен жылдар болды. Бір уыс бидайға он жасар қызын әйелдікке берген, өзінің Құдай қосқан жарын бір үзім нан үшін өзгеге беруге мәжбүр қылған сұм жылдар. Қасіретті уақытта аштықтан қырылып қалмау үшін шет елге кетіп, бауырларынан біржолата көз жазып қалған жылдар. Ауылға сыйлы, білімді, иманды ақсақалдарға бір уыс топырақ бұйырмастан жолда өлген жылдар. Өзінің баласын өзі сойып жеген жылдар. Адамның етін жегеннен ісініп, кеуіп, ажал құштырған жылдар. Өзінің бауырлары қырылып жатқанын көзі көріп тұрғанымен, жоғарғы жаққа қарсы келмей қазақ басшылары сол уақыттағы Голощекинге жағымпазданып, мақтан тұтқан жылдар. Тарих беттерінен өшкенімен ешқашан қазақтың жүрегінен өшпейтін, мәңгілік ұмытылмас қасіретті, қайғылы жылдар.
Иә, қасап қырғыннан қырылмағанда қазақ елі саны да, білімі де үстем ел болар едік-ау. Ел алдындағы зиялы қауымды атып, абақтыға қамамағанда егемендігін ерте алған, дамыған ел болар ма едік…
Ашаршылық атты тажалдың тас көзі енді ешқашан Алаш даласына түспесе екен…
Алғабек ХАМИТҰЛЫ