Мұрат ӘУЕЗ: «Ашаршылық туралы кітап міндет­ті түрде жазылуы керек!»
17.06.2024
106
0

Қазақ тарихының «ақтаңдақтары» жайында ақиқатқа толы шығармалардың жазылуына түрткі болған айтулы оқиғаның бірі 1975 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының Пленумы еді. Осы жиында коммунистік идеологияның қайраулы қылышынан қаймықпай, ұлт тарихы туралы, көркем әдебиет­тің халық санасын жаңғыртудағы маңызы туралы сөз сөйлеген жас қаламгер Мұрат Әуез тұтас әдеби өмірдің болмысын жаңа арнаға бұрғандай болды. Бұл сол кездің көзімен қарағанда ерлік еді. Мұрат Әуездің мінберден айт­қан сөзінен ке­йін ұлт әдебиетінде қазақ тарихы, хандар мен билеушілер өмірі, ашаршылық, тәркілеу, саяси қуғын-сүргін, жазықсыз сот­тау мен ату туралы көркем шығармалар легі дүниеге келе бастады. Ақиқат­ты астарлап айту арқылы болса да тарихи шындықтың белгісін сомдау үрдісі көзі ашылған бұлақтай мөлдіреп аққаны анық. «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына 1975 жылдың 15-қыркүйегінде өткен жиынының стенограммасынан алынған тарихи жалынды сөзді ұсынып отырмыз.

Қазақ­стан Жазушылар Одағының Пленумы.

15 қыркүйек, 1975 жыл

…Бахтин дұрыс айтады: «Ұмыту емес, тек жады ғана жасампаз». Бірақ үзік-үзік, бөлшек жады емес, толыққанды, жанды, тірі жады. Ұлт тарихының қуаныш пен қайғыдан, жеңіс пен күйзелістерден, апат­­тар мен зауалдардан, табыстар мен то­қыраулар­дан тұратын қилы кезеңдерін то­лық қамтыған есті жады.
Библия кейіпкері Иосифтің құлдыққа сатылған бауырларының бірі Иуда былай дейді: «Болған оқиға туралы үнсіз қалып, дер кезінде айтылмаса, ол мүлдем жадыдан өшіп, жоқ болады. Тұрмыстық тұрғыдан алғанда, оныкі дұрыс. Иаковтың балалары әділ жазасын алғанға де­йін жасаған қылмыстары туралы жұмған ауызын ашпаған күйі ондаған жылдар бойы шалқып өмір сүрді». Бұны айтып отырған Иуданың өзі тарихта адам баласының рухани қазығын қиратқан рух ретінде талай рет қарғыс астында қалған… Көркем сана оның жәдігөй даналығына бағына алмайды, бағынған жағдайда ол құрдымға кетеді.
Қазақ­станда 1932-33-жылдардағы ұжымдастыру кезінде жасалған асыра сілтеушіліктің кесірінен ашаршылық болды. Көшпелі, малшылықпен айналысатын ауылдардағы жартылай көшпелі халықтың саны күрт азайып кет­ті. Бұл жағдайды қазақтың әр отбасы біледі. Бұны білмейтін тек қағаз, кенеп пен экран. Нақтылап айт­қанда, оны білмейтін біздің көркем сана…
1933-жылғы жағдай дәуірінде дүрілдеген көшпенді өркениетінің аса ірі тармақтарының бірінің тамырын қиды. Дәстүрлі көшпенділіктің құлдырауы, әрине, тарихи обьективті процесс, бірақ оның ақырының азалы болғаны соншалық, арада қаншама жылдар өтсе де ұлт­тық сана күні бүгінге де­йін әлі сол есеңгіреген қалпынан айыға алмай келеді. Өзінің өткенінің өксігіне дер кезінде өрелей алмаған қазақтың көркем санасы қанына сіңген төл қасиеті – сұңғылалығы мен боямасыз шыншылдығынан айырылып қалды. Соның салдарынан ол драматизмге де, оптимизмге де терең бойлай алмады, нақты жетістіктерді де шынайы, сенімді көрсете алмады. Күйзелістің орнына құрылыс, ашаршылықтың орнына молшылық келгенімен, рухани жара жазылған жоқ, одан тек үнсіздік қамалын бұзып, жадыны жаңғыртқанда ғана айығуға болады.
1933-жылғы ашаршылық туралы кітап міндет­ті түрде жазылуы керек. Ол үшін обьективті алғышарт­тар бар. Ондай кітап әдебиет тарихында маңызды оқиға болатыны сөзсіз. Ең бастысы, біз ол кітапты жазуды жотамызды жерге сүйрелеп, бедеулікке әкелетін үнсіздік жүгінен ар-намысымызды арашалап алатын ұстаным ретінде қабылдауымыз керек. Бүтін бір халықтың көптеген жылдар бойғы күйзеліс шерін тарқатар бұл кітаптың шынайы да нағыз халықтық болмауы мүмкін емес. Ол біздің тынысымыздың табиғи ырғағын келтіріп, көзінің көрегендігін, сөзінің қайрат­тылығын қайтарары хақ.

Түйін орнына

Мұрат Мұхтарұлы Әуездің 1975 жылдың 15-қыркүйегінде өткен Қазақ­стан Жазушылар Одағының Пленумында сөйлеген сөзінен ке­йін қазақ халқының басынан өткен нәубет­тер туралы шығармалар жазыла бастағанын жоғарыда айт­тық. Бұл тақырыпқа алғашқылардың бірі болып қалам сілтеген жазушы Смағұл Елубай болды. Жазушының «Ақбоз үй» романының жазылуына ұлт алдындағы парызбен қатар, қаламгердің Мұрат Мұхтарұлымен достық қарым-қатынасы да түрткі болған екен. Бүгінде қажылық сапарда жүрген жазушы редакцияға хабарласып, Мұрат Әуез ақсақалмен хат алмасқанын, қасиет­ті мекенде аға қаламгердің денсаулығы үшін дұға ететінін айт­ты. Төменде мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуез бен жазушы Смағұл Елубайдың WhatsApp желісі арқылы жазысқан хатынан үзінді келтіріп отырмыз:
« – Аса құрмет­ті Мұрат аға!
Сіз ауырып қалғалы бері бізде маза жоқ. Біздің ғана емес, бүгінде бүкіл Елдің бірауыздан мойындалған рухани ағасысыз! Сондықтан Құдайдың үйіне аман-есен жетсек еліңізбен сізге бір Алладан амандық тілейміз! Айығып кетуіңізді тілейміз!

Сізге бауырдан да жақын
ініңіз Смағұл».

« – Смағұл бауырым, қасиет­ті сапарың оң болсын, оқыған құран- дұғаларың қабыл болсын! Өзіңмен кез­десіп, сұхбат­тасу ғанибет болар еді, денсаулық рұхсат бермей тұр. Оралу сапарыңда жүздесу бұйырсын делік!
Құрметпен Мұрат ағаң».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір