АЛАШ ЖОЛЫНДАҒЫ ҚЫР БАЛАСЫ
12.12.2023
510
0

Қордың қазығын қадап, шаңырағын көтергенде, қасыма келіп, уық боп, қабырғасын тіреген Заңғар, Еркін, Ұшқын еді. Осы төртеуміз ғана бастап едік. Міне, биыл сол қордың құрылғанына ресми алты жыл екен. Ал қоғамдық қызметін бастағанына бес жыл толып отыр. Бес жыл алаш деп өткен ғұмыр! Бес жылда қор мүшелерінің жалпы саны – 400-ден асыпты. Әрине, сан емес, сапа маңызды. Осы азамат­тардың бәрі алаштанушы болмаса, мектепке мұғалім болып орналасқан күннің өзінде көкейінде алаш идеясы жүреріне бәс тігемін. Алаш идеясына ынтыққан жастан жаман маман шықпайды. Алаш идеясын бір рет оқыған адам ешқашан жаман адам болуға тиісті емес. Алаш көсемдері мен ерлері бізге ұлтқа ақысыз-пұлсыз қызмет қылудың озық өрнегін көрсет­ті емес пе!
Осы бес жылда қор баспасы мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерт­теу институты құрылды. Халықаралық ірі жобалар жасалды, жүзеге асты. «Алаш жолымен…» экспе­дициясы өт­ті. Аз жұмыс емес, бірақ та көп жұмыс та емес. Болашақта бізді бұдан да зор әрі күрделі жұмыс күтіп тұр!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
жазушы, алаштанушы, Qyr balasy ҚҚ негізін салушы 

Тұрсын
ЖҰРТБАЙ,
алаштанушы,
филология
ғылымдарының докторы,
профессор
Осы жасымда, әсіресе соңғы 4-5 жылдың мұғдарында мені өз істерімен, ішкі ойлауымен, сыртқы күш-қуатымен, жарасымды бірлігімен сүйсіндіріп келе жатқан ұйым – Qyr balasy қоғамдық қоры. Бұл топтың басында жүрген тегеурінді жігіт­тер – Заңғар, Елдос пен Ұшқын, Еркіндер – түгел менің төл шәкірт­терім. Олар Отанның қауіпсіздігі, ұлт­тың тұтастығы мен рухани жетілуі жолындағы жұмыстарда, соның ішінде Алаш кезеңін зерт­тей, насихат­тай отырып бүгінгі қоғамдағы рөлі мен маңызын, мұратын танытуда жарқырай көрініп келеді.
Менің ақсақалдық батам: алған бет­теріңнен таймаңдар. Жолдарың ақ, істерің оң, жүрістерің батыл, сөздерің дұрыс, ниет­терің ашық. Аруақ бар, Алла қолдасын!
Бүгінгі «қыр баласының» әрқайсысы ертеңгі дәуірдің «қыр данасы» атанатынына сенімім кәміл.

  Дихан
ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
ҚР ҰҒА академигі,
«Қазақ газет­тері» бас директоры

Бірің – алаштану ғылымы шебіндесің, екіншің – ағарту (білім, мәдениет) бағытындасың, үшіншің – сала жанкүйерісің. Бәрі жарасымды. Барша бастамаларың жақсы ниет­тен туған. Эмоция мен харизма да азат­тықтың қайнауынан шыққан.
Сендерді көріп, жастық шағымыз еске түседі. Дегенмен қазіргі әлемтапырық заман мен шындықтың әсері де байқалады.
Біз – тілеуқормыз, тілекшіміз. Әрине, ғылым жолының асыл идеалы – зерт­теу нысанына адалдық. Ол сендерде бар. Осыған қат­ты қуанамыз. Бүгін, базар бағамы мен күйбең тіршілік алға шыққан кезеңде, ғылымға ықыласты жасты табу оңай емес. Ақиқатын айт­қанда, сендердің жүргендеріңе қуанамыз.

Айгүл ІСІМАҚОВА,
алаштанушы, филология ғылымдарының докторы,
Н. Назарбаев университетінің профессоры

Бұлар үкімет­тен бір тиын алмай, ел ішіндегі меценат­тарды іздеп, алаштың рухы үшін осындай істің басында болуға қолдау тауып, кітап шығарып, конференция ұйымдастырып келеді. Бұл Qyr balasy қорының мүшелері мемлекет­тен грант дәм етпей, өздері алаш саяси элитасы сияқты елдің ішіне кіріп, асылдардың ұрпақтарын тауып, қалталы азамат­тарға арқа сүйеп, «Сенің осындай бабаң бар, бізге осындай кітап шығаруға демеуші болыңыз», – деп қолынан келгенін қарастырып, түрлі қызмет атқарды. Әлі талай шаруа бар, соның бәрін Алаш асылдарының рухы үшін істеу керек. Бұл топтың әр өкілін қолдауға болады. Алаш идеясын түсінген жастардың мықты ғалым болып қалыптасуына аға буын жол ашып, бағыт беруі керек деп ойлаймын.
Qyr balasy қорының бес жылдығы құт­ты болсын! Осы істің басында жүрген шәкірт­теріме, менің кітабымды мектеп кезінен бастап оқыған жігіт­терге ризамын. Осы Qyr balasy қорын құрып, өздері үн-түнсіз бес жылда үлкен Отаншыл іс қылған игі бастамаларына, алаш саяси элитасын таныту үшін жасап жатқан істеріне Алла разы болсын айтамын!

Думан РАМАЗАН,
жазушы, халық­аралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

Qyr balasy қорының атқарған жұмыстарын жақсы білетін жандардың бірімін. Олар өздерінің өмірлік таңдап алған миссиясы Алашты дәріптеуде жанкештілікпен қызмет етіп жүр. Алашқа қатысты кейінгі кез­дегі жұмыстар, кітаптар, конференциялар болса, есіме бірден Qyr balasy ұйымы түседі. Себебі жас ұрпақтың Алаш тарихын, тағдырын түсінуі үшін көп еңбектеніп жүрген бауыр-қарындастарымның қызметі жалпақ елге танылып қалды. Жуырда ғана Ресейдегі архивтерден тың дүниелер тауып жария ет­ті.
Қордың 5 жылдық белесі ұзағынан болсын! Алла қолдап, Тәңір жарылқап, ұлт руханиятына қызмет ете берулеріңе тілектеспін! 

 

Айгерім НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Ә. Бөкейхан Алаш ҒЗИ кіші ғылыми қызметкері

Алғаш болып қор құрамына кіргенімде «Қазақ неге декоммунизация үрдісін толық жүргізбейді, неге біздің көшелерімізде әлі кеңестік кезеңнің атаулары тұр, неге қазақ тілінің дәрежесі төмен» деп мақала жазып, Алаш саласына аяқбасқан кезім еді. Ағаларым бойымдағы жалынды сезді ме, бірден қор құрамына шақырды. Қорға келуім мен үшін үлкен жетістік болды. «Сен қазақтың Нәзипадай педагогісің, Аққағаздай жанашырысың» деп ағаларымның сенім білдіруі, қазақтың Алаш қыздарының атын шығарамын деген мақсат­ты қойып берді.
Qyr balasy қоғамдық қоры алғаш қанат­танғанда аға-әпкелерімізден бөлек небәрі 3-4 жас өрен едік. Ал қазір 400-ден астам мықты жас қор мүшелері бар. Саусақпен санайтын санымызды, әр өңірдегі жеке-жеке филиалдар деңгейіне жеткіздік. Бұл, әрине, ағаларымыздың еңбегі деп білеміз. Қазақтың баласы кешегі Әлихандай дана, Ахмет­тей ұлт жанашыры, Міржақыптай ұлт сүйер, Мағжандай жалынды, Жүсіпбектей дарынды болсын деп еңбек етіп келеміз. Бұл 5 жыл тек біздің баспалдағымыз. Себебі біздің алар асуымыз әлі алда.

Меруерт МҰРАТБЕКҚЫЗЫ,
Алаш қайраткері Біләл
Малдыбайұлының немере қарындасы

Qyr balasy қорының мерейтойы құт­ты болсын! Шығармашылық табыс тілеймін. Ерен еңбектің арқасында бүгінгі таңда қаншама аты жойылуға айналған алаш тұлғалары танымал болуда! Қаншама кітаптар баспадан шығып таралуда десеңші.
Соның бірі – Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, ағартушы, аудармашы, әдебиетші, дәрігер, публицист, педагогика саласында қызмет еткен, репрессия құрбаны менің атам (мен немере қарындасы Нұғыманова Меруерт Мұратбекқызы, Малдыбай мен Нұғыман бір туған, ағалы-інілі) Біләл Малдыбайұлының есімі қайта жаңғырды.
25 сәуір 2021 жыл тамаша естен кетпес күн болды біз үшін! Алаштанушы ғалым, әдебиетші Елдос Тоқтарбайдың Біләл Малдыбайұлы (1890-1937) «Кенесары заманынан» ат­ты кітабы жарық көрді, зерт­теуші Ерден Нұрахмет­тің «Алаш арысы Біләл Малдыбайұлы» деген кітабының баспадан шығуы біз үшін үлкен бақыт болды, алғаш естігенде кеудемізде қуаныш, көзімізге жас келді, бұл күн біз үшін ата, әке арман аманаты орындалған күн болды!
Сіздерге деген алғысымыз шексіз!
Осындай тынымсыз еңбектің, зерт­теулердің, шаң басқан архив сөрелерін ақтарып, жұмыс жасаудың нәтижесінде, жоғалуға айналған есімдер бірінен соң бірі жарыққа шығуда, жоғарыда аталған кітап, Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлының 130 жылдық мерейтойына тарту болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір