Архив деректеріндегі АШАРШЫЛЫҚ АҚИҚАТЫ
16.08.2022
1062
0

Қазақ тәуелсіздігінің отыз жылдан астам уақытында өмірге, қоғамға, туған елге, тіпті жаһандық жаңалық­тарға деген көзқарасы мүлдем өзгеше жаңа ұрпақ өсіп жетілді. Еркін ойлы қазіргі ұрпақтың заманауи құндылықтарды бойына сіңіру әдебі тіптен басқаша. Бұрынғыдай жалаң ұран, жасанды насихатпен жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелей алмайтынымызға, өскелең жастың санасына елінің өткені жайлы өтірік мағлұмат емес, ащы да болса ақиқат ақпарат қажет екеніне көзіміз жетті.

Сонда ғана елдің ертеңгі иелерінде тәуелсіз мемлекеттік сана қалыптасады. Алыстан орағытып отырған себебіміз, ұлтымыздың тарихында әлі де толық ашылмаған, түпкілікті аршылмаған ақтаңдақ тұстары көп тақырыптың бірі өткен ғасырдың басында орын алған сая­си қуғын-сүргін науқанының салдары екені аян. Зұлмат заманның шындығын жан-жақты ашып, жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізу мақсатымен 2020 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың шешімімен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы құрылды. Соның арқасында құрамына белгілі тарихшы ғалымдар енген мемлекеттік комиссия мүшелері құпия архивтерде талай жылдар бойы қол тимей сарғыш тартқан құжаттарды қайта қарап, сараптап, жүйелеу жұмыстарын жүргізді.
Дәлірек айтсақ, 2021-2022 жылдары Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты мемлекеттік архивтерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты «құпия» белгісі бар архивтік қорлар мен материалдарға ғылыми-сараптамалық талдау жасау, айқындау және оларды құпиясыздандыру үшін Мемлекеттік комиссияның жанынан құрылған жұмыс топтары мен өңірлік топтарына қолжетімділік қамтамасыз етілді. Мемлекеттік комиссия бекіткен жұмыс топтарына, өңірлік комиссия мүшелеріне, зерттеуші ғалымдарға арнайы жұмыс кабинеттер бөлініп, барлық жағдайлар жасалды.
Кеңес өкіметіне дейінгі отаршылдық және кеңес өкіметі мен тәуелсіздік кезеңдеріндегі адамзатқа, қазақ ұлтына қарсы қылмыстар мен қуғын-сүргіндерге қатысты құжаттар Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің қорында мемлекеттік сақтауда тұр. Аталған архив еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері ең бірінші болып, кейбір құпия құжаттарға құпиясыздандыру жұмыстарын жүргізіп, архив мамандары тарапынан саяси қуғын-сүргіндерге байланысты «1930-1950 жж. аралығындағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған партия, мемлекет және ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлерінің құжаттар коллекциясы» атты архивтік қор құрып, саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған бірқатар жеке тұлғаларға қатысты құжаттарды жинақтап, сақтауға алды. Аталғандардың барлығы осы уақытқа дейін дұрыс бағасын алмай келген мәселелерге дұрыс саяси, тарихи баға беруге ықпал бола алады деп есептеймін.
Қазіргі уақытта Орталық мемлекеттік архивте 1865-1999 жылдарды қамтитын 40000-нан астам сақтау бірлігі бар 110 құпия архив қоры сақталуда. Құпиясыздандыруға жататын құпия архивтік істердің тізбесі және ақтауға жататын тұлғалардың тізімі (4500-ге жуық іс талданды және қаралды) құрылды. Бүгінгі күні оларды құпиясыздандыру бойынша қорытынды жазылуда. Дәл осы бағыттағы жұмыстар республикалық маңызы бар қалалар мен астанадағы, облыстық деңгейдегі мемлекеттік архивтерде де жүргізілуде. Кіші комиссиялар мен жұмыс топтарының баспа қызметінің 2021-2022 жылға арналған жоспарында көрсетілген жинақтар мен еңбектерді жариялау мәселесі мемлекеттік комиссия тарапынан толық бақылауға алынған.
Құндылығы жоғары жинақтар мен еңбектерді жарыққа шығару Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Республикалық бюд­жет қаражаты есебінен «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бюджеттік бағдарламасы есебінен жүзеге асырылып жатыр. Республикалық бюджеттен ғылыми жинақтарды басып шығаруға тиісті қаражат та бөлінді. Кітаптар 2022 жылдың соңына дейін жинақтар мен монографиялардың нақты нұсқалары, толық тізімі бекітілгеннен кейін басып шығарылатын болады.
Сонымен қатар Мемлекеттік комиссияның тапсырмасымен әлемдік тәжірибені, қазақстандық жұртшылықтың пікірін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құрылымында ХХ ғасырдың саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу басқармасы – Орталығы құрылды. Орталықтың түпкілікті мақсаты – ХХ ғасырдың 20-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құжаттары мен материалдарының сақталуын, мемлекеттік есепке алынуын қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы мемлекеттік архивтерінен құжаттарды қабылдау-тапсыру бойынша жұмысты ұйымдастыру; ғылыми-анықтамалық аппарат құру және дамыту; құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу; Қазақстандағы ХХ ғ. саяси қуғын-сүргін тарихы бойынша ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру; саяси қуғын-сүргін куәгерлерінің естеліктері мен айғақтарын жинау; саяси қуғын-сүргіндер тарихы жөніндегі ғылыми форумдар мен көрмелер ұйымдастыру; азаматтық-құқықтық сипаттағы құпиясыздандырылған құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру; тарихи-құжаттық мұраны көпшілікке танымал ету; құжаттар жинақтары мен анықтамалықтар дайындау; ГУЛАГ мекемелері мен саяси қуғын-сүргіндер бойынша құжаттық жинақтар дайындау және басып шығару; әдістемелік және анықтамалық әдебиеттер дайындау; архивтану, археография, деректану бойынша ғылыми және әдістемелік жұмыстар жүргізу; ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу, құпиясыздандырылған құжаттарды цифрлау; цифрландыру арқылы электрондық пайдалану қорын құру; үлдір тасығыштарға микрофильмдеу арқылы архив құжаттары көшірмелерінің сақтандыру қорын құру; «Аманат» электрондық деректер базасын құру…
Қазіргі таңда Орталық арнайы архивтердің құжаттарын беру және енгізу кестесіне сәйкес 2022 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы, Шымкент қалаларының, Атырау, Жамбыл облыстарындағы Полиция департаменттерінің 57 417 бірлік архивтік құжаттарын қабылдады. Бұдан басқа тағы 115 мың бірлік құжаттарды тапсыру көзделген. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының архив материал­дарын тапсыру жұмысы осы жылдың 2-жартыжылдығынан басталады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік архивтеріндегі құжаттарды кезең-кезеңімен тапсыру жұмысы пысықталып жатыр.
2019 жылғы 20 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен Ұлттық архив қорын отандық, шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханаларда ғылыми орталықтарда сақталатын Қазақстан тарихына қатысты құжаттармен толықтыруға, ғылыми айналымға енгізуге бағытталған «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданған еді. Кешенді жоспарды іске асыру архив ісі мен басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласын одан әрі жетілдіруге, Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорын отандық, шетелдік архивтерден, музейлерден, кітапханалар мен ғылыми орталықтардан алынған архивтік дереккөздермен толықтыруға, олардың ғылыми айналымға енгізілуіне ықпал ететін болады. Сонымен қатар оларды барлық азаматтар мен жалпы жұртшылыққа қолжетімді ете отырып, цифрлық форматқа белсенді түрде көшіруге мүмкіндік береді.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты ұлттық және мемлекеттік архивтері қызметкерлерінен құрылған жұмыс топтары Германия, Ресей, Түркия, Польша, Белоруссия, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан елдерінің мемлекеттік архивтерінде, ғылыми орталықтарында, кітапханаларда, қолжазба орталықтарында Қазақстан тарихына қатысты құнды тарихи құжаттарды зерттеу, айқындау, оларды сатып алу бойынша жұмыстарды жүргізді. Бүгінгі күні еліміздің Ұлттық архив қорына 41858 беттен тұратын архивтік құжаттар мен кітаптар, материалдар, ғылыми-техникалық құжаттар және 123 сақтау бірліктен тұратын кинофотоқұжат­тар әкелінді.
Бұл бағдарлама бойынша архивші мамандарды іссапарға шетелдерге жіберудегі негізгі мақсатымыз – еліміздің өткен тарихын кеңінен зерттеу, әкелінген құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, Кеңес кезеңіндегі қазақ елінің мемлекеттік шекарасын, алғашқы жер туралы құжаттарын, карталарын іздестіру. Бүгінгі күнге дейін әкелінген архивтік құжаттардың ішінде делимитация туралы құжаттар, карталар, т.б. материалдар кездеседі.
2022 жылы 14 шілдеде Алматы қаласында Архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының 3 отырысы өтті. Кездесуде екі елдің архив саласын цифрландыру, бірлескен жобаларды іске асыру, Ресей Федерациясы архивтерінің қорларында сақталған Қазақстан тарихына қатысты тарихи құжаттарды табуға, олардың көшірмелерін алуға, пайдалануға, ғылыми айналымға енгізу аясында өзара ынтымақтасу, сондай-ақ «Ресей мен Қазақстандағы ашаршылық. 1927-1934 жж.» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» атты бірлескен құжаттар жинағын аяқтау, жариялау, оның тұсаукесерін бірлесіп өткізу мәселелері талқыланды.
Қазақстан мен Ресей өзара келісім жасасу арқылы екі елдің мемлекеттік архивтеріндегі тарихи құжаттарды тегін алмасуға қол жеткізді. Ресей тарапы тоталитарлық саясаттың әсерінен қолдан жасалған ашаршылық жылдардағы жағдайды бұрмалауға мүлдем келмейтін шынайы тарихты ашып, екі ел халқының шынайы тарихын баяндайтын құнды құжаттарды беруге мүдделі болды. Кездесу қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Ресей архивтерінің 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, комиссия отырысының хаттамасына қол қойылды. Қазақстан Республикасының төрағалығымен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Әзербайжан, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения архив саласы өкілдерінің қатысуымен ТМД мемлекеттерінің мемлекеттік архив қызметтері басшыларының Консультативтік кеңесінің 18-отырысы өтті. Отырыс барысында барлық қатысушылар еліміздегі архив ісінің жай-күйі туралы, оның ішінде қабылданған нормативтік-құқықтық актілер, ақпараттық жүйелер мен электрондық архивтік қызметтерді енгізу, халықаралық ынтымақтастық және архив саласының материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы хабардар етті.
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарының шеңберінде Консуль­тативтік кеңестің қатысушыларымен Қазақстан тарихы бойынша шетелдік архивтердегі құжаттарды анықтау мен сатып алу, ТМД елдері арасында архив құжаттарымен алмасу бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Шетелдік архив ісі саласының басшылары «Архив-2025» бағдарламасы аясында Қазақстан тарихына қатысты архивтік құжаттарды беруге ықыласты екендерін білдірді. Оған қоса архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, оларды реставрациялау және электрондық форматқа көшіру мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кететін тағы бір мәселе, биыл Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан еліміздің зерттеуші ғалымдарына А.Байтұрсынұлына қатысты құнды құжаттарды Финляндия, Өзбекстан, Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік архивтерінен алуға, зерттеуге қолғабыс көрсетіп жатырмыз. Осы және өзге де жұмыстардың нәтижесі ел игілігі үшін қашанда құнды болмақ.

Қуат БОРАШ
Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір