«Атасының баласы» (Эссе)
28.08.2022
1049
0

Жалпы қазақтағы «атасының ба­ла­сы болу» деген ұғым балаға үлкен мақ­танышпен бірге зор жауапкершілік артады екен. Бәрі-бәрі мақпал қара аспанның түндігін жаңа ғана түріп өткен жұлдыздың сәулесіндей санамда сайрап тұр.
Мен ес білер шағым малдың майсаға мас болып, қыз-бозбала қымызын ішіп қыз-қыз қайнап қызығына тоймайтын қан жайлаудан басталды. Шәлкөденің бірін жазып, енді бірін ширатып үсті-үстіне тастай салған мыңдаған масаты кілем баурайында еркін өскен ерке құлын секілді едім. Қоржынға меспен қымызын артып алып, екі атпен сай-сайдың аңғарын, тау-таудың бөктерін ала-жаздай еруліктеп аралайтын күн­дер­де атамның артынан бір түскен емеспін.
Жазиралы жайлауда майдақоңыр жолжорға атқа міңгесіп алып атамның көңіл құсын құйқылжыта салатын әнде­рін тыңдағанды жаныммен сүйетінмін. «Сары бидай», «Жорға тай», «Мариям», «Ғалия» деген секілді көңіліңнің қылын шертетін әндердің бірін ыңылдап, бірін дауыстап айтқанында онсыз да танауыңды жарып келе жатқан май­са шөптің жұпар иісіне араласып, әлде­бір қырдан талып жеткен сағыныш көзің­нің көлін толқытады-ай келіп. Одан әрі қарай еруліктегі еркіңді билейтін әуендерге ұласады:
Құландай жүйрік майда жел-ай,
Бар ма екен біздей ынтызар-ай.
Ішінде топ қарағай уәделескен,
Көзіңнің мөлдірін-ай!
Ерулікке барғанда алаша-кілемге жағалай малдас құрып ата қаздай қаз­диып отырған ақсақалдарға шетінен салем беремін. Артынан қатарларын толтырып есті әңгімелерді есім кетіп тыңдаймын. Сонда бірі бетімнен сүйіп, бірі маңлайымнан иіскеп:
– Ой, айналайын-ай!
– Құдай есіркесін!
– Тілеуіңе жет!
– Таудай жігіт бол!
– Еее, сонымен кімнің баласы болдың? – дейді.
– Атамның! – деймін.
– Әп, бәрекелді! Атаңның аты кім?
– Сағатбек.
– Ой, жарайсың! Атасының баласы осындай болуы керек! Жақсы кісінің баласы екенсің, айналайын! – дейді де, дастархан басында да «Мына құлақты атасының баласына! Үлкееен азамат бол!» деп ұсынады.
Ал осыдан кейін бозторғайдай бір уыс көкірегіңді зор мақтаныш кернесін келіп: жалғанды жалпағынан басқан өзің ғана секілдісің. Осындай «жақсы кісінің» баласы бола тұрып жаман болуға қақың жоқ.
Еврей халқында біреу бұзықтық жасап қойса, «сен оңбайсың», «тұқым тұқияныңмен осындайсың» демей, «сен бұрын жап-жақсы адам едің ғой!», «сенің тегің жақсы емес пе, бұл саған лайықсыз іс!» деп мақтап қана тезге салатын бір жақсы дәстүр бар екен. Біздің ен даланы еркін жайлаған бекзат болмысты халқымыздың осы бір тегін мақтап, тексіз болуына шек қоятын қасиеті де ұрпаққа мұра, өзгеге үлгі іспеті.
Бүгінгі күні өзім де «Атамның бала­сы­мын!» дегеннің бәріне атасының кім екеніне қарамастан, «Жақсы кісі­нің баласы екенсің!» деймін. Бала ғой мұрнын көкке шүйіріп, мақтанып қала­ды! Артынша «Тегім жақсы екен, ме­нің жаман болуға хақым жоқ!» деген сенімділік сәулесі жанарынан жарқ ете түседі.

ҚАЛАЛЫҚТАР (Эссе)

Ауылда бір досымның әкесі бірде шәй үстінде кемпіріне:
– Әй, кемпір, ана балалар өсіп келе жатыр. Пенсияңнан осы жолы бір 9 мың теңгені бөлек алып, барып Алматыдан жер алып қойсайшы, – депті.
Шіркін, ауылдың адамдары-ай! Өзінің қоңыр ғана тіршілігімен айналысып жүрген ауылдың адамдарын жаным сүйеді. Олар үшін мынау жалпақ әлемде қулық-сұмдық, алдау-арбау, қатыгездік пен жауыздық тек теледидардан көретін нәрсе сияқты. Аңғалдығы баладай, дархандығы даладай кең пейілдерім-ай!
Өздерінен бұрын сол Алматыдан әлдеқашан жер алып көшіп кеткен ағайын ауылға келсе, тайлы тұяғына дейін жанын салып қуанады, барын салып күтеді. Қайтарда еті мен картошкасын «Сыбағаң мен кеусенің» деп арқалатып жібереді.
Олардың жылына бір рет аз ғана уақытқа мойны шаруадан босап, ауылға ат басын бұруы – балалар үшін бір мереке. «Келеді» деген күннен бастап ұйқы көрмейсің. «Шіркін, солар Алматыны көшіріп әкелсе ғой!» деп армандайсың. Бірақ артынша апамның «Күнделікті нан мен сүтті сатып алып, жарымай, жалшымай отырған немелер» деген сөзі есіме түскенде, көңілім су сепкендей басылады. Сол үшін де олар ауылдың дәмін тамсанып жеп, дастарханның басында сүйсініп отырғаны маған жоқшылықтан тоқшылыққа келіп, бір жетісіп қалғанындай көрініп, жаным ашып кететін.
Апамша айтсам, өзегіне түскен аштықтарының аранын басқан соң, олардың балаларымен ойнау басталады. Көбі мен үшін болымсыз нәрсені білмейтін ноқай көрінеді. Өйткені ол көк шөпті «жасыл шөп» дейді, жирен атты «қызыл ат» дейді. Одан қалса, сенің киіп жүрген пимаң мен күпәйкеңді «Практика жүзінде киіп көрсем бола ма?» деп сұрайды. Мұндайда Нұрсұлтанның құдай тілеуін береді. «Мына ауылдың атын пәленше шетелден келіп қойып кетіпті», «Менің есегім таза зебраның тұқымы», «Менің бір тауығым күніне 12 жұмыртқа туады», «Осы тауға сәлем беріп, мына үйтасты сүйіп кірмесең, қысып қалады!», «Аспанқора деген таудың аты. Неге олай қойған білесің бе? Аспанда қора ілініп тұрады» деп өтірікті соққанда, сыртынан қарап өзің сүйсінесің.
Не керек, қалалықтың құлағының құрышын қандырып жүріп, біраз нәрсені көрсетесің. Ең қызығы атқа мінетін кезде болады. Өңін түтін сорып, өзі ақсаусақ болып кеткен қалалықтың «Атқа мінгізші» деген сөзін күтемін. Ол бейшара қайдан білсін «Атқа отырғым келеді» дейді. Сонда бағанадан бері асты үстіне түсіп бәйек болып жүргеніңді ысырып тастайсың да, шарт ете қаласың. «Атамнан аулақ жүр-ей, қалмақ! Ат саған отыратын диван ба? Атқа отырмайды, мінеді» деп, ұстамаң ұстасын да қалсын. Айналадағы құбылыстардың бәріне көктен түскендей аң-таң болып жүрген салпыауыз қашан адам сияқты «Атқа мінем» демейінше, тірі болып тізгін бермейсің.
Бірде қанжайлауда отырғанда төрт-бес мәшине болып қалалықтар келе қалды. Атам әдеттегіше ағам екеумізге бір марқаны бауыздатты. Ағам терісін іреп жатып «Өңкей қалмақ! Ең болмағанда сирақ ұстап беруге жарамайды, қарашы» деп сыбырлап қояды. Түрлеріне қарасам, апам айтқан «аштарға» ұқсамайтын кебеже қарын кісілер әлден уақытта жас етке қарық болды. Май жесе, аузын шағып алатындай тыжырынған балаларының бәрі далаға шықты.
Шыжбаңдап бір орында тұрмайтын ұрма жирен мамада байлаулы тұрған. «Атқа отырғыштар» айналшақтай берді. Бір кезде бір бозбала «Атқа мінсем бола ма? Постоянно мініп жүрмін» деген соң, көкеме келіп айттым. Көкем аттың басын ұстап тұрып мінгізді де, тізгінді қолына ұстата салғаны сол еді шыжбақай жирен ұрма әдетіне басып атылып ала жөнелді.
Әлгі пысықай аттың басын тең тартуды білмейді екен. Тоқтатпақ болып тізгіннің бір жағын шіркене тартып алыпты. Жынды жирен көзін алартып алып тоқтайтын емес. Айналып алып қашып, киіз үйдің қасында інісінің атқа мінген сәтін түсіруге фотоаппаратын сайлап күтіп тұрған бойжеткен қызды көкірекпен қағып, үстінен аттап өтіп кетті. Алла сақтады, тұяқпен мыжып кетпеді. Тағы да ышқынып барып ошақтан орғып өткені сол еді, көкем сүйретіліп жүрген шылбырдан шаужайлап жармасып тоқтатып алды.
Көкемнің көз жанарының шатынап кеткенінен-ақ ішінен «Өй, есек, әкеңнің, долаба» деген жеке қолданысындағы сөзін іштей айтып тұрғанын сездім. Қалалықтың өңі боп-боз болып аттан сүйретіліп түсе берді.
Не керек, қалалықтар келсе, бір жасап қалатын едік. Кейде балаларын емшектен шығару үшін, жұмыс істеу үшін біраз уақытқа ауылға әкеліп тастайтын. Олар келгенде жүрмейтіндерін жүргізіп, сөйлей алмайтындарын сөйлетіп, сиырдан динозавр көргендей қорқатындарының өзін малсақ жасап жіберетін едік қой.
Маған олар әкелген базарлықтан кейінгі ең қызығы – қолдарындағы кірпішпей телефондары. Ішінде әні де, фотосы да, түрлі видеосы да бар. «Шіркін, телефондары қалып қалса екен» деп армандайтынмын. Бірақ біраз уақытқа балаларын әкеліп қалдырып кетсе де, тірі болып телефондарын қалдырмайтын еді.
Міне, бүгін өзіміз де телефонын қасынан бір елі қалдырмайтын қалалық болып шықтық. Ал біздің балаларымыз қалай болар екен?!

Ернұр САҒАТБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір