АУЫЛ БАЛАСЫ БІЛІМДІ БОЛСЫН ДЕСЕК…
Кітап – баға жетпес білім қоры. Ақ парағына сарқылмас білім мен ғылымды, тарих пен мәдениетті қара сиямен жазып, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан да осы – кітап. Алайда қазіргідей технология дамыған заманда кітап оқырмандарының саны жылдан жылға азайып барады. Әсіресе шытырман онлайн ойындардың жанында жас балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру тіпті мүмкін еместей көрінеді. Сондықтан да болар, «Балалардың кітап оқуын қолдау жылы» деп 2021 жылға айдар тақсақ, 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Оқуға құштар мектеп» бастамасы белсенді түрде іске асырылды.
Оқушылардың бойында оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесі баланың өзін-өзі жетілдіру мен дамыту дағыларымен ұштасады. Дегенмен, «бес саусақ бірдей емес» дегендей, оларды оқуға шақырып, оның пайдасын түсіндіргенмен, бәрі бірдей кітапқа қызыға қоймайды. Баланың оқуға деген қызығушылығын ашудың көптеген әдісі бар. Бұл – ата-ана және мұғалім тарапынан екіжақты жүруге тиіс күнделікті әрекеттер жиынтығы. Ата-аналар өз тарапынан кітап оқуды балаларына үлгі етіп көрсеткені жөн болса, мұғалімдер оқушыларға қызық болатын әртүрлі тапсырмалар бергені маңызды. Осы орайда мұғалімнің оқушыны қызықтыратын тақырыпты байқап, сол бағытта бағыт-бағдар беруі баланың оқуға деген ынтасын арттыра түсері анық. Әсіресе жаңа технологиялар заманында жасөспірімдердің назарын аудара алатын кітаптар, ғылыми-танымдық журналдар, мультимедиалық мақалалар жетерлік. Осындай фотобейне түсірілімдерге сүйенген, әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулердің оқушыларға ғылыми жоба әзірлеуде септігі мол. Бірақ қазақ мектептерінің, әсіресе ауылдық мектептердің, ғылыми-танымдық деректерге қолжетімділігі төмен. Себебі қазақ тіліндегі ғылыми және іскерлік әдебиетке сұраныс артқанымен, сұранысты қанағаттандыру деңгейі әлі де төмен. Бұл мәселенің шешілуіне мемлекет қана емес, азаматтық қоғам мен бизнес өкілдері де атсалысуға тиіс. Қалалық, әсіресе ауыл мектептерінің кітапхана қорын толықтыру, олардың жағдайын жақсарту, мектептерде кітап көрмелерін өткізу деген сияқты іс-шараларға демеушілік ету осы бағыттағы игі қадам болатыны анық. Мысалы, «Теңізшевройл» компаниясы мемлекет басшысының «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолдап, Атырау қаласы мен Атырау облысы Жылой ауданы мектептерін мерзімді басылымдарға, соның ішінде «National Geographic» журналына жазылуына демеушілік етіп келеді. Осындай бастамалардың артуы және бизнес өкілдерінің ауылдық өңірлерге назар аударуы, ауылдық білім алу сапасын көтереді.
Еліміздің бүкіл аймақтарында, шамамен, 4000-ға жуық кітапхана бар. Сол кітапхана қорының толықтырылуына, жаңаруына жергілікті компаниялар және кәсіпкерлер үлесін қоса алады. Сонымен қатар дәстүрлі кітапханаларды заманауи бағытта дамыту жасөспірімдерді кітапхананың тұрақты оқырмандарына айналдыруы мүмкін. Ал кітапхананың онлайн-ресурстар қорына қолжетімділік кез келген уақытта қалаған кітабын оқуға мүмкіндік береді. Міне, сол үшін ауылдық, аудандық кітапханалардың ғаламтор желісімен қамтамасыз етілуі – өзекті мәселе. Осы елдің, осы жердің қойнауын игеріп, Қазақстан нарығында табыс тауып отырған кез келген компания әлеуметтік жауапкершілік бағдарламаларының аясында аталған мәселеге де көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Әлия ҚҰЛАХМЕТОВА