«ҚАЗАҚ ХАНЫНЫҢ БАЛАСЫ»
28.07.2023
490
0

Суреттегі бала Сақыпкерей сұлтан Жәңгірұлы екен…  2016 жылдың наурызында Германияның ұлттық мұражайының электронды қорынан бөкейлік қазақтарға қатысты біраз картинаны көзіміз шалып қалды. Бірқатарын осында жариялап, кім екенін анықтауды сұрағанбыз. Сол суреттің бірі «Қазақ ханының баласы» деген – осы картина еді.
Жақында тарихшы-ғалым, Жәңгір xан атындағы тариxи-этнографиялық мұражай меңгерушісі Нұржан Төлепов ағамыз хабарласып, суреттегі баланың Жәңгір ханның тұңғышы Сақыпкерей сұлтан екенін айтты.
«Ханның мұрагер ұлы болған соң, портреті жазылған. 1844 жылы (суреттің салынған уақыты) Сақыпкерей 15 жаста болады. Сақыпкерейдің туған жылы тариxи деректерде 1830/1831 деп жазылған. Олай болса 12-13 жастағы балаға ұқсайды. Сонымен қатар сурет бірнеше ай салынуы мүмкін. Мен бұл тақырыпты 2003 жылдан бері зерттеп келемін. Портрет жазылғанын білгенмен, қайда екенін таба алмай жүр едім. Әртүрлі музейлер айтылатын. Біресе Дрезден, біресе Берлин қаласындағы музейде делінетін», – дейді Нұржан Төлепов.
Сурет жайлы мәліметтер бере кетейік. Картина 1844 жылы салынған. Авторы – August Wilhelm Kiesewetter. Суретші Бөкей ордасына арнайы келіп, бірнеше картина сызған секілді. Өйткені Германияның ұлттық музейі қорында осы автордың бөкейлік қазақтарға қатысты бірнеше картинасы сақталған. Соның бірі – «Ханның әйелі» деген картина. Алдағы уақытта бұл суретті де анықтау қажет екен.

Серікбол ХАСАН

ҚАЖЫМҰҚАН мен КАРЛ ТОМБЕРГ

Бұл фото маған өте сирек кездесетін суреттер мен құнды құжаттар тауып, ылғи көпшілік назарына ұсынып жүрген Серікбол Хасан баламнан ауысты. «Осыны жариялауға ұялдым», – дейді өзі. Кезінде атақтары жер жарған, әлемге әйгілі екі балуанның тапа-тал түсте бір-бір «бодиян» бөтелкені ашып қойып, шарап «ұрып» отырғаны, шынында, біртүрлі көрінуі ықтимал.
Бірақ бұлары шын шарап емес, фотосалондарда тұратын арнайы бутафориялық аксессуарлар ғой. Аға буын өкілдері жақсы біледі, мұндайды кейбір фотографтар бертінге дейін пайдаланып келді. Бажайлап қарасаңыз, мына суретте балуандардың басына киген төбетейі де сол фотосалондікі.
Серікбол осынау ғажайып дүниені фотосуретші, коллекционер Лев Шварцтың мұрағатынан алғанын айтады. Қалай болғанда да, керемет мұрағат…

Құлтөлеу
МҰҚАШ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір