«Ойың – озық, сөзің – тәт­ті, Қандай ана сені тапты?..»
29.05.2024
410
0

«…Ажалым да ғажабым –
Өлең, сені аңсадым.
Тартасың-ау, азабын,
Кімді сүйсең, дәл соның!
Өлең таққа мінбеді.
Өлең Орден тақпады!
Өмірде осы күрделі,
Сүйді мені! Сақтады!» – деп өлеңнің ғажабын да, азабын да тартып, оны аңсап, оны сүйіп, өзін де өлеңмен сүйікті еткен белгілі ақын, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, III дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызы әдебиетке адал қалпынан айныған емес.

 

 «Нұрикамал» – ғажап ғазал

Қағаз бен қаламды өмірінің басты мияты мен мұраты да, азығы мен қазығы да еткен ақын қыздың тағдыры өзінің өлеңдеріндегідей бірде тәт­ті, бірде ащы, бірде нұрлы, бірде мұңды болғанымен, ол осы жырларымен бақыт­ты ғұмыр кешіп келеді. Адамның өмірі физикалық, физиологиялық, яки күнтізбелік жаспен емес, артында қалдыратын ізгілікті істерімен, бедерлі биіктерімен өлшенсе керек. Халық та оны сол арқылы бағалайды, сол арқылы таниды. Есен­қараның ақын қызының қадірі қағаз, қаламмен арт­ты. Әрине, елге сіңірген қызметі мен қоғамға тигізген пайдасы, туған-туыс, төңірегіне көрсеткен көмегі, қайырымы, отбасына, балаларына арнаған өмірі, жеке басының қызығы да, қиыншылығы да қатар өрілген жылдары, бәрі-бәрі – бір-бір дастан боларлықтай әңгіме. Бірақ біздің айтпағымыз ол емес.
Біздің әңгімеміз – Ханбибінің атын да, затын да жалпақ жұртқа мәлім еткен бір өлеңінің төңірегіндегі тарих. Ол тарих шайыр қызды 36 жыл бұрынғы естен кетпес думанды кешке қайта оралтып, көңіл көлін тағы бір толқыт­ты. Бірақ ол толқу – той мен ойды түйістірген толқу. Той мен ой. Тойлай отырып, өткен өмірін ойлай отыратын толқынысты сәт. Бұл той – 36 жыл бұрынғы бес алты адам бас қосқан думан емес, қалың ел қаумалаған қуанышты той. Өйткені, «ақынның тойы – халықтың тойы» дегендей, елі «Хан қызындай Ханбибі», «Хан апа» деп еркелеткен шайыр қыздың мерейтойлық шаралары басталып та кет­ті. Тойдың тарту-таралғысын «Нұрикамал» бастады.
«Нұрикамал» әні… Сол, елге танымал «Нұрикамал»…
Тегінде махаббат туралы ән де көп, махаббат тақырыбына арналған жыр да жетерлік. Әйткенмен, бұл әннің тарихы да, тағдыры да өзгеше.
Иә, махаббат – лап еткен сезім. Махаббат – жалт еткен ұшқын. Ал ұшқыннан жалын лаулайды. Жастықтың жалын атқан сонау бір жарқын кезінде, ойда-жоқта жүрегін ғашықтық оты шарпыған композитор күйеуінің сезімін алғаусыз аңғарған ақын әйел Ханбибі Есенқарақызы өзінің жанын алақұйын дауыл шайқаса да, өзегіне өрт түсірген қызғанышын ақылға жеңдіріп, жарының ішкі сезім арпалысын жыр жолдарына жүгіндірді.
«Аспандағы Ай ма дедім,
Жастық шағым қайда менің?
Жүрегімді елжіреткен,
Жаным, қандай жайдары едің!
Нұрикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жамалың-ай!
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым қабағыңа-ай,
қарағым-ай!»
Көкірегін дауылдатқан сезімді күйсандықтың пернесіне сыйдыра алмай, аласұрған қосағының ғашықтық сезімінің қыл пернесін дөп басып, әуеніне сөзі үйлесе кеткен «Нұрикамал» әні осылай туған еді.
Тұрдықылыш Ізтай ағамыздың бұл әні бүгінде ән әлемінен шарықтай шығып, драмалық шығармаға айналып барады. Ал дәл осындай ғашықтық ғазалы драмалық дүниеге айналып кеткен туындылар турасын айт­қанда некен-саяқ болар. Оны былай қойғанда «туған» күйеуінің жүрегінің сырын дөп басып, оның ғашық болып қалған қызына арнап жыр жазып берген әйел бар ма екен, сірә? Бар болса, ол
– Ханбибі Есенқарақызы ғана шығар. Мүмкін оның өлеңінің ән әлемінде жарқ етіп шарықтап кеткені де содан болар.
Расында да, «Нұрикамал» әнінің шығу тарихы екінің бірінің басында бола беретін жағдай емес. Ол – Ханбибі Есенқарақызының шығармашылық шабытының ғана емес, шынайы өмірінің де шындығынан сыр шертетін, аңызға бергісіз өлең. Ол – халықтың сүйіп тыңдайтын әні. Ән авторы,
Есенқарақызының жары, талант­ты композитор, марқұм Тұрдықылыш Ізтай ағамыздың есімін мәңгі жаңғыртып кеткен бұл ғажап туынды бір отбасындағы ерлі-зайыпты шығармашылық жұптың сезім толғанысы мен өмір толқынынан туған дүние екенін жұртшылық жақсы біледі. Бұл – осы туындының дүниеге келуіне себепкер болған Нұрикамал Сейтжановаға мәңгі ескерткіш болып қалған, жұрт­тың жүрегін жаулаған, сезім оты лаулаған ғажап ғазал.

Ән сыры – сахна сыны

Енді, бұл шындық оқиға театр тілінде сөйлеп, сахна төрінде көрермендерге жол тарт­ты. Біз тамашалаған алғашқы қойылым республикаға танымал режиссер, Қазақ­станның Халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Ерсайын Төлеубайдың «Ән аты – Нұрикамал» деп аталған спектаклі болды. Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық музыкалық драма театрының (директоры – Мәдениет қайраткері Жарас Қалдаров) әртістері сахналаған спектакльдің премьерасына көрермен көп жиналды. Залда ине шаншар орын қалмады. Композитор мен ақынның сезім арпалысын, кейіпкерлердің жан толғанысын, сол кезеңдегі қоғам бейнесін сахна тілінде тірілткен қойы­лымнан театрға келген жұрт үлкен әсер алды.
«Нұрикамал» әнінің өзі – кез келген тыңдаушыны сезімге орап, жан тербелісіне бөлейтін туынды. Ал ол драмалық шығармаға айналып, оқиға желісі сахна төрінде оның кейіпкерлерінің образымен шынайы сипат­та көрініс тауып жатса, ол көрерменге тіпті ерекше әсер қалдырады екен. Содан да болар, спектакль барысында көзін жасқа шылап, сезім ырқына берілген көрерменнің көңіл күйін көріп, режиссердің шеберлігі мен әртістердің өнеріне риза болдық.
Дегенмен, қойылым мүлде мінсіз болды десек, тым әсірелегендік болар. Театр – синтездік өнер. Сондықтан көрермен оның көркемдік идеялық ерекшелігін түсіну үшін шығарманың өн бойына терең бойлай алуы керек. Ал оны ұғынып, сіңіру үшін қойылымда ойнап жатқан актерлердің сөзі анық, ашық, әуезді, дикциясы нық болуы шарт. Өйткені театрдың негізгі мүшесі – актер. Ал актердің сахнадағы басты қаруы – сөз, сөз әрекеті. Сахналық туындының идеялық мазмұн, мағынасы сөйлеген сөз арқылы жететіні – дәлелдеуге жатпайтын аксиома. Осы талапқа келгенде біршама осалдық аңғарылғанын да жасырмаймыз. Мұны театр сахнасының техникалық жабдықталуы жағынан жұтаңдау болғанынан, яғни аспалы микрофондардың болмауынан да орын алған олқылық деп ақтауға да болар ма еді? Дегенмен, театр өнерінің қажет­ті сұраныстарға сай дамып отыруында сөз өнерінің ықпалы айрықша болатынын қайталап айтуды артық көрмейміз…
Екіншіден, бұл өмірден алынған шығарма болғандықтан рөлдерді сомдайтын әртістерді кейіпкердің шынайы образына сай таңдау да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Ханбибі рөліндегі актрисаның ойнау шеберлігіне айтар сынымыз болмағанымен, оның жасының сол шақтағы 30 жастағы Ханбибіге сай келмей тұрғаны көзге бірден ұрды. Өйткені, Ханбибі мен Нұрикамал – бір жылдың төлдері. Ал Нұрикамалдың рөліндегі актриса – жап-жас қыз. Ханбибі апамыз әзілге бұрып: «Көрермен менің рөлімді ойнаған актрисаға қарап: «Е,композитор күйеуі өзінің әйелі кекселеу болғандықтан, одан әлдеқайда жас көрінетін Нұрикамалға ғашық болған екен ғой» деп ойлайтын болды-ау», – деген сөзінде де астарлы сын жатыр.
Десек те, бір әннің өзегінен өмірдің өрімін, адамдардың тағдырын, мезгілсіз махаббат пен адамдық парасат­ты театр тілімен, сахна сиқырымен жүректерге жеткізе білген режиссер Ерсайын Төлеу­байдың талантына, кәсіби шеберлігіне шек келтіре алмаймыз.
– Қойылым негізі – драматургия. Тарихи қойылымға керегі – нақты оқиға. Өмірде болған мұндай оқиға көркем дүниеге айналғанда тарихи өлшем 60, 70 пайыздан төмен түспеуі керек. Бұл – басты өлшем. Мұнда оқиға бар. Мен сол оқиғаны көркем дүниеге сыйғыздым. Ән тарихын драматургияға айналдырдым. Драма бар жерде қойылым бар. Әрине, бұл пьесаны әр тұрғыда қоя беруге болады. «Ән аты – Нұрикамал» пьесасы – соның бір варианты. Ең бастысы, мұнда әр кейіпкердің жеке-жеке тарихи тағдыры жатыр. Драма дегеніміз – адам тағдыры. Ән – сол оқиғаның бір себебі. Ал сахналық қойылым – елге кең тараған оқиғаның көркемдік нұсқасы. Бұл дүниені сахналаудағы режиссер ретіндегі мақсатым – танымал әннің тарихын пьеса негізінде көрермен талқысына жеткізу болды. Әр көрермен – өз алдына бір автор, бір режиссер, бір актер. Олардың пікірі де, бағасы да, көзқарасы да алуан түрлі болуы мүмкін. Бірақ өмірдің шындығы біреу ғана. Өнер – өмір, өмір – өнер. Тарихи дүниелер жазып, сахналап жүрген режиссер-драматург ретінде айтарым, біз тарихтың жақсы, жаман жағын жасырмай көрсетуіміз керек. Сондықтан сол дәуірдің қоғамдық өміріндегі кейбір жағымсыз жайлардың қойылымда көрініс табуы – бұл шынайы өмірдің келбеті, – дейді «Ән аты –Нұрикамал» спектаклінің режиссері Ерсайын Төлеубай.

Ақын өмірі – көрермен көңілі

«Нұрикамал» әнін драмалық дүниеге айналдырған тағы бір театр – Алматыдағы «Назар» театры. Белгілі продюсер Сәбит Әбдіхалықов басшылық ететін бұл жас өнер ұжымының Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрындағы «Нұрикамал» қойылымы аншлагпен өт­ті.
Жалпы әннің тарихы да, оған негіз болған оқиға да ерекше болғандықтан ба, «Нұрикамал» қайсы сахнада болса да өз көрерменін табатыны анық. Содан да болар, ән желісімен сахналанған қойылым көрермендерге жылы әсер қалдырады. «Назар» театрының өндірдей жас әртістері ойнаған спектакльден де жұртшылық жылы сезім арқалап қайт­ты. Бірде күлдіріп, бірде көңілді толқытқан қойылымнан әсерленген көрерменнің көңіл күйін ара-арасында аңдап отыруға тырыстық. Сонда… күйеуінің сезімі үшін өзінің ішкі жан арпалысын, әйелдік қызғанышын сабырға жеңдірген ақынды аяды ма, әлде ақын келіншегі, үш қызы бар композитордың «қолы жетпей, сөзі де өтпей жаутаңдаған» жай-күйіне күйзелді ме, яки бірі композитор, бірі ақын жұбайлардың ортасында жазықсыз күй кешкен Нұрикамалдың кінәсіз, күнәсіз кейпіне жаны ашыды ма, кім білсін, әйтеуір көрерменнің ішінен көзіне жас алып, толқыған жандарды бұл спектакль барысында да байқадық. Демек, бұл қойылымның белгілі бір мақсатқа жеткенін көрсететін болар.
Әйтсе де, біз спектакльдегі кейіпкерлерді, олардың мінез-болмысын өз ойымызда жақсы білетініміз, танитындығымыздан болар, кейбір көріністерді өз көңіліміздегідей қабылдай алмағанымыз рас. Қойылымнан ке­йін Сәбит Әбдіхалықовпен пікір таластырғанда өз ойымызды айт­қан да едік. Біз білетін Ханбибі – өр, ер мінезді, тәккаппар, қайсар болмысты жан. Спектакльдегі Ханбибі тым күйгелек көрінді. Ол Нұрикамалды көрген бет­те-ақ қызғанышқа бой алдырып, күйрек күйге түсті. Ақырында кештің соңын күтпей ашуланып, жұлқынып кетіп қалды. Ал қызғанышын ақылға, сабырға жеңдірмеген, тырысып- бүрісіп, бұлқан-талқаны шығып, шатынаған ақыннан жарының жанын түсінген, жүрегінің қылын дөп басқан «Нұрикамалдай» өлең туар ма еді? Әрине, күйеуін қызғанбайтын әйел жоқ. Дегенмен, қызғаныш пен сабыр, сезім мен ақыл арбасқан тұстағы ақынның болмысы дұрыс үйлеспегендей әсер қалдырған секілді көрінген-ді бізге.
Иә, бұл – біздің пікіріміз, біздің пайы­мымыз.Сондықтан пікір алуандығы мен әсер әрқилылығына дау айту қиын. Ал біздің ойымызға Сәбит мырза өз уәжін, өз позициясын айт­ты.
– Иә, біз Ханбибіні сабырлы кейіп­те де ойнатып көрдік. Бірақ мұндай қалыпта ол көрерменнің реакциясын тудырмайтынын аңғардық. Тым әсерсіз сезілетін болды. Театр – өнер. Ол болған оқиғаның көшірмесін жасайтын көрнекілік емес. Мұнда режиссердің өзіндік шешімі, идеясы, шеберлігі көрініс табады. Сондықтан ол көрерменнің жүрегінің қабылдауына қарай жұмыс істейді, – деді ол.
Иә, бұл да жөн болар. Біз де көрерменбіз. Бірақ біз қойылымдағы Ханбибіні (Есенқарақызы) де, Тұрдықылышты (Ізтай) да, Нұрикамалды (Сейтжанова) да, Сайлаукүлді (Барахова) де жақын таныған және оқиғаның нақты желісінен хабарымыз бар көрермен болғандықтан нақтылық пен шарт­тылықтың арасындағы ойымызды білдірдік. Сол тұрғыдан қарағанда біз білетін Сайлаукүл әпкеміздің мінезі де қойылымда өз болмысымен ашылмай қалғандай көрінген. Әрине, мұның бәрі әлгінде айт­қанымыздай, шынайы өмір мен сахна өнерінің екі түрлі дүние екенін көрсетеді.
Спектакльде қойылымның сюжетін қоюландырып, қоғамдағы кейбір ер азамат­тардың жеңілтектігін, көрсеқызарлығын, мақтаншақтығын, адами қарым-қатынасты дүниенің, байлық, атақтың бағасымен бағамдауға жақын тұратын ұсақтығын көрсету мақсатында киліктірген кейіпкерлер – көңілді топтағы Тұрдықылышпен құрдас екі жігіт бар.
Осы қойылымды тамашалаған жазушы құрбым Ділдәр Мамырбаева қойылым туралы пікірінде онсыз да ер-азамат­тардың қадір-қасиетін құнсыздандырып жіберген бүгінгі қоғамда қазақтың жігіт­терін жерге ұратындай сипат­та көрсетпесек екен деген сыңайда ой айт­ты. Мұны – ер-азамат­тардың ар- намысын қорғау десек те, соған қоса оларды қисық қылық-әрекет­терден, жағымсыз мінезден сақтандыру десек те болады деп түсіндім.
Қалай дегенде де театр – көрерменнің санасы мен болмысына әсер етуші, тәрбие беруші қуат­ты өнер. Біз әр қойылымнан өзімізге керекті шындықты, жанымызға жағатын шынайылықты, өмірдің өзекті мәнін, қоғамдық сананың қазығын, адамдардың жанының қыртысын таба алсақ, театрға барғанымызға, өнерді, өмірді түсіне түскенімізге қуанамыз.
«Назар» театрының жас әртістері ойнаған, режиссер Сафуан Шаймерденов қойған «Нұрикамалдан» да көрермен өзіне керекті дүние тауып, ой түйді деген пайымдамыз.

Ханбибі мен ар биігі

Тағы бір жаңалық, «Нұрикамалды» кинофильм форматында шығару да қолға алынып жатқанынан хабардармыз. Демек, ақын Ханбибі Есенқарақызы мен композитор Тұрдықылыш Ізтайдың өмірдегі жұбы өнердегі жұбына жалғасып, өлең мен әннің сұлу үйлесімі өнер әлемінде жұлдызды биікке шырқап барады.
Ханбибі Есенқарақызы шығармашылық өмірінде қырыққа тарта кітапқа азық болған дүниелер жазды. Ташкент­тің архивін ақтарып, Алаш ардақтылары шығарған «Ақжол» газетінің сарғайған бет­теріндегі материалдарды жинастырып, құрастырған 25 томдық «Ақжол» мен «Шолпан» кітаптарын былай қойғанда, өзінің поэзиялық және прозалық шығармаларының 10 томдық жинағы жарық көрді. Былайғы оқырман Есенқарақызының осынша томға жинақталған өлеңдері мен басқа да шығармаларының бәрін тегіс біле бермесі анық. Бірақ «Нұрикамал» өлеңі мен оған жазылған Тұрдықылыш Ізтайдың әні күллі қазаққа танымал. Орыс ақыны Александр Грибоедов әдебиет әлемінде бір ғана шығармасымен – «Горе от ума» ат­ты өлеңмен жазылған комедиясымен-­ақ классик атанып қалды. Сол сияқты Ханбибі Есенқарақызы – бүгінде «Нұрикамал» өлеңімен және оның өзгеше тарихымен-ақ күллі қазаққа танымал ақын. Бұл өлең Тұрдықылыш Ізтайдың да бағын жандырған әдемі әнге айналды.
Ал енді, театр мен кино әлеміне құлаш созған «Нұрикамал» қандай режиссердің жұлдызын жарық қылар екен? Ең бастысы, бұл шығарма – бір ақынның таланты мен тағдырының қайталанбас өрнегі. Ол өрнектің иесі – Ханбибі!
«Ойың – озық, сөзің – тәт­ті,
Қандай ана сені тапты?..»
Әйгілі әннің осы бір шумағындағы бұл жолдарды Ханбибі ақынның өзіне арнап айтсақ та жарасатын секілді…

Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Қазақ­станның
Құрмет­ті журналисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір