ПРЕЗИДЕНТ­ТІҢ ДІТ­ТЕГЕНІ – ҚАЗАҚСТАНДЫ ОЗЫҚ ОЙЛЫ ОЗАТ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫРУ
06.02.2024
152
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жария­ланған сұхбатын оқып, қуанып қалдық. Елге есеп беру де адамның өзіне-өзі есеп бергені сияқты жұмыстың жүйелі жүргізілуін пысықтаудың бір амалы.

Ел басқару да, отбасын басқару да оңай емес. Қоғамда орын алып жатқан отбасылық оқиғаларға қарап осыны байқауға болады. Ал ел басқару ісінде ең алдымен саяси реформалар жасалуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар оқиғасынан кейін бірден кіріскен ісі ішкі-сыртқы саясат­ты рет­теу болды.
Оны біреулер дұрыс түсінбеді. Әлі күнге өзгеріс күтіп жүргендер көп. Кадрлық резерв тұрмақ, жай құрамның өзін жаңалау және толықтыру үшін біршама уақыт кетеді.
Елімізде өтіп жатқан облыс, қала, аудан және ауыл әкімдерінің, мәжіліс пен мәслихат депутат­тарының жаңаша ережемен сайлануы – осы жолдағы үлкен қадам. Қазір бұқараның өз таңдауымен сайланған 700-дей әкім жарыса жұмыс істеп жатыр. Әкімдер сайлауы іскер әрі белсенді азамат­тар арасында бәсекелестік қалыптастырып, қызметке деген қызығушылығын арт­тырды. Сайланып алып, өз жұмысын көрсете алмайтын әкімдецрді қызметінен кетіруге мүмкіндік бар.
Сондықтан абыройсыздықтан қорқып, абыроймен қызмет етеді, не кетеді. Өз атына кір келтірмеу үшін өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Көңілдегісін сайлағанына халық та мәз.
Керек десеңіз, Президент­тің өзін-өзі бір мерзімнен артық сайлаудан бас тартып, саяси реформаларды референдум арқылы Конституциямен бекітіп қойды. Бұған Қазақстан азамат­тары тікелей араласты. Президент халыққа шектеу қойып жатқан жоқ. Керісінше, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрып келеді. Тіпті билікке деген базынасын білдіру үшін митингке де рұқсат етілді.
Өкінішке қарай, бізде митингке шығу мәдениеті мен тәртібі қалыптаспаған, соның салдары басбұзарлық пен жаппай тәртіпсіздікке ұласса, халықтың аңғалдығын саяси «содырлар» өз мүддесіне пайдаланып кет­ті. Қаңтардағы бейбіт шерудің қаралы оқиғаға
айналуы – митинг мәдениетінің қалыптаспағанының дәлелі.
Бірі несие алып, бірі жылдар бойы жиған ақшасына ашқан кәсібін талқандау – есті адамның әрекеті емес, қасақана қастық. Қаңтардағы қақтығыстарды күштеп тоқтатпағанда, халықтың өзін бір-бірімен қырқыстырып, соңы неге апаратынын айтудың өзі қорқынышты. Саяси тұрақсыздық Егемендіктен айырылып қалу қаупін тудыратынын түсіну керек.
Төңкерісшілердің көксегені де сол. Президент­тің табандылығы мен қарапайым халықтың ауызбіршілігінің арқасында тыныштық орнап, мемлекет­тігіміз сақталып қалды.
Президент өз сөзінде бейбіт шеруге тыйым салынбайтынын, ал жаппай тәртіпсіздіктерге жол берілмейтінін қадап айт­ты. Петициялар мен бейбіт жиналыстарды рет­тейтін заңдар қабылданған. Әлемнің алпауыт мемлекет­терінде де халық бейбіт шеруге шығып тұрады. Өз талаптарын айтып, бейбіт мәмілемен тарқайтындары көп. Президент пәрменімен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бекітіліп, халықпен кері байланыс орнатылып, мүмкіндігінше ең өзекті мәселелер шешіліп келеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, барлық проблема рет-ретімен шешімін табуда.
Тек, әйтеуір, жер-жердегі атқару­шы билік мемлекет­тік міндет­терге асқан жауапкершілікпен қарап, өз ісін адалдықпен атқарса екен, сонда халық Президент­тің игілікті істерінің жемісін көреді.
Ата заңымызда жазылған азамат­тарымыздың құқықтарын қорғау, әділет­тілік сақтау үшін Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді.
Конституцияға бұрынғыдай ешкім оңды-солды өзгерту енгізе алмайды. Кез келген өзгерту Конституциялық сот­тың оң қорытындысына сәйкес Парламент­тің қарауынан кейін референдум арқылы енгізіледі. Президент­тің уәкілет­ті мерзімін жеті жылдан асырмау және бір рет сайлау да заңмен бекітілді. Кім өзіне осындай «әділетсіздік» қылады? Әділдікті ұстанатын Президент­тің діт­тегені билік емес, мемлекет пен қоғамның дамуы, озық ойлы ұлт пен озат елге айналдыру.
Әділет­ті қоғамда заң мүлтіксіз орындалуы тиіс. Ел ішінде тәртіп бұзатын балалар да, үлкен азамат­тар да бар. Сөз еркіндігі берілді екен деп ойына келгенін айта салатындар көбейіп кет­ті. Қазір көп адамның уақыты әлеумет­тік желіде босқа өтіп жатыр. Одан қалса, кісінің ойына келмейтін қылмыстар жасалып жатыр. Президент өз Жолдауында әйелдер мен қыздардың тағдырларына алаңдаушылық білдіріп, соған байланысты отбасылық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтетін заң әзірленуде. Қытайлар мен жапондарда, тіпті іргедегі өзбектерде ондайға уақыт жоқ.
Бүгінде ғылым мен білім қуып жүретін жұрт жетерлік. Мемлекет басшысының нұсқауымен білім және ғылым саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Іскер әрі білімді азамат­тар тек өз ісімен айналысып, өзгенің шаруасына араласпайды. Озық ұлт құру үшін, алдымен, санамен жұмыс істеу керек. Президент тәрбие мен білімге көңіл бөлді. Қазір республика бойынша оқуға жайлы мектептер салынуда. Жастардың білім алуы үшін заманауи талаптар жасалуда. Тарих түгенделе бастады. Қазақстан тарихының көптомдығы жарыққа шықса – ұрпаққа мол мұра қалады деген сөз.
Президент тапсырмасына сәйкес 2019 жылы 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Былтыр жеке тұлғалардың банкрот­тығы туралы заң күшіне енді. Азамат­тарды құқықтық, экономикалық тұрғыда сауат­тандыру жүргізілуде. Сол сияқты заңды белден басқан сот орындаушылары мен коллекторларды қатаң жазалау қарастырылуда. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар көлемі ұлғайтылып келеді. Мұның бәрі – әлеумет үшін жасалып жатқан игі істердің бір парасы.
Еліміздің отын-энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС салыну керек. Бұл бастаманы ел болып қолдау қажет. Фукусимоны салған жапондар өз сұранысын өтеп келеді. Апатқа ұшыраса да, атом электр станциясын жауып тастаған жоқ. Ішкі қажет­тілікті өтеу үшін бізге де сондай тәуекелге бару керек. Жылу электр орталықтарының ахуалы көңіл көншітпейді. Қыс ауасында тоңып, зардап шегіп жатқан жергілікті тұрғындар. Осы орайда, Президент инженерлік инфрақұрылымдарды қарқынды жүргізуді тапсырды. Атқарушы билік тарапынан шикіліктер кетпесе, халық тоңып секірмейді.
2029 жылға қарай ұлт­тық экономиканың көлемін екі есеге арт­тырып, 450 миллиардқа жеткізу жоспарланған. Дүниежүзілік қаржылық ұйымдар Қазақстанда ондай межеге жеткізетін қарқын байқамай жатыр. Ал Президент ішкі жалпы өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 15 пайызға өскенін ескеріп, жоспарланған межеге жетуге болатынын айт­ты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 13 мың долларға жуықтаған. Осындай қарқынмен 2029 жылы белгіленген межеден асып кету де бек мүмкін. Президент макроэкономикалық көрсеткіштерден бұрын азамат­тардың тұрмыс-тіршілігіне ерекше мән береді.
Мемлекет басшысының бастамасымен билік пен бизнестің қарым-қатынасын рет­теу мақсатымен Салық кодексі және тағы да басқа заңдарға өзгертулер енгізілуде. Үкіметке салық жүйесін жетілдіруде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмауды тапсырды. Экономиканы көтеретін жобаларды қолдайтын инвесторларды қолдауға шақырды.
Бюджет кодексі әзірленді. Кіріс көздерін көбейту керек. Ол үшін Үкімет халықты салық және басқа төлемдермен қинамай, жұмыс орындары мен табыс түсіретін жаңа жобаларды жүзеге асыруы тиіс. Жұртшылықтың табысын инфляция жеп жатқанда, салық және басқа төлемдерді міндет­теу жығылған үстіне жұдырық болады. Үкімет­тің құзыреті кеңейтілді. Десе де, Президент әр алмақтың салмағы барын әдемі ескертіп өт­ті. Халық тарапынан азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника, үй, көлік, салық, айыппұлдарға қатысты шағым толастар емес. Президент Үкімет пен атқарушы билікке іс-қимыл стратегиясын ширату керектігін өте дұрыс айт­ты.
Кадрлық саясатқа қатысты да сын көп. Мемлекет басшысы мұның да шешімін тапты.
Әкімдіктер мен мәслихат­тарда жас мамандар бас бола бастады.
«Жас келсе іске» деген емес пе!? Елдің Президентке деген сенімін қоластындағы және түкпір-түкпірдегі мемлекет қызметшілердің адал еңбегі, іскерлігі, әділдігімен қалыптастырады.
Біз Президент­тің білімділігі мен біліктілігіне, көрегенділігі мен дип­ломатиялық қарым-қабілетіне қарай дұрыс саясат құрып, даңғыл дамуға бастағанына куәміз. Жаңа Қазақстанды жаңаша өркендету – басшыға қосшы бола білетін жалпы халықтық міндет. Тек сәт­тілік тілейміз!

Қайрат БАЛАБИЕВ,
ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір