Ерлан АСҚАРБЕКОВ, PR және маркетинг маманы: ӘДЕБИЕТ ҮШІН ТЕР ТӨГУ – АБЫРОЙЛЫ ІС
28.05.2024
217
1

Қаламгерлер қауымын елең еткізген «Меценат.кз» байқауы биыл үшінші мәрте өткізілгелі жатыр. Бұл әдеби аламанда бас бәйгені қанжығасына байлаған жазушы өмір бойы ай сайын алып отыратын қомақты қаржымен қамтамасыз етіледі. Аталған байқаудың негізін қалап, жазушыларды көлемді шығарма жазуға құлшындыра бастаған Ерлан Асқарбековпен сұхбат­тасып, әңгімелесуді жөн көрдік.

Бизнесте халықтың дауысы өте маңызды


– Аға, «Меценат.кз» байқауын үшінші мәрте өткізгелі отырсыздар. Бұл жылғы үміткерлер саны көп пе?

– Қазіргі уақыт­та (мамыр айының басында, белгіленген мерзімге бір апта қалғанда) 100 автор, 31 қолжазба тіркеліп тұр. Өткен жылғы тәжірибелерге сүйенсек, тіркелгендердің жартысы қолжазбасын тапсырып үлгеретініне сенімдіміз. Сондықтан 45-55 қолжазба болады деп есептеп отырмыз. Сондай-ақ, байқауымызша, қазақ және орыс тіліндегі романдар саны шамамен бірдей.

– Бұған дейін екі жылдың жүлдегерлері анықталып үлгерді. Қос жылдың нәтижесі көңілдеріңізден шықты ма?
– Екі маусымның да нәтижесіне дән ризамыз. Жазушылар одағының статистикасы бойынша, біздің жобаға дейін тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде 100 роман жарық көрген екен. Алғашқы екі маусымда жобамызға 110 роман түсіп, оның 16-сы көпшіліктің дауыс беруіне ұсынылды, яғни ридерлер мен супер-ридерлер тарапынан оқырманның оқуына лайық шығармалар деп таңдалды. Бірінші жылы жеті мыңға жуық оқырман дауыс беріп, сайт­қа алпыс екі мың адам кірген. Екінші маусымда екі мыңнан астам оқырман романдарды толық оқыған. Сонымен қатар екінші маусымнан бастап оқырман дәл осы романға не үшін дауыс бергені, несімен ұнағаны жайында шағын пікір жазуы керек.
Жобамыздың Қазақ­стан жазу­шы­ларының үлкен қызығушы­лығын тудырғаны сөзсіз және бұл қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқанын сеземіз.

– Жүлдегер романдарды оқыдыңыз ба? Қандай әсер алдыңыз?
– Өкінішке қарай, жұмыстың көптігіне байланысты романдарды толық оқудың ыңғайы келмей жүр. Мен қысқа тізімге енген барлық романның бірнеше бетін, сондай-ақ біз іріктеуге тиіс романдардың үзіндісін оқып шығуға тырысамын. Ұйымдастыру жұмыстары көп уақытымды алады. Жалпы, романдардың сапасы маусым сайын артып келе жатқанын байқадық. Бұл үрдіс алдағы уақыт­та да жалғасын тауып, романдардың сапасы жылдан-жылға жақсара беретініне, шығармалары әлемді шарлап кететін, Қазақ­станның даңқын асқақтататын, қазақ әдебиетін әлемге әйгілі ететін қаламы қарымды авторлар толқыны шығатынына сенімдіміз.
Халықтың дауыс беруіне іріктеліп алынған шығармалар үлкен резонанс тудырғанын байқауға болады. Бұл романдардың қай-қайсысы да көркем фильм болуға, театрларда пьеса ретінде қойылуға және кітап болып жарыққа шығуға лайық деп ойлаймын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз тағы да баспагерлер мен кинопродюсерлерді қысқа тізімге енген романдармен, әсіресе жеңімпаздармен белсенді жұмыс істеуге шақырамыз. Өйткені бизнесте халықтың дауысы өте маңызды, бұл – маркетингтік сұраныстың бар екенінің көрсеткіші. Ал сұраныс бар жерде баспагерлер мен продюсерлерге де сәтсіздікке ұшырау қаупі төне қоймайды. Бизнесмен үшін оқырмандардың максималды қызығушылығын тудырған мәтінге ақша салғаны дұрыс. Нағыз баспагерлер мен продюсерлер, әрине, ең алдымен бизнесмендер болып есептеледі.

– Үшінші мәрте өткізіліп отырған байқау ережесінде өткен жылдағылардан айырмашылық бола ма?
– Біз бұрынғы шартқа: «Романның көлемі бос орындармен қоса есептегенде 150-ден 300 мың белгіге дейін болуы керек», – деген өзгерту енгіздік. Өткен жылы түсініспеушілік орын алғандықтан осылай істеуге тура келді. Себебі былтыр бір роман 12 емес, 14-шрифпен жіберіліпті әрі бұл ең негізгі ережені бұзу болып саналады. Бұл жағдайды бастапқыда байқамаған едім. Авторлардан мұндай әрекет­ті күтпедім. Ақыр аяғында әлгі шығармаға, кем дегенде, 10 бет жетіспейтін болып шықты. Екінші маусымның жеңімпазын марапат­тау кезінде айт­қанымдай, біз бұл жап-жақсы романды осы техникалық қателігі үшін оқырманның назарына ұсынбай тұрып байқаудан шет­тетуіміз керек еді. Алайда сол автормен байланысып, осы немесе келесі маусымға шығармасын өңдеп, бет­терін көбейтіп қатысуына болатынын немесе жаңа туынды жіберуге мүмкіндігі бар екенін ескерт­тік. Айтпақшы, бір маусымда жеңіске жетпеген кез келген автор үмітін үзбей, керісінше одан да сапалы шығарма жазуға тырысып, тағы да бағын сынап көре алады. «Еңбектің наны тәт­ті» демекші, әдебиет үшін тер төгу – абыройлы іс деп санаймыз.

Жазушыларды адам жанының саяхатшылары дер едім

– Өзіңіз бүгінгі күнде немен айналысасыз? Жалпы, шығармашылыққа қызығушылығыңыз бар ма?
– 1996 жылы 22 жасымда «Сорос» қоры ұйымдастырған поэзия байқауында жеңімпаз атанғанмын. Содан бері жеке секторға да, біздің әлеумет­тік министрліктерге де көмектесіп, бизнеске араластым. 20 жыл бойы шығармашылықпен айналысуға уақыт жағынан мүмкіндігім болмады, дегенмен екі жыл бұрын шабыт маған қайта оралды десем, артық айт­қаным емес. Бірнеше өлең жаздым, алайда оларды жарыққа шығаруға әлі ерте шығар. Әлбет­те менің де көлемді, күрделі, қызықты дүние жазғым келеді. Өйткені өмірде түрлі сәт­терді бастан өткердім, қилы-қилы оқиғаларға куә болдым. Көп істің басы-қасында жүрдім. Бірақ жақсы роман жазудың қаншалықты қиын екенін сеземін. Ол үшін ойды жинақы ұстап, әдебиетке толықтай берілу керек екенін де түсінемін.
Әйтсе де, қанша шығарма, қандай туынды жазсам да, оны әлемдегі ешбір байқауға ұсынбаймын. Бұл – менің позициям. Себебі мен – әдеби байқау­дың ұйымдастырушысымын. Ары кетсе, туындыларымды жай ғана әлдебір баспадан шығарармын. Қазір бар күш-жігерімді жобамызды ілгерілетуге жұмсап жүрмін. Біз жобаны, кем дегенде, 10 жыл бойы тоқтаусыз дамыту керек деп есептейміз.

– Шығармашылық ұғымын қалай түсінесіз?
– Шығармашылық – менің ойымша, адамның бүкіл жан дүниесі мен барлық ақыл-ой қабілеті жұмылдырылып, өмірдің құпиясын сырын, бұрын-соңды ешкім тани алмаған қырын түсінуге көмектесетін ерекше процес. Нағыз шығармашыл тұлға: композиторлар мен режиссерлер, жазушылар адам жанына саяхат жасайтын зерт­теушілер деп санаймын. Сталин: «Жазушылар – адам жанының инженерлері», – десе, мен жазушыларды адам жанының саяхатшылары дер едім.

– Осы уақытқа дейінгі кәсіптегі, өмір жолыңыздағы белестеріңізді айтып өтсеңіз, бұл да оқырманға қызық деп ойлаймын.
– Мен программист мамандығын оқыдым. Қарағандыда туып-өскенмін. Біраз уақыт Астанада тұрдым. Бірақ өзімді бұрыннан Алматының тұрғынымын деп санаймын.
Мана айтып өткен жыр сайысында жеңіске жеткеннен кейін Теміртауда СПИД дерті туралы деректі фильм түсіргенім бар. Еліміздегі телеарналар мен мектептерде талай рет көрсетілген бұл фильм мектеп оқушыларына нашақорлықтан аулақ болуға ықпал ет­ті деп сенемін.
Одан кейін Британ кеңесінде, яғни Ұлыбритания елшілігінің мәдениет бөлімінде PR маманы болып жұмыс істедім. Дәл сол жерде жүріп PR жасауды үйрендім, яғни баспасөзді іс-шараларға, көбіне мәдени шараларға тартудың мықты маманы болдым десем, артық болмас.
Осыдан 20 жыл бұрын театр, көрме, фотосурет, аударма, музыка, классикалық және электронды өнер салаларындағы мәдениетіміздің дамуына үлкен әсер еткен бірден-бір мекеме Британ Кеңесі болды. Одан кейін банктерде көп жұмыс істедім. Менің «ТұранӘлем» банкін сақтап қалудағы еңбегім сол саладағы адамдарға жақсы мәлім. Ержан Тәтішев қайтыс болғаннан кейін банк қожайындары маған жүгінді. Банк өте бай адамдардың өте үлкен депозит­терінен айырыла бастады, оны сақтау жұмыстары маған жүктелген еді сонда. Мен банкті құтқарып қалдым. Онымен қоймай, банк бұрын-соңды жетпеген биікке көтерілді. Сондықтан мен «ТұранӘлемде» жұмыс істегенімді мақтан тұтамын, бірақ 2009 жылы Әбілязов банкті тонап кеткенге дейінгі екі жыл бұрын аталмыш қызмет­тен кетіп қалдым, яғни 2006 жылдың аяғында, банктің дүрілдеп тұрған шағында басқа қызметке ауыстым. Әртүрлі клиент­термен тәуелсіз бизнес-кеңесші болып жұмыс істедім.
«Меценат.кз» жобасының идеясын 2003 жылы ойлап тауып, 18 жыл бойы қаржы іздедім. 2021 жылға дейін жобаны еліміздегі ең бай 12 адамға таныстырдым. Алайда ешкім қолдамады. 2021 жылы танымал қаржыгер және филантроп Тимур Тұрлов қолдап, жобамыз өмірге қадам басты. Үшінші маусымнан бастап жобамызды Тимур Тұрлов басқаратын «Freedom Шапағат» корпоративті қорымен бірге «Freedom Finance Global PLC» компаниясы да қолдайтын болып келісті.

Меценат­тық – өнерге деген риясыз, қайтарымсыз көмек

– Кітапты көп оқисыз ба? Сіздіңше, кітап оқуға құштарлықтың артықшылығы қандай?
– Бала күнімде, жастық шағымда, әрине, көп кітап оқыдым. Қазіргі уақыт­та да күнде кітап оқимын, дегенмен оқитынымның көбі –жұмысыма байланысты кітаптар. Бизнес туралы әдебиет­ті немесе психология туралы әдебиет­терді қолыма аламын. Философия мен тарихты жақсы көремін. Үнемі аналитикамен жұмыс істеп отыруым қажет, БАҚ-ты, әлеумет­тік желілерді оқуым керек, уақытымның дені қызмет­тік істермен кетіп қалады. Айтпақшы, 2004 жылы «blog.kz» сайтын ашқан едім. Бұл еліміздегі ең бірінші сайт ретінде есте қалды. «Кітап оқитын адамдар экранға қарайтындарды басқарады» деген сөз бар. Көп оқитын адамның ең маңызды артықшылығы осы болса керек. Себебі жақсы, терең кітап оқу адамның ой-өрісін, жан дүниесін байытып, өмірдің сан қырымен таныстырады.

– Оқыған кітаптарыңыздың ішінде қандай туындылар ерекше ұнады?
– Нақты бір романды атамай-ақ қояйын, десе де қаламы төселген жазушылардың шығармалары ғана емес, белгілі бір салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп әрі сол жүріп өткен жолы жайлы шынайы жазған тұлғалардың жазған дүниелері ерекше ұнағанын мойындаймын. Олар – қандай да бір күрделі кәсіпте кәсіби маман ретінде табысқа жетіп, өз саласының қыр-сырын толық меңгеріп, сол тақырыпты көркем шығарма ете алған талант­тар. Менің ойымша, олардың өмірлік тәжірибесі кез келген жанға адам табиғатының өзге қырын ашуға, ең қиын, кейде адам сенгісіз жағдайларда қандай болмысқа ие болатынын зерделеуге зор мүмкіндік береді.

– Байқау атауын «Меценат.кз» деп атауыңыздың сыры неде? – Біздің жобамыз римдік Гай Меценат­тың есімімен аталады. Ол Римнің ең ұлы жазушылары – Овидий мен Лукрецийдің, Гораций мен Вергилийдің зейнетақысын өмір бойы төлеген екен. Гай Меценат­тың өз есімі де талай аңызға арқау болған.
— Сайтымызды да, байқауымызды да осы кісінің атымен атауымыздың екі себебі бар. Біріншіден – біздің мақсатымыз үндес, екіншіден – байқауды бір сөзбен жарнамалауға оңтайлы. Осы атаудың көмегімен біз жалпы меценат­тыққа назар аударуға тырысамыз. Айтпақшы, демеушілік пен меценат­тықтың аражігін ажырата білген жөн. Демеушілік жасағанда ақша салған коммерциялық компаниялардың логотиптері көрсетіліп, айтылуы керек, яғни белгілі бір деңгейде бұл жарнаманың да рөлін атқарады. Ал меценат­тық – өнерге деген риясыз, қайтарымсыз көмек.

– Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Біз былтырдан бастап шетелдегі қазақ диаспорасымен жұмыс істей бастадық. Бұл процестің өте қиын екенін білеміз. Өзбекстанда да, Біріккен Араб Әмірлігінде де, Түркияда да, Қытайда да, Моңғолияда да, Ресейдің түкпір-түкпірінде де байқау жайлы хабарландыруды жарияладық. Бірақ қазақтар қазір Кореяда да, Германия мен АҚШ-та да тұрады. Талант­ты адамдар өте көп. Әлемнің қай түкпірінде тұрса да, жазушының қазақша жазған шығармасын, Қазақ­стан азамат­тығы бар авторлардың орыс тілінде жазған туындыларын біздің байқауға жіберуге болатынын жеткізгіміз келеді. Қай автордың болмасын, ешкімге ұқсамайтын өзгеше өмірлік тәжірибесі бар. Олардың Қазақ­станға, оның проблемаларына, жетістіктері мен сәтсіздіктеріне деген көзқарасы мүлдем өзгеше, тіпті біз үшін өте маңызды болуы мүмкін. Есенин айтпақшы, «үлкен дүние алыстан байқалады». Біздің ойымызша, жақсы шығармасы бар, талант­ты диаспора авторларының да отандық авторлармен құқығы тең. Сондықтан диаспорамен жұмыс істеу де – ең үлкен жоспарларымыздың бірі. Басқа елдердегі қазақ жазушыларын қазіргі Қазақ­стан туралы роман жазуға шақырып, жылдар бойы үгіт­теуге дайынбыз.

– Егер өзіңіз жазушы болсаңыз, қазақ тарихына қатысты қай кезеңді көркем туындыға айналдырар едіңіз?
– Біздің ереже бойынша, 1900 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қазақ тарихына қатысты кез келген шақты жазуға болады. Ал мен ересек болып, ақыл тоқтатқан, жастық шағым туралы, 1990-2000 жылдарды жазар едім. Бұл кезең телехикаялар мен фильмдерде енді ғана көрініс таба бастады. Байқауға қатысушылардың арасынан да осы уақыт туралы жазғандар жиі кез­десті. Мұндай шығармалардың жылдан жылға көбейетінін білемін. Әрине, жазушылар мен оқырмандар 1900 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кез келген кезеңді таңдай алады.

– Жоба барысында қандай қиындықтар кез­десті?
– Жоба провайдерлерінің техникалық қателіктерін жөндеу керек болды. Біресе Apple-дің соңғы бес моделі қосымша код жолынсыз түймені баспайды, біресе ұялы байланыс операторлары SMS үшін қосымша жолды талап етеді, одан келіп интернет-провайдерлер спаммен қарсы күресті күшейтеді де, әлемдегі барлық домендерге спам парақтар жібереді.
Дегенмен біз бәрін жылдам әрі кәсіби түрде ретке келтірдік. Әріптестерімнің – корпоративтік PR мамандарының жұмысының салғырт­тығына көңілім толмайды. Өйткені жаңағы компаниялар тонна-тонна спам жіберіп, мерекелермен құт­тықтап, жөнсіз жарнамалар жариялап, қоқысқа толтырып тастайды.
Ешкім өз клиент­теріне ережелерді өзгертетінін ескертпейді. Бағдарламашылар командаға параметр қосу, қосымша кестені конфигурациялау, регистрлерді жою немесе қосу қажет екенін алдын ала айтпайды. Бірақ біз кез келген келеңсіз жағдайды көрген бойда бірден жөндеп отырамыз. Бұл жағдай бәріне түсінікті болу үшін мысалмен айтайын. Мәселен, сіз жазушысыз, роман жазып жатырсыз. Сол уақыт­та ешкім сізге ескертпестен, пікіріңізді сұрамастан әліпбиді 3 рет ауыстырып жібереді. Тура сондай жағдай. Ең бастысы, осы өзгерісті мүлдем ескертпейтіні көп кедергі тудырады.
Екінші маусымда мен қателесіп, жалпыхалықтық дауыс беру кезінде 6 қысқа тізімге қатысушының бесеуінің сұрақтарына жауап беріп жүрдім. Тіркелу бойынша, қалай дауыс беру жайлы сұрақтарға ерінбей жауап қат­тым. Енді биылдан бастап біз оларға ереже бойынша мүлде жауап бермейміз. Егер біреу сайт­қа қалай тіркелу керегін білмесе, ол – оның мәселесі. Себебі одан басқа мыңдаған адам екі-ақ минут­та тіркеліп, романдарды оқып жатады. Қалай тіркелу керек, қалай дауыс беру керек, романды қалай жүктеу керек, бәрі-бәрі сайт­та тайға таңба басқандай жазылып тұр.

– Шетелдіктер тарапынан жобаға қызығушылық танытқандар бар ма?
– Шетелдіктер туралы айтар болсақ, жобаны бастаған күннен бері олардан жақсы сөз естіп келеміз. Таңғажа­йып жоба екенін, қазақтардың қандай бақыт­ты екенін, біздің елдің азаматы болғысы келетінін жасырмай жазған орыс, украин, белорус жазушылары бар. Олар жобаға риза болды.
Жақында ғана Ресейден Алматыға келген бір жазушымен сөйлестім.
Бұл кісі біздің жоба жайлы естіген бойда, қат­ты қуанып кет­ті. Кейбір шетелдік баспалар мен ірі жазушылар тарапынан қызығушылық зор, біз әлемдегі ең ірі БАҚ-тың қызығушылығын оятамыз, бұйыртса. Әрине, әр нәрсенің өз уақыты бар. Ең алдымен, жобаның табысты болуы жазушыларымыздың өз шығармашылығына жауапкершілікпен қарауында жатыр.

Жақсы шығарма кез келген кедергіні жарып өтеді

– Бұл байқаудан жеңімпаз атану үшін не істеу керек?
– Біздің байқауда жеңіске жетудің жалғыз жолы – өте мықты шығарма жазу. Ол үлкен жауапкершілікті, концентрацияны, табандылықты және автордың өзіне деген үлкен сенімділігін талап етеді. Біздің жүлдені жеңіп алу үшін, ең алдымен, үлкен талант болуы керек. Екіншіден, романға отыру үшін автор өзіне уақыт жағынан да, қолайлылық жағынан да жағдай жасауы қажет. Үшіншіден, мәтіннің ең бірінші нұсқасын жылдам жазу өте маңызды. Содан кейін бүкіл мәтінді қайта жазыңыз, өңдеңіз, өзгертіңіз. Шығарма он, жиырма, мүмкін, тіпті отыз рет өңдеуді қажет етуі мүмкін. Шедеврлер өмірге осылай келеді. Барлық әдеби мектептерде де үнемі осыны айтады. Бұл туралы біз де сұхбат­тарымызда жиі айтамыз. Ең ұлы данышпандар сияқты еңбек ету керек. Хемингуэй романының соңғы тарауын 80 рет қайта жазса, Толстой романының алғашқы бет­терін 150 рет қайта жазды. Ол «Соғыс пен бейбітшілікті» 5 рет толықтай қайта жазып шыққан. Ал Буковский романын 20 рет қайтадан қағазға түсірген. Шедеврлердің сыры осында жатыр.
«Кімнің туыстары немесе таныстары көп, сол жеңеді» деп ойлау – мүлдем қате. Ғаламтор деген нәрсе пайда болмай тұрған заманда-ақ ең мықты шығарма жеңіске жеткенін әдебиет тарихынан білеміз ғой.
Маргарет Митчелл «Унесенные ветром» романын жазғанда, бірінші жылы-ақ роман 30 тілге аударылды. Ал сол кедей, үй шаруасындағы әйелдің туыстары, күшті меценат­тары, достары, романын насихат­тауға ақшасы болды ма? Ештеңеге қарамастан, романды сатып алуға адамдар ұзын-сонар кезекке тұрған. Тіпті кезектің ұзындығы кварталдарға созылған. Елестетіңізші, Шолохов коммунист болды. Соған қарамастан, оның «Тынық Доны» алғашқы жылы-ақ буржуазиялық Еуропада жиырма тілге аударылды, яғни оның дұшпандары оның романын достары үшін емес, туыстары үшін емес, шығарманың мықтылығы үшін шығарды. Естеріңізге сала кетейін, Шолохов қартайған шағында Нобель сыйлығын да алған. Дәл осындай мысал Булгаковтың «Мастер и Маргарита» шығармасында да бар. Роман журналда 150 мың дана таралыммен басылды. Осылайша, бүкіл тираж КСРО-ның барлық кітапханаларынан ұрланған. Оны табу өте қиын болды. Бірақ роман 20 жылдан кейін қайта құру кезінде ғана ресми түрде жарияланды. Есенберлиннің «Көшпенділері», Әуезовтің «Абай жолы» да дәл сондай сұмдық сұранысқа ие болды. Жақсы шығарма кез келген кедергіні жарып өтеді. Оның қазақша немесе орысша жазылуы маңызды емес.
Егер роман мықты болса, аудармашылар аударуға таласып, бүкіл халық сол бір керемет, ұлы шығарманы естіп, біліп, оқиды. Осыны талант­ты жазушылар түсінсе екен дейміз. Талант­ты, дарынды әдебиет майталмандары барын білеміз. Оларға байқаудан қорқудың, күмәнданудың қажеті жоқ. Олар ең әуелі өзіне сену керек. Авторлар өз мәтінін кемелдікке, идеалды сипатқа жеткізе отырып, сан рет редакциялап, қайта жазуы керек.
Бұл байқауда бәрі де ұтысқа шығады. Баспагерлер де, продюсерлер де, театр мен жазушының өзі де ұтады. Ең бастысы, оқырмандар, яғни бүкіл халқымыз ұтады.
Біздің жүлдемізді жеңіп алу үшін бір айда дауыс беру жеткіліксіз.
Нәтиже көрсеткіші бір айдың ішінде шешілмейді. Сіздің жеңісіңізді бүкіл өткен өміріңіз жасайды. Шедеврді бір жылда жазу қиын болса, оны екі жыл бойы жазып, байқаудың келесі маусымына жіберіңіз. Ең бастысы, жазушылар байқауды жеңу туралы емес, ең күшті, мінсіз мәтінге қалай жетуге болатынын ойлауы керек. Бәсекелестіктің жыл сайын өсіп келе жатқанын және бұл үрдіс жобаның басты мақсаты екенін түсінуге тиіссіз. Біз мұны сеземіз, көріп отырмыз. Ең мықты жазушылар жыл сайын ең күшті жаңа романдарын бізге жолдағанын қалаймыз. Сондықтан жыл өткен сайын біздің жеңімпаздар бірінен-бірі өткен мықтылар болатынына көзіміз анық жетеді. Дегенмен біздің қысқа тізімге еніп, халықтық дауыс беруге қатысу қазірдің өзінде үлкен жетістік деп санаймыз. Бірінші және екінші маусымдағы қысқа тізімдегі 16 романның әрқайсысы қазірдің өзінде кітап ретінде жариялануға да, фильм болып, экранға жол тартуға да лайық деп ойлаймыз.
Қазақ­стан жазушыларының өзіне, ұлы Отанымызға деген үлкен сенімдері болғанын тілеймін. Әдебиетке деген ұлы махаббаты, оқырманға деген үлкен сенімі мен құрметі болуын тілеймін. Қорықпай, оқырманның пікірін шын жүрекпен жақсы көріңіз. Иә, оқырманның пікірі ең қорқынышты, кейде қатыгездеу болуы да мүмкін. Бірақ ең әділі де, ең адалы да – оқырманның пікірі екені бәрімізге мәлім. Жазушы өзі үшін де, тапсырыс үшін де емес, оқырман үшін жазуы керек. Бір қарағанда, мұның бәрі – өте қарапайым дүниелер, дегенмен өте маңызды. Қазақ­стан жазушыларын және барша қазақ жазушыларын осындай қызық та керемет, теңдессіз әдеби байқауымызға қатысуға шақырамыз!
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбат­тасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.05.2024 | 17:22

Керемет сұхбат!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір