ТЕАТРТАНУДЫҢ БІЛІКТІ МАМАНЫ
10.03.2023
417
0

Қазіргі қазақ театртану ғылымында өзіндік орны бар белгілі ғалым, театр сыншысы, білікті ұстаз Аманкелді Мұқан алпыс жасқа толды. Ол – Қазақстан Театр қайраткерлер одағының Төралқа мүшесі, Қазақстан Театр сыншылар бірлестігінің Вице-президенті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Студент шағынан әртүрлі газет-журналдарға жариялаған театр жайындағы сын мақалалары оның театртанудағы бастамасы еді. Ол курс жетекшісі, белгілі театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбайұлының тікелей бағыт беруімен дипломдық жұмысын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының шығармашылығы негізінде қорғады. Содан бері сын мақалалармен бірге, сахна өнерінің өзекті мәселелерін көтерген ғылыми-теориялық дүниелерді де молынан жазды. Осылай сәтімен басталған оның ғалымдық еңбек жолы 1996-1999 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының аспирантурасында жалғасты. Ол «Театр өнері» мамандығы бойынша 2004 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті (ғылыми жетекшісі Б.Құндақбайұлы) қорғады.
2008 жылдан бастап М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, 2009 жылдан «Өнертану» секторының модераторы, бас ғылыми қызметкері, «Театр және кино өнері» бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүріп, театр туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазуды тоқтатпады. Театр­лардың жаңа қойылымдарына, жеке актерлер мен режиссерлерге шығармашылық кескіндемелер жазу басты ізденіс мақсатына айналды. Оның ғылыми зерттеу нысанасы жыл өткен сайын кеңейіп, театр туралы ой-толғамдары терең талдауларға ұласты.
Сарабдал сыншының қаламынан Қазақстан театр өнері, драматургиясы, музыкалық театры, Орталық Азия театрларының өзекті мәселелеріне арналған «Қазақ опера театры» (2008), «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ опера театры» (2011), «Театр туралы толғаулар» (2019), «Театр. Фестиваль. Көрермен» (2020), «Естен кетпес есімдер» (2020) атты монографиялар туды. Одан басқа 30-дан астам ұжымдық монографиялар мен жинақтардың авторы әрі жауапты редакторы болды. Сонымен қоса 200-ге жуық сын мақалалар мен зерттеулер жазды. Аманкелді Оразбайұлының көптеген ғылыми идеяларының негізі осы аталған еңбектерде жарқын көрініс тапты. Ол өзінің монографияларында зерттеп отырған театрдың шығармашылық келбетіне, оның репертуарлық саясатына, режиссерлік және актерлік шеберліктері мен олқылықтарына кеңінен талдаулар жүргізген. Театрдың халыққа берер тәлімін, ұлттың рухани қажеттілігін өтеудегі мән-маңызын кәсіби тұрғыда жан-жақты саралаған.
А.Мұқанның ғылыми еңбектерін саралаған кезде бірнеше бағытта жұмыс жасағанына көз жеткіземіз. Бірінші ғылыми бағыты – Қазақстандағы опера және балет, музыкалық театрлардың шығармашылығын зерттеуге арналған. Оның «Қазақ опера театры» деген алғашқы монографиясында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының өсу жолдары, әр кезеңдегі сахналық қойылымдарын негізге ала отырып қарастырылған. Театрдың жетістігі мен кемшілігі, оның көркемдік бағыт-бағдары, кәсіби шеберліктерінің қыр-сырлары әрбір жылт еткен жаңалығы ғалымның назарынан тыс қалмаған. Ол аталмыш театрдың репертуарын, режиссурасын, актерлік өнерін саралаумен бірге, дирижерлік жұмысқа қатысты да көптеген құнды пікірлерін ортаға салды. Өйткені опералық спектакльдің көркемдік сапасына тікелей жауап беретін басты тұлғалардың бірі дирижердің әр алуан бағыттағы стильдік өзгешеліктерімен ерекшеленетін партитуралардағы мол мүмкіндікті толық пайдаланбаған жағдайда нота мәтінін жалаң орындап шығуға әкеп тірейтінін, соның нәтижесінде бірқалыпты орындаушылық басым болып кететінін кәсіби тұрғыда жазған. Композитор сомдаған бейнелер галереясының бәрін опера спектаклінің жеке және хор әншілеріне, оркестр орындау­шыларына түсіндіріп орындатып, өзіндік ой-тұжырыммен таратып жеткізу тікелей дирижер міндеті екендігін атап көрсеткен. Жеке партияны орындаушы әншімен әрбір музыкалық сөйлемді, әуен, ырғақ, либретто мәтінін жеткізудегі режиссерлік талдаулардың қандай болатынын да нақты опералық спектакльдер мысалында жазған.
Театрдағы ұрпақ алмасу үрдісінің жаңа репертуарлық саясатқа ықпалы, жаңа көркемдік бағыттағы ізденістер ғалымның «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ опера театры» атты монографиясында кеңінен зерттелді. Өмір ағымына қарай сахналық өнердің мазмұны мен сахналық бейненің және режиссерлік тәсілдерде үлкен өзгерістер болғанын осы кітаптан оқуға болады. Театр репертуарынан түспей жүріп келе жатқан «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан-Сара», «Абай», «Еңлік-Кебек», «Алпамыс», «Құрманғазы», т.б. классикалық шығармалардың тәуелсіздік жылдары қойылу жолдарының әрқилы болу себептерін кәсіби тұрғыда салыстырмалы талдаулар жасап, жылы сөзін де, кей тұстарда өткір сынын да ашық білдірген.
А.Мұқанның екінші ғылыми бағыты – драма, балалар мен жастар және қуыршақ театрларының, сонымен қоса қазақ драматургиясының мәселелеріне қатысты жазған еңбектері. Ғалымның зерттеулерінен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтардың бүкіл Қазақстан театрларына оңайға түспегенінен бастап, бүгінгі жеткен белестері мен бағындырған көркемдік деңгейін анық байқауға болады. Театр өнерінің тамыр соғысын, тірлік-тынысын, оның рухани идеологиялық ұстанымдары мен бағыт-бағдарына қатысты өзіндік ойларын батыл айтуымен ерекшеленеді. Ғалым өз зерттеулерінде пьесалардың жазылу тарихына, қойылу тәжірибесіне тоқталып жаңа бағыт, жаңа бейнелердің негізін талдап, ажыратып берген. Бүгінгі балалар мен жастар, қуыршақ театрларының көркемдік ерекшеліктерін де ғылыми тұрғыдан дәлелдейді.
Үшінші ғылыми бағыты – Алаш қайраткерлерінің қазақ кәсіби сахна өнерінің қалыптасуына сіңірген еңбектерін зерт­теуі. Ол Бағыбек Құндақбайұлы бастап берген сара жолдан таймай, халқымыздың рухани мұралары қайта қаралған бүгінгі заманда мұрағаттарда сақталған құнды деректерге сүйене отырып, қазақ театрының ақтаңдақ беттерін толықтыруға сүбелі үлес қосты. Озық ойлы ел ардақтылары: Жүсіпбек Аймауытов, Темірбек Жүргенов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Садуақасұлы, Жұмат Шанин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов, Міржақып Дулатов, Орынбек Беков, т.б. ұлттық драматургия мен театр тарихына қатысты жазған еңбектерінің мәтіндерін іріктеп, өзі құрастырып, «Қазақ театртану ғылымы. Қалыптасу кезеңі» деп аталатын жинақ шығарды. Алаш зиялыларының бұл мақалалары – отандық театртану ғылымы үшін таптырмайтын рухани қазынаға айналды.
Аға буын салған қазақ театртану ғылымы мен сынының дәстүріне сүйеніп, оның жаңа кезеңде кәсіби бағытта дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан ғалымның әрбір зерттеуінен өнерге деген сүйіспеншілік пен сыншыға тән өткірлікті байқаймыз.
Ол педагогика саласында да нәтижелі еңбегімен танылған. Тұғыры биік ұстаздың ғылыми жетекшілігімен 20-дан астам магистранттар диссертациясын қорғады. Еліміздің театрларында шығармашылықпен айналысып жүрген көптеген актерлер, режиссерлер, музыканттар Аманкелді Оразбайұлынан дәріс тыңдаса, биыл Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы шеберханасынан театртанушылар тобы оқу бітіреді.
Әріптесіміз А.Мұқан өз мамандығына шынайы берілген, маңайындағы адамдарға жақсылығын аямайтын адамгершілігі мол зиялы азамат. Оның сыпайы­лығы, іскерлігі, биік зерделік қабілеті замандастары үшін ғана емес, кейінгі жастарға да үлгі етерлік қа­сиет. Аманкелді Оразбайұлына шығармашылық табыстар тілейміз.

Бақыт НҰРПЕЙІС,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір