ЕРЛАН АҒАЙ ЖӘНЕ СТИЛИСТИКА
Жолымыз болып Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-ге оқуға түстік. Кеудемізді қуаныш кернеп, жатақхана бұйырғанына мәз болып, орналасуға жол тарттық. Алғашқы аптада бәрінде танысу, жоғарғы буыннан ақыл-кеңес сұрау болып жатыр. «Сессия», «аралық бақылау», «GPA балл», «кредиттік жүйе» деген бізге таңсық терминдерді 3-4 курс оқитын, әзір танысқан әпкелеріміз түсіндіруде. Бірде оқытушылар жайлы сөз қозғалғаны есімде. «Ерлан есімді ағай бар, 4 курсқа келгенде сабақ берсе, ұштым дей беріңдер. «Стилистика» деген пәннің оқытушысы. Ағайға түсіп қалсаңдар бәрің құлайсыңдар. Максималды баллы «60-70». Ал, әр топта 6-7 адам міндетті түрде құлайды»,- деген сөздер осы күнге дейін құлағымның түбінде қалып қоймасы бар ма?
«Ерлан ағай жатақхананы тексеруге келе жатыр. Бөлмелеріңде отырыңдар» деген бұйрық жетті. Сол сәтте бірі жақтаған, бірі даттаған оқытушыны қорқыныш сезімі толқытса да, тезірек көруге асықтық. Әне-міне дегенше, қара торы өңінен жылылықтың лебі ескен Ерлан ағай да күлімсіреп жатақханаға кіріп келді. Аспайды, саспайды. Бөлмеден орын бұйырған бірнешеуімізбен сұхбат жүргізуге кірісті. Кезек маған келгенде, құжаттарымды бір сүзіп шығып, «Қай жақтан келдің?», –деп сұрақ қойды. «Текеліден» деп жауап бергенім сол еді, «Текелі – екінші Швейцария ғой. Қай мектебінде оқыдың?» – деген сұрақтары көңілімдегі қорқынышты біршама сейілткендей болды. Жалпы адам баласы туған жерін, өскен өңірін білген адамды жақын тартады емес пе? Іштей жүрегі жылы жан екенін сезіндім.
Алып ұшып жүрген көңіліміз жастықтың жалындаған сыйына мәз. Әне-міне дегенше үш жылды артқа тастап, студенттік өмірдің бір соқпағында шиырлап келеміз. Бітіруші түлектер атанатын сәтке де жеттік. Бар мақсатымыз сүрінбей дипломды қолға алу. Кезекті таңды аттырып, кеудемізді қуаныш кернеп 425 аудиторияға кіріп келдік. Дәрісханаға оқытушының өзінен бұрын лезде дақпырты жетті. Топтағы Аружан, Назгүл, Сәуле сынды қыздарымыз «Стилистика» пәнінен Ерлан ағай дәріс оқитын болыпты», «мәссаған, құлап қалмасақ болды», «оқу енді басталды десейші» деген үндері 425 аудиторияға жиналған 4 топ студенттерінің үрейін одан әрі ұлғайтып жібергендей болды. Тобымдағы студенттердің көзіндегі қуаныштары қорқынышқа ұласып жатқанын бірден байқадым. Өз ішімде де уайым болғаны жалған емес. Бәрі маған жалт қарап, үнсіздікпен оқытушыны өзге мұғалімге ауыстыруға ықпал етуді өтінуде. Курстастарымның өтінішіне еш жауап айта алмай, үнсіз қалғаналғашқы сәтім де осы…
Студенттік шақтағы алғашқы алажаңқа ұйқы болды. «үш жыл бойы жоғары балл алып келдім, ендігі дәл 4 курсқа келгенде құлаймын ба?»- деген сансыз сұрақтар ойымды жалмауда. Ұйықтап жатсам, «стилистика, стилистика, стилистика» деген сөз ойымды он саққа жарып, бір сәтке де кетер емес. Бұрын оқуды тәмамдап кеткен студенттерден оқытушы жайлы тағы да сұрастырдық. Әдетінше, «қатал», «мінезі ауыр», «таң атқанша кітап кемірсең ғана өтесің», «оқымасаңдар құлайсыңдар» деген сөздерді ести бердік, құлағымызда жаттала берді.
Мазасыз таң атып, алғашқы дәріс сабағы да басталды-ау, ақыры. Аудиторияда құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Оқытушының сабақ өту әдісінен бейхабармыз. Бәрі бір-біріне жәутеңдеп, көз жүгіртуде. Көңіліміздегі уайымды байқады ма, әлде еркін ахуал орнатайын деді ме, бірінші сабағын өз еншісіне алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сол сабақтан бастап, оқытушыға деген, пәнге деген оң көзқарасымыз қалыптаса бастады. Сөйтсек, ұстаз қаталдығы – өз ісіне деген адалдығынан туындаған темірдей тәртіп екен. Осы сәттен бастап «Стилистика» пәнінің өзіндік мәнін, ерекшелігін, маңызын жіті түсіну барысында, жалпы тіл мәселесіне де көңіл аудара бастадық. Оқытушының бойындағы үлкен қасиеттердің бірі – тіл тазалығы. Дәлірек айтқанда, қостілділікке қарсылығы жоқ, «он тілді білсең де, мейлің», «сөйлесең, я таза қазақ тілінде сөйле, я орыс тілінде сөйле» деген берік ұстаным. Осы тұста, «қай халықтың болса да жауы – кері басқандар, шала тілді қыңырлар» деген сөз ойыма еріксіз келуде. Бұл жағдайға байланысты ойды саралап, түрлі толғамдардан ұзақ әңгіме кірістіруге болады-ақ. Алғашқыда сөздік қорымыздағы «уже», «сдача», «справка», «почта» және тағы да басқа сөздердің қазақша баламаларын айтуға барлығымыз болмаса да, біршамамыз дағдыландық. Демек, «қазақтың жауы – қазақ» болып жүрген өзіміз екен ғой. Айтпақ ойым, ой жарыстыруда емес, оқытушының ойлы тұжырымдарын ескеруімде. Яғни, пәнді оқып бастағалы бері тіл тазалығына мән беріп, шұбыртпалы сөз орамдарын естісем, назарым бірден ауатын болыпты.
Тіл мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілуіне стилистика пәнінің қатысы көп екендігін де аңғара бастадық. Қоғамдағы ауызша және жазбаша тілдегі қателіктерге бой алдыру, мәтіннің стильдік бірыңғайлығын сақтамау, тілдің көркемдеу, бейнелеу құралдарын орынды қолдана білмеу, сөздік қор, синонимдік қордың аздығы, мәтінді жалаң лепірме пафосқа құрып жазу тәрізді қателердіңорын алуы бүгінгі қазақ тілінің түрлі салада құлаш жайып қолданысқа түсе алмауына түрткі екендігін де іштей сезіне бастадық. Басқаша айтқанда, пәнді оқу барысында ұлт жастарының танымын арттырып, қазақы болмысын берік ететін негіз ұлт тілі екеніне көзіміз анық жете түсті.
Алғашқыда стилистиканың зерттеу объектісіне байланысты көптеген сұрақтарым болған-ды. Бастапқы дәрістерде «Стилистикаға фонетика мен лексиканың не қатысы бар? Фразеологиялық тіркестер, синоним, антоним, омонимдер не істеп жүр? Сонда бұл сала нені зерттейді?» деген секілді сан сұрақтар көкейімде ұдайы мазалайтын. Ал бұл сансыз сауалдардың жауабын ағайымыздан сұрауға батылым жетпей, білімсіз көрініп қалармын деп іштей толғанатынмын. Мұны білгір оқытушының өзі сезді ме екен, қайдам? Бастапқы дәріс сабақтарынан-ақ көкейіміздегі сауалдарымызға тұщымды жауабын берді.
Стилистика саласының зерттеу объектісін түсіну үшін, алдымен оның басқа пәндердің ішінде алатын орнын, маңызын зерделеп алу қажет. Тіл білімінің бұл бағытында басқа салалар секілді тек өзіне ғана тән тілдік бірліктері жоқ екендігінен бейхабар болдық. Яғни, фонетиканың объектісі – дыбыстарды, морфологияның – морфемаларын, лексикологияның негізгі объектісі –сөздерді, синтаксистің – сөз тіркестері мен сөйлемдерін, бәрін жинақтай келе зерттейтінін білдік. Стилистиканың аталған пәндерден ерекшелігі: тілдік құралдарды қолданылу аясы тұрғысынан қарастырады. Қызмет ету арқылы адамға әсер ету жағын зерделейді. Мәселен, лексикология синонимдерді жай атап қана көрсетсе, ал қайсыбір тілдік бірліктіңжағдаятқа сай қолданылатынын көрсету – стилистиканың тікелей міндеті. Яғни, синонимдердің жеке бір сыңарларының ресми іс-қағаздар мен ғылыми стиль жанрларында ғана қолданылуын кездестірсек, екі не үш синонимдік қатарлардың бірден жұмсалмайтына да семинар сабақтары барысында көзіміз әбден жетті. Тек көркем әдебиет, ауызекі сөйлеу және публицистикалық стиль түрлерінде ғана кең көлемде қолданылатыны мәлім болды. Сәби тірі әкесінің мейірімін, жылуын, тіпті өзін де көрмеген (газеттен). Яғни, әр айтар, я жазар сөзді жан-жақты саралап, ерекше реңк үстеп, толықтыра түсу мақсатында сөздік қорды орынды, нормаға сай қолдана білу керек. Пәнді оқуға дейін аталған қателіктер, мысалдарға байланысты біліміміз жетіңкіремей тұрғаны жалған емес.
Дәріс және семинар сабақтарда оқытушы айтқан мәселелерге байланысты теориялық және практикалық тәжірбиелер жүргізуге дағдылана бастадым. Жалпы адам баласының танымы мен коммуникативтік қарым-қатынасының жан-жақты дамуы тілдік бірліктерді қолдану барысында стилистикалық категорияларды жан-жақты игеруімен тығыз байланысты екен. Тілді жетік меңгермеген жағдайда стилистикалық қателерді жіберіп жатамыз. Қазақ тіл білімінің қыр-сырымен толық таныспаған жағдайда, үлкен стилистикалық қателерге кезігеміз. Мәселен, функционалды стиль нормаларын меңгермеген жағдайда да көзге түсерліктей, орынсыз қателер кездесіп жатады. Яғни, белгілі бір стильге қатысты сөздерді еш талғамсыз қолданысқа енгізу. Нақтылай түскенде, ғылыми емес мәтінде термин сөздерді орынсыз қолданып жатады: «Жазушы шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігі шебер суреттелген. Өйткені, оның бір элементі болса да шынайы өмір оқиғаларынан алынған». Бояма сөздерге асқан құмарлық болса, стилистикалық қатеге ұластырып алу қаупі жоғары. Себебі, сөз қолданысының, сөздік қордың белгілі шеңбері болады. Мысалы, «Ақындардың өлеңдерін оқыған сәтте жүрегім дүр сілкініп қана қоймай, терең меңгеріп, санамда мәңгілікке жатталады». Осы секілді стилистикалық қателер тілдің бояуына өз нұқсанын келтіретінін байқадық. Демек, артық қылам деп, тыртық қылудың еш қажеті жоқ.
Пәнді оқу барысында сөйлеу мәдениетіміздің жетілгенін байқадым. Жоғарыда атап айтқандай, түрлі тілдік бірліктерді орынды қолданумен қатар, сөздің біріңғайлығына мән берудемін. Ең алдымен стилистикалық қателерге бірден көзім түсе бастады. Пунктуациялық белгілердің қате қолданылуы, сөздердің орынсыз жұмсалуы көзге шыққан сүйелдей жаныма тыныштық бермеуде. Газет-журнал беттерінде я басы, я аяғы түсініксіз, жүйесіз сөйлемдердің легі толастап жатыр. Әлеуметтік желідегі түрлі парақша беттерін ашсақ та, жерден жеті қоян тапқандай қатеге мән берместен, түрлі ақпараттарды жариялауда. Аталған кемшін жайлар күннен-күнге көбейіп, көңілге дақ түсіруде. Яғни, қазіргі қоғам тіл тазалығына, тілдік қорға, тілдің реңкіне ерекше назар аудару қажет-ау.
«Мұғалім өз сабағын сүймесе, оған өзі сүйсіне білмесе, ол шәкірт бойында да сүйіспеншілікті дарыта алмайды» — деген педагог Ш.А.Амонашвилидің сөздері есіме түсіп тұрғаны осы сәтте. Оқытушының бойынан тілге, пәнге деген нағыз сүйіспеншілікті байқамасым бар ма? Дәрісте ешбір қағаз бетіне үңілместен, 100 минут бойы ішкі ойынан тақырыпты түсіндіргені тіптен бөлек әңгіме. Деректерді есіңде сақтап алу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Студенттердің шаршағанын байқаса, тақырыптан біршама ауытқып, қысқа да нұсқа жеңіл әзіл немесе тәрбиелік мәні терең әңгімені шертіп жіберіп, сергітіп алып, дәрісін қайта жалғастырып кетеді. Дәрісті айтып, түсіндіріп қана қоймай, дәлелдермен көрсетеді. Студенттерді де дәл соған дағдыландыруда.
Кез келген адамның тұлға болып қалыптасуына өскен ортасының тигізер ықпалы орасан зор екенін жоққа шығара алмаймыз. Дәл қазіргі сәтте бізге университет қабырғасындағы ұстаздар мен студенттер ықпал ететініне ешкім дау айта алмайды. «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»,–дейді Әлихан Бөкейханов. Қанша жерден білімді, яки ғұлама ғалым болсан да, алдына келген шәкірттерді бағындыра алмауын әбден мүмкін. Не болмаса, мінезсіз сапалы білім берілмейді. Ұстаздың сол мінезі арқылы әрбір шәкірті тапсырылғанжұмыста уақытылы жасауға, үздіксіз ізденуге, қараңғылықтан құтылып білім алуға ұмтылады. Жалпы, адам баласының мінсізі болмайды. Дегенмен, қажетімізді алып, керексіз қасиеттерді сұрыптау өз қолымызда. Оқытушының басты талабы тәртіп пен жауапкершілік болды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөздерін сабақ барысында жиі естіп отырамыз. Ағайымыздың тәлімі негізінде бойымда берілген істі уақытылы әрі иін қандыра орындау мен өз ісіне адал болу сынды екі қасиет жетіле түсті десем, асыра сілтеп айтқаным емес.
Осылайша, бірі жақтаған, бірі даттаған Ерлан Сламбекұлы Қасеновке «қорқып» жүріп жолықтық. Жоғарыда айтылған «қорқынышымыз» оқытушының ұстаздық қабілеті мен терең білімі негізінде түбегейлі сейіліп, сенім тағына бекем жайғастық. Алдағы аз уақытта осындай ардақты ұстаздарымыз берік қалаған білімін келешек ұрпаққа аманаттап беру үшін мектепке аттанамыз. Ал біздің қандай ұстаз боларымыз, шәкірттерді қалай тәрбиелейтініміз бәрі де келер уақыттың еншісінде…
Жаннұр МӘЛІК,
Абай атындағы ҚазҰПУ,
«Қазақ тілі мен әдебиеті»
мамандығының 4 курс студенті