ЖЕТІГЕН АТАУЫ ӨЗГЕРМЕСІН
22.01.2024
112
0

Елеусіз жатқан Жетіген ауылы Алатау қаласы болады деген жаңалықты естіп қуанып қалдым. Әрине, ауылдарымыздың көркейіп, дамығаны жақсы. Енді осы жерде бұрыннан аталып келе жатқан ауылдың Жетіген деген тарихи атауы кімге жақпай қалды деген ой келеді.

Кезінде бұл ауыл қалай Жетіген аталғанын білмеймін. Жетіген ұлттық аспап екені көпшілікке белгілі. Бірақ бұл ауылдың аты көнекөздердің айтуынша, жеті түрлі кеннің, байлықтың мекені деген мағынаны білдіреді екен. Қазақта, жалпы мұсылман халқында «жеті» саны қасиетті сан, қасиетті сөз болып есептеледі, қолданылады. Оған Жетіген деген музыкалық аспаптың еш қатысы жоқ.
Жердің атауы келешекке жазылып қалған хат десек болмай ма? Жеріміздің тарихи атауларын неге ойланбай өзгерте береміз? Мысалы, бұрынғы Қаскелең ауданы, қазіргі Қарасай ауданы, Қапшағай қаласы, қазіргі Қонаев қаласы деп кете береді. Енді, міне, ежелден келе жатқан ауылдың атауын Алатау қаласы деп өзгертудің кімдерге және не үшін керегі бар еді?
Анығын айтсақ, ауыл халқының жеке шаруашылықтарымен айналысуына, мал бағып, бау-бақша өсіруге мүмкіндігі мол. Ал енді қала халқы қалай күн көреді? Міне, мені осындай жағдайлар қатты ойлантады. Егер де жер-су атауларын бұрынғы қалпына келтірейік десек, айта-айта жатталып қалған Павлодар мен Петропавл қалалары әлі тұр. Ал біз елді мекендеріміздің қазақша тарихи аттарын өзгертуге неге сонша құштар болдық? Бұрынғыдай Ресеймен одақтас ел емеспіз. Қазір өз алдымызға жеке мемлекетпіз. Бізде басқа елдің не шаруасы бар?

Төлеухан БІДІРӘЛІ,
Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір