АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ АТАУЫ ЖӘНЕ ҚАЗБАДА АШЫЛҒАН БІР НЫСАН ТУРАЛЫ
18.10.2024
313
0

Ортағасырлық Ақтөбе қаласы – халқымыздың өткен тарихынан өте құнды мәлімет­тер бере алатын тамаша ескерткіш. Оны бүгінгі Атырау қаласының бастау алған мекені деп санау туралы батыл пікірлер қазіргі кез­де айтылып та, жазылып та келеді. Көнеден қалған осынау мұраны ой сүзгісіне салып зерделеу мақсатымыз өте дұрыс деп санаймын.

Голланд ғалымы Николаас Витсеннің 1692 жылғы картасының фрагменті

Ақтөбе – XIV ғасырда сол кез­дегі Жошы Ұлысының ірі қаласы болған Сарайшыққа серіктес шаһар. Екі қаланың арасы 40 шақырымдай ғана. Біздер «Отырар оазисінің мәдени мұрасы», «Түркістан оазисінің қалалары» деген атауларды естіп жүрміз ғой. Сол секілді «Сарайшық оазисінің қалалары» дейміз бе, осы өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға сондай бір жиынтық атаумен атау керек деп есептеймін. Өйткені соңғы жылдары біздер Махамбет ауданы, Атырау қаласы аумағынан осы кезеңге тән ондаған ескерткіштерді анықтадық. Соның ішінде, Жайықтың Бұқар бетіндегі Күліш керуен-сарайына жан-жақтан келіп, көне жол соқпақтары тоғысқан. Ақтөбе бағытында да Оңтүстікке бірнеше жол таралған. Ал Жайықтың арғы бетінде, Самар бетінде Сарыөзек бойында көптеген тұрақтар бар. Ішіндегі ірісі – Жорғатай тұрағы. Ол жерден біз Жәнібек ханның пұлын тапқан болатынбыз.
Қаланың неліктен Лаэти аталуы туралы айтар болсақ, осында 1975, 1977 жылдары археологиялық қазба жұмысын жүргізген мәскеулік археолог Л.Л.Галкин, XIV ғасырдағы италиялық жиһанкез­дер, ағайынды Франциско мен Доминико Пициганилердің саяхат картасынан Еділ өзенінен шығыста, Каспий теңізі жағасында орналасқан қаланың атауын Лаэти деп оқып, Ақтөбе ескерткішін осыған теңейді. Жергілікті халықтың жер атауымен Ақтөбе деп аталған көне қала орны Л.Галкин зерт­теулерінен ке­йін, Ақтөбе-Лаэти деген қос атаумен ғылыми айналымға еніп кет­ті [1]. «Лаэти» сөзінің мағынасын кейбіреулер түркі тілдеріндегі «лай» сөзімен түсіндірмекші боп, лайдан соққан қала дегенді білдіреді деп айтып жүр. Мен мұны еш негізсіз пайымдаулар деп санаймын.
Ағайынды Пициганилер картасының жасалған уақыты 1367 жыл. Олар өздерінен бұрынғы картографистердің сызбалары мен деректерін пайдаланғаны айқын. Менің ойымша, бұл картадағы қала атауын латынша «Лаэти» деп оқу қате деп есептеймін. Картадағы жазу стилі күрделі әрі өте ұсақ таңбалармен жазылған, кейбір әріп таңбаларын айыру қиын. Сонымен қатар осы қала атауы жазылған жазу үстінен 4 бірдей меридиан сызықтары қиып өткен. Бұл сөздің 1-2-әріптерін латын қарпімен «Ɩa» деп оқуға болса да, әрі қарай әріптердің таңбалануы айқын емес. Өйткені мына дыбысты білдіретін әріп деп айтуға ешқандай таңба сай келмейді. 1- «L» әрпі деген таңбамызды да меридиан сызығы жанай өткендіктен, бұл әріпте өзгеріске түскен болуы мүмкін деп ойлаймын. Ашығын айт­қанда, бұл атаудың Л.Галкин оқығандай «Лаэти» деген сөз екеніне күмәнім бар.

Атыраудағы «Ақтөбе-Лаэти» қалашығын қоршау жұмыстары аяқталды

Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Тарихи-мәдени мұраны зерт­теу орталығының тапсырысымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің бірі де бірегейі – «Ақтөбе-Лаэти» қалашығын қоршау жұмыстары жүргізілді. Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл аумақты алдағы уақыт­та ашық аспан астындағы музейге айналдыру мақсатында ғылыми жобалық-сметалық құжат­тама жасалған. Бүгінде жоба мемлекет­тік сараптамадан өтуде. Жобаға сәйкес 2018–2019 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде анықталған, көлемі 1890 шаршыметр болатын қалашықтың орнын реставрация жасап, садақ ату орнын салу жоспарланып отыр. Оған қоса жобада әкімшілік ғимарат салып, абат­тандыру жұмысын жүргізу қарастырылған.

Кешендегі жеке орналасқан ірі тандыр пештер. 2012 жыл

Енді, Л.Галкиннің бұл сөзді қайдан алғанын қарастыра отырып, 1889 жылы Ф.Чекалин деген орыс өлкетанушысының Пициганилер картасын қайта салып шыққан суретіне кез болдық. Ол картадағы топономикалық атауларды жазғанда, осы қала атауын латынша «jaiete» (джайет) деп жазған. Л.Галкин «Лаэти» атауын Ф.Чекалин салған картамен салыстыра отырып алуы мүмкін. Бірақ Ф.Чекалин жазған «джайет» немесе «иайете» сөзін неге «Лаэти»деп өзгерткені түсініксіздеу.
Тағы бір мәскеулік тарихшы-ғалым В.Л.Егоров өзінің 1985 жылы баспадан шыққан «Историческая география Золотой Орды в XIII-XIV вв.» ат­ты еңбегінде Пициганилер картасындағы осы қала атауын «Лайете» деп жазған [2].
Осы мәлімет­терді сараптай келіп, Пициганилер картасындағы қала атауын қайта оқып көру туралы шешімге келдік. Сондықтан бұл атауды латынша «Iaeich» немесе «Jaeich» деп оқу дұрысырақ екеніне сеніміміз мол, яғни қала атауы Иаейх немесе Джаейх деп жазылған. Ал қазақ тілінде Ақтөбе-Лаэти ескерткішін Жайық қаласы деп атауды ұсынамын. Бұл Ф.Чекалиннің картасындағы «jaiete» (джайет) атауына жақынырақ келеді. Фра Мауроның картасында Сарайшық қаласы маңындағы өзен атауын «flu iaincho» Иайнхо өзені деп белгілеген, яғни Жайық атауы еуропалықтарға XIII ғасырда белгілі болған.
Голланд ғалымы, картограф Николаас Витсеннің 1692 жылғы «Северная и Восточная Тартария» ат­ты еңбегінде жариялаған картада Жайық өзенінің шығыс бетінде, қазіргі Ақтөбе-Лаэти қаласы ескерткішінің орнында «Iaick» (Иайк) қаласы белгіленген. Сонымен бірге Serachick (Сарайшық) қаласының орны көрсетілген. Н.Витсеннің еңбегімен жоғарыдағы мәскеулік екі ғалым өткен ғасырдың 70-80 жылдары таныс болмауы мүмкін. Өйткені қалың көпшілікке Н.Витсеннің еңбегі 300 жылдай жоғалып кетіп, 1967 жылдары Еуропада жарыққа шығарылды, ал орыс тілінде 2010 жылы ғана жарияланған екен. Осы картадағы қалаларды: «Serachick» – Сарайшық деп, «Iaick» – Жайық, яғни Ақтөбе ескерткіші деп пайымдауға болады.
Ресми тарих қазіргі Атырау қаласының бастауын 1640 жылдан есептеп келеді. Орыс көпесі Гурий Назарьев бос жатқан осы жерге келіп қоныстанып, балық өндірісін ұйымдастырды деп санайды. Олар қаланы «Жайық қалашығы» деп атаған. Бұл келімсектердің жергілікті атауды жайдан-жай алмағанын көрсетеді әрі өз кәсіптерін бос тұрған жерге орналастырмаған, жергілікті халықтың көне қаласының маңына қоныс теуіп, осы жердің тұрғындарымен араласып, сауда-сат­тық, т.б. өзара байланыстарды өрістет­ті. Кәсіпшілігін де сол қаланың атауымен атағаны сөзсіз. Өздеріне күнделікті керек-жарақты да осы жердің адамдарынан, елді мекен тұрғындарынан айырбас саудамен алып отырған. Т.ғ.д. Әбілсейіт Мұқтар «Атырау қаласының тарихы 1640 жылдан бастала ма?» ат­ты мақаласында «…орыс патшасының Қазақстанды отарлауы барысында Атырау қаласы Жайық – Төменгі Жайық – Тас Жайық – Усть-Яицк – Гурьев қалашығы болып өзгертіледі» деп жазды [3]. Меніңше, Ақтөбе-Лаэти атауын Иаейх немесе Джаейх­пен (Жайықпен) байланыстыра қайта қарау керек деп ойлпаймын.
2012 жылы Ақтөбе қаласының қазбасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студент­тері практикалық жұмыс жүргізген болатын. Сол кез­де екі шағын қазба қазылды. Бірінші қазба көлемі 14х10 м шамасында, онда қаланың тұрғын үйлерінен 4 бөлме ашылды. Екінші қазбаның көлемі 6×10 м шамада, мұнда бір бөлмеде бірнеше тандыр пештен тұратын кешен ашылды, яғни көлемі 3,45×2,10 м, биіктігі 45 см болатын суфада төрт-төрт­тен екі қатар, 8 тандыр пеш орналасқан екен. Пештердің бәрі екі қатардың ортасымен жүргізіліп, бір арналы канға қосылған. Пештердің ауыз қуыстары батыс және шығыс бағытқа қараған. Тандыр диаметрлері 40-50 см. Кан солтүстік бағытқа созылып қабырғаға орнатылған тік мұржамен аяқталады. Канның ұзындығы – 3 м, ені – 25 см.
Осы пештерден тұратын кешеннің оңтүстік-шығысында бөлме бұрышы маңынан еден деңге­йінен қазылған дөңгелек келген шұңқыр анықталды. Бұл диа­метрі 130 см болатын шұңқырды тазалап қазған кез­де, 10 см тереңдікте ірі тандыр пеш анықталды. Тандырдың диаметрі 80 см болды, тереңдігі 115 см. Бұл ірі тандырдың қабырғасын шикі кірпіштен қалаған. Кірпіштердің көлемі 38×21×12 см. Тандырдың ішін тазалағанда күлге толы болды, яғни ұзақ уақыт пайдаланып, от жағылған.
Бұған қоса бөлменің солтүстік-шығыс бұрышында тағы бір тандыр пеш орналасқан, оның диаметрі 60 см. Пештің ауыз қуысы оңтүстікке қараған. Бұл пештің түтін жолы сол бұрышта орналасқан тік мұржа арқылы шығып кететін болса керек.
Бір бөлмеде әртүрлі көлемдегі тандыр пештердің (жалпы саны 10) көп орналасқанына қарағанда, бұл бөлме наубайхана ретінде қызмет атқарған секілді. Демек, қала халқы нанды өз үйінен ғана пісірмеген, қалада нан сататын наубайхана, т.б. кәсіпшіліктер болған, яғни күнделікті нанға сұраныс болған. Мүмкін балықшылар, егіншілер, т.б. ұзақ жолға, қашыққа барып еңбек ететіндер алып тұрған болуы тиіс.
Қорытындылай келе, Ақтөбе қаласы Сарайшық оазисі мәдениетіндегі маңызды ескерткіш боп саналады, бүгінгі Атырау қаласының бастауында тұрған елді мекен ретінде қалыптасқан.

Айбек Тұрарұлы
«Сарайшық» Мемлекет­тік
тарихи-мәдени музей-қорығының
бас инспекторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір