БІР СУРЕТ ПЕН БІР МАҚАЛА ЖАЙЫНДА
Биыл қазақ халқының тарихында орны бөлек 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы ғой. Соған орай ойда жүрген бір жайтты жазғым келіп, біраз әдебиет ақтарғаным бар еді. Сонда халқымыздың тарихына қатысты «бұл қалай?» деп таңғалатындай, тіпті «мынау масқара ғой!» деп ренжитіндей оғаш нәрселер де кезікті. «Осындайлардан арыла бермесек, тазара бермесек, кейінгі ұрпақ оны жаңсақ қабылдап қалады ғой» деген ой келіп, солардың бір-екеуін жұртқа жариялауды жөн көрдім.
Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
тұңғыш қазақ энциклопедияшыларының бірі
1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы Ұлт-азаттық көтеріліс патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған еді ғой. Петербургтегі орталық үкімет оны жан-жақты талдай келіп, көтерілістің аса қауіпті өңірі Түркістан өлкесі, оның ішінде, әсіресе, Қытаймен шектесіп жатқан Жетісу облысы деп тауып, ондағы көтерілісті тез арада қанға бояп басудың стратегиялық жоспарын жасады. Ол жоспарда Жетісу облысын барлық жағынан қоршап, көтерілісті тез арада тұншықтыру; ол үшін күшті қаруланып, арнайы жасақталған «жазалаушы» отрядтар жіберу; жергілікті казак-орыстар мен қоныстанушы мұжықтарды мобилизациялап, бұратаналарды аяусыз жазалау мен талап-тонауға барынша пайдалану; көтерілісті жаныштап басқан соң, байлығы мол, шұрайлы да көрікті жерлерді бұратаналардан тазартып, тек қана орыстар тұратын мекенге айналдыру және басқа мәселелер белгіленді.
Осы стратегиялық жоспарды жүзеге асыру сол кездегі Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан, Закаспий облыстары қарайтын Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы әрі әскери қолбасшысы А.Н.Куропаткин мен Аягөз, Қапал, Лепсі, Жаркент, Пржевальск (Қарақол), Верный (Алматы), Пішпек уездері қарайтын Жетісу облысының генерал-губернаторы әрі Жетісу казак-орыс әскерінің атаманы И.А. Фольбаумға жүктелді.
Өлке мен облыстың бар билігін уыстарында ұстаған бұл самодержавие қолшоқпарлары стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға жандарын сала кірісті. Тамыздың 14-інде Жетісу облысында, 24-інде бүкіл Түркістан өлкесінде төтенше әскери жағдай жариялады. Ерекше құқылы әскери дала соттарын құрды. Жер-жерде мұздай қаруланған «жазалаушы» отрядтар жасақтады. Жергілікті казак-орыстар мен қоныстанушы мұжықтарды мобилизациялады. Сөйтіп, Жетісудағы көтерілісті тез арада аяусыз басуға адам саны 30 мыңдай «жазалаушы» күш жұмылдырылды.
Түркістан өлкесінің губернаторы әрі әскери қолбасшысы Куропаткин жер-жерге аттанатын «жазалаушы» отрядтарға: «Бұзақыларға қарсы шешуші және ешқандай жас, жыныс ерекшелігіне қарамай аяусыз жазалау жүргізілсін!» деген қанды бұйрық берді. Мұнысы көтеріліске шыққан бодан халықты еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін ештеңесін қалдырмай қырып-жой деген геноцидтік бұйрық еді. Олар оны одан да асыра орындады. Жетісу облысынан 420 мыңдай қазақ, қырғызды зеңбірекпен атқылап, Қытайға босып кетуге мәжбүр етті. Тау-тасқа тығылған кемпір-шал, бала-шаға, бейбіт халықты қынадай қырды, мал-мүлкін тонады, үйлерін өртеді. Қолына түскен қазақ, қырғыз, ұйғыр, дүнгенді кез келген жерде атып кете берді.
Жетісу көтерілісі бәсеңдеп, басылуға айналған шақта Куропаткин Ташкенттен Алматыға келді. 16 қазан күні өзі төрағалық етіп, облыс губернаторы Фольбаумды және облыстың қазына, жер, жерге орналастыру, көші-қон, әскери басқарма, тағы басқа басшыларын қатыстыра отырып үлкен кеңес өткізді. Ол кеңес қорытындысында Куропаткин: «орыс солдатының қаны тамған жердің бәрі қазақ, қырғыздардан тартып алынсын!» деп жарлық берді. Жаркент уезінің Албандар мекен еткен Кеген жазығы, Текес, Шәлкөдесу аңғары, Қарқара өңірі; Пржевальск, Пішпек уездеріндегі Ыстықкөл жағалауы мен Кебен, Шу жазығының бөліктері қазақ-қырғыздан тазартылсын; бұл жерлерде тек қана орыстар тұратын ерекше Пржевальск уезі құрылсын, ол екі приставқа бөлінетін болсын деп бұйырды.
Куропаткин Түркістан өлкесін бас-аяғы 6-7 ай ғана биледі. Осы уақыт ішінде 347 адамды дарға асуға қол қойыпты, 3000-нан астам адам көтеріліске қатысқаны үшін түрлі жазаға тартылыпты. Ал оның «…жас, жыныс ерекшелігіне қарамай аяусыз жазалау жүргізілсін!» деген бұйрығымен сотсыз, тергеусіз қырылған бейбіт халық мыңдап саналады.
Осы Куропаткин орыс энциклопедияларына енген екен. Онда «Орыс әскери қайраткері, инфантерия генералы» деген анықтама беріліпті. Бірнеше жыл Ресейдің әскери министрі болыпты. Орыс-жапон соғысында ондағы барлық қарулы күштерді басқарған екен, бірақ жеңіліске ұшырап, дарынсыз, жігерсіздігімен көрініпті. Бірінші дүниежүзілік соғыста біраз уақыт Солтүстік майданды басқарып, онда да сәтсіздікке ұшырапты. Одан кейін, 1916 жылдың шілде айынан бастап Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы әрі әскери қолбасшысы болып, ондағы көтерілісті басуға басшылық еткені айтылыпты. Уақытша үкіметтің рақымшылық жасауымен 1917 жылдың мамыр айынан өмірінің соңына дейін Псков губерниясындағы өз имениесінде тұрыпты.
Кеңес дәуірінде, 1968–78 жылдары шыққан 12 томдық тұңғыш қазақ энциклопедиясы Қазақстанға, қазақ халқына жаулығынан басқа ештеңесі болмаған патша үкіметінің бұл қолшоқпарын энциклопедияға енгізген жоқ еді. Ал тәуелсіз елімізде шыққан «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында оған «жоқтаушы» табылып, арнайы мақала беріпті. Не үшін берді!? Берген екен, ол адамның қазақ халқы мен Орта Азия халықтарына жасаған қиянатын, шовинистік, геноцидтік бет-бейнесін ашып беруі керек еді ғой. Жоқ, олай етпейді. Орыс энциклопедиясындағы мақаланы қайталап, солардың тұрғысынан жауырды жаба тоқиды. Онымен қоймай, орыс энциклопедиясын өзінше «толықтырып»: «Куропаткин Қазақстанның тарихына, сауда қатынасына, географиясына қатысты бірнеше еңбек жазды» деп (5-т., 101-б.), оны қандай пиғылмен жазғанына қарамастан, Қазақстанға еңбек сіңірген, жақсылық жасаған адам етіп көрсетеді, бүйрегі бұрып, іш тартады. Өкінішті-ақ!
* * *
Бірде 2004 жылы шыққан «Жетісу» энциклопедиясын ашып отырып, 312-бетте тұрған бір әскери адамның суретіне көзім түсті. Басы жалаңбас, мойынында крест, омырауы толған орден-медаль, патшалық Ресейдің генерал мундирін киген. Сурет «Жетісу казак-орыстары» деген мақаланы елден ерекше айшықтап, сәндеу үшін берілген екен. Мақала көлемінің үштен бір бөлігін алып тұр. Осынша әспеттелген бұл адам кім болды екен деп сурет астындағы жазуға қарадым: «И.А.Фольбаум. Жетісу казак-орыс әскерінің атаманы» деп жазылыпты. Жетісудағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске байланысты бұл атаманның кім екенін білетін едім. «Әке-ау, бұл қалай болғаны!?» деп таңғалдым.
Оның әлгі суретін халқымыздың осы кітапқа енген бірнеше ардақты ұлдарының суреттерімен салыстырып көрдім. Жетісу Ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Тоқаш Бокиннің суреті (214-б.) мен Қарқара-Албан көтерілісі басшыларының бірі Ұзақ батырдың суретінен (606-б.) екі еседей; мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың суреті (517-б.) мен халқымыздың мақтанышы Шоқан Уәлихановтың суретінен (602-б.) бір жарым еседей үлкен екен. Патша үкіметінің қолшоқпары болған казак-орыс атаманының халқымыздың аты аталған перзенттерінен де артық әспеттелгеніне іштей ренжіп, «масқара-ай!» дедім.
Енді оның Жетісу көтерілісін басудағы бейбіт халыққа жасаған қырғын-қиянаттарын айтпай-ақ, мұрағаттарда жатқан бұйрық-жарлықтарынан үзінді келтірейік.
1916 жылдың 14 тамызында уезд бастығына берген бір жарлығында былай депті: «Верный уезінде алғаш бас көтергендердің бірі Ботбай болысы болатын. 10 тамызда хорунжий Александров өзінің қоластындағы жүздігімен барып, осы болыстың үш ауылындағы адамдарды түп-тұқиянын қалдырмай түгел қырды, үйлерін өртеді, малдарын айдап әкетті… Бұларды осылайша тәубеге келтіру керек!».
1916 жылдың 13 қыркүйегінде Лепсі уезінің бастығына жолдаған жеделхатында: «Біздің әскерлер мен қарулы переселендерге мынаны жеткізіңіз: көтерілісті тез басудың бір ғана жолы бар. Ол – басқаларға сабақ болу үшін бүлік шығарған бірер болыстың бірнеше жүз адамын бірден қырып тастау», – дейді.
Бакуревич деген «жазалаушы» отряд бастығына берген бұйрығында: «Жолдарыңда кездестірген киргиздардың (қазақтардың) бәрінің көзін құрта беріңдер, ешқандай аяушылық болмасын!» депті.
«Жазалаушы» отрядтардың бастықтарына жіберген бір жеделхатында былай деп бұйырады: «Қазақтардың аз ғана болса да тобын көрсеңдер, бүлікшілер деп санаңдар да, аяусыз жазалаңдар. Қолға түскендерін әскери сотқа тартып, дереу дарға асыңдар… Аяушылық деген болмасын!».
Сондай-ақ, Фольбаум 1916 жылғы Жетісу Ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі Тоқаш Бокинді тұтқындау немесе өлтіру жөнінде полицияға тапсырма беріпті.
Жетісудағы көтеріліс басшыларының бірі Бекболат Әшекеевті дарға асуға бұйырған да осы атаман.
Міне, «Жетісу» энциклопедиясында суреті елден ерекше әспеттеліп берілген Фольбаумның шынайы бет-бейнесі осындай.
Ресейде царизмді жойған 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Куропаткин Ташкентте тұтқындалған екен, бірақ Уақытша үкімет оны қайта босатып жіберіпті. Ал Фольбаумды тағдыр Ақпан төңкерісіне жеткізбей-ақ жазалапты. Ол бейбіт халықты қырғынға ұшыратқан бұйрық-жарлықтарын асқан ерлікке, қырандыққа балап, өзінің сол кезде неміспен соғысып жатқан орысқа жат көрінетін аты-жөнін «Соколов-Соколинский» деп өзгерткен екен, бірақ оның «қызығын» көре алмай, 1916 жылы қазан айының аяғында өз ажалынан ана дүниеге аттанып кетіпті.
Халқымыздың осындай қас дұшпандарын қастерлі кітап – энциклопедияға енгізу, енгізіп қана қоймай, ептеп дәріптеу, суретін ерекше әспеттеп беру нені көрсетеді?
Энциклопедия көптеген адамның қатысуымен шығатын ұжымдық еңбек қой. Жоғарыда біз тілге тиек еткен екі нәрсеге солардың бірде-бірінің мән бермеуі біздің 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске қатысты тарихымызды онша жақсы білмейтінімізді көрсетеді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытауда берген сұхбатында «…үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек… Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр», – деп, тарихымызды білуге үндегені есімізде.
Халқымыздың сан ғасырлық Ұлт-азаттық көтерілістерінің ең биік шыңы болған 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығын атап өту Елбасымыздың үндеуіне үн қосып, сол бір қаһарлы жылдың қатпарлы тарихын білуге қызмет етсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.