ТУҒАН ЖЕРГЕ КӨЛЕҢКЕСІН ТҮСІРГІСІ КЕЛМЕГЕН АҚЫН
02.04.2026
47
0

Ақын әлемі – тылсым әлем. Оны танып-білуге түйсік, білім және өмірлік тәжірибе қажет. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Салтанат Айбергенова «Ақиқат» журналында (2012) жарық көрген «Әкемнің өлеңдері туралы үзік сыр» атты мақаласында: «Әкемнің көзі тірісінде пышақтың жүзіндей ғана екі кітабы – «Арман сапары» мен «Өмірге саяхаты» жарық көріп, өзі баспаға дайындап кеткен үшінші кітабы «Құмдағы мұнаралар» дүниеден өткеннен кейін ғана шықты. Әкемнің өмірі қалай шорт үзілсе, дарыны да орта жолда дәл солай үзілген іспетті. Менің әкем өлең жазғанда күй таңдамайды, ойына өлең оралды болды сол жерде, сол заматта қағазға түсіреді екен. Оған куә біздің үйде әкемнің қолжазбаларының ішінде үлкен-үлкен плакаттардың қиындыларында жазылған, театр афишаларының бос жерлеріне жазылған өлеңдер бар. Әкемнің бар әңгімесі өлеңге барып тіреледі екен. Ақын түгілі өлең түсінетін адам көрсе айырылмай, сол адамды үйге әкеліп жағдай жасап, ал өлең түсінетін үш адамның басы қосылған жерді поэзия кешіне айналдырып, өзі содан үлкен ләззат алып, таң атқанша өлең оқудан шаршамайды екен», – дейді. Осыған орай айтулы ақынның өмірі мен шығармашылығы, әкеге деген сағыныш жайында Салтанат Төлегенқызын әңгімеге тартқан едік.

 

– Төлеген Айбергенов 1967 жылы небары 30 жасында дүниеден өтті. Сол кездері сіз 6-7 жастағы өрімдей қызсыз. 2020 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Сағынышым – әкем» деген ретро-хатыңыз жарық көрген болатын. Міне, содан бері 6 жыл өтіпті. Әкеңізге деген ендігі сарыкөбелек сағынышыңызды қалай білдірер едіңіз?

– Әкеге деген сағыныш – ешқашан толастамайтын дүние, әрбір адамға тән табиғи қасиет. Сол хатымның жарық көргеніне 6 жыл өткен екен, расында да. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Ковид індеті талантты ақын-жазушы, композитор, суретші, ғалым, мүсінші, жалпы зиялы қауым өкілдерін, жақындарымызды арамыздан алып кетті. Бұл жағдай бір-бірімізді бағалау керегін, бір-бірімізге адамгершілікпен қарау керегін ұғындырғандай болды. Ғажа­йып ақын Бауыржан Бабажанұлының 55 жылдығына орай 2025 жылы мамырда Қарақалпақстанда ұйымдастырылған шара аясында Нүкістегі «Сорша» зиратына («Шорчо баба») барып, әкемізге Құран бағыштадық. Бауыржанның мерейтойына жан-жақтан жиналған барша қауым әкемнің басына бірге барды, барлығы 30–40 адам. Бәрі – қазақтың беткеұстар азаматтары. Атап айтсақ, түйе шаруашылығын Гиннестер кітабына енгізген Сыдық Давлетов жұбайы Шәрипамен, «Алматы метроқұрылыс» АК директоры кеңесінің төрағасы, «Мейі­рім мекені» атты жобамен үйсіз жүрген жандарға қамқор болып, ақысыз үй беріп жүрген кәсіпкер Қайрат Реймов, Қазақстанды әлемге танытып жүрген Димаш баламыздың ата-анасы, өздері де керемет әншілер Қанат пен Света, қазақтың маңдайалды режиссерлерінің бірі Асхат Маемиров жұбайы Нұргүлмен, керемет жыршы Аманқос Садықов,  ақын Ербол Алшынбай, белгілі актер, режиссер, анығы бесаспап Орал Қосай Байсеңгір, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Естай Сисенов, Қаскелең аудандық сотының төрағасы Димаш Адайбаев, осы шараның өтуіне бастан-аяқ атсалысқан Қуатбек Хайроллаев бастаған кәсіпкерлер; Данабек Жұманиязов жұбайы Махаббатпен, Талғат, Әсет, Рахмет жары Бота, Нұрланның жары Райхан, Омардың жары Қаршыға, Жандос, Қуатбектің жары Зәуре және менің сіңілім Махаббат. Қабір басында жарыса әкемнің өлеңдері оқылды. Өз өлеңінен әкемнің өлеңін көбірек жатқа білетін Баукең тебіреніп тұрып поэзия сағатын өткізгендей болды. Басқа кезде әкемнің қабірінен жылап қайтатын біз, бұл ретте көңіліміз толып, жақсы әсермен қоштасып қайттық. Бұл ‒ көңілімізге медеу болған дүние еді. Ол қорымда қарақалпақтың небір мықты тұлғалары жерленген. Мәселен, кіреберіс жерінде Қарақалпақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының сөзін жазған атақты ақын, Өзбекстан Қаһарманы, драматург, ұстаз, Қарақалпақстан және Өзбекстан елдеріне ортақ ақын Ыбырайым Юсупов жатыр. Біз ең бірінші Құранды осы кісіге бағыштадық. Жаны жайсаң Розалинда жеңгем өмірден өтіп, қайғырып жүргенмін. Әкеме Құран бағыштаған соң жеңілдеп, жақсы боп қалдым. Нүкістен тоқсан шақырымға жуық жердегі Қоңырат қалашығында Айберген атамыздың, Жібек әжеміздің, Ақсұлу апамыздың басына бардық, ас бердік, дұға еттік.
– Төлеген Айбергенов – тек қазаққа ғана емес, тұтас түркі жұртына ортақ, әлемдік деңгейдегі ақын. Атамыздың мұрасы түгенделіп болды ма, әлде жарық көрмеген, ел білмейтін тағы басқа материалдары бар ма екен?
– Менің лабораториямда ел білмейтін материал санаулы ғана дер едім. Әкем жөніндегі «Тоғысқан тағдырлар» деген кітабымда әкем, анам, айналасы жөнінде біраз айтқанмын. Бұл кітап мемлекеттік тапсырыспен шықты. Осы кітап Бауыржан Жақып күйеубаламның көмегімен, баспагер, кәсіпкер Махмұт Қосмамбеттің жәрдемімен қарақалпақ тілінде «Тутасқан тағдирлер» деген атпен жарық көрді. Сонан соң анам – Үрниса Оспанқызы туралы «Ақын жары» атты кітап жаздым. Әкемізден айырылғанда мен жеті, Махаббат бес, Дәурен үш жаста болатын. Айнар мен Құсни сегіз-ақ айлық еді. Анам әкемнің әр жазған дүниесін шашау шығармай жинап жүрді. Кейіндері баспалардың табалдырығын тоздырған табандылығы арқасында Төлеген Айбергеновтің жинақтары, кітаптары жарық көрді. Сонан соң Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Бауыржан Жақыптың жәрдемімен «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан әкемнің төрт томдығы (бір томында ақынның жырлары, ал қалған үшеуінде аудармалары, ол туралы естеліктер, сын мақалалар, рецензиялар, очерктер, арнау өлеңдер топтастырылған) жарияланды. Әкем бір жылдары Сәкен Сейфуллин туралы жазылған мақалаларды үлкен папка етіп жинаған екен. Бір дүние жазу ойында болған шығар. Сондай-ақ аздаған аяқталмай қалған прозалық шығармалары және фельетондары бар.
– Еңбек жолын мектептегі ұстаздықтан бастаған ақын Төлеген Айбергенов әке ретінде қандай болды?
– Маған бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Қазақтың салты ғой, әжемнің еншісіндегі қыз едім. Бірақ ол кісі менің төрт жасымда дүние салды да, әкемнің қамқорлығында болдым. Әкем мені қат­ты еркелетіп отыратын. Ол кісі мен үшін заңғар тау боп көрінетін. Біз Алматыға көшіп келгенде, қаланың жеті пайызы ғана қазақ еді. Ал басым бөлігі орыстар, сонан соң өзге ұлт өкілдері. Бала кезде далаға ойнауға шыққанда орыстың балалары Дәурен екеумізді мұрнымыздан бір ұрып, үйге қуып тығатын. Біз болсақ үйге жылап кіретінбіз. Неге екенін білмеймін, сол уақытта орыстың балалары қатыгездеу-тін. Сонда әкем табаққа (біз леген дейміз) кәмпит, пішінә салып, есіктің алдына шығып, орысшалап: «Балаларыммен бірге тату-тәтті ойнаңдар. Жылатпаңдар!» – деп қолындағысын таратып беретін. Әлгілер таласып-тармасып бәрін жеп алған соң, мұрнымыздан тағы да қойып-қойып қалады. Әкеміз дүние салғанда өң мен түс арасындағы бір түсініксіз жағдайға тап болдық. Сонда анам: «Әкелерің алыста қалды. Жақында пойызбен келеді», – деп алдарқататын. Біз Абай мен Байсейітов көшелерінің қиылысында тұратынбыз. Ол кездері Алатау поселкісі делінетін. Сәтбаев көшесіне жақындау орналасқанбыз. Қаланың кіреберісі саналатын. Қазір ол жақ орталық. Сонда тұрғанымызда, аяулы әкеміз Қарақалпақстанға іссапармен барғанда бақилық болды. Өзің атап өткендей, ол кісі мектепте мұғалім болып бастады, мектеп директоры қызметін атқарды. Бірақ шығармашылықты бәрінен жоғары қойды.
– Сіз – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, әдебиеттанушы-ғалымсыз, айбергеновтанудың бастауында тұрған зерттеушісіз, айтулы ақынның жоқтаушысысыз, ұлағатты ұстазсыз. Осы ретте мынандай сұрақ қойсам, бұл өзіме де, өзгеге де қызық болады деп ойлаймын. Оған сізден артық жауап беретін адам аз шығар, сірә. Төлеген Айбергенов поэзиясының феномені неде? Мәселен, әдебиеттанушы Әділбек Өмірзақов 2018 жылы «Аbai.kz» порталында жариялаған мақаласында «18 буынды өлеңді жазу тек Төлегеннің қолынан келуші еді…» деп жазған екен…
– Иә, дұрыс, бірақ ертеректе, бізге аға болған, қамқор болған, ұстаз болған филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» атты еңбегінде: «Қазақ поэзиясына 18 буынды өлеңді әкелген ‒ Төлеген Айбергенов» деген сыңайдағы жан-жақты талдау жасаған. Бұл тәсілге қарсы шыққандар да болды.
Аруана жаудың қолына түссе ботасын
шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа
бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен
моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып, –
деп басталатын «Аруана – бауыр дүние» өлеңі көптің талқысына түсті. 18 буынды 9 буынға немесе 3, 4 буынға бөліп тастаса да болады деген пікірлер айтылды. Мен әдебиетші ретінде айтарым, егер 18 буынды солай бөліп жіберсе, онда ой желісі оқырманға үзіліп-үзіліп жетер еді. Егер «аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп» дегенді толық оқысаңыз, көз алдыңызға сурет елестейді. Көркемдік дегеніміз, образ дегеніміз сол. Бұл – ақынның жаңалығы және шеберлігі. «Төлеген Айбергенов поэзиясының феномені неде?» деген сұраққа әкемнің қай өлеңін алсаңыз да сағынышқа барып тіреледі, себебі өзінің тұла бойы сол сағыныштан тұрды деп жауап берем.
Сағынбай барсаң таулар да сенің
алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау
кеткен екен деп тас қаптап…
Үмітке толы, арманға толы
әр жерде бір түп қарағай,
Сағынбай жүрсе, қалуы
мүмкін жамырасуға да жарамай.
Биікте тұрған таулар да мынау
нұрына таңның боялған,
Сені мен менің ғасырлап күткен
сағынышымнан оянған.
Балалар бізді сағынған, жаным,
арманның аңсап биігін,
Әжелер бізді сағынған, жаным,
талдырып асқар иығын, –
деп келетін «Сағыныш» (Мұхтар Шахановқа) атты өлеңінде терең мән бар. Себебі, ақынның пайымдауында «жақсы, таза адам ғана сағынады» деген идея жатқандай. Атажұртымыз – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы (бұрынғы Табын ауданы. Руымыз – Табын Кіші жүз). Сонда ата-бабамыздың зираты жатыр. Олар сол бір қиын-қыстау заманда Қарақалпақстанға бет алған ғой. Сонда барған соң әкем дүние есігін ашқан. Өзбек болсын, қарақалпақ болсын ‒ түркі жұртынан ғой. Десек те әкеміз өз ортасын, өз үйірін, өз қазағын сағынды, іздеді. Қазақстанға жеткісі келді, аңсады, армандады. Ақынның «Туған жер», «Атамекен» деген өлеңдері сол сағыныштан туған. Қазақстанға келген соң «Кегейлі дәптерінен», «Арал жырлары» деген топтамалар туды. Бұл Қарақалпақстанға деген, елге деген сағыныш еді. Әкеміз «Туған жер» атты өлеңінде былай деп жырлайды:
Қызарып мәңгі қалсын деп,
Қырыңнан гүл де үзбедім мен…
…Далаңның тербеп өскені,
Қызғыштай шыр айналдым кеп.
Толқып бір көл де кешпедім,
Тұнығын лайлармын деп.
«Бағың боп естілермін де,
Сорың боп естілмеспін мен» –
деп аяқтайды, туындысын. Төлеген Айбергенов – өзінің туған жерінің, елінің бағы болуды армандаған адам.
– Төлеген Айбергенов – классик, сыршыл, лирик. Оның көпшілік біле бермейтін қандай ерекшелігін айтар едіңіз?
– Халық ол жағынан хабардар ма, жоқ па, білмедім. Ол кісі бетің бар, жүзің бар деп қаймықпай айтатын өте шыншыл, бірбеткей, турашыл болған екен. Бұл ерекшелік поэзиясынан да мөлдіреп көрініп тұрады. Өлеңге адал болу – оңай шаруа емес. Сонан соң, досқа бай, ал сараңдыққа қаны қас кісі еді. Бір қылығы ұнамай қалса, екінші қайырылмайды екен. Үш әпкесі, екі анасы, бір әжесі болыпты. Өте ерке боп өскен. Тоқалдан туса да, бәйбіше бағып-қаққан. Әкеміз біреудің сөзін басынан асырмаған-ды. Үйдің шаруасына аса қырсыз, алайда өте таза жүретін, әсемдікке жаны құмар, кірпияз кісі болыпты. Анам: «Бір жаққа шығарда мен айнаға көп қарамаймын, ал әкең сәнденіп, үсті-басын ретке келтіріп, соның алдынан шықпайтын», – деп айтып отырушы еді. Бұл жөнінде менің «Алтын қанжарымда» жан-жақты айтылған-ды.
– Мен Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалағаш ауылының тумасымын. Сонда, нағашы әжем Беделхан Нүсіпқожақызы немелеріне газет-журнал қиындыларынан Абай, Шәкәрім, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, т.б. ақындардың өлеңдерін оқып беретін, жат­тататын. Солардың ішінде айтөбелденіп Т.Айбергенов те болды. Бүгіндері әдебиетке жаңадан қадам басқан жас әдебиетшіге қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Бұл сұраққа сіздің әжеңізден үлгі алсын дер ем. Балаларын, немерелерін әдебиетке, руханиятқа баулитын осындай адам көп болса, онда қоғамның ой-санасы да өзгерер еді. Себебі әдебиет адамзатты тек жақсылыққа, ізгілікке ғана тәрбиелейді. Анам төсек тартып жатып қалғанда, ол кісіге киоскіден күнде газет-журнал әкелем, өте көп оқитын. Тоқсаныншы жылдардың аяғы, екі мыңыншы жылдардың басында басылымдарды жаздыртып алу қиын, өйткені жетпей қалады. Анамның бір жақсы әдеті бар еді. Газет-журнал қиындыларын 3 топқа бөліп, реттеп салып қоятын. «Мына 3-топтағыларды оқымай-ақ қойсаң да болады. Бұл саған аса қажет емес. 2-топтағыларға көз қиығыңды бір сап өт. Ал 1-топтағыларды толық оқып шығуың керек», – деп отыратын. Анамның айтқанын екі етпей, танысып шығуға тырысатынмын. Жастарға айтарым, өте көп оқу керек. Өзіңе дейінгіні де, өз қатарыңды да, өзіңнен кейінгіні де білгенің жөн. Сонда ғана көп дүниені көкейге түйіп, сараптай аласың. Әдебиетші әркез даму, өсу үстінде болуы керек. Мен – жеті жылдан бері құрметті еңбек демалысындағы адаммын. Алайда кітаптан қол үзгемін жоқ. Оқылмай қалған кітаптарға ден қоямын я болмаса, бұрындары оқылғандарын қайта шолып шығамын. Көбіне, жас әдебиетшілер не жазып жүр екен деп қызыға қараймын, бүгінгі әдеби үрдісті білу үшін. Біздің кезімізде талап өте күшті болды. Әр семестрде отыз-қырыққа дейін таласа-тармаса кітап оқитынбыз.
– Белгілі ақын Қуандық Шолақ Төлегенді көрдім деген еді. Сонда Қуандық ағамыз жиырманың о жақ, бұ жағында екен (1941 жылы туған). Төлеген атамыз жөнінде ел аузындағы жылы естеліктердің бір-екеуі­мен бөлісе кетсеңіз.
‒  Әкем туралы жазылған мақала да, арнау өлең де, айтылған, хатқа түскен естелік те көп. Жоғарыда атап өтіп едім ғой, 4 томдығын шығардық деп. Соның ішінде біраз дүниені қамтыдық деген ойдамыз. 3-томында «Әке сені сағындым» деген естелік-монологымнан бастап, Әбділда Тәжібаев, Сақташ Қожабергенов, Сырбай Мәуленов, Зәкір Асабаев, Әзиза Нұрмаханова, Саттар Сейітқазин, Қадыр Мырза-Әлі, Сейфолла Оспан, Шаһарбану Ибрагимова, Мақсұт Неталиев, Бекен Әбдіразақов, Тұтқабай Иманбеков, Дүйсенбек Қанатбаев, Сәкен Иманасов, Қалдыбек Сейданов, Мұхтар Шаханов, Рза Қунақова, Смағұл Елубай, Дәулет Исабеков, Жеңіс Ізтілеуов, Ханбибі Есенқарақызы, Әзірбайжан Қонарбаев, Шаймерден Төлегенұлы, Мылтықбай Ерімбетов, Батық Мәжитұлы, Құлтөлеу Мұқаш, т.б. естеліктері топтастырылған. Әкем өз өлеңін де, өзгенікін де жатқа оқитын болған екен. 1997 жылы алпыс жылдығына орай, Қалбай Әбілов деген ағам екеуміз «Біргемін мен сендермен» деген жинақ шығарғанбыз. Ал жетпіс жылдығы кезінде, яғни 2007 жылы «Жан еді өлең үшін дара туған» деген тағы бір кітапты басып шығардым. Содан кейін «Тоғысқан тағдырлар» атты мемуарлық сипаттағы кітабым жарияланды. Зерттеп, зерделеп, әкем шығармашылығына сын жазғандарды тізіп шығу мүмкін емес әрі ыңғайсыз, сондықтан бірнешеуін атап өтсем. Бұлардың қатарында Әбіш Кекілбаев, Ибраим Юсупов, Оразбек Сәрсенбаев, Тынышбай Рахимов, Бақыт Сарбалаұлы, Қали Сәрсенбай, Өтеген Оралбаев, Рахмет Аяпбергенұлы, Әмірхан Балқыбек, Талғат Ешенұлы, т.б. бар. Ал арнаулар әкемнің өз өлеңдерінен бес-алты есе көп десем, шындыққа жанасар.
– Төлегендей ақын ұмытылмайды. Оның поэзиясы жанды жадыратып, көңілге сәуле түсіреді, небір тылсымға жетелейді. Ақынның қалыптасуына қандай факторлар әсер етті деп ойлайсыз? Ол кісі көзі тірісінде кімдермен араласты?
– Бұл сауалға жауап беру өте қиын. Өйткені ақынға мына дүние әсер етті деп айта салу біржақты боп қалады. Ақын – Алланың, табиғаттың сыйы. Ақындық – ерекше қасиет, дарын. Ақынның ақын боп қалыптасуына әдебиетке, өлеңге деген махаббат, адалдық ықпал етті деп санаймын. «Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте, Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын» деп жырлайды автор. Төлеген Айбергенов – туған жеріне көлеңкесін түсіргісі келмеген ақын, арлы азамат. Әкем көзі тірісінде көп адаммен араласты. Мәселен, Зәкір Асабаев, Шәмші Қалдаяқов, Қуандық Шаңғытбаев, Жұмабай Тәшенов, Сағи Жиенбаев, Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов, Шәміл Әбілтай, т.б. Әкем Ғарифолла Құрманғалиевтің мақамымен ән салып, домбыра шертетін, күйді ерекше жақсы көретін. Үйден қонақ үзілмейтін, күй күмбірлеп, ән шырқалып, өлең оқылып жататын. Келген қонақ жер үстелге отыратын. Анам ас әзірлеп жатқанда: «Қазір мен осыны жейтін адам тауып әкелем…» – деп әкем далаға жүгіріп шығып кетеді екен. Көпшіл болып тұр ғой, сонда. Бірде анам, жолдасым, үшеу­міз Қарақалпақстаннан келе жатып, Сарыағаштан түсіп, кеденнен өттік. Алған бетіміз – Шымкент. Сөйтсек, автобус тоқтап қалыпты. Ал таксиге мінейік десек, 5 сом деді. Ол кезде бұл – әжептәуір ақша. Жолдасым екеуміз 5 сомды төлеп, кете салғымыз-ақ келіп тұр. Ал анам: «Қойыңдар! Керегі жоқ. Ертең асықпай барамыз!» – деп біздің көңілімізге қарап тұр. «Сарыағашта кімнің үйіне барамыз? Мұнда туған-туыс та, таныс та көп», – деді анам. «Әкем туралы естелік айтатын үйге түсейік», – дедім мен. «Онда, әкеңмен қатар істеген, қызметтес, бұғалтері болған кісінің үйіне барайық», – деді анам. Әлгі кісінің әйелі бізге көп естелік айтты. Соның бірі, бір күні әкем әдеттегідей үйге қонақ ертіп келеді. Үйде ет жоқ, жаңағы апай көрші тұрады екен. Жүгіріп барып мұздатқышынан бір сүйекті әкеліп біздің қазанға салып жібереді, сөйтсе, ол сүйек жауырын екен, соны асыпты. Әкем анама: «Жауырынды жауға бер. Бұлар – менің достарым», – деп қоймайды екен. Ал көрші апай бізге осы әңгімені айтып: «Өз үйінде сол жауырын да жоқ еді», – деп күлдірді. Ол кісі көпшілдігі өз алдына, досқа адал адам еді.
– Төлеген – Екінші дүниежүзілік соғысты өз көзімен көрген ұрпақтың өкілі. 30 жылдық ғұмырында қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет етті. «Қыстың қамын ‒ жазда ойла…» деген бар ғой, Алла аманшылығын берсе, 2027 жылы ақынның туғанына 90 жыл толады. Оған қандай жоспар бар? Тоқсан жылдық торқалы той үлкен деңгейде өтеді деген сенімдеміз…
– Соғыс басталғанда әкем небары төрт-ақ жаста екен ғой. Төлеген Айбергенов – соғыстың зардабын көрген ұрпақтың өкілі. Алла қаласа, өзіңіз айтқандай, 2027 жылы тоқсан жылдығы тойланады. Әзірге ешқандай жоспар жоқ, бірақ ой, идея бар. Мүшәйра ұйымдастырамыз ба, әлде Төлеген Айбергенов оқуларын өткіземіз бе, жоқ әлде жер-жерде әкемнің шығармаларын насихаттау жұмысына кірісеміз бе, ол жағын уақыт көрсетер.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Әңгімелескен Әлібек БАЙБОЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір