ӨТТІ-АУ ДҮНИЕ, ОЙПЫЛ-ТОЙПЫЛ БІР ЗАМАН…
18.03.2016
1102
0

ШамшабануШәмшабану ҚАМЗАҚЫЗЫ

 

Ғасыр толғауы

Көкте құстар көшті тырна тыраулап,

Жерге қысқы мезгіл келді қыраулар.

Жылдар жылжып жаңаланды бір ғасыр,

Түскендей-ақ жотасымен бір аунап.

 

Мен де келдім басып ғасыр жартысын,

Басқан ізің алды заңғар, арты шың.

Қайғы да өтті, бақыт та өтті бұл бастан,

Тарихтың көрдік талай талқысын.

 

Зарыққан қарт секілденіп аумаған,

Бір кездері қасірет шекті тау-далам.

Оқтын-оқтын еңіреген көз жасы,

Бұлттарының бауырынан саулаған.

 

Мейірімге шөлдегенде қаталап,

Өксіп жүріп жедік талай шапалақ.

Ғашықтарда мұратына жете алмай,

Қыршынынан қиылды ғой махаббат.

 

Бағы қайтып, ырыс кейін шалқалап,

Бұл өмірден көре алмай еш махаббат.

Талай жандар толарсақтан сор кешіп,

О дүниеге аттанды арман арқалап.

 

Өтті-ау дүние, ойпыл-тойпыл бір заман,

Теңіз толқып тегершіктер зырлаған.

Бәрінің де ақ сұңқары ақын ғой,

Әр дәуірді әнге қосып жырлаған.

 

Өтті осылай заманалар ауысып,

Тоғысында ғасырлар бір қауышып.

Жаңа ғасыр құшақ жайды алдыдан,

Ескі ғасыр сапар жолын тауысып.

 

Дауыл тұрды жарқан дала сілкінді,

Тау мен өзін ішін тартып бір тынды.

Жаңа дүние жарқыратып маңдайын,

Ескі дүние естен кетіп қылқынды.

 

Сырып тастап қараңғылық көрпесін,

Таң сәулесі аймалады жер төсін.

Азаттықтың алтын арай шуағы,

Нұрландырды ұлы Жұңхуа өлкесін.

 

Елмен бірге етек-жеңді жидым мен,

Азат болып отбасынан күйбіңнен.

Алақанға ап әлпештеген заманды,

Анашымдай еміреніп сүйдім мен.

 

Жылап жатқан жүрегімді уатқан,

Нәр алдым мен сол мейірлі шуақтан.

Қанаттанып көтерілдім қиянға,

Шабыт алып дәуір берген қуаттан.

 

Тәй-тәй басып мәртебеміз өрледі,

Дей алмаймын еш қиындық көрмеді.

Әйел ғалым, әйел ақын, жазушы,

Қадырлы адам болып отыр төрдегі.

 

Бөлгендей-ақ ғасырменен араны,

Аударылды тарихтың бір парағы.

Өткен ғасыр табысы мол, жүгі ауыр,

Музей жаққа қайқалақтап барады.

 

Қош бол, қош бол менің өткен ғасырым,

Өзіңе тән бойымдағы асылым.

Атом менен электрон мұра боп,

Бұл дәуірге сенен қалған бас ұғым.

 

Жаңа ғасыр шықты алдымнан қырынып,

Танытқандай үн бойынан жылылық.

Алтын сарай қол бұлғайды алыста,

Күллі адамзат тұр осыны үғынып.

 

Жаңа ғасыр құшақ ашып келеді,

Бергеннен көп шығар-ау берері.

Талабы зор, заңғар биік талғамы,

Елге үлкен сын оның алтын елегі.

 

Болашаққа көз салсам мен бұрылып,

Талабына тәнті болам құнығып.

Жаңа ғасыр маягынан нұр алып,

Аршындайды алаулаған бір үміт.

 

Сарыарқа сауырында!

Келемін мен Сарыарқаны аралап,

Жер шұрайын межелеймін шамалап.

Жүрген сайын кең құшағын ашады,

Еміреніп сүйінгендей бар алап.

 

Жамбыл ата, Дина апамның аруағы,

Жыр болып кеп мені өзіне баурады.

Әміренің асқақ жыры шығандап,

Сыймай мынау кең далаға заулады.

 

Жатыр сенде өз халқыңның елдігі,

Жатыр сенде батырлардың ерлігі.

Алқабында ескен желдің лебінен,

Біржан салдың құлағыма келді үні.

 

Таулары тұр қарт анаңдай қайысқан,

Жатыр өзен бұралаң белі майысқан.

Жатыр мұнда қарт бабамның іздері,

Жауларымен талай рет сайысқан.

 

Дала жатыр жүрегінен сүйініп,

Көлдері жатыр көңіл лебін үйіріп.

Қарттар жағы құшағына ап сүйгенде

Жастар келді сәлем беріп иіліп.

 

Жатыр мұнда сахараның сәулеті,

Жатыр мұнда дарқан елдің дәулеті.

Дастарқанын ашты бізге құрметпен,

Ұлы Абайдың өнер сүйген әулеті.

 

Уа, кең тарихыңды пәш еткін,

Туса деймін кәрі ізіңнен жас екпін.

Бақты, Ақсуат, Семей сенің бойыңнан,

Мәңгі естимін әнін ақын Әсеттің.

 

Өтіп жатыр мына сапар қиялдай,

Мол қызығы бір жүрекке сия алмай.

Қош бол, қош бол,

Сарыарқаның сауыры,

Кетіп барам, кетіп барам қия алмай.

 

Әкеме

Уа, әке асқарым ең алдымдағы,

Бар еді маңдайыңда зардың дағы.

Сол зардың сораптарын қуа қуа,

Құштым мен суретіңді бардым дағы.

 

Ұрпағың – қызың едім, ұлың едім,

Сырыңның сандығыңның құлыбы едім.

Кеткенде мені оқуға шығарып сап,

Қол бұлғап көзге жас ап тұрып едің.

 

Жан әке тірлігімнің азығы едің,

Көңілімнің бәйгесінің жазығы едің.

Сапарын өмірімнің мүдіртпеген,

Мен үшін өзің темірқазық едің.

 

Әкежан ақылымның қайнары едің,

Асқарда арманымның айдары едің.

Қашан да қайда жүрсең көремін мен,

Алтындай ақылыңның майда лебін.

 

Уа, әке, тірлігімнің тірегісің,

Көңілімнің көгіне ектің жыр егісін.

Қамқор боп болашағым үшін өзің,

Жасап ең бақытымның релісін.

 

Анама арнау

Еркін жүзіп өмірдің теңізінде,

Анам келді жетпістің сегізіне.

Мамық төсек үстінде мәлкілдейді,

Мінгендей боп қойшының өгізіне.

 

Бір уыс боп қалайша бүріскенсің,

Таба алмадым мұныңа дұрыс кесі.

Тұр орныңнан баяғы қалпыңа кел,

Қызың сенің мұқалмас құрыш десін.

 

Бұл өмірге келгенде іңгәлап мен,

Кетсем де ұшып қиырға жыр қанатпен.

Тұрушы едің жан анам асқар таудай,

Танушы едім тұлғаңды бір қарап мен.

 

Жанарыңның тұратын оты лаулап,

Әкететін ұшқыны мені баурап.

Қашан да ыстық тұрушы еді кең құшағың,

Келсем егер даладан ұшып жаурап.

 

Ұмытам ба сол есіл шақтарыңды,

Сол сезімің жыр болып ақтарылды.

Өзің бердің жан анам, өзің бердің,

Маған біткен бар тірлік, бақ-дарынды.

 

Ақ дала – Ана көңілі

Әсем дала, ақ дала,

Көңіліндей ананың.

Ақ даланы көргенде,

Желпініп бір қаламын.

 

Азынаған боз боран,

Даланың әсем әні ғой.

Салтанатты салбурын,

Боз даланың сәні ғой.

 

Орман, тоғай, тау мен тас,

Тұр әне мұз құрсанып.

Адырда аң-құс жортады,

Ізіменен тұр салып.

 

Бұта, бүрген қурайлар,

Ақ ұлпадан гүл өрген.

Таулардың басы шойын бұлт,

Қабақтары түнерген.

 

Жүрген жанның аяғы,

Сықырлайды ән салып.

Солардың бәрін қызықтап,

Келеміз біз тамсанып.

 

Қыс қаһарлы болғанмен,

Қарайды күнге қаймығып.

Бұлттар ұлпа бөркінен,

Қалады-ау сәтте-ақ айырылып.

 

Халқымыз ерте-ақ қамданған,

Далада қыс, үйде жаз.

Ғасырды жаңа қарсы алып,

Қауыштық біз боп мәз.

ПІКІР ҚОСУ