«Масс-медиа туралы» заңда қамтылған маңызды мәселелер отандық БАҚ-тың өрісін ашуға бағытталған
28.06.2024
616
0

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Бұл заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 нау­рыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақ-­стан халқына Жолдауынан кейін күн тәртібінен орын алып, екі жыл журналистер мен қоғамдық белсенді ұйымдардың талқылауынан өтіп қабылданды. Біздің әріптестеріміз БАҚ-тың қызметіне жаңа мүмкіндіктер ашқан аталған заңды «елімізде ашық талқыланып, түрлі ұсыныстар мен көзқарастардың бірегейлігін қамтамасыз еткен заң болды», – деп жатыр.

Жаңа заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді. Осы арада нақтылай кетейік, заң «Масс-медиа туралы заң» деп аталады. Өйткені заңға дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілді.
Заңда мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын Бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған процесі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер заңда толық қарастырылған.
Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленіп, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Журналистің ақпарат іздеуі, сұрау салуы, дереккөздерінен ақпарат алуы және таратуы, сондай-ақ журналистің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, «Масс-медиа туралы» заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтар журналистің мәртебесі болып есептеледі.
Кәсіби білікті журналистер мен қоғам белсенділерінің, Парламент депутаттарының талқылауларынан өтіп, алқалы жиындардағы пікірталастар мен ұсыныстарға өзек болған «Масс-медиа туралы» заңның кейбір ерекшеліктеріне тоқталып өтейік:
Шындыққа сәйкес келмеуімен қатар азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап 1 жыл болып белгіленді.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеу тәртібі оңтайландырылды.
Журналист бір мәселенің мән-жайын жан-жақты анықтау үшін белгілі бір мекемеге немесе ресми орынға сұрау салса, келесі тарап журналистің сауалына 5 күннің ішінде жауап беруге міндетті. Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Ал өзекті мәселе 5 күннің ішінде өзінің маңыздылығын жоя қоймасы белгілі. Мұның сыртында журналист төтенше оқиғаларға байланысты ақпаратты лезде таратуға және ресми орындардан шұғыл мәлімет алуға қақылы. Сәйкесінше журналистің сауалына жауап екі-үш сағаттың шегінде қайтарылуы керек. Оқиғаны мейілінше анық та қанық етіп жеткізу – баспасөз өкілінің басты міндеті. Журналист осы міндетін атқаруға кедергісіз кіріскенде ғана әлеуметтік желілер арқылы тез тарайтын фейктерді тоқтатуға болады.
Қазақстанның медиа кеңістігі бай. Елімізде 5189 БАҚ тіркелген, соның 3676-сы мерзімді баспа басылымы болып табылады. Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде 191 телеарна, 84 радио, 959 ақпараттық агенттік және желілік басылымдар хабар таратады. БАҚ түрлері бойынша, 3676 БАҚ баспа тобына жатады, оның ішінде газет – 2180, журналдардың саны –1496. Бұның дені, әрине, жекеменшік және аймақтық, өлкелік, қалалық газет-журналдар мен телеарналар. Жекеменшік баспасөз жарнамалар арқылы, қайсыбірі жеке тұлғалардың демеушілігін пайдалана отырып оқырман мен көрерменге жол тартуда. Жекеменшік БАҚ-тар көп ретте коммерциялық бағыт ұстанып пайда табуға талпынады. Бұл ретте жартылай мемлекеттік баспасөздің жөні басқа. Алайда бәрі жиналып келгенде мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізеді. Ақпараттық тұтастыққа қызмет етеді. БАҚ-тың осындай қызметіне орай Үкімет баспасөзді мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында қаржыландырып келді. Енді бұл жүйе гранттық қаржыландыру жүйесіне көшетін болды. Гранттық қаржыландыру дегеніміз не? Оның тиімділігі қандай болмақ? Бұл сұрақтарға алдағы уақыттың шегінде жауап табамыз деп сенеміз.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннің ертеңінде-ақ қазақ зиялылары ақпараттық қауіпсіздік пен ақпараттық кеңістіктің тұтастығы туралы билікке қатаң ескерте бастаған болатын. Алайда билік әлемге ашық болудың жөні осы екен деп ақпарат кеңістігін де ашық қалдырды. Соның салдарынан Қазақ­станның ақпарат нарығын шетелдік газет-журналдар мен телерадио өнімдері басып қалды. Ұлттық мазмұны бай кәсіби тұрғыдан жетілген мектебі бола тұрса да қазақ журналистикасы билік пен бизнес тарапынан кемдікке ұшырап, мәселе күрделене түсті. Ақырында ретрансляция мәселесі ушығып, көшірме бағдарламалардың көлемін шектеуге тура келді. Өйткені ретрансляция отандық БАҚ өнімдерін ығыстырып, қазақстандық журналистерді жұмыссыз қалдыруға дейін жетті. Жалпы әлемдік тәжірибеде БАҚ арасында ақпарат бөлісу, жақсы бағдарламалардың жаңа нұсқаларын жасау бар, алайда тұтас көшіріп алып қарап отыру жоққа тән. Заңда, міне, осы жайт барынша ескеріліп, отандық телерадио арналарда шетелдік телерадио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді. Есесіне ұлттық телерадио хабарларын тарату мен қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық телерадио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл мүмкіндікті біздің телерадио арналарында қызмет жасап келе жатқан әріптестеріміз түпкілікті нәтижеге орай пайдаланады деп сенеміз.

Өз тілшіміз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір