«АЛМАТЫ – АРМАН ҚАЛА»
республикалық жыр мүшәйрасының
ЕРЕЖЕСІ

Қазақстан Жазушылар одағы Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, «Алматы – арман қала» республикалық жыр мүшәйрасын өткізеді.
Мүшәйраның мақсаты:
Сан ғасырлық тарихы бар, азаттықтың алтын бесігі болған Алматы қаласын жырға қосу арқылы жаңа заман әдебиетінің бүгінгі күн талабына сай тың дүниелермен толығуына және терең тарихымыздың көркем шежіресінің жазылуына, сондай-ақ, рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтауға, оқырманды имандылыққа, бірлікке шақыратын, туған елін, Отанын сүюге үндейтін шығармалардың дүниеге келуіне ұйытқы болу.
Мүшәйраның талаптары:
Мүшәйраға Астана, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыстан кез келген ынта білдірген ақындар қатыса алады. Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды7
Әр қатысушы мүшәйраға екі өлең жібереді:
— Бірінші өлең – Алматы қаласының ғасырлар қойнауындағы тарихи сәттерін, жеңісті, жемісті кезеңдерін, сонымен қатар, қазіргі күннің көкейкесті мәселелерін арқау ететін, бұрын еш жерде жарияланбаған шығарма.
— Екінші өлең – ақынның қарым-қабілетін көрсететін еркін тақырыптағы шығарма.
Мүшәйра шарттары:
— Бұдан бұрын конкурсқа қатысқан немесе баспасөз бетінде жарияланған шығармалар қабылданбайды;
— Мүшәйра шарттарына сай келмейтін шығармалар қатыстырылмайды, жарияланбайды;
— Байқауға ұсынылған шығармалар мынадай үлгіде компьютерде терілуі керек: Word, Times New Roman, кегль №14, аралық интервал 1.
— Шығарма мәтіні электрондық немесе қағаз нұсқада қабылданады. Автордың тегі, аты, жөні, шығарманың атауы көрсетіледі.
— Ұсынылған шығармамен қоса автор өзі туралы қысқаша мәлімет (өмірдерек), жеке фотосуретін, байланыс телефоны, оқу орны немесе жұмыс орыны туралы өзге де мәліметті қоса тапсыруы керек;
— Үміткерлердің шығармалары Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 105-үй,
26-кабинет мекенжайында немесе jazushylar_odagy@mail.ru электронды поштасында қабылданады.
Мүшәйраның марапаттау шарасы жыл соңында өтеді. Қабылданған шығармалар қазылар алқасының сараптауынан өтеді. Лайықты деген шығармалар марапаттауға ұсынылады.
Марапаттау рәсіміне жүлдегерлер ғана шақырылады, іссапар шығыны (барып-қайту жолы, жатын орын ақысы, тамақтану) қатысушы тарапынан.
Қолжазба авторға қайтарылмайды, қазылар шешімі қайта қаралмайды. Мерзімінен кешіктірілген шығармалар сараптауға жіберілмейді. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша жүлдегерлерге дипломдар мен қаржылай сыйлықтар беріледі.
Үміткерлер туындыларын бағалауда:
— Ақынның сөз тапқырлығы, өлең мағынасының тереңдігі, ұйқасының шымырлығы;
— Тақырыптың ашылуы, әдеби қолданыстарды (теңеу, эпитет, метафора) қолдану шеберлігіне;
— Ой мен қиялдың ұшқырлығы, идеялық мазмұнына баса назар аударылады.
Мүшәйра жеңімпаздарын марапаттау:
Мүшәйра қорытындысы бойынша жазба ақындарға төмендегідей жүлделі орындар тағайындалады:
1-орын (біреу) – 3 000 000 теңге;
2-орын (біреу) – 1 500 000 теңге;
3-орын (екеу) – 750 000 теңгеден;
Ынталандыру сыйлықтары (бесеу) – 400 000 теңгеден.