Үміт, бізді өлтірмей келіп-кетіп тұрсаңшы…
16.05.2024
450
3

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

КЕТПЕНШІ ШАЛ
Кешегі анау германның соғысында,
Кетіп қалмай әкеміз оқ ұшында,
Тоғыз перзент әкеліп дүниеге
«Жетілдірсем», – деп өт­ті тоғызын да.

Өйткені өзі біреудің жалғызы еді,
(Белгілі ғой жалғыздың жанды жері)
Тауқымет­ті басына тау ғып үйіп,
Тағдыры оны сан илеп, сан түзеді!

Аштық.
Соғыс.
Қан майдан.
Тұтқын.
Түрме!!!
Түсіне де кірмейтін жұрт­тың мүлде
Азапты өмір кешсе де сыр берген жоқ,
Сібір жақта – елінен сырт жүргенде.

Ажал талай көздеді, ол өлмеді,
Қайтып келіп егін сап, жер өңдеді.
Тірі адамға тіс жармай өткен әкем –
Е-е-ең жұмбақ жан мен үшін әлемдегі.

Не ойлады ол көшерде көк төріне,
Айт­ты ма екен лағынет өткеніне?
Көз алдымнан кетпейді қара шалдың,
Тұрған кейпі сүйеніп кетпеніне…

БІР ТҮЙІР ДӘН.
КЕРЗІ ЕТІК
Ржев түбі.
Толарсақтан саз кешіп,
Төрт жыл бойы әз жанынан баз кешіп,
Менің әкем аман қалды майданда
Мың сан мәрте ажалымен кездесіп!

Атын айтса, жетіп келер мыстандай,
Соғыс жайлы өт­ті әкеміз тіс жармай.
Жеңіс күні кетпен шауып кететін,
Онда үлесі жоқ секілді мысқалдай.

Ақиқат бар, аңыз да бар әрқилы
Қанша қазақ Киев үшін жан қиды.
Рақымжандар Рейхстагқа ту тігіп,
Көміп қайт­ты фашизмді қанқұйлы.

Қызыл алаң.
Мәскеу. Жеңіс парады
Қалың әскер шеру тартып барады…
Өкшесінен Берлинді алған етіктің
Бір түйір дән жерге түсіп қалады!

Құдай шебер қиыстырған қиыннан,
Керзі етікке жабысып кеп қиырдан
Сосын өніп, өркен жайған басқа елде,
Сол соғыстың ұрығы екен түйір дән!

Бір көршім бар анда-санда қорс етіп,
Қоятұғын доңыздығын көрсетіп…
Кремль де кінәлі емес, ешкім де
Барлығына кінәлі екен керзі етік!

ҮМІТ ТУРАЛЫ ЖЫР
Аты ауысқыш қала – бұл,
Досым айтқан қыршаңқы.
Қазақ­стан жаңа-дүр,
Қоспағанда бір шалды.
Қоғам –жаңа, ел –жаңа
Деп сендірмек,
бірақ та
Бітеу жара – сол жара,
Жауап жоқ көп сұраққа.

Қабағына мұз қатып,
Қаруын кім оқтаған?
Қаңтарда кім бізді атып,
Сосын…
бізді сот­таған?

Жанып-өшті тағы үміт,
Бір шалдан соң бір шалдан
Көңіл қалып, қамығып
Өтіп жатыр сұм жалған.

Көзінде жас мөлтілдей,
Күтумен жүр кіл жалшы.
Үміт,
Бізді өлтірмей
Келіп-кетіп тұрсаңшы…

АҚЫНҒА АТАҚ ҚАЖЕТ ПЕ?
«…Қырық жастан асқанннан соң біздер де
«Атақ бер!» – деп айқай салар ма екенбіз?»
(Е.Раушанов)

Дәл осылай бас қатырған көп ақын,
Даңқ деген не, бақ па сірә, қонатын?
Бола алмадым «көкелерге» қолбала,
Ақ Орданың тізімінде жоқ атым.

Көшіп-қонып он жыл жақтым пәтерге от,
Есейсем де ес кірмепті, қатем көп.
Мақтанар ем Мақат досым секілді,
Тоқаевпен бірге түскен фотом жоқ.

Мені, тіпті танымайды мемхатшы,
Мен де оған дей қоймадым «сен жақсы».
Бір кем дүние, жетпейді де тұрады
Дегдарлық па, тектілік пе ең тапшы?

Елбасымен тонның ішкі бауындай,
Болған жоқпын, мансаппенен ауырмай
Өмір кештім, бастағы бақ баянсыз
Өте шығар өткінші бір жауындай.

Бір-екі өлең жариялап газетке,
Орден сұрап өзеурейді бозөкпе.
Өлең жазсаң өзің үшін, жалпы осы
Ақынға атақ қажет пе?

Өлең жазсаң біреу үшін міндет пе,
Аш бол, тоқ бол, үй-күйсіз жүр, дірдекте.
Жүз жылдан соң өлеңдерің өлмесе,
Бөленерсің құрметке!

КҮЗГІ КӨҢІЛ КҮЙ
«Біз надан боп өсірдік,
Иектегі сақалды…»
(Ы.Алтынсарин)

«Ұстаз» десіп дүмшені ұлы көріп,
Қаншама адам адасты тіліне еріп.
Сол надандық, сол сақал қаз-қалпында
Қазақ қандай ел еді – «діні берік»!

Танымастай өзгерді әлем мүлде,
Нендей үміт артамыз келер күнге?
Кеткеніміз кеткен бе әлде осылай
Бөлінумен үш жүзге, пәлен дінге?

Өзімді өзім тордағы құсқа балап,
Торығамын, налимын тысқа қарап:
Келешектің келбеті осы ма еді –
Қаба сақал, қырғи көз, қысқа балақ?!
Тітіркеніп тигенде сыз денеңе
Көңіл үрке береді күзде неге?
Керуенге ілестік кері қайтқан,
Кейінгіге бере алмай біз де өнеге…

БАЛКОНДАҒЫ ӘН
(Әміржанға)

Бота тірсек, бозбала…
Балкондағы ән –
Талай нәзік жүректі талқандаған.
Еске салып КазГУ-де қалған қызды
Қарамашы қиыла қалқам, маған.

Шықтай мөлдір сезімге шым-шым
батып,
Ән тербейді,
бұл – өзі тылсым бақыт.
Күн-түн қатып жүргенде жас шағыңда
Қадіріңді кім білген шіркін, уақыт!

Әнге бөлеп КазГУ-дің қоңыр кешін,
Келтіретін керемет көңіл хошын
Жалаугері алаулы жастығымның,
Сол бозбала болатын менің досым!

Сайлауларда жеңілсін-жеңілмесін,
Жұмысым жоқ жұрт және неғыл десін.
Менің досым – Әміржан. (60 түгіл
Тоқсанда да көңілдің төріндесің!)

Өмірде әркім әрқалай жол таңдаған,
Саясат­ты сөз етпе қалқам, маған.
Одан да айтшы, аспанын КазГУ-імнің
Тербеп тұр ма баяғы балкондағы ән?..

БЕСІНШІ ЖАТАҚХАНА. ҚАЙЫРЛЫ ЖАР
Бесінші жатақхана
махаббат бесігі еді,
Жастық дейтін жұмақтың есігі еді.
Любовь (апай) Шаламай шағымданса,
Қожакеев қатеңді кешіреді.

Бұл шындықты шығарсын кім теріске,
Сол жұмақта жолығып бір періште,
Пешенеме жазылған тағдырымдай,
Кіретін де боп алды күнде түске.
Неткен таза бұл сезім, неткен ыстық
Өкіндірмеу үшін де өткен іс түк
Көзден ғайып болғанша бұл дүние,
Сөзден тайып кетпеуге серт берістік!

Қол ұстасып өмірге өрімдей жас
Ат­танарда аптыққан көңіл беймаз.
Бесінші жатақхана, өзіңменен
Қош айтысқам көзімнен көрінбей жас.

Қатал екен, тым қатал үлкен өмір.
Отау құрып, от жақтық күркеде бір,
Он жыл орыс кемпірдің есігінде,
Қиындықты көтердік бірге небір.

Жаратқанның тартуы – қайырлы жар,
Қайырлы жар жасайды жайыңды бар.
Оққағарың секілді ол бір сенің
Отқа-суға түсуге дайын тұрар.
Ащы-тұщы өмірдің болды әт­теңі,
Бірақ таза қалпында ар дәптері.
Отыз сегіз жыл бойы сол періште,
От­тан-судан келеді қорғап мені!

КЕНЖЕ КЕЛІН
Түсініксіздеу түсімнің аяғы кейде,
Сипаған сынды маңдайдан аяулы бейне.
Аяқ сылдыры…
Ас үйде апам жүргендей
Жатамын сосын ұйқылы-ояулы күйде.

Аяулы бейне келгендей аялағысы,
Соншалық таныс жаныма таяған кісі.
Көзімді ашсам, апамның келіні жүреді
Апамнан аумай бар ісі, аяқ алысы.

Екеуі егіз қозыдай – ене мен келін,
Осы бір түсті неліктен көре беремін?
Өзіне тартқан бір қызды таңдап әперген,
Не деген менің анашым, көреген едің!

Түсім арқылы түсіндім сезінбей келіп,
Өзіндей болып апамның көзіндей болып,
Жүре бер менің жанымда
жүре бер, жаным
Анам арқылы Алладан тілеп алғаным!

ПІКІРЛЕР3
Аноним 23.05.2024 | 21:16

Кущты

Аноним 23.05.2024 | 21:17

❤️🙏🏼🙏🏼🙏🏼

Аноним 24.05.2024 | 08:29

Керемет.рахмет.жазарыңыз.көп.болсын.сізге.ұзақ.ғұмыр.тілеймін

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір