КІТАП – БІЗДІ ДОСТАСТЫРАДЫ
09.10.2023
334
0

«Кітаптар әлемінде» жобасының дүниеге келгеніне екі жылдан асты. Мақсатымыз – кітаптың пайдасы бар екенін біле тұра, сол жағын мүлде ұмытып кеткен немесе ескермей жүрген жұртшылықтың ықыласын қайта ояту. Тереңірек үңіліп, зерт­тей қараған адамға кітаптың пайдасы орасан ғой. Әрине, қазір көркем әдебиетке деген ынтызарлық өте жоғары деңгейде болған сол бір замандар қайтып оралады деп дәмелену қиын. Десек те, өткен күндерге деген сағынышы оянған жандардың саусақпен санарлықтай екенін сезсек те, соларды жоғалтқанымен қайтадан табыстыра алсақ және ең бастысы, жастардың бойына ізгілік нұрын құя алсақ – біздің алға қойған мақсатымыздың орындалғаны.

Ауыз толтырып айтар жұмысымыз, «Бірге кітап оқиық» онлайн бәйгесін өткізгеніміз болды. 2022 жылы маусым айында ашаршылық тақырыбын өзек еткен Адам Мекебаевтың «Аспан асты, жер үстіндегі зұлмат» романын, одан кейін мөлдір сезімге құрылған Қарауылбек Қазиевтің «Иманжапырақ» повесін жабыла оқығандығымыз. Сөйтіп, жан сарайымыз кемелдене түсті. Бәйгеміз тамыз айында Абай өлеңдерін жатқа оқуға ұласты. Жеңімпаз атанған оқырмандарымыз ақшалай сыйлық алды. Ең бастысы байқауға қатысушылардың кітап оқу айлығына аса ықыласпен ден қойғанына риза болып отырмыз.
Бұл тамаша үрдіс 2023 жылы «Жарыса кітап оқиық» деген атпен қайта жалғасты. Қаңтар айын­да баға жетпес қазынамыз саналатын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының бірінші кітабын, ақпан айында Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романын оқыдық. Мұнан соң Оралхан Бөкеевтің «Кербұғы» туындысын оқу айлығы өт­ті. Шығарманы талдаған үздік пікір иелерін бейнетаспаға түсірген еңбектері арқылы, енді бірде шығарманың мазмұны бойынша дайындаған викториналық сұрақтарға жауаптары арқылы анықтап отырдық.
Кітап оқудың кейінгі науқаны тамыздың он бесі мен қырқүйектің он бесі аралығында өт­ті. Бұл жолы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидахмет Әшімханұлының төрт томдығының бірінші томын жаппай оқуға бәйге жарияладық. Онлайн бәйгеге республикамыздың түкпір-түкпірінен оқырмандар қатысты. Олар шығармадан алған әсерлерін қағазға қарамай оқып, бейнетаспаға түсіріп жіберді. Отыз еңбектің ішінен жетеуі үздік деп танылды. Оқырманға ұсынған әңгіме-хикаят­тарымен үлкен ой айта білген жазушы мұрасы жақсы әсерге толы болып шықты. Оның шығармаларын шебер талдай білген Әтіргүл Тәшенова, Гүлмира Есжанова, Ләззат Утешова, Алмагүл Байсалова, Көкбөрі Мүбәрак, Гүлназ Ешманова, Қасиет Сейітжан ақшалай сыйлықтармен марапат­талды. Бәйгеге демеушілік жасаған «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті, жазушының ұлы – Дәулет Әшімханұлы. Кітап оқу айлықтарын алдағы уақыт­та жалғастырып отырсақ деген ойдамыз.

Салтанат ӘБДІҒАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір