КӨЗ ҰШЫНДА КӨКТЕМ КЕТІП БАРАДЫ…
12.04.2023
736
0

Айдын БАЙЫС

Майда жаңбыр жауып өтіп себелеп,
Кемпірқосақ керіледі керемет!
Көкірегім мыңсайрам боп хош иістен,
Отыр едім көк шатырды шегелеп.

Анда-санда шолам мұқым маңайды,
Күйбеңдеп жүр анау көрші шал әйгі.
Шұрық-шұрық мен жамаймын шатырды,
Сызаты көп жанымды кім жамайды?..

Ән ысқырып отырған ем аңдамай.
Тұла бойы тамылжыған таңғы арай,
Жеңіл басып көне жолдың кеудесін,
Жанарымды бір сары қыз арбады-ай!

Шыға келді құлын мүше қайдан қыз?!
Жирен шашы – жанып тұрған айман күз!
Төмендегі аңғарғандай інім де,
(Оған не жоқ)
Таң-тамаша қайранбыз!
Жағылмаған ешбір бояу, далабы,
Ажарын-ай…
Ап­пақ аққу тамағы…
Таңғы шықтай беу, табиғи сұлулық,
Көзімізді қарықтырып барады!

Кірпігімен қытықтайды күш мені,
Жайыменен қалды шатыр, іс тегі.
Көлеңкеде көрпе оранған кәрі әжем: –
Шыбыным-ау, шай ішейік түс, – деді.

Мұндай кезде шай өте ме өңештен?
Айналайын, есімің кім деместен,
Көзбен баяу ұзатамын мен оны,
Көңілімді жеткізердей жел ескен.
Шекемізді шуақ өбіп тарады,
Беу, табиғи сұлулық-ай, жан әні!
Қыркүйектің көшесіне өң беріп,
Көз ұшында Көктем кетіп барады!.

* * *
Құстар қанатымен ұшады,
Бірақ ылғи құйрығымен қонбайды.
(Біреу айтса сенбес едім сол жайлы)
Қалбалақтап құлап түсті алдыма,
Басы жоқ құс, көріп пе едің ондайды?

Басы жоқ құс, жалп ет­ті кеп жасылға,
Батырхан бар қасымда.
Басын сипап аспан жаққа қарайды ол,
Басымды ұстап, таңырқаймын расында.

Сұңқар іліп кет­ті ме?
Сым тартылып тоқтың күші тепті ме?
Сенделдік-ау, сең көшкендей көп сұрақ,
«Басқа түссе – баспақшылсың» деп міне.
Қауақ басым көк тірердей бөрікпен,
Қай-қайдағы ой келеді желіккен.
Содан бері көшелерде басы жоқ
сұлбаларды көп көремін.
Неліктен?

* * *
Өмірімді өлеңмен өргенімде,
Шынымен, өлгенім бе?
Аманхан Әлімұлы

Ақпан демей, Алматы таңы арайлы,
Қорым жаққа келемін қарағайлы.
Қылқандардың ақ көбік қарын сілкіп,
Қарағайды сұр тиін аралайды.

Ақ көбік қар қонады тас қабірге,
Қорым жаққа қорықсаң, баспа, кірме.
Мен келдім ғой, ағатай, сырласуға,
Айтам оны өзіңнен басқа кімге?

Елегзиді көңілім құс келердей,
Сағынышқа саз қосып, үстегендей.
Көшіре алмай өлеңге жүрмін соны,
Көбелекке тас байлап, ұш дегендей.

Ырғағындай ырғалам «Қосбасардың»,
Өлеңге адал өзіңдей досқа зармын.
Мағынасыз әңгіме елдің іші,
Маңайынан аспайды пеш-қазанның.

«Өмірден өткеннен соң елес пенде»
Қара тап­пай қиналам кеңескенге.
Айға қарап қоямын анда-санда,
Тұра қалып тыңдаймын жел ескенде.

Өт­тің, аға, өлеңді Ар деп сүрген!
…Боялады биязы таң көкшілмен.
Өзің сүйген табиғат, сол баяғы,
Қабіріңе қылаулап қар боп сіңген.

Атамның түйе арбасы музейге өткен күн

Шуда жүні желкілдеп,
Азу тісі сақылдап,
Қара Бура күркірейді шатырлап.
Үй жығардай екпінімен, жануар
Қозғайды екен қара арбаны сәл ырғап.

Қайран арба, жетім қалған жәдігер,
Көрген адам керуеннің сәні дер.
Көне бұйым, көзіндей боп бабамның,
Бала күннен ыстық еді жаныма ол.

Қай жері кем, хан отырар күймеден?
Омыраулап ойсылқара сүйреген.
Бура мінез бабалардың алдында,
Қайратымды көрсете алмай именем.

Тарихымды көтеріп ап батпандай,
Экспонат болды бүгін, сәт қандай!
Қабір жақтан бабаларым қайтып кеп,
Музей жаққа бірге бара жатқандай.

Арасына сіңіп кетпей мұнардың,
Құбылған күн қайта туса құп алдым.
Қара Бура түске кіріп, жарықтық,
Бүгін түнде жақсы ұйықтайтын
шығармын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір