Бексейіт Түлкиевті еске алу кеші өтті
13.02.2025
82
0

Жуырда ҚР Ұлттық кітапханасында қазақтың көрнекті суретшісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Таэквондо (WT) федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевтің туғанына 70 жыл толуына орай, «Дүние жалған, өнер мәңгі…» атты еске алу кеші өтті.
Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова ашып берді. Жиын модераторы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының атынан атақты суретші, шығыс жекпе-жегінің хас шебері Бексейіт Түлкиевтің 70 жылдығына арналған кештің ашылуымен құттықтап, қазақтың талантты ұлының өмірі мен шығармашылық еңбегіне тоқталып, қатысушылар мен қонақтарға сәттілік тіледі. Белгілі әдебиеттанушы, ғылым докторы, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, сәлемін жеткізді. Ғылым докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретшінің туған ағасы  Қансейіт Әбдезұлының ұйымдастыруымен өткен еске алу кешінде  қазақтың белгілі ақын-жазушылары мен ғалымдар, зерттеушілер, өнер қайраткерлері Бексейіт Түлкиевтің еңбегі мен өмір жолы жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Басқосу барысында белгілі қоғам қайраткері, ғалым, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед әсерлі сөз сөйлеп, Бексейіттің ұлына ата дәстүріміз бойынша ат мінгізді.  
 Кеш соңында Қабылдау үйінде Бексейіт Түлкиев пен Бексейіттің үзеңгілес досы, «қазағым» деп алыстан елін аңсап келіп, өмірден өткен Мұстафа Өзтүрік екеуінің рухына Құран бағышталып, ас берілді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір