ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Астанада К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановты еске алу кеші өтті.
Есенғали Раушанов – әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, ұлт бірлігін асқақтатқан рухты жырларымен танымал қаламгер. «Ұшты менің құстарым бұлттан әрі…» атты поэтикалық кешке ақынның үзеңгілес достары, жұбайы, шәкірттері және жыр сүйер қауым қатысты. Кеш тізгінін ұстаған ақын, Жазушылар одағы Астана филиалының жетекшісі Бауыржан Бабажанұлы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетке сөз кезегін беріп, ары қарай Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбай, Бауыржан Қарағызұлы, Ерғали Бақаш сынды өзге де ақын ізбасарлары Есенғали Раушанов жайлы толғаныстарын бөлісіп, жырларын оқыды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі басқармасының басшысы, жазушы Алмаз Мырзахмет ақын кітаптары алты мың тиражбен барлық кітапханаға жететінін айтты. Сондай-ақ кеш барысында ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, естеліктер тиегі ағытылды.