ТЕРГЕУ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ (Детектив әңгіме)
28.12.2022
3469
0

Есеңгірегендей халінен арыла алмай, трактордың жанында қанша отырғанын білмеді. Кенет бұлдыраған жанарына қарсы алдында жатқан балтасы шалынғанда, есіріктене орнынан атып тұрған. Содан соң еңкейе бере балтаны жұлып алды да, құлашының жеткенінше беталды ышқына лақтырды. Әлгінде ғана осы балтамен Әмірбекті омыртқасынан қырқа ұрып, құлындағы даусын құраққа шығара шыңғыртып жалпасынан түсірген. Әне ол, бұдан бірер метр жерде, «Беларусьтің» алдыңғы дөңгелегіне тақала құлаған күйінде өліп жатыр. Екеуі бұрыннан бақталас па еді, әлде мына бес жүз гектар шабындық үшін текетірес басталғаннан ерегіскен дұшпанға айналды ма? Соңғы үш жылда шөп орағы біткенше екеуі әр күнін ырылдасумен өткізді. Биылғы жылдың басында парламент­тегі көкесі телефондап: «Әлгі Хамит­тың баласымен таласатын бес жүз гектар шабындық басыбайлы біздікі болады жақында. Аудан әкімімен пәтуаласып қойдым. Енді ол найсапты маңыңа жолатпа» деген. Сонда көкесіне ризалықтан, төбесі көк тірегендей көңілі шалқыды-ау. Әмірбекке сыртынан дөңайбат жасап, күшіңді көктемде көремін деп тұлан тұт­ты іштей.
Шалғынға орақ салғанша он бес күндей бар еді. Сол қарбалас науқан басталғанша, мал қорасын бүтіндемек үшін балтасын қайрап, жыңғыл шаппаққа шыққан бүгін. Жол-жөнекей бір қиырдағы шабындықты сыртынан байқамақ ниетпен ауылмен екі арадағы ұзыннан ұзақ созылған биік қырға көтерілген. Одан әрі таңғы араймен көмкеріліп, көкорай шалғынға оранған сазды өңірді шола қарағанда, көз ұшында алакөлеңкеде көлбеңдеген «Беларусьтің» сұлбасын байқады. Құйқа тамырлары шымырлай, бұрқ еткен ызадан тұла бойы дуылдасын. Тракторының тұмсығын жыңғылға емес, шабындыққа қарай кілт бұра заулат­ты. Екпіндей келіп тоқтасымен, бірден балтасын ала түскенде шауып өлтіремін деген ой санасында болды ма, жоқ па, білмейді. Бірақ жекпе-жек тірессе, Әмірбектің күші әлдеқайда басым екені өзіне бесенеден белгілі болғандықтан, сол сәт­тегі пиғылы жазым етуге емес, дөңайбат жасамаққа ауды-ау.
– Не болды-ей! Өзің де, тракторың да сонша жұлқынып. Балтаң не анау? Шөпті сонымен шаппақпысың?! – деп мысқылдай күлген Әмірбекке:– Шабындықтың дәл іргесіне елден бұрын неғып қойдың тракторыңды? Қазір әкет, әкетпесең темір деместен шабамын, оған көнбесең, өзіңді де шауып жіберуге кет әрі емеспін, – деді бұл қызылкөздене долырып.
– Әй, шапқышбек! Жылдағы текетіреспен орып жүрген шөбіміз ғой. «Ырылдарсың, қаппассың, менен жақсы таппассың» дегендей, ырылдаспайық. Жаздай «екеуінің басы піспейді» десетін жұрт­тың жаманатына, күлкісіне бекерден-бекер ұшыраймыз. Әйтпесе, жетіп жатыр ғой шөп.
– Биыл жетпейді. Сен табаныңды жалтырат, өйткені бұл бес жүз гектар бүгіннен бастап тек менікі.
– Мен естімеген бұл сөзді кім, қашан айт­ты?
– Естімесең, енді естисің. Тракторыңның дөңгелегін шабындыққа емес, үйіңе қарай бұр-дағы, тып-тыныш кет.
– Кетпесем не болады? – деген Әмірбектің сөзінің соңын ала: – Онда мынадай болады, – деп ақылын буған ашумен долданғаны ма, әлде депутат көкесіне арқа сүйегені ме, оның тракторының алдыңғы дөңгелегінің темір қанатын көздей балтаның шүйдесімен бір қойды. Даңғыр еткен дауыс шықты. Жалт қарағанда дөңгелектің қанат темірінің көк бояуы шашырай қарайып майысқанын көрген Әмірбектің жуан жұдырығы иегінің астынан тиген Тұтқыш шалқасынан құлады. Бірақ жанұшыра қимылдап, орнынан жұлқына көтерілгенде, әлгіндегі соққыдан қолынан әлдеқайда ұшқан балтасының дәл жанында қара жерді қарс айыра қадалып тұрғанын көзі шалды. Темірдей жұдырық тигеннен санасы әлі де тұманданып тұрғанымен, балтаны жалма-жан қос қолдай қыса ұстаған күйде аласұра Әмірбекті іздеді. Іздеген адамы қарсы алдында бұған арқасын беріп, тракторының майысқан темірін қозғап жатыр екен. Одан әрі ештеңе ойланбаған Тұтқыш жүзі жалтылдаған балтаны Әмірбектің бел тұсынан құлаштай сілтеді. Балтаның кірш етіп сүйекке кірген даусын анық естіген мезет­те, шырқырай шыққан жан даусы пышақ кескендей шорт үзілген Әмірбек те тракторының дөңгелегін құшақтай құлаған еді. Міне, атың өшкір шабындық үшін екеуінің итше ырылдасуының соңы осы болды.
Шың-шың еткен екі құлағын баса өзіне-өзі келе алмай отырған Тұтқыш телефонының ұзақ-ұзақ шырылынан соң ғана басын көтеріп, айналасына қараған. Қалтасын сипалай, зормен шығарған телефонын қолы дірілдей әзер ашқанда, экраннан депутат көкесінің есімін оқыды. Қосты.
– Шөп орақты бастадың ба? Көкорайлы кезінде орып, жинап алған дұрыс. Бес жүз гектарды басыбайлы меншіктенетінімізді естігенде, әлгі тыныштық бермейтін Хамит­тың жетесізінің үні өшкен шығар?
– Өшті үні, – деп қалды бұл еркінен тыс сөйлеп.
– Өшкені дұрыс. Енді алаңсыз кіріс шабындығыңа. – Сол бес жүз гектардың түп иесі өзі болмаса да, көкесінің «шабындығыңа» деп бұған тели сөйлеуі алабұртқан көңілін сәл ширатқандай болды.
– Биылғы шөпті жылдағыдан да молайт. Жемді өзім жеткіземін. Бес жүз бас қойды мың басқа өсіреміз. Ірі қара да бордақылаймыз. Жалпы келешекте сол «Қызыл судың» аумағын түгел иеленіп, бес мың бастық мал бордақылау алаңын ашамын. Бастығы өзің боласың. Қаржыдан қам жеме. Ақша бөлетін тендер мәселесін Астанадан түйіндеймін. Жерді кеңейтуді жаңадан тағайындалған әкіміңмен де ишараласып қойдым. Ол да – өзіміздің бала, айтқанымды екі етпейді. – «Жерді кеңейтерсіз-ау, ал жайы­лымның тақсіретін тартып шуылдасқан ауылдағыларды қайтеміз сонда? Тағы да біреуді балталаймыз ба? – деп суық жымиды Тұтқыш. – Өзім де ел жаққа уақыт ұзатпай барармын. Әй, сен неге сөйлемейсің? Әлде Хамит­тың ұлы жаныңа жайғасып, алқымыңды езіп отыр ма?
– Жоқ, көке, оның алқымын мен езіп тастағанмын.
– Жарадың онда. Жөнімен жөнелді ме?
– Ешқайда жөнеле алмайды, көке. Төбелесіп, белінен балтамен шауып жіберіп, өлтіре салдым оп-оңай.
– Не дейсің, ей?! Өлтіргені қалай? Сәл шыдасаң, өзі-ақ далада қалатын еді ғой.
– Болары болды, көке. Енді малыңызды бағатын, шөбіңізді оратын басқа туысқан іні іздегеніңіз жөн. Мен шаруа­шылығыңызға бұдан әрі қарай алмаспын. Қазірден түрмеге кете беруге дайынмын. Сөйтіп, құдай төбемнен қос қолдап ұрып отыр, көке, – деген Тұтқыш сықсыңдап жылап жіберді.
– Қатын құсап жылағаны несі-ей мынаның!? Ата жауыңдай айқасқан адамыңды өлтіріпсің. Соған да жылай ма екен? Екеуіңнің төбелесіңді көрген адам бар ма?
– Құлқын сәріден айдалада кім болу­шы еді? Екеуміз ғана.
– Онда мені тыңда. Заңгер ретінде сенің құлағыңа құятыным, көрген куәсі жоқ мұндай қылмыстардың талайы жабылып кеткен. Біз де солай етеміз. Енді тек маған ғана сенесің. Әлгі пәлекет­тің денесі қайда жатыр?
– Тракторының алдында.
– Ақыры қолыңды былғапсың. Дереу бас амандығыңды жаса. Ол үшін дөңгелектің алдында жатқан Хамит­тің баласының қолына трактордың бір күлішін ұстат. Содан соң өзің балталаған омыртқасын жобалай «Беларусымен» басып өт те тоқтат. Сонда жөндемекке әрекет­тенген Хамитұлының тракторы оқыстан жүріп кетіп, иесін басып өлтірген болады. Айтпақшы, балтаң қайда?
– Лақтырып жібергенмін.
– Алысқа лақтырып па едің? Қазір оны іздеп уақыт кетірме. Бірақ кейін қалайда тауып құрт. Оқиға орнында қалмасын. Енді ештеңеге аялдамай, жаңағы менің айтқандарымды жылдамдатып істе де, тез ол маңайдан табаныңды жалтырат. Қашан басқалар әлгінің өлігін тауып алғанша, шабындыққа аяқ баспа. Маған барлық жағдайды хабарлап отыр. Әй, неге үндемейсің? Түсіндің бе айтқандарымды? Әлде түрмеге өз еркіңмен кіре салмақсың ба?
– Түрмесі құрысын. Құтқарыңызшы, көкетай!
– Әй, мен саған манадан бері сол құтылудың жолын ездім емес пе? Дереу айтқанымды орында! – деді депутат көкесі.

* * *
Ертеңгі асқа дейін оралатынын ескертіп кеткен Әмірбектің кешіккеніне алаңдаған әйелі қайнысын оят­ты.
– Күн шықпай «шабындықты бір шолып қайтайын, мал түспеп пе екен?» деп тракторына мінген ағаң тал түске айналды, әлі жоқ. Көлігінің бірдеңесі бұзылып, жолда қалды-ау. Әйтпесе мұншалықты кідірмес еді. Жағдайласатын телефонын да үйде ұмытыпты. Дырылдағыңды дыр еткіз-дағы, дереу барып біле қойшы, – деген жеңгесінің сөзінен соң, мотоцикліне отырған Кәдірбек көз ұшынан «Беларусьті» байқады. Заулатып жеткенде трактордың дөңгелегінің астында қанға бөгіп жатқан ағасын көре сала, шошына айқайлаған қалпымен мініп келген дырылдақ көлігі де есінен шыға ауылға қарай құйын-перен жаяу жүгірді. Аз ғана тоқты-торымының шабындыққа дәнікпеуі үшін алдын қайыр­малаған Өмір қария ойбайлай боздаған Кәдірбекті көзі шалысымен, атын желдірте шауып алдынан шықты.
– Ата, Әмірбек көкемді тракторы басып кетіпті, өліп жатыр, – деуге ғана шамасы жеткен Кәдірбек жол табанына сұлқ құлады.
Жаманат хабар жата ма, жұрт демде құлақтанып, ауыл абыр-сабыр болды. «Бұл – оқыстан болған жазым. Аңдыған ажал алып тынды деген осы. Зілдей темірдің астында мыжылып, қиналып өлген бейшараны одан әрі азаптамай, мәйітін бесінге дейін жер бесігіне бөлелік. Жаны тыншу тапсын. Жер жұмсақ қой әлі. Қабірін тездетіп даярласын» деген ауыл молдасының сөзіне ұйыған көп іске жұмылды. Бірақ сүйекті жууға кіргендердің бірі бауыры Сәдірбек еді. Мәйіт­ті жуудан шыққан ол: «Ағайындар-ау! Екі омыртқасы қиғаштай кесілген ғой. Сүйектері жаңқаланып, терісін жыртып тұрғанын байқадым. Трактор басқаннан бұрын қастандыққа ұшыраған-ау!» деп дауыстай жылағанда, жаназаға жиналғандардың бәрі дерлік бірден Тұтқышқа қарады. Қыбыжықтаған ол ештеңе естімегендей, қайғырған түр таныта аяғының басына үңілген күйінен еңсесін көтермеді. Жаназа тоқтатылып, аудандық полицияға жедел хабарланды. Тұтқыш та іле-шала Астанаға телефон шалды. Оның парламент­тегі көкесі Бастыбұлақ ауданының әкімі Дайыновты байланысқа шақырды.
– Менің «Қызыл су» ауылындағы шағын ғана шаруашылығымды жүргізетін Тұтқыш есімді інішегім бар. Шаруа баққаннан басқамен ісі жоқ, бірсыдырғы жігіт. Ауылға жол түскенде өзіңмен таныстырамын. Ал енді сол інішекпен жерге таласып, тыныштық таптырмайтын біреу шөп орағы басталудан кемі он бес күн бұрын шабындыққа барып, пысықтық жасамақ болған екен. Сірә, асыққанына көрінгені шығар, тракторының бір бөлшегі сынса керек. Сонысын жөндемекті амалдап жатқанда, техникасы өздігінен қозғалып кетіп, иесін басып өлтіріпті. Ауылдағылар оның ажалын екеуі бұрыннан ерегісіп жүрген деп, менің інішегім Тұтқыш Рақышұлына жорып, жала жаппаққа кіріскен екен. Сөйтіп, аудандық полицияға арыз жөнелтіпті. Осыны бақылауыңда ұстағын. Ауыл шуылдады деп, бетімізге шіркеу түсіріп алмайық, – деп бірақ тоқтады.
– Сізді түсіндім. Жаланың жолын жабамыз, аға. Тиісті мекемеге тапсырма беріледі, – деді әкім інісі.
– Тапсырманы тастай етіп бекіткін. Қайтып бөтен әңгіме қоздамай, сол өз ауданыңның деңгейінде шешілсін. Кісі өліпті, оның жаласын жазықсыз біреуге жауып шуылдасып жатыр дегендей бөстекі сөз өзіңе де абырой емес. Егер арыз сендерге тоқтамай, жоғарыға өрлесе, маған қоя бер.
– Бәрі түсінікті, ағасы! Орындалады! – дескен Астана мен ауданның ұзақ-сонар әңгімесі осылай түйінделді.
«Қызыл судан» жеткен суыт хабар бойынша ауданнан тергеу тобы ат­танып, гуілдесумен шақыртылған полиция бірер сағат­тан соң ғана ауылға ат басын тіреді. «Әмірбек Хамитұлы ұшыраған қайғылы оқиғаның қалай болғанын көрген кім бар?» деген тергеушінің сұрағы жауапсыз қалып, «жазым ғой, жазым» десті бәз біреулер. Полицияның эксперт-криминалисі Тақан Масанов та осы сөзді мақұлдап: «Көзге көрініп тұр ғой, жазатайым тракторының астына құлап кеткен-ау. Бейшараның езілген жансыз денесін ары-бері сүйрелеп одан әрі қинамай, туысқандары келіссе, өз ықтиярларына берейік» деді сөзінің соңын сиырқұйымшақтандыра аяқтап.
– Сен өйтіп қашқақтама. Ертең арыз қабындаса, бәріміз шетімізден жауап береміз. Бір туысқанын ілестіріп, орталықтағы ауданаралық экспертке апар. Соның қағазын әкелген соң ғана өзі өлген деген қорытынды жасай аламыз, – деген тергеу бөлімінің бастығы Мұхитхан Сейт­қазының бұйрығы орындалды. Бірақ марқұм Әмірбек Хамитұлының өліміне байланысты аудандық полицияның әрекетіне қанағат­танбаған бауырлары арыздарын облыстық ішкі істер департаментіне жолдады. Облыстық ішкі істер департаментінен келген қылмысты іздеу бөлімінің аға инспекторы, подполков­ник Едіге Нарұлының тобы тергеу мен іздестіруді қайта бастады. Шабындыққа барып, оқиға орнын көрді. Қазалы үйге соғып көңіл айт­ты да, «Белорусьті» біраз айналшықтады. Кәдірбекке алдыңғы дөңгелектің майысқан қанатын көрсетіп, қашаннан осылай екенін сұрады. Тергеу­шінің бетіне жалт қараған ол: «Бұрын-соңды мұның майысқанын байқаған емеспін, бүтін еді» деді. Бүлінген темір қанатқа үңілген Едіге шашырай тиген қара дақтарды қырып, целлофан қалташаға салды. Содан соң оқиға орнына өзінің көлігімен жеке кетіп, онда ұзақ кідірді. Үйге қайтып оралып:
– Әмірбек ағамызбен ерегісіп, жүрген ешкім жоқ па еді? – деп сұрағанда әйелі бірден:
– Неге жоқ болсын. Бар ғой. Ажалына айналған сол шабындыққа Тұтқыш екеуінің таласып, ұрсысып, жаға жыртысып, бір табақтан дәм татпай жауласқандарына қаншама жыл. Ол жағдайды осы ауылдың бәрі біледі. Пәлеге сол ұшырат­ты-ау! – деді де, жылауын үдете жөнелді.
Ауыл адамдарының тағы үш-төртеуімен сөйлескен подполковник аудандық ішкі істер бөліміне соқты. Полицияның эксперт-криминалисі Тақанмен пікірлесіп, ауданаралық экспертизаның мәйіт­ті көрген өкілі Сыздық Әлібекұлын шақырт­ты.
– Екеуіңе бір сұрақ. Жарақат­тарын тексеру кезінде, арызда көрсетілгеніндей, Әмірбек Хамитұлының омыртқасының өткір нәрсемен шабылғанын байқамадыңдар ма?
– Бекер сөз. Мәйіт­те ондай қосымша жарақат жоқ. Тек трактордың басқан ізі мен күйреген омыртқа, қабырғалары ғана. Өлім сол сүйектің майдалануынан, жұлынның үзілуінен болған, – деді екеуі қосарлана.
– Тракторды жөндеу үшін дөңгелектің астына кіргенін қалай білдіңдер?
– Оң қолында ұстаған кілті бар. Содан-ақ белгілі емес пе? – деді полиция криминалисі.
– Трактор белінен мыжып өтсе де, қолындағы кілт­ті тастамаған ба, сеніңше?
– Бірден өліп кетсе, қолындағы затын тастауға үлгермеуі де мүмкін ғой.
– Өңкей «мүмкін ғойға» сүйенетін сендей «білгіш» криминалистпен талай қылмысты ашып емес, басып тастауға болады екен, – деген подполковник ауданаралық эксперт­тің өкіліне қарады. – Сен неге мәйіт­ті зертханаңа кіргізбей, мына «білгіш» эксперт­тің айтқаны бойынша қағазға жазып, қайтара салдың?
– Ондай болған жоқ, – деді екеуі бірдей қосарлана.
– Солай болған. Оны Әмірбек Хамитұлының мәйітін сендермен бірге алып барысқан қайнысы Байжаныс Қамысбекұлы маған нақты баяндап жазып берді. Сендерге байланысты бөлек ұйғарым шығарамын. Егер менің дегендерімді қатеге жорытамыз десеңдер, марқұмның туыстарымен келісіп, қабірді аштырып, мәйіт­ті эксгумация жасатамын. Содан кейін екеуіңе қатысты кесімді сөзді сот айтады. Әзірге бара беріңдер, – деді Едіге.
Бұдан соң алғашқы тергеуді жүргізген капитан Мұхитхан Сейтқазыны шақыртып, оқиға орнын көргендегі ерекше жәйт­терді тәптіштей сұрады. Тергеуші Мұхитхан ол маңайды бірнеше мәрте айналып зерт­тегенімен, ерекше ештеңе байқалмағанын мағлұмдады.
– Сен қалай ойлайсың? Моторы қосулы, бірақ жылдамдықты ауыстырғыш құралы қалыпты күйдегі теп-тегіс жерде тұрған трактор оқыстан ақырындап қозғалған жағдайда, дөңгелегінің астына кедергі зат тастасаң тоқтай ма, тоқтамай ма?
– Әрине, тоқтайды.
– Неліктен тоқтайды?
– Жылдамдықты ауыстырғыш құралы қосылмаса, кедергіден өтіп кететін қуат күші болмайтыны беп-белгілі емес пе?
– Ал Әмірбек Хамитұлының тракторы теп-тегіс жерде дөңгелек астында көлденеңінен жатқан иесінің денесіне, яғни кедергіге неге тоқтап қалмай, басып өт­ті деп есептедің?
– Мен көргендегі трактордың тұрған жері тегіс емес, еңіс. Сондықтан ылдиға қарай оқыс қозғалған трактор жайлатып емес, бірден екпіндете жүрген-дағы, қайғылы жағдай болған.
– Оқиға орнын да, жер жағдайын да сен дұрыстап көрмегенсің. Ол маңайдың бәрі бұдырсыз жазық. Ондай мидай тегіс жерден екі-үш адам жабыла итермесе, зілдей «Беларусь» өздігінен қозғалмайды. «Жалпы трактордың жағдайы бұрын қандай еді, иесі өлген соң қандай екен?» деп сараптап байқадың ба?
– Сонша шұқшиюдың қажеті қанша? Бәрі ап-айқын ғой. Қауіпсіздік ережесін сақтамаған иесін тракторы басып кеткен.
– Трактордың сол жақ дөңгелегіндегі қанаты қат­ты затпен ұрғаннан майыс­қан. Түскен дақ – жаңа. Марқұмның інісі Кәдірбектің жазуы бойынша ондай майысу бұрын болмаған. Сол бүлінген темірге қан дағы жұққан. Сенің есебіңше, жатқан адамды трактор басқанда, қанның соншама биікке дейін шашырауы мүмкін бе?
– Әр түрлі жағдайдың ұшырасатынына ешкім жоқ дей алмайды ғой. Шашыраса шашыраған шығар.
– Қастандық болуы мүмкін деген күдікпен қылмыс құралын да іздемепсіңдер. Ауыл адамдарының арасында Әмірбекпен ерегісіп, текетіресіп жүргендердің кездесуі де мүмкін ғой. Ондайды да сұрамағансыңдар-ау, байқауымша. Әмірбектің тракторына жақын маңдағы шабындықты жапырып өткен өзге «Беларусьтің» ізі көзге шалынбады ма?
– Ондай ізді қалай байқайсыз? Хамит­тің баласы Әмірбек өлді дегенді естіп, бүкіл ауыл трактормен де, машинамен де, тіпті атпен де жапа-тармағай шабындыққа қарай андыздаған. Соның салдарынан айналаның бәрі – шиырлаған із. Біткен істі арыз бойынша тексергеннің жөні осылай деп, соншама ежіктеп, екі криминалисті де шәңгекке іліп, оған мені де қосарламақтағы сіздің мақсатыңыз не? Біздің жасаған тергеу амалдарымызды бекерге шығарып, жоқ қылмыскерді ойлап тауып, абыройға кенеліп, сыйлық, атақ алу ма? Әйтпесе неменеге мыжи бересіз? Өлер адам өлді. Жұрт­тың бәрі оның өлімін өзгеден емес, өзінен көріп отыр. Тракторы байқаусызда басып кеткен деп.
– Маған абырой, атақ емес, қылмысты ашу маңызды.
– Қылмыс болмаса да, жоқ қылмысты барға айналдырып, қылмыскерді таптым демексіз ғой. Сол енді мақтану, атақ іздеу емей не, сіздіңше?
– Осы ауданның полиция бөлімінде облыстағы бір дәудің жекжаты бар деу­ші еді. Сол сенсің-ау деймін. Сөздерің жүдә ірі. Бекерге тәжікелеспей, бұған қатысты әңгіменің дұрыс-бұрысын істің қорытындысына қалдырайық. Тергеу аяқталған жоқ. Мен әзірге қайт­тым қалаға, – деген Едіге жолға шыққанымен, қалаға емес, «Қызыл су» ауылына бұрылды. Учаскелік инспекторды шақыртып, Тұтқышты алдырт­ты.
– Әмірбекпен көптен араз екендеріңізді, шабындыққа таласып талай жаға жыртысқандарыңызды бүкіл ауыл айтып отыр. Сырт көзбен безбендегенде, Хамитұлының өлімін сол екеуара ерегістеріңізбен байланыстыратындай. Арыз бойынша тексеруге келген мен үшін ешкімнен ешқандай күдік қалмауға тиіс. Өзіңізді осы күмәнді жағдайлардан ақтайтын қандай дәлелдеріңіз бар? Сізге қатысты туындаған әлгіндей алыпқашпа сөздерден сенімді дәлелмен ғана құтыла аласыз. Әйтпесе ағайын арасындағы кіржің-кіржіңнің басылуы қиын. Сондықтан да сізге арнайы ат басын бұрдым, – деді ол.
– Ұрысып-таласып қалатынымыз рас. Бірақ өлтіру деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірген емес. Әлгі бес жүз гектар шабындық та, жалпы сол маңайдағы бос жерлердің бәрі де биыл, тіпті жақын арада біздің шаруашылықтың меншігіне өтеді. Осыдан хабардар мен онымен не үшін таласуым керек?
– Дұрыс. Егер жердің бәрін иеленіп қойсаңыз, Әмірбек ағайыныңызбен ерегісудің сіз үшін түкке де қажеті жоқ. Соңғы сұрағым, сіз Хамитұлы өлген күні және сол сағат­тарда, яғни сағат таңғы бес пен жетінің арасында, қайда болдыңыз?
– Шөп ору басталған соң, қол тимейтінін ойлап, үйдегі мал қорамды бүтіндеу үшін жыңғыл шабуға кеткенмін.
– Жыңғылды немен шабасыз?
– Немен шапқаны несі? Әрине, балтамен.
– Балтаңызды жыңғыл шабу үшін әбден қайрап алып шықтыңыз делік…
– Әлбет­те, солай болады ғой, – деген Тұтқыштың даусы құмығыңқылау естіліп, тергеушіге үркектей қарай бастады. «Не пәлені маздатпақсың?» дейтіндей жанарындағы өлімсіреген сансыз жылтылдар.
– Сол балтаңыз қайда? – дегенде «балтаңды тауып алып, құрт» деген көкесінің ескертпесі Тұтқыштың есіне оралды. Асыға-аптыға іздеген. Бірақ қалың шабындықтан қайдан оп-оңай табыла қойсын. Ышқына лақтырғанда қай тұсқа түскенін де аңғармапты. Мына тергеушіге дәл қазір оны тауып бере алмасы анық. Сұрағанын қоймаса, үйдегі балтамды көрсетемін де деп көңілін демдеген ол:
– Үйде ғой, қайда кетеді дейсіз, – деді.
– Жоқ, балтаңыз үйіңізде емес, менде, – деген подполковник балтаны үстелдің астынан алып, үстіне қойды.
– Сіздікі ме?
Тұтқыш тілсіз бозарды. Есінен танып отырғандай.
– Балтаның жүзіне қатқан қара дақтардың қан екені даусыз. Бұл қанның кімдікі екенін және балтаның сабындағы қолтаңбалардың кімге тиесілі екенін экспертиза лезде анықтап береді. Оқиға менің топшылауымда былай болған сияқты. Дөңгелектің қанатын балтамен соққан сізді Әмірбек Хамитұлы ұрды. Құладыңыз. Одан әрі қарсыласыңыз дөңгелектің майысқан теміріне қарай бұрылғанда, орныңыздан тұрдыңыз да, ту сыртынан балтамен шаптыңыз. Солай ма?! – деп екпін түсіре сұраған подполковниктің алдында Тұтқыш Рақышұлы қылмысын мойындағандай үнсіз мөлиді.

Бағдат ҚАЛАУБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір