ТЕРІСКЕЙДЕ ТРИАТЛОН ДАМЫП КЕЛЕДІ
29.07.2024
214
0

Теріскейде соңғы бірнеше жылда қанат жайып, қызығушылар қатары артып келе жатқан салалардың бірі – триатлон спорты. Бұрындары триатлон сөзін қызылжарлықтар тосырқай қабылдаса, бүгінде аталған бағыт бойынша түрлі сайыстар өткізу дәстүрге айналған. Алдағы Олимпиада ойындарына қазақстандық Екатерина Шабалинаның аталған спорт түрі бойынша лицензия иеленуі де – соңғы уақытта триатлонның дамуына көрсетілген қолдаудың нәтижесі.

Триатлон – екінің бірі батылы барып айналыса бермейтін күрделі спорт. Бұл бағыт тек төзімділік пен күш-қуатты ғана емес, жан-жақтылық пен үнемі жаттығуды талап етеді. Бүгінде триатлонның кең тараған түрінде қатысушылар жүгіру, веложарыс және суда жүзудан сынға түсіп жүр. Осындай жарыстардың кезінде адам ағзасына қандай салмақ түсетінін спортшының от пен суға түсіп шыққандай ентігін баса алмай тұрғанына қарап-ақ шамалай беріңіз.
Елде аталған спортпен айналысушылардың басын қосатын арнайы федерация бар. 2020 жылы Қызылжарда да аталған ұйымның филиалы ашылған-ды. Содан бері өңірде түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Облыста алғаш рет өткен жарысқа 40 адам қатысса, былтыр олардың саны елуге жеткен, ал биылғы дода 80-нен астам кәсібилер мен әуесқойлардың басын қосты.
– Біздің облысымызда велоспорт, жеңіл атлетика жақсы дамыған. Оған қоса өзен-көлдер көп. Мұның барлығы триатлонның дамуына қолайлы жағдай туғызып отыр. Балалар жастайынан жүзуді үйренеді. Велосипед теуіп, жүгіру спортымен шұғылданады. Сондай-ақ бұған дейін әлемді бағындырған спортшылар да жастарға үлгі болып жүр. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың өзі «Ironman» жарыстарына қатысатыны белгілі. Жерлесіміз өз замандастары арасында триатлоннан әлем чемпионы атанды. Шәкірттеріміз халықаралық және республикалық жарыстарға қатысып жүргенімен, әзірге жүлделі орындар жоқтың қасы. Десе де әуесқойлар арасында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жандар баршылық, – дейді триатлоннан өңірдің бас бапкері Евгений Шумаков.
Бүгінде бұл спорт түрі бойынша облыс орталығында ашылған үйірмеде елу шақты жеткіншек жаттығады. Мұнда ұл-қыздар 10 жастан бастап қабылданады. Жыл басынан бері өңір триатлеттері 14 жарысқа қатысқан. Жастар ел біріншілігі мен кубогында бақ сынаса, әуесқойлар коммерциялық сайыстарда төбе көрсеткен. Жас спортшылар арасындағы сайыс­тар бейінді министрліктің қолдауымен өтсе, әуесқойлардың жарыстары көбіне демеушілердің қаражатына ұйымдастырылады екен. Кәсіби триатлеттерді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да қолдайды.
Өңірде триатлонмен айналысатын әуес­қойлардың көп болуы оның бұқаралық сипат алуының көрінісі. Бүгінде түрлі жарыстарда топ жарып жүргендердің көбі – әр салада еңбек ететін жандар. Мәселен талай сында көзге түскен Марина Самойленко – облыстағы төтенше жағдайлар жөніндегі штабтың маманы.
– Алғашында тек жүзумен айналысатынмын. Кейін жүгіру мен велоспортқа да қызығушылығым оянды. Бапкерімнің жетелеуімен жарыстарға қатыса бастадым. Қиын сыннан өтіп, мәреге келгендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үш кезеңнен де сәтті өтіп, жарысты аяқтаған сәтте кеудені мақтаныш сезімі кернейді. Мен өңірде болатын бірде-бір доданы қалт жібермеймін. Басқа қалаларға, тіпті шетелдерге шығамын. Жуырда Дубайдағы марафонға қатыстым. Келер жылы Еуропадағы сайыстарға барып көрмекшімін, – дейді спортшы.
Сол сияқты Алмас Жапабаев та өзінің басшылық қызметі мен уақытының тығыздығына қарамастан триатлонмен үзбей жаттығып жүр. Қаржы саласында жауапты қызмет атқаратын азамат триат­лонның «Ironman» жарысына бейім. Оның ережесі бойынша қатысушылар 300 метрлік жүзу, 8 шақырым веложарыс пен 2 шақырымдық жүгіруді еңсеруі керек. 2017 жылдан бері спортты серік еткен қызылжарлықтың жұбайы да триат­лонмен айналысады екен.
Жуырда өңірде триатлоннан дәстүрлі чемпионат өтті. Оның бір ерекшелігі – биыл қатысушылар жекелей ғана емес командалық ретпен де сайысқа түсті. Мысалы топтағы бір спортшы жүгіруге қатысса, екіншісі жүзуде бақ сынап, ортақ есепті толықтырып отырды.
– Өңірде триатлонмен кәсіби түрде айналысатындар көп емес. Бүгінде федерацияда мұндай 15 адам тіркелген. Ал әуесқойлар қатары әлдеқайда көп. Біздің чемпионаттың ерекшелігі де осында. Халықаралық додалардың жеңімпазынан бастап, қарапайым қызығушыларға дейін бір қатарда тұрып сайысады. Ең бастысы ауыр жүктемені ағзасы көтере алса болды. Сонымен қатар биыл алғаш рет жарысқа параолимпиадашылар командасы қатысты, –дейді Евгений Шумаков.

БАЛАЛАР КОМАНДАЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

Қызылжарда балалар командаларының қатысуымен «Junior CUP» футбол фестивалі өтті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі додаға биыл көрші елден де қатысушылар келген. Бірнеше жыл бұрын жарыста 24 команда бақ сынаса, биыл мұнда қырықтан астам құрама жиналған. Қатысушылар 2014, 2014, 2016 және 2017-2018 жылғы балалар командалары арасында өзара мықтыны анықтады. Жарысқа қатысушыларды доданың ашылуымен Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов құттықтады.

«Балалар спортын дамыту – біздің алдымызда тұрған басым міндеттердің бірі. Бұқаралық спорттың дамуы, спортшылардың шеберлігі мен кәсібилігіне де оң әсер етеді. Аула, ауылдардағы командалардың мүшелері спорт жұлдызы болу үшін кәсіби командаларға келеді. Бүгінде өңірімізде «Қызылжар» футбол клубы жұмыс істейді. Осы жаздан бастап жас портшыларымыз «Динамо» стадионында жаттығатын болады», – деді басқарма басшысы.
Фестиваль барысында жер-жерден жиналған 750 бала үш күн бойы бақ сынасты. Спорт әлемінің есігін енді аттаған жасөспірімдердің ойындары әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетіліп жатты. Сайысқа Қостанай, Тараз, Астана, Көкшетау, Қарағанды, қызылжарлық құрамалардан бөлек Ресейден келген 10 команда қатысты. Халықаралық спорт бәсекесінде өңір намысын қорғағандардың ішінде «Юниор» балалар футбол мектебінің тәрбиеленушілері де бар. Аталған мектептің командалары бұған дейін де талай додада топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ондағы бапкерлер де кішкентай аяқдопшылардан болашақ чемпиондар өсіп шығарынан үмітті.
– Мұндай ауқымды жарыстардың балаларға берері мол болмақ. Аталған шараның өтуіне бейінді басқарма мен демеушілер үлкен қолдау білдірді. Бүгін еліміздегі ең үздік балалар командалары осында жиналып отыр. Болашақ спорт жұлдыздары осындай жарыстар арқылы жетіліп, көзге түседі деп сенеміз. Жарыста үздік командалар жүлделі орындар, бағалы сыйлықтармен, көзге түскендер арнайы аталымдармен марапатталады, – дейді «Юниор» спорт мектебінің басшысы, ұйымдастырушы Евгений Кущ.
Бірнеше алаңда өткен командалық ойындардан бөлек балалар үшін түрлі спорттық конкурстар ұйымдастырылды. Оның жеңімпаздарына демеушілер тарапынан сыйлықтар табысталды.
Халықаралық фестиваль қорытын­ды­сы бойынша 2014 жылғы балалар команда­лары арасында бірінші орында Асылбаев атындағы футбол орталығы иеленсе, екінші және үшінші орындарға қазақстандық «Қайрат» пен ресейлік «Заря» тұрақтады. 2015 жылы туғандардың арасында үздік үштікті «Тобыл» бастап, «Астана» мен «Шахтер» түйіндеді. Сегіз жасар спортшылардың ішінде жүлделі орындар тізімін «Пионер», «Скаут» пен «Юниор» бастады. Ең кішкентай қатысушылардың арасында «Скаут», «Пионер», «Star Junior» балалар құрамалары жеңімпаз атанды. Әр қаладан келген Әлімжан Әбдірахманов, Арыстан Бейсек, Нұрислам Зейнелғабиден, Дәрен Рахат, Ахмади Нартау, Сұлтан Сейтхан, Даяна Оспанова, Сара Рахимова – жалпы саны отызға жуық жас өренге түрлі аталымдар бойынша арнайы сыйлықтар табысталды.

КӨШЕ СПОРТЫНЫҢ КӨРІГІН ҚЫЗДЫРДЫ

Өңірде көше гимнастикасы саналатын стрит воркаутпен айналысатын жастар көп. Арнайы жаттығу залы мен ерекше жағдайды қажет етпейтін спорттың ерекше түрі кез келген адам үшін қолжетімді. Әсіресе ауыл жастары воркаутқа үйір келеді. Елді мекендердегі аталған спорт түрін дамыту мақсатында Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында воркауттан жастар арасындағы турнир өтті.

Турнирге ауданның барлық ауылдық округтерінен келген спортшылар қатысты.
«Бүгін ауданымызда стрит воркаут бойынша кезекті турнир ұйымдастырылды. Осындай жарыстарды өткізу дәстүрге айналған. Мұнда жастар өздерінің төзімділігі мен ептілігін сынға салады. Сайыс аудандағы кейінгі буын өкілдері арасында салауатты өмір салтын мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ауылдарда бұқаралық спортты дамыту үшін жұмыстар жүргізілуде. Осы күні Қызылжар ауданындағы ересек тұрғындардың 42 пайызы спортпен айналысады. Аудан спортшылары түрлі жарыстарда топ жарып жүр», – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева.
Аталған спорт түрімен айналысып жүрген жастардың бірі – Бағдат Сәдуа­қас. Спортшы бес жылдан бері стрит воркаут жарыстарына қатысып келеді. Айтуынша воркауттың өзі ішінен бірнеше түрге бөленеді. Бағдаттың бағыты – күштік воркаут. Ол бұған дейін Көкшетау, Астана қалаларында болып, жарыстардан жүлделі орындар иеленген. Жігерлі жанның ендігі мақсаты – облыста аталған спорт түрін дамыту.
Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Б.Сәдуақасов, екінші орынды В.Летвенков, бірінші орынды Н.Витковский еншіледі. Жарыстың төрт кезеңінен де сүрінбей өткен жеңімпаз аудан әкімінің кубогымен марапатталды.

 әзірлеген Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір