Ғарыш саласы – ғылымның бастауы
21.07.2023
302
0

Ғылым – жалпы адамзаттық игілік. Өркениеттің дамуына түрткі болатын сала да осы. Күнделікті ауа райын болжау мен қолымыздағы гаджет, ас үй жабдықтары түгел дерлік ғылымның нәтижесі. Бірақ сол ноухаулардың бәрі дерлік қай саладан бастау алады. Жаңа технологиялар, ғаламтор, гаджеттердің жұмысы түгел ғарыш саласындағылардың ойлап тапқаны. Қазір өте тез дамып, жиі жаңалық ашылатын ғылым – астрономия. Жерді айнала ұшқан ғарыш станциясында күн сайын зерттеу, тәжірибелер жасалады.

Одан бөлек Хаббл, салыстырмалы түрде жақында ұшырылған Уэбб телескоптары түсірген фотолары да жаңалық ашуға мүмкіндік туғызып отыр. Айға, Марсқа сапарлар, колония салу, өзге ғарыш денесінен пайдалы қазбаларды алу, Күн жүйесінен тыс экзопланеталарды іздеу, айта берсек бұл салада бірнеше бағытта күн сайын орасан зор еңбек етіп жүргендердің саны жоқ. Ал біздің ғарыш саламыз қай деңгейде? Әлбетте, НАСА, Еуропа ғарыш агенттігі, Роскосмостың деңгейінде емес екені анық, дегенмен азды-көпті шаруа атқарылып жатыр. Себебі аумағында ғарыш айлағы бар елдің астрономияға ден қоймағаны қате болар еді.
Еліміздегі аэроғарыш саласында негізінен отандық спутниктерді құрастыру, жердегі ғарыштық байланыс жүйесі, Байқоңыр ғарыш айлағында перспективалық жобаларды іске асырумен айналысатын кәсіпорындар жұмыс істейді. Қазіргі таңда ғарыштан Жерді бақылау мен қадағалау бойынша инновациялық міндеттерді жүзеге асырумен «Қазғарыш» компаниясы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, Республикалық ғарыш байланысы орталығы және «Ғалам» кәсіпорны айналысады. Бұлар негізінен ғарыш жүйесін, жердегі инфрақұрылымды пайдалану мен құру, жобалау, ғарыш кеңістігін зерттеумен айналысады.
Қазақстан ғарыш саласындағы ең бір сәтті жоба деп «Kazsat» жерсеріктерін тілге тиек етсек болар. Алғашқысы ғарышта із-түссіз жоғалып кетсе де, кейінгі екі жерсерік еліміздегі телехабар тарату, байланыс саласын толық қамтамасыз етті. Бүгінде біз өзіміздің жерсерігіміз арқылы өз телеарналар мен байланыс саласында алға басып отырмыз. Қазақстанның ғарыштық байланыс жүйесі екі байланыс спутнигін қамтиды. Бұлар – KazSat-2 және KazSat-3. Олардың көмегімен еліміздің барлық аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелерге (мектептер, ауруханалар, әкімдіктер) байланыс, деректер беру қызметтері және интернет желісіне қолжетімділікке қол жеткіздік. Сондай-ақ соңғы жылдары байланыс спутниктері арқылы шалғай аудандардың тұрғындары үшін интернетпен қамтамасыз етуді қолға алып жатыр.
2019 жылы ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды. Ал 2020 жылы халықаралық стандарттарды және ғарыш аппараттарын құрастыру мен сынауға дайындығын растау үшін кешеннің операциялық біліктілігі тексерілді. Кешен жобалаудан бастап, спутниктерді құрастыруға және сынауға, сондай-ақ құрауыштарды дайындауға дейінгі жұмыстардың толық циклін жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде біздің аэроғарыш саласындағы қызметкерлер жоспарлаған жұмысы орасан. Оның бірі – «Бәйтерек» ғарыш кешенін салу. Бұл кешен негізінен орта санаттағы «Союз-5» зымыран тасығышын ұшыруға арналған. Тағы бір жобаны Ресеймен және БАӘ-мен бірлесіп іске асырмақ. Ол жоба бойынша «Союз-2» зымыран-тасығыштарын ұшыру үшін және олардың модификациялары үшін Байқоңыр ғарыш айлағындағы №1 ұшыру алаңын реконструкциялау қолға алынбақ. Бұл жобаны – «Гагарин старты» деп атапты.
Жалпы ғарыш саласында, астрономия ғылымындағы жетістіктерді мемлекет игілігі үшін пайдалану адам жұмысын жеңілдететіні анық. Мысалы, 2005 «КазКосмос» ұлттық компаниясы құрылған болатын. Оның 100 пайыз жарғысын мемлекет төлейді. 2007 жылы аты «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» акционерлік қоғамы болып өзгергенмен, жұмысы сол бағытта қалды. Содан бері бұл компанияның жұмысы елдегі проблемаларды шешуде кәдімгідей қолғабыс болуда. Жерді қашықтан зондтау, ғарыш технологиясын дамыту, шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар әзірлеу қатарлы қызметтерді осы компания іске асырады. Оның бір мысалы отандық жерсерік 2019 жылы ел аумағында заңсыз қоқыс төгілген 9 628 орынды тапты. Одан бөлек өрт ошақтарын анықтауда да жұмысты жеңілдетеді.
«Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорындары да бар. Жерді қашықтан зондтау, мониторинг, аэроғарыштық түсірілімдер қатарлы қызметтер осы компанияның еншісінде. Тағы бір пайдасын айта кетейік, компания өткен жылдары 1 млн гектардан астам егіс алқабының пайдаланылмай жатқанын анықтаған. Сондай-ақ 185760 жер телімі арнайы талдаудан өтіпті. Жерсеріктердің көмегемімен «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ 15 млн-ға жуық гектар жерді цифрландырған. Енді жер телімдері туралы ақпараттың бәрі жүйеленіп қалды. Бұл дегеніміз – заңсыз жер алу, игермеу сияқты деректер көзден таса қалмайды және толық бақылауда болады. Санамалай берсек, бүгінде осы ғарыш саласындағы қызметтердің пайдасы ұшан-теңіз екенін байқаймыз.
Сондай-ақ Қазақстан спутник өндірісінде әлемдік деңгейге шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы вице-премь­ер Роман Скляр депутаттық сауалға жауап бергенде айтты:
«Бүгінгі таңда «құрастыру-сынау кешенін құру» жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Airbus DS компаниясы жобаға инвестициялық салым аясында (29,8 млн еуро) «CATR»жинақы антенна полигонын монтаждауды жүзеге асырды. Құрастыру-сынау кешенін өнеркәсіптік пайдалануға беру 2023 жылы халықаралық стандарттарға сәйкес барлық сынақ учаскелерінде сынақтардың толық циклін өткізгеннен кейін жоспарланып отыр», – деді бірінші вице-премьер.
Депутаттық сауалға анықтама ретінде ұсынылған дерекке сәйкес, 2022 жылдың 3-тоқсанында құрастыру-сынау кешенінің операциялық біліктілікгі және пайдалануға беруге дайындығы 90 пайызды құрайды. Бұл ғарыш аппараты салмағы 6 тоннаға дейінгі ғарыш аппараттарының барлық түрлерін сынау мүмкіндігі бар Орталық және Орта Азиядағы жалғыз ғарыш аппараты саналады.
«Жалпы 2026 жылға қарай әртүрлі мақсаттағы спутниктер өндірісінің әлемдік нарығына шығу жоспарланған. Ол үшін 2023 жылы құрастыру-сынау кешенінде жерді қашықтан зонд­тау спутниктерінің топтамасын құруға мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын болады», – деді ол.
Ғылымы дамитын ел алдымен осы ғарыш саласына көңіл бөледі. Себебі бүгінде кез келген ғылымның басында тұр. Еліміздегі спутник жасау өндірісі дамыса, еліміздің экономикасымен қоса әлеуметтік жағдайы да жақсаратыны сөзсіз.

А.Әбитұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір