Қазақ дипломатиясы қателікке жол бермей келеді
13.01.2023
360
0

Ресейдің Қазақстанға басып кіруі мүмкін бе?

Өткен аптада талқыланған өзекті мәселе осы сұрақ төңірегінде өрбіді және пікірлер ауанын үрей мен кеудемсоқтық биледі. Бірі Украинаға алғыс жаудырды, енді бірі қарсы болды. Даудың басы журналист Гордонның «Ресей Қазақ­станмен соғыспай-ақ, қуана-қуана аумағына кіріп, оны бодан етуі мүмкін. Алайда қазір оның екі тарапта соғыс жүргізуге қауқары жоқ» деп айтқан мәлімдемесінен басталды. Сондай-ақ украиналық журналист Путин кемі Украина, Ресей, Беларусь және Қазақстанды біріктіруді жоспарлап отырғанын айтты.
«Мүмкіндік туып жатса ол (Путин) Тәжікстан мен Өзбекстанды және Армения мен Әзербайжанды қосып алуға асық. Осы аталған елдің бәрі – ол үшін Кеңес одағы. Сондықтан олардың бәрі Украинаға үлкен алғыс айтуы керек. Егер біз болмасақ, олар сіздерге барар еді» деді Гордон.

Жоғарыда айтқанымыздай, украиналық журналист Гордонның Қазақ­станға қатысты сөздері көп талқыланды. Қазақстандық әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылып, екі тарапқа бөлінді. Біріншісі, «Ресей, рас, бізге басып кіретін еді, тіпті ол әлі де мүмкін» дейді. Екіншісі, «Ресей ежелгі одақтас көршісімен соғыс­уға бармайды» деген ұстанымда. Ең алдымен Гордон – журналист, ол тарихшы не саясаттанушы емес. Оның бұл мәлімдемесінде әлдебір дәйектен гөрі эмоция басым екені анық. Онысын түсінуге болады. Украинада соғыс болып жатыр. Ол қазір атмосферасы ауыр елде тұрып жатыр. Бұл, біріншіден, жеке адамның өзіне бейтараптықтан ауытқуына себеп болуы мүмкін, екіншіден, соғыс тек майдан алаңында болып жатқан жоқ. Ақпараттық соғыс – оқ атудан да қиын соғыс. Шайқасқа түскен әр ел өз пропагандасын жүргізуі керек, тіпті соған міндетті. Сондықтан алуан түрлі пікір айтылатыны анық және елдің имиджін көтеру де соның қатарына кіреді. Себебі сол арқылы елдің рухы көтеріледі, үміт пайда болады. Дмитрий Гордонның сөзін осы ақпараттық соғысқа телуге болатын шығар. Ресейге қарсы қою, өзге елдер арасында, әсіресе постсоветтік елдер ішінде Украинаның беделін көтеру деп түсінгеніміз абзал. Себебі бұған дейінгі сұхбаттарын көрсек, Дмитрий Гордон бұған тіпті қарама-қайшы пікір айтқанын көреміз. «Ресей Қазақстанға басып кіре ме?» деген сұраққа украиналық журналист: «Олай істейді деп ойламаймын. Айтып өткенімдей, Қазақстанның үстіне Қытай қолшатырын жайып тұр. Ресейдің Қазақстанға баса-көктеп кіруге дәті бармайды деген пікірдемін. Әлбетте, солтүстігінде орыстар көп және ол жақта орыс әлемі туралы оң пікірлер де кездеседі. Бірақ басқа қалаларда орыстар аз және мұндай мәселе туындай қоймайды. Сонда да Ресей Қазақстанға басып кіреді дегенге сенбеймін. Ол жақтағы саясат ұнады. Алматыда болдым. Архитектурасы, бес жұлдызды қонақ үйлері, мейрамханалары, экономикасы ұнады. Оған қоса әлемнің қай бұрышында жүрсем де мен қазақтарды көремін. Олар жастарын шетелдің үздік университеттеріне оқуға жіберген. Жастары өте зиялы. Маған қазақ жастары ұнайды» деген болатын.
Қазақстан ешкімге рақмет айтуға тиісті емес. Дәл қазір біздің елде соғыс оты тұтанбағаны өзіміздің арқамыз. Қазақстанның өз тағдыры, өз жері, өз шекарасы бар дербес мемлекет. Өзіміз сынға алатын биліктің ішкі саясатын білмеймін, бірақ сыртқы саясатты жақсы жүргізгені анық. Дипломатияға келгенде қателік жіберген кезі болмады. Қалай десек те, Ресеймен бізді бірнеше ғасырлық тарих байланыстырып отыр. Көршімен тату болу – дипломатияның негізі шығар.
Қазақстан мен Ресей құрлықта 7200 шақырым аумақта шекараласады. Аз халықтың мұндай байтақ жерде соғыс жүргізе алатындай әлеуеті бар ма? Сондықтан Қазақстан дипломатиялық келісім іздеуге мәжбүр және бұл дұрыс та. Біз тәуелсіздік алғалы солтүстік пен шығыстағы көршілерімізбен ара қатынасты жақсарту мақсатында көптеген саяси жұмыс жүргіздік. Бірге экономикалық, кедендік, әскери одақтар құрдық. Ресей мен Қазақстан арасында визасыз режим жасалды. Осының бәрінен кейін, сонша одаққа мүше бола тұра аяқасты Ресей Қазақстанға басып кіреді дегенге сену қиын. Әлбетте әр кезде Ресей саясаткерлері әлдебір сыңаржақ пікірлер айтып, қоқан-лоққы көрсеткендей болып жатады. Дегенмен бұл – ол елдің ресми сөзі емес.
Ресейдің «Единая Россия» партиясы Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы депутаттарының әдеп кодексін әзірледі. 11 пункттан тұратын ұсыныстардың ішінде Қазақстанға қатысты жағымсыз сөздерге жеке тоқталған, яғни сыртқы істер министрлігінің рес­ми ақпараты шықпай, халықаралық және әскери тақырыпта комментарий беруге тыйым салынған. Мысал ретінде, Думаның депутаттарының Қазақ­станға қатысты сөздері айтылған. Бұл да дипломатиялық жұмыстың нәтижесі болар. Бұл қорқақтық, не жағымпаздық емес. Өз алдымызға дербес елміз, өз ұстанымымыз бар. Қазақстан мен Беларусьті салыстырып көріңіз. ДХР, ЛХР туралы Президент Тоқаевтың сөзін еске алайық. Иә, соғыстың салқыны бізге, яғни экономикамызға залал келтіріп жатқаны да рас. Ара-тұра пропагандасын жүргізуге тырысатын Ресей журналистерінің аны-мұнысын айтып, біз жаққа жоғарыдан қарап қоятыны да бар. Бұл енді олардың империалистік менталитеті десек болатын шығар. Дегенмен Қазақ­стан қазіргі геосаяси ахуал ушығып тұрған сәтте, өзге елдермен де дипломатиялық келісімге келгені дұрыс. Бұл туралы сая­саттанушы Досым Сәтпаевтың пікірін назарларыңызға ұсынбақпыз. Досым Сәтпаевтың айтуынша, қазақ жерінде соғыс болмағанын Қытай да тілейді.
«Сыртқы саясаттағы модель тұрғысынан Қазақстан маневр жасайтын алаңды барынша ұлғайтуға тырысуы керек. Ол алаңды әскери, экономикалық, саяси салада ұлғайтуға баса мән берген абзал. Украинадағы шайқастар қазіргі заманда соғыстың қалай өтетінін ашып көрсетті. Сондықтан Қазақстан Украинаның тәжірибесін кейс ретінде қолдануы керек. Тоқаев Түркияға барған кезде әскери келісімге де қол қойылып, беспилотниктерді өндіру жағынан келісіп келді. Сол себепті әскери саланы да, экономиканы да әртараптандыру керек.
Біз Қазақстанның көпвекторлы саясатын стратегиялық позициясына қайтаруымыз керек. Яғни Қазақстанның бәрімен, оның ішінде ірі ойыншылармен, АҚШ, Еуродақ, Орталық Азия елдерімен, Иран, Қытаймен байланыс ұстағаны абзал. Бізге геосаяси баланс, дистанциялық серіктестіктің дипломатиясы керек. Осылар Қазақстанға маневр жасарлық кеңірек алаң ұсына алады.
Қытайдың алдында қазір Орталық Азияға келген әскери-саяси мақсат жоқ, оның басты басымдығы – Тайваньда. Негізгі әскери әрі геосаяси мүддесі соған байланған. Сол себепті Қытай үшін Орталық Азияда тыныштықты кез келген жолмен сақтау өте маңызды. Егер Ресей Қазақстанның солтүстіктегі аумақтарында қандай да бір әскери авантюрасын іске асырғысы келсе, онда бұл жағдай сөзсіз Қытайдың мүддесіне де соққы болып тиеді. Қытай үшін Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде ең көп инвестиция құйылған ел, оған қоса Қазақстан көліктік-логистикалық басты бағдары жатқан әрі Орталық Азиядағы қауіпсіздік тұрғысынан ең маңызды элемент… Осындай жағдайда Кремль Қазақстанға қатысты қандай да бір әскери авантюра жасағысы келсе, бұл әрекет Ресейдің өзін тіпті серіктес елдер алдында аластаған аутсайдер елге айналдырады».
Бұл айтылған пікірлерге сүйенсек, Қазақстанға дәл қазір дипломатиялық қарым-қатынасты түзеп, барынша сыртқы саясатта байыпты болғаны дұрыс. Осыған дейінгі істер қазір оң нәтиже бергені анық. Себебі солтүстіктегі және шығыстағы көршілеріміз, одан өзге елдер де Қазақстанда тыныштық болғанын тілейтіні рас.

А. Әбитұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір