Оқушылар сарайы – білім ордасы
28.10.2025
155
0

Өткенсіз бүгін, ал бүгінсіз болашақ болмайтыны – дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Сондықтан бақытты балалықтың балдәурен мекеніне айналған Шымкент қаласы Оқушылар сарайының бүгінгі жетістіктерін тілге тиек етпес бұрын оның өткен тарихына тоқталып, алғашқы ірге қалау, қалыптасу, даму жолында тұрған тұғырлы тұлғалардың еңбегін көрсете кету – парасатты парызымыз.

 Оқушылар сарайының тарихын шырайлы Шымшаһардың өткенінен бөліп қарауға болмайды, яғни Ресей империясы Қазақстанның оңтүстік аумағын өзіне қосып алғаннан кейін қаланың солтүстік-шығыс бетінде орыс қоныс аударушылары құрған жаңа қала пайда болады. Бұл қаланың орталығы 1903 жылы салынған шіркеу бағы (қазіргі «Кенбаба» саябағы) еді. Осы саябақта 1913 жылы Николь соборының құрылысы аяқталды. 1923 жылы собор жабылып, ғимарат халыққа білім беру мекемелеріне берілді.
1943 жылы ғимаратты балаларға беру туралы шешім қабылданып, маусым айында Пионерлер сарайы пионерлер мен мектеп оқушыларына есігін ашады. Мерейлі мекеннің тарихы да дәл осы кезеңнен бастап жылнамаға енеді.
1958 жылы Ленин комсомолының 40 жылдығына орай облыстық Пионер ұйымдары кеңесінің атқару комитеті, облыстық Еңбекші депутаттар кеңесінің атқару комитеті облыстық Пионерлер сарайына Орталық Азия мен Қазақстан комсомолының көрнекті ұйымдастырушыларының бірі Ғани Мұратбаевтың есімін беру туралы шешім қабылдады.
1972 жылы Пионерлер сарайы «Шымкент облыстық пионерлер мен оқушылар сарайы» деп аталды.
1983 жылы 19 мамырда қала балаларына Пионерлер мен оқушылар сарайының жаңа ғимараты тарту етілді. Ол қала орталығындағы мәдениет және демалыс саябағында орналасқан еді. Балалар аттракциондары, бассейн мен стадион, екі кинотеатр, облыстық өлкетану мұражайы, облыстық филармония, балалар кітапханасы Пионерлер мен оқушылар сарайын айнала бой көтеріп, қаланың бұл аймағын халық ең көп шоғырланған ортаға айналдырды.
«Шымкент қаласының мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарын қайта құру туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі №1183 Қаулысы негізінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Шымкент аулалық клубтар бірлестігі», Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Шымкент балалар мен жасөспірімдер орталығы» және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі Білім департаментінің «Ғани Мұратбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан облысы Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындарының қосылу жолымен Шымкент қаласы әкімдігінің «Шымкент қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны іргесін қалады. Ал 2014 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің «Шымкент қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Шымкент қаласы білім бөлімінің «Оқушылар сарайы» МКҚК болып қайта құрылды.
Бала – бақыт, бала – базар, бала – өмір. Бұл нәзік те кінәз өмір гүлінің дәні қандай топыраққа түсіп, қалай өсіп-өнері оны қалай суарып, күтіп-баптағаныңа байланысты. «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады», – дейді ұлт жанашыры, ақиық ақын Мұхтар Шаханов. Ал ақын айтқан күйсандықтың кілтін тауып, бақыты кемел, дүниетанымы жоғары, көшбасшылық қабілеті жетілген, өнерлі, өрелі ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі мектептен тыс қосымша білім беру мекемелерінің басты мақсаты. Бұл ретте осы бағыттағы өзіндік жұмыс ерекшелігімен, көпжылдық тәжірибесімен және ерен жетістіктерімен танылған Шымкент қаласы білім басқармасының Оқушылар сарайы – 80 жылдан астам тарихы бар мекеме.
Оқушылар сарайы – тарихы сонау сұрапыл соғыс жылдарынан бастау алатын республикадағы байырғы мектептен тыс мекемелердің бірі. Осы жылдар аралығында мекеме облыс және қала балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыс атқарып, озық тәжірибелі мекемелер қатарында республикалық қосымша білім беру саласының «Алтын қоры» кітабына енгізілді. Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері республикалық, халықаралық деңгейде өнер, спорт, білім, шығармашылық саласындағы байқаулар мен жарыстарда жеңімпаз атанып, көк Туымызды желбіретіп келеді.
Оқушылар сарайын нағыз өнер мен шеберліктің ұстаханасы десек, артық айтпаспыз. Мұндағы үйірмелерден білім мен тәрбие алған балалардың дені бүгінде елімізде ғана емес, әлем деңгейінде түрлі биіктерді бағындырып, халқымыздың мақтанышына айналып жүр. Ғылым мен техника, музыка мен театр, әдебиет пен мәдениет, т.б. салалардың саңлақтарына айналған олардың есімдерін саусақпен санап жеткізу мүмкін емес. Олар тіпті жүздеп, мыңдап саналады.
Бүгінде 1200 балаға арналған Оқушылар сарайында 3500-ден аса бала түрлі үйірмелерге қатысуда. Мұндағы жалпы саны 123 үйірменің 34-і әлеуметтік-педагогикалық, 21-і тілдік және сөз өнері бағытында, 13-і спорттық, 4-еуі техникалық, 15-і көркемсурет, 5-і хореографиялық, 17-сі саздық-аспаптық, 14-і қолданбалы өнер бағытында жұмыс істейді. Соның ішінде мекемеге қарасты «Жастық», «Алпамыс», «Жалын», «Шабыт», «Достық» аула клубтарындағы 34 үйірмеде мыңға жуық бала қосымша білім берумен қамтылған.
Жалпы алғанда, Оқушылар сарайы­ның әдістемелік, техникалық-эстетикалық, бұқаралық, аула клубтары бөліміндегі оқу-тәрбие жұмысын 144 педагог-қызметкер жоғары деңгейде үйлестіріп отыр.
Міне, Шымкент қаласы Оқушылар сарайының 80 жылдан астам тарихында қол жеткізген және тоқтаусыз жеткізіп келе жатқан жетістіктері жайлы әңгімелей беруге болады. Оның бәрін басылымның шектеулі бетіне сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан мекеме ұжымының бірлескен күшімен «Мерейлі мекенге – 80 жыл» атты тарихи-танымдық кітап жарыққа шықты. Бұл кітапта мекеменің қалыптасу тарихына шолу жасалып, бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндайтын материалдар топтамасы енгізілді. Қосымша білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен жалпы зиялы қауымға арналған бұл кітаптан оқырман көптеген аса құнды мәліметтерге қанық болары анық.
ҚР ОАМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Қосымша білім және тәрбие» журналының ағымдағы жылғы №8 санында Оқушылар сарайы педагогтерінің 100-ден астам мақаласы жарияланып, республикаға тәжірибе ретінде ұсынылды.
Сонымен қатар Оқушылар сарайы­ның 80 жылдық мерекесіне орай өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияда пленарлық отырыс, қосымша білім беру бағыттары бойынша секциялық жұмыс ұйымдастырылып, конференцияға республикалық және қалалық мектептен тыс мекемелері, жалпы білім беру мектептерінің басшылары мен қосымша білім беру педагогтері қатысып, мекеменің тарихы мен бүгінгі жұмысына жан-жақты сараптама жасалды.


Өткен оқу жылы барысында Оқушылар сарайының үйірмешілері мен педагогтері халықаралық деңгейдегі 72 байқау-жарысқа, республикалық деңгейдегі 101, қалалық деңгейдегі 170 байқау-жарысқа (жалпы саны 343) қатысып, жүлделі орындар иеленді. Атап айтқанда, «Айгөлек» халықтық балалар би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Каланова Р.М.) ІІ Халықаралық «ITALIAN GRAND FESTIVAL» өнер байқау-фестивалінде және Литвада «Паланга» халықаралық фестивалінде Гран-при; «Томирис» СПК (жет. – Г.Тулегенова) Фунакоши каратэден Халықаралық Чемпионатында Италия, Индия, Португалия елдерінде және Халықаралық «WORLD CUP in Karate WSF MOSKOW» жарысына қатысып келді. «Еркетай» би ансамблі (жет.– Шерметова Т.Г.) Дубай, Стамбул қалаларында, Грузия елінде Халықаралық фестиваль-байқауда жүлделі орындар иеленді.
Қазақ халқының маңдайалды суретшісі, кәсіби графика өнерінің шебері,  Құрмет орденінің иегері, танымал суретші-педагог Р.Естемесов – Оқушылар сарайының мақтанышы. Оның жауһар шығармашылық туындылары, Шымкенттегі «Тасбақа жолы», Өскемендегі «Түйе» мүсіні, шаһарымыздағы ғимараттардың қабырғасындағы монументтік кескіндері қаламыздың көрікті жеріне айналып отыр. Әрбір туындысы жас суретшілердің шабытын оятып, шығармашылықпен айналысуына жол көрсетіп келеді. Өнер туындылары Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайына қойылған. Суретшінің жұмыстары ТМД елдері мен (Мәскеу, Ереван, Ялта, Бендер) республикалық және халықаралық (Франция, Түркия) көрмелерге тұрақты қатысып жүр. Сәндік-қолданбалы өнерімен көптеген қазақи қолөнер, сырмақ, текемет, киіз басу өнеріне жаңа леп берді. Қосымша білім беру саласында осындай педагогтер балаларды өнерге баулып жүргені қуантады.
Техникалық бағыттағы үйірмелер: ІТ CENTER-де робототехника және ROBOPARK, авиамодельдеу, радио­техника үйірмелері заман талабына сай жаңашыл техникалармен жабдықталып, халықаралық республикалық, қалалық деңгейдегі жарыс-байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мысалы, «RoboPark» үйірмесі (жет. – Алибеков А.Қ.) – Германия, Дортмундта Халықаралық «WORLD ROBOT OLYMPIAD» Чемпионаты және Халықаралық Alan First Champion жарысына, FLL (FIRST LEGO League) (disover, explore, challenge бойынша) әлемдік жарысына қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсете білді. Авиамодель­деу үйірмесі республикалық жарыстарда жыл сайын жүлделі орындар иеленеді.
Оқушылар сарайының педагог-ұйым­дастырушылары республикалық, қалалық деңгейдегі көпшілік іс-шаралармен қатар, авторлық жобаларды да кең көлемде ұйымдастырады. Атап айтқанда, спорттық бағытқа жауапты ұйымдастырушы Г.Төлегенова халық­аралық деңгейде өтетін Фунакоши каратэ жарысын Шымкент қаласы бойын­ша 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар «ТOMIRIS CUP» ашық жарысын 4 рет республикалық деңгейде өткізді. Әр жарысқа 10-12 облыстан жас спортшылар қатысады. Жас спортшыларға спорт шеберлігіне кандидаттық беруде бұл жарыстардың ықпалы зор.
«Косики карате» бойынша жауапты ұйымдастырушы Б.Жанқараев осы бағытта қала біріншілігін 2000 жылдан бері ұйымдастырып келеді.
Мекемеге қарасты қала сыртындағы «Ақсу» лагері базасында республика көлемінде «Оңтүстік күні» жазғы пленэрлік шеберлік сыныбы 2024 жылы 12-рет өткізілді. Оған Астана, Алматы, Балхаш, Жезқазған, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Петропавл т.б. қалалардың мектептен тыс мекемелерінің ЮНЕСКО клубы мүшелері 25-40 адамдай қатысады.
«Шымкент дауысы» балалар вокалдық байқауын (жауапты педагог-ұйымдастырушы – Ш.Асылбекова) қараша айында 4-рет өткізу жоспарланып отыр. Қала мектептері мен мектептен тыс мекеме оқушылары арасында өтетін бұл байқауға қатысушылар жыл санап артуда. Сыйлық қоры жоғары (100 мың, 50 мың, 30 мың тг.) байқаудың жеңімпаздары мекеменің және білім басқармасының мадақтамасымен, жетекшілері Алғыс хатпен марапатталды.
Оқушылар сарайы 1992 жылдан бері жыл сайын Қазақстан Республикасы Президенті атынан облыс және қала әкімінің жаңажылдық қайырымдылық шырша мерекесіне арнайы сценарий дайындап, безендіру, мерекені жүргізу, сахналық көрініс, көпшілік-сазды
ойындар ұйымдастырады.
Оқушылар сарайының бастамасымен «Тәлімгерлер мектебі» жұмысының қорытындысы ретінде 2010 жылдан бастап, «Үздік тәлімгер» байқауы 2 жылда 1 рет өткізіледі. Шымкент қаласы мектептен тыс мекемелерінің қосымша білім беру педагогтері арасында 2013 жылдан бері «Үздік қосымша білім беру педагогі» байқауы ұйымдастырылады.
Қала көлемінде 2007 жылдан бері «Сырлы сөз» жас сахна жүргізушілер байқауы (жауапты бұқаралық бөлім – Р.Примбетова, А.Сипатаева) мекеменің барлық дерлік іс-шараларының жүргізушілерін іріктеп, дайындайды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен қаржылай жүлде ұсынылады.
Қала көлемінде 2009 жылдан бері
М.Мақатаев шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» байқауы, Оралхан Бөкей оқулары (жауапты бұқаралық бөлім – Р.Примбетова, А.Сипатаева) ұйымдастырылып келеді.
Тәуелсіздік күніне орай қала көлемінде «Балапан көзімен» атты жас суретшілер (5–13 жас аралығы) байқауының (жауапты әдістемелік бөлім – П.Макимова, А.Исмайлова) жеңімпаздарына 3 жыл қатарынан бағалы сыйлықтар мен қаржылай жүлде (50-20 мың тг. аралығында) ұсынылады.
Оқушылар сарайының «Ұшқын» дебат клубы қала мектептерінің оқушылары арасында Оқушылар сарайының Кубогіне қалалық «Debate Legacy Cup» пікірсайыс турнирін 2-рет өткізді.
Мекемеге қарасты қала сыртындағы «Ақсу» жазғы сауықтыру лагері 2009 жылдан бері жыл сайын жазғы кезеңде 6-8 ауысымда әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан 1200-1500-ге жуық баланы жазғы сауықтырумен қамтамасыз етеді. Әр ауысым белгіленген бағытқа арналып, 10 күнде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – бойында кәсіби білігі мен өнері бар, жан-жақты дамыған, өз ұлтының салты мен дәстүрін, әдеті мен ғұрпын мақтаныш ететін, ойлау өрісі кең, елжанды, халқының қамқоры мен жанашыры болатын саналы азамат тәрбиелеу. Жылдар өтіп, қаншама ұрпақтан-ұрпақ ауысса да, Оқушылар сарайына тағы да жүздеген мың балалар өздерінің талантын ашу, дамыту және шығармашылық шыңына жету үшін келетініне сенімдіміз.
«Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ендеше, болашақтың іргетасын бала шақтан бастап қалап, бар күш-жігерін елжанды, рухты, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, көшбасшы ұрпақ тәрбиелеу мақсатына жұмсап келе жатқан мерейлі мекеннің жұмысына сәттілік тілейміз! Бала шағымыз – базарлы, болашағымыз – ажарлы болуы жолында аянбай еңбек ете берейік!

С.Дәніқұлұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір