ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ
Жиырмасыншы ғасыр – адамзаттың шақшадай басын шарадай етіп, ойы мен санасын даму мен өзгерудің өрісті, өркенді кеңістігі мен күнгейлі биіктеріне қалай көтерсе, жұмырбасты пенденің көз жасын көл етіп, қанын судай ағызған, адамның ойы мен санасын құрықтап, жаны мен тәнін жазалаудың сұмдық үлгілерін ойлап тапқан, мыңдаған темір торлы түрмелер мен концлагерьлер ұстаған ғасыр!
Жиырмасыншы ғасыр – ғылым мен өнерді, әдебит пен әдепті дамытудың орасан кеңістігін қалай қалыптастырса, ұлттар мен ұлыстарды жойып жіберудің сана сенгісіз жолдарын да солай ойлап тауып, жалған «құдайшылдар» мен жалдамалы жан алғыштардың жойқын қуаты мен күшін іске қосқан сойқан ғасыр!
Бір сөзбен айтқанда, жиырмасыншы ғасыр Адам Ата, Хауа Ананың ұрпағын сынның оты мен ардың сотына аяусыз сала отырып, сонымен қоса қуаныш пен шаттықты да, өмірдің ләззаты мен бақытын да, мына жарық дүниенің мейірімі мен шапағатын да мол берген.
Мысалы…
Осы күнгі ата жасына келіп, сексен дейтін сеңгірдің алды-артында күзеуі мен қыстауын түгендеп отырған біздің аталарымыз он алтыншы жыл мен жиырмасыншы, отызыншы жылдардың қолдан жасалған қырғыны мен ұлы нәубетінен аман қалған, әкелеріміз Екінші дүниежүзілік ұлы соғыстың қан-қасабынан тірі қалып, Алланың бұйрығымен ұрпақ сүйіп, ұлтты жалғау үшін оралған.
Жиырмасыншы ғасыр – сіз бен бізге өмір сыйлаған, сезім мен ойды, шаттық пен махаббатты тарту еткен, тілің мен діліңді сақтауды үйретіп, ұрпақ сүйіп, ұлт болу дейтін ұлы міндетті бойымызға сіңірген ғасыр!
Адам болып, ғұмыр кешіп, ібіліспен күні-түні майдандасудың ауадай қажеттігін сезінткен ғасыр!
Аяулы ғасыр! Ардақты ғасыр!
Ұлы Жаратушының сыны мен мінін, тілі мен үнін, бабалар рухы мен аманатын арқалаған ұлы ғасыр!
Қолына қалам ұстаған сіз бен бізге өмір мен дәуірдің ақиқатын «шынның жүзінде» жүріп жазуды тапсырған сол жиырмасыншы ғасырдың бір ұлы аманаты – көркем әдебиет!
Көрікті сөз бен көркем ойдың қуат-күшімен ой мен санаға әсер ету арқылы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан адам болмысын, сұлулық пен сымбатты тануға, кісілік пен кішілікті бағалауға, ерлік пен елдік туын биік ұстап, жалғандық пен жалақорлықтың жағасын жыртуға, өтірік пен өсектің өрісін өртеп, өктемдік пен озбырлықтың ордасын қиратуға, зұлымдық атаулының жолын кесіп, махаббат дейтін киелі де қасиетті ұғымның адамдар қарым-қатынасында салтанат құруына күш салу – мыңдаған жылдардан бері келе жатқан адам ойы мен санасына ықпал етудің өнегесі мен үлгісі!
Бұл, әсіресе тілді өнер атаулының алды санаған қазақ үшін қаншалықты маңызды екенін ежіктеп, түсіндіріп жатудың өзі артық… Сондықтан тоталитарлық жүйенің идеологияны бекем қолға алуды әдебиеттен бастағанын іштей оң қабылдаған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің Жазушылар одағының құрылымдық жұмысына қызу араласып, ұйымның тездетіп өз жұмысын бастап кетуіне мүдделі болғандары бекер емес еді… Жүйенің өз мүддесі, Сәкен бастаған ұлт алыптарының өз мақсаттары болды. Ол – өз елінде өгейлік көріп, қынадай қырылған халықтың, тым құрыса, сөз өнеріне деген ішкі тартылысын аман сақтап қалу. Тілі аман елдің өзі де аман боларына өз жерінде қатары күн санап азайып, сетіней бастаған қазақтардың рухын оятып, көзін жеткізуді мақсат еткені анық еді… Тоталитарлық жүйе алдына қойған өз мүддесін орындау үшін Италияда жүрген Горькийді арнайы алдыртып, Мәскеу қаласында үлкен Одақты құрса, Қазақстанда Сәкен мен Ілиястың бастамашылығымен қазақтың өз Жазушылар одағы өмірге келді.
Иә…
Ұйым өмірге келген тоқсан жыл ішінде әлем қаншама ұлы өзгерістерді басынан өткерді?!.
Сәбеңдер мен Ғабеңдер бастаған алыптар мен аға буын өкілдері тізгінін ұстаған жылдар жайлы аңыз көп. Ол кезде мемлекет есебінен тікелей қаржыланатын ұйымның өмірі мен шығармашылық тірлігі жайлы ақиқаты аңызға бергісіз әңгіме жетіп артылады… Жасыратыны жоқ, ол кездегі жазушылар қауымына жасалған жағдай қаншама көл-көсір болса, жазылар шығармаға қойылар идеологиялық талап-тілек те соншама мол әрі қатал болатын… Бір қолымен жағдай жасаған мемлекет екінші қолымен «жағымды», «жағымсыз» кейіпкерлердің тізімін түгендеп отыратын күндердің шет жағасын біз де көргенбіз… Билік қанша қысқанымен, уақыт пен қысым қаламы мен шеберлігін ұштаған шынайы жазушылар әлемдік деңгейге көтерілген озық дүниелерді аз берген жоқ. Соның арқасында «қылышынан қан тамған» Кеңестер Одағының кезінде әлемді аузына қаратқан «ұлттар әдебиеті» дейтін жүзден жүйрікті, мыңнан тұлпарды анықтайтын тегеурінді ұғымның пайда болғанын қалай ұмытуға болады?!
Бұл – кешегі күннің шындығы!
Өмір өзгерді. Қоғам алмасты. Адамдар да өзгерді… Құндылықтар да, құндылықтарды тану, бағалау принциптері де өзгерді… Өткен ғасыр кіндігін кескен он-сан құрылымдардың қатарында мемлекеттен тікелей қаржыланатын Жазушылар ұйымы да тұрлаулы тарихтың еншісіне айналды. Ұйымды өмірге әкелген Кеңестер Одағы тарих аренасынан кеткелі отыз үш жыл болды. Отыз үш жыл ішінде қоғамдық ұйым ретінде қайта құрылған Жазушылар одағын жиырма екі жыл басқарып, бес
съезд өткізіппін. Соның төртеуінде (екі рет жабық дауыспен, екі рет ашық дауыспен) төраға болып сайланыппын… Ары қарай басшылық тізгінін әріптес інілеріме тапсырдым.
Тапсырып отырып, осы бір ширек ғасырға жуық мерзім ішінде атқарылған істердің қалың көші көңіл төрімнен тізбектеліп өтіп еді… Көштің басты ұраны: «Әдебиетті сақтау – ұлтты сақтау!» болатын. Сол ұранмен үнсіз таңды атырып, шаршап-шалдығумен кешті батырып, иыққа түскен уақыт жүгін көтеруге күш салып ек… Бүгін де сол күйді бастан кешіп отырмын… Өрті қалың өтпелі кезең мен жұмыр жердің апшысын қуырып, адамзат баласының алқымынан алуын тоқтатпай келе жатқан жаһандану дәуірінің әбжалман мінезі қалыптастырған өміріміздегі қатерлі құбылыстар мен күнгейлі өзгерістер жарыса жағаласып, көз алдымнан өте бастады… «Әдебиеттің қоғам төріндегі орны кеше қалай еді? Бүгін қалай? Мына жылдамдығына көз ілеспес, өзгерісі өрттей қаулап, алды-артын жалап-жұқтап бара жатқан ақпараттың алапат майданында жұмырбас пенденің жан әлемін сақтау міндетін атқаратын руханияттың ірі саласы – әдебиетті уақыттың көзсіз, ессіз, алақұйын шабуылынан қалай қорғап, қалай сақтаймыз?» деген сұрақ-сауал қос бүйірден қатар қысып, жүрек қақпасын ұрғылап тұр! Сөз – ойдың айнасы, жанның дауысы! Осы бір мазасыз сұрақ менің ғана тынышымды алып жүрмегені анық. Сұрақ өзінің тоқсан жылдығын атап отырған қазақ руханиятының қара шаңырағының қалың мүшелерінің ғана ойын алаңдатар мәселе деп ойламаймын. Бұл аламаны қалың заманның жалаң айқайы емес! Бұл – ұлт пен ұлт руханиятын сақтау жолында әбден пісіп-жетілген іргелі, күрделі мәселе! Кеше күн тәртібінде қалай тұрса, бүгін де күн тәртібінде солай тұр!.. Турасын айтсақ, мәселе кешегіден гөрі әлдеқайда күрделі сипат алып бара жатқанын аңғармау мүмкін емес! Бұл мәселе бір ғана шығармашылық ұйымның қорығынан әлдеқашан шығып, шұғыл шешімін күтер, тұтас қоғамның көңілін алаңдатар ұлттық, мемлекеттік, әрі-беріден соң жалпы адамзаттық жойқын мәселеге айналып отыр…
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелүлы Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Әлем алақанда тұрғандай, технология мен интеллектуалдық ойлаудың кеңістігі қауырт өзгерген, адам өмірін өзгертумен қатар, жерүсті тіршілігіне қауіп пен қатер шеңгелін аяусыз батыра бастаған қазіргідей аса күрделі дәуірде ұйым өмірі мен қаламгерлер қауымына айрықша қамқорлықтың керек екені күмәнсіз. Ұлт әдебиеті мен әлемдік әдебиеттің арасына көпір орнатудың жолын іздеуіміз қажет»
Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағының жетпіс жылдығы аталып жатқан салтанатты жиын мінбесінен жиырмасыншы ғасырдың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов айтқан мына бір сөз еріксіз есіме түсіп отыр. Ұлы суреткердің уақыт тамырын ұстап отырып, дәл айтқан көреген пікірін үзіп-жұлқымай, орыс тілінде айтылған тұтас қалпында келтіруді жөн көрдім…
«Союз писателей Казахстана мужественно выстоял, не поддался разрушительным действиям сил, злоупотреблявщих эгидой свободы без ответственности. Он выстоял, подрос и укрепился и сейчас, на фоне того, что претерпевает современная действительность, выглядит, как вершина Алатау, устоявшая при землетрясении. Да, глобализация затрагивает информативный фокус мира и в том числе сопредельные с ним культурные сферы литературы и искусства. Она открывает нам ворота эпохи и вместе с тем приносит испытания на этом пути. Совершенно очевидно, что всем нам предстоит освоение новых тенденций мировой литературы XXI века с учетом очень важных для всех нас моментов – сохранения наших национальных языков и национальных литератур во всем их своеобразии, многообразии, самобытности и уникальной художественной самоценности. То есть речь идет о выживании и, более того – пассионарном возрастании в рыночных условиях массовой культуры, завладевшей всем миром»
Иә…
Сөз аман болса – әдебиет бар. Тіл аман болса – ұлт бар. Тіл құрыса, сол тілде сөйлейтін ұлт та қоса құритыны туралы өткеннен қалған он-сан бабалар өсиетін қалай естен шығаруға болады?!
Уақыт дейтін қатал, қатыгез сыншы ұлыны да, ұлтты да өз қазанына салып қайнатады. Пісіреді. Тарихтың бізге айтар ащы сабағы – осы! Сол уақыт қазанында қайнап жүріп, біздің дәуірімізге бүлінбей, бүгілмей аман жеткен ұлы құндылықтар қаншама?! Ұлтымызды уақыттың дүлей мінезді дауылдарына ұрындырмай аман сақтап келген, қасиетті ана тіліміздің болашақ тағдыры қай-қайсымызды да ойландыруы тиіс. Әдебиеттің алтын арқауы – кестелі көркем тіл! Ондаған ғасырлар бойында жинақталған жауһар қазынамызды ұлы құндылық ретінде көздің қарашығындай көріп сақтау –ұрпақ парызы. Менің пайымдауымда, қаламгерлердің ордалы төрі – осы мақсатты жүзеге асыру жолында мол міндет атқарған, атқарып келе жатқан жиырмасыншы ғасырдың айдыны кең, айбыны мықты алқалы қоғамдық ұйымдардың бірі һәм бірегейі!
Қазақстан Жазушылар одағы ешкімге шығарма жазып бермейді. Жазушылар одағы – қаламгерге қанат бітірер ұйымдастыру шаралары мен әдебиеттің бағытын, бағдарын анықтап, жөн сілтеп отыратын киелі де алқалы төріміз, кәсіби әңгімеміздің қара қазаны бұрқ-сарқ қайнап, келелі кеңес құрар жеріміз.
Сөз басын Жазушылар ұйымын өмірге әкеліп, тұсауын кескен жиырмасыншы ғасырмен бастап едім, қазаққа ұлт мүддесі мен мұратын қорғаумен қоса, жаңа дәуір талабына сай жаңа тұрпатты кемел әдебиеттің қалыптасуына ықпал еткен сол жиырмасыншы ғасырмен ойымды аяқтағым келеді. Шынын айту керек, ана дәуірде ой айту, сөз сөйлеу еркіндігінен қымбат нәрсе жоқ еді… Еркіндік болмаған қоғамда айта білудің өзі өнер еді. Тұспалдап отырып, тиянақтап айту ізденісті қажет етті… Соның арқасында әлемдік биікке көтерілген жиырмасыншы ғасырдағы ұлы әдебиет өмірге келді… Қазақ әдебиеті халықтың сүйіп оқитын әдебиетіне айналды. Сол кезеңдегі көркемдік жетістіктерімізді ойлап отырып, жаңа ғасыр басындағы айтудың «түбін түсіргенімен», әдебиеттің айбоз әлемінен алшақ қонып, сөз киесін үркітіп, бейауызданып бара жатқан қайсыбір «жазғыштардың» жалаң әдебиетін көріп, ішімді өрт жалағандай болатыны бар… Өкінішті, әрине…
Әдебиеті биік болған елдің мәдениеті де, мәртебесі де биік болатынын ұмытпауымыз керек.
Уақыт озады. Ұрпақ ауысады. Ұлт есейеді. Ұлттың қанатында ұлттың әдебиеті де қанатын жайып, өрісін кеңейтеді… Қолына қалам ұстаған жазушы дейтін қауым, Алла бұйырса, ұлт әдебиетінің алтын төрінің жүзжылдық, екіжүзжылдық мерейтойларына дүркіреп жиналады!.. Өмір… Мәңгілік жалғасады… Ұлы Жаратушыдан сол мәңгіліктің үзілмеуін тілейік!
Әдебиет – ұлттың ұлы қазынасы!
Әдебиетті сақтау – ұлтты сақтау!
Кешегі арыстар мен алыптардың өз қолымен құрылған, ұлттың рухани кеңістігіне игілікті қызмет еткен, әлі де тағынан таймай қызмет етіп келе жатқан қара шаңырақты, ұйым мүшелерін, ұйымның қазіргі басшылығын Одағымыздың мерейлі мерекесімен құттықтаймын!
Нұрлан ОРАЗАЛИН
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының 1996–2018
жылдардағы төрағасы