Ұлт зиялылары қанаттанған білім ордасы
18.02.2025
91
0

Ғылым мен мәдениет орталығы – алып шаһардағы тұсаукесер жиында зиялы қауым өкілдері, Семейдегі мұғалімдер семинариясының түлектері болған тұлғалардың ұрпақтары бас қосты. Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті, алаштанушы, т.ғ.д. Мәмбет Қойгелдиев, жазушы, белгілі абайтанушы, ф.ғ.д. Тұрсын Жұртбай, академик Әлкей Марғұланның қызы Дәнел Марғұлан, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д. Кенжехан Матыжанов, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, тарихшы, алаштанушы, қаламгер Мұратбек Кенемолдин, «Орталық мемлекеттік архив» РММ директоры, т.ғ.к. Сәбит Шілдебаев, М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаевалардың қатысуымен жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды.
Қатысушыларға 1903 жылы іргетасы қаланған Семей мұғалімдер семинариясының Алашорда үкіметі кезінде ұлттық педагог кадрларын даярлау, бастауыш қазақ мектептерін ашу және оларға арнайы оқулықтар шығару жөніндегі рөлі мен қызметі, яғни қазіргі М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің өткен тарихы және бүгінгі жетістіктері туралы бейнефильм көрсетіліп, архивтік тың деректер мен фотосуреттер негізінде оқу орнының семинария кезеңіндегі хронологиясы нақтыланған «Алаштың тұңғыш білім ордасы» атты кітаптың үшінші томы таныстырылды.
Кітап Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ-мен бірлескен жоба ретінде шығарылды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір