БОЛАШАҚ ОҚЫРМАНДЫ БАЛА КЕЗІНЕН ҚАЛЫПТАСТЫРАЙЫҚ
27.04.2024
237
0

    Өткен жылы жарық көрген, биыл әдеби жыл қорытындысына талқыға ұсынылған балалар поэзиясына қатысты кітаптардың саны онға жетпейді. Біз қолымызға тигенді ғана қарап шықтық. Назар аударылмай қалған басқа кітаптар да болуы мүмкін, ал егер шынымен де бары осы ғана болса, өткен жылымыз балаларды өлең кітаптарымен лайықты қамтамасыз ете алмады деуге тура келеді.
«Бар жақсымыз – балаларға!» дегендей, біз баламызға киім кигізсек те, ойыншық әперсек те, әдемісін, жарасымдысын, денсаулығына пайдалысын әпергіміз келетіні белгілі ғой. Өлең де сол сияқты. Баланың жасына лайық, ойына шақ, өсуіне, дамуына қызмет ететін болуы қажет. Қытайдың ойыншығы тәрізді арзан, бір-ақ күндік, қолайсыз, пайдасы шамалы өлеңдерді көбейте берудің керегі жоқ. Жақсы өлең дегеніміз баланың дереу жаттап алғысы, біреуге оқып бергісі келетініндей тәтті болуы керек.
Қазіргі балаларға арналған өлеңдерде байқалатын кемшіліктердің кейбіреуін тізбелесек, ең алдымен, айтар ойында нақтылықтың жоқтығы, аз нәрсені айту үшін ұзаққа созып, шұбалаңқы етіп жазу, көңіл-күйге бірден әсер ете қоймайтын солғындық, ұйқасты, сөзді немесе буынды зорлықпен, амалсыздан қиыстырып әкелу, тағы сол сияқтылар.
Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Өсиет» атты кітабы балаларға арналған мысал, ертегі, аңыздардан құралған екен. Ондағы «Балтаның сабы» деген мысалды алып қарайық. Көктемде бір адам орманға келіп, жас қайыңды балтамен шауып әкетеді. Бұған ормандағы басқа ағаштар қатты қайғырады. Сонда қарт шынар ағашы тұрып: «Шарамыз қанша, оны шапқан балтаның сабы өзімізден емес пе?» – дейді. Бұл бүгінгі күні өз тамырына өзі балта шабатын тексіздікті меңзейтін мағыналы, ғиб­ратты мысал деп білеміз. Жинақтың «Өсиет» деген атына сай, бұл кітап көбіне аң-құстарды мысалға алатын байырғы үлгімен жас буынға өнеге беруді көздеген оқиғалы өлеңдерден тұрады. Шығармалардың тілі бастауыш сынып оқушыларына сәл күрделілеу, көлемдері де үлкен, сондықтан орта және жоғары сынып оқушылары түсініп оқиды деп айтуға болады. Өлеңдердегі мағына, өсиет пен ғибрат жақсы, бірақ ұйқастардың кейбіреулерінде дәлсіздік бар, «айналасы теп-тегіс жұмыр» келуі үшін, бұл мәселеге де мән берген жөн деп ойлаймыз.
Балалар әдебиетін дамытуға, насихаттауға зор үлес қосып жүрген ақын Байбота Қошым-Ноғайдың «Жасыл бояу қайдан табылды?» деп аталатын кітабына өлеңмен жазылған ертегілер енгізіліпті. «Білімін жалғастыра алмай қалған аң-құстар» хақындағы ертегіде ғарыштан келген қатал мұғалімнің аң-құстарға әріп үйрете алмай қойғаны, ақыр-соңында олардың әрқайсысы сауатын ашпастан өзінің табиғи ортасына қашып кеткені баяндалады. Жан-жануардың табиғаттағы рөлі басқа екенін, ал оқу-білімнің адамға ғана тән қасиет екенін аңғартады. Ертегіде әр бес шумақ сайын қайталанып отыратын рефрен немесе қайырма тәрізді мынадай екі шумақ шығарманың әсерлігін, оқылуын күшейте түседі:
Ертеде, ерте-ертеде
Шөлейтте, не бір орманда,
Бәлки, бір сулы өлкеде
Болмаған әлде болған ба?

Шындық па, жалған былық па?
Онысын қайдам… аң біткен
Оқыпты бірге сыныпта
Құстармен, түрлі жәндікпен.
«Таңғажайып түс» деп аталатын ертегіде қазақ тілін нашар оқитын, жазуды қате жазатын Мұрат деген баланың түсіне тыныс белгілері кіріп, қыспаққа алады. Сұрау белгісі, леп белгісі, үтір, нүкте – барлығы бірігіп оны жазаламақшы болады. Түсінен шошып оянған Мұрат күрт өзгеріп, бұдан былай қате жібермей, кілең бестікке оқитын болады.
Кітаптың атына арқау болған «Жасыл бояу қайдан табылды?» ертегісіне тоқталайық. Сымбат деген қыз сурет салып отырып, бақтың суретін бейнелейін десе, жасыл бояуы жоқ болып шығады. Енді бау-бақшаны бейнелеу­ге көк бояу мен сары бояу таласа бастайды. Таласып жүріп екеуі араласып кетеді де, кенеттен олардың қосындысынан жасыл түс пайда болады.
– Алақай! – деп,
Сымбаттың
Шықты дауысы тым қатты,
– Жасыл бояу!
Бұл – бақтың
Бояуы! – деп,
Тіл қатты.
Бұл ертегіде бірлескен әрекеттің қиыннан жол табудағы пайдасы туралы, бояуларды қолданудың құпиялары туралы қызықты мағлұмат бар. Кітаптағы ертегілер оқуға жеңіл әрі тартымды. Соңғы жағындағы орыс, украин, белорус ақындарынан аударылған ертегілер де сәтті таңдалған. Кейбір ертегінің желісі балаларға арналған мультфильм түсіруге сұранып тұрғандай.
Мультфильм демекші, балалар әдебиетінің насихатталуын басқа өнер салаларымен ұштастыра қарау керек. Жақсы шығарма жазылды ма, соның желісімен жақсы мультфильм түсірілсін. Қажет болса, кино түсірілсін. Шығармада типтік кейіпкер бар болса, оны кітаптан оқыған бала енді мультфильмін іздеп жүріп көрсін. Ұнататын кейіпкерінің суретін бір көргеннен танитын болсын. Оның арғы жағында сол кейіпкердің бейнесіндегі ойын­шықтарды шығарып, сату тұр. Осының бәрі балалар әдебиетінің де насихатын арттырмақ. Бізде әлі күнге дейін Қаңбақ шалдың, Алдар көсенің, Қожанасырдың, Тазша баланың, Ер Төстіктің бала санасында қалыптасқан тұрақты бейнесі жоқ. Балаларға олардың суретін сал десеңіз, әрқайсынікі әртүрлі болып шығуы мүмкін. Ал енді, Гарри Поттерді, Шректі сал десеңіз, қиналмай салып бере алады. Ертеректегі Винни Пух, Карлсон туралы да соны айтуға болады. Қазақ баласы жаңа кейіпкерлерге зәру. Өнер салаларының өзара ұштасуы туралы сөз еткенде, балалар драматургиясының рөлін де айта кету керек. Қуыршақ театрында Қасымхан Бегмановтың «Ұр, тоқпақ», Әлібек Байболдың «Чемпион», тағы басқа қаламгерлердің балаларға арналған драмалық шығармалары сәтті қойылуда.
«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар», – деп Абай айтқандай, балалар үшін әні бар өлеңдер де көп керек. Осы олқылықтың орнын толтыруға Арасанбай Естеннің «Ұлы дала ұланымыз» деген әндер жинағы үлес қосқан. Әндердің музыкасын Айсұлу Тани жазыпты. Нотасымен қоса берілгендіктен, балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларының пайдалануына ыңғайлы шығармалар жинақталған. Бір ерекшелігі, әндердің көпшілігі сұхбатқа (диалогқа) құрылған.
Нұрлан Қалқаның «Жыл – он екі ай» кітабы қолымызға тиді. Жинақтағы өлеңдер балабақшаға, мектепке, мемлекеттік мерекелерге арналған бірнеше бөлімге бөліп ұсынылыпты. Мұғалімдер мен оқушылар өзіне керегін оңай тауып алады. Наурыз мерекесіне өлең керек пе, тәуелсіздік күніне өлең керек пе, жұмбақ, жаңылтпаш керек пе – бәрі бар. Бірақ кейбір туындыларға сын көзімен қарамауға болмайды. Мысалы, мына жаңылтпашты алып қарайық:
– Табыңдар! – деп, – бізді,
Апам бізге ұрысты.
Таппаған соң бізді,
Бар күдерін үзді.
Мұнда «біз» деген сөз екі мағынада қолданылатынын аңғартуы орынды, әйтсе де, жылдам айтуға қиындық тудыратын жаңылт­пашқа тән сипат бұл шумақта аз. Осындай ескертулерге қарамастан, кітаптың мазмұны жан-жақты, ақпараттық, тәрбиелік мәні мол болып шыққан.
Әлһам Ділданың «Бұлтпен сұхбат» деп аталатын шағын кітапшасы жүз дана ғана таралыммен жарық көріпті. Жинаққа өлеңдер, мысалдар, жаңылтпаштар енгізіліпті. Олардың ішінде көңілге қонымдысы да, бұл қалай деп секем алдыратыны да кездеседі. «Білгенге» деген шумақта:
«Қос тіл білгім келеді!» –
Дегенге,
«Бес тіл білгім келеді» –
Дегенге,
Бұл қасиет
Дари салады екен бір демде,
Тек, ана тілін
Толық білгенге, – деп, қазіргі балалардың басқа тілді үйренуге құштарлығын айта отырып, ол үшін де алдымен ана тілін білудің маңызды екенін ескертеді. Сонымен қатар сәтті шыққан жаңылтпаштар да бар:
Жаңғақты
Жарық жақ та, жарып шақ.
Жаңғақты
Жарық жақпай, жарып шақпа.
немесе:
Дамылдағанда –
Дабырламаңдар,
Дамылдамағанда –
Дабырлаңдар.
Секем алдыратын тұстарына келсек, автордың балалар үшін аса қажет емес сөздерді қолданып та өлең құраған жерлері бар. Бұған мысал:
Сыра сұраса – ыссылағаны.
Сыра сұрай, сұрай ысылады.
Тағы бірде:
Иран-бақтан,
Жүз грамды құйған Ира жақсы, – деген екен Иван «бақсының» атынан.
Кітап авторының «тұлымшақ», «несібе», «текемет», «шылбыр», «кетпен», «балауыз» сияқты сөздерді қазіргі балалардың есіне салуы орынды болған, керісінше, «телек», «мебіл», «шірет», «самолет», «винт», «кран», «әптек», «труба», «свет» деген сөздерді сол қалпында қолдануы сәтті шықпаған. Біз автордың байқағыштығын, сөздерді құбылта білетінін аңғардық, десе де көкейдегі көрікті ойды қағазға мінсіз түсіру үшін әлі де шеберлікті шыңдауы қажет деп білеміз. Бұл – әсіресе балалар үшін жазғанда аса маңызды нәрсе.
Тағы бір кітап – Самат Слямғазиннің өлеңдер, ертегі, мақал-мәтелдер жинағы. «Ана тілі – бала тілі» деп аталады. Кітаптың атында мән бар, шынында да, анасы қай тілде сөйлесе, бала да сол тілде сөйлейтінін меңзеп тұр. Жинақ балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына арналғандықтан, қолмен салынған түрлі-түсті суреттермен әдемі безендіріліпті. Балаларға арналған кітаптың мазмұны ғана емес, безендірілуі де маңызды екенін айтқымыз келеді. Аталған кітапта аң-құстар, жәндіктер, табиғат туралы ықшам, көбіне бір шумақтан тұратын тақпақтар бар. Оқуға жеңіл, ұғынықты. Кітап соңындағы мақал-мәтелдердің де мағынасы мол.
Болат Бопайұлының «Бала қамшы» деген кітабы өлеңдер жинағы болмай шықты. Әйтсе де, балалар үшін қажет дүние ретінде тоқтала кеткеніміз жөн. «Балаларға арналған ұлттық оқулық» деп қосымша атау беріліпті. Жас баланың астына бәсіре тай мінгізіп, қолына бала қамшы ұстататын халық дәстүрі арқау болған. Мұнда қамшының құрылымы, тарихы, мән-мағынасы, қамшыға байланысты ырымдар, қамшы туралы мақал-мәтелдер мен жұмбақтар, әндер, қамшының жетпіске жуық түрінің тізбесі берілген. Ұл балаларға қамшымен қоса сыйға тартуға болатын дүние деуге болады.
Балаларға заманымызға сай жаңа өлеңдер керек екені жиі айтылып жүр. Сонымен қатар алтын қорымызды, яғни қазақ балалар әдебие­тінің классикасын да жас оқырмандарға қайта жаңғыртып, ең жақсысын, әлі де өзектілігін жоғалтпаған туындыларын іріктеп, антология ретінде немесе сериялы кітаптар түрінде жиі ұсынып отырғанымыз жөн. Өткен жылы Мұзафар Әлімбаевтың «Алақай, балақай!» деген атпен таңдаулы өлеңдер жинағы әдемі безендіріліп, жас оқырмандарға тарту етілген екен. Бұл – құптарлық жағдай.
Жас балаларды кітапқа қызықтыруда оларға арналған шағын, беттері аз, бірақ журнал тәрізді көркем безендірілген кітапшалардың атқаратын рөлі зор. Біздің бала кезімізде ірі классикалық шығармалардың ең қызықты, ықшамдалған үзінділері осындай кітапшалар түрінде сатылымға шығушы еді. Мысалы, «Гав­рош» деген ержүрек бала туралы кітапшаны қызығып оқыдық. Сол арқылы Виктор Гюго деген ұлы жазушының болғанын білдік. Гаврош «Аласталғандар» деген үлкен романның үзіндісі болып шықты. Сөйтіп, алдымыздан француз әдебиеті ашылды. Осы әдісті әлі де қолдана беру жемісті болмақ.
Содан соң, балаларға арналған «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», тағы басқа журналдар мектеп оқушыларының қолында, әрбір отбасында болуын қарастырған жөн. Қазақша кітап оқитын баланың санын көбейту мемлекеттің маңызды стратегиялық бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл – экономикада ішкі жалпы өнімді ұлғайту сияқты ерекше сала. Сол арқылы тіл мәселесі де шешімін таба бермек. Технологияның дамуына орай, балаларға арналған дүниелерді ұялы телефонға, планшетке лайықтап жасау әрекеттері құптарлық нәрсе. Дегенмен, қағаздан оқудың еш уақытта маңызын жоймау керегін, оның әсері де бірнеше есе артық екенін ойдан шығармаған жөн.
Жақсы оқырман жоқ жерде – жақсы әдебиет те жоқ. Тіпті сол әдебиет бар болса да, оның бар екенін ешкім білмей қалмақ, құны да түспек. Сондықтан болашақ оқырманды бала кезінен тәрбиелеу керек. Оның бір жолы – балаларға жазатын авторлардың мектептермен, балабақшалармен байланысын үзбеуі. Осының бір жарқын үлгісін былтырғы жылы ақын Саят Қамшыгердің тәжірибесінен байқадық. Саят Қамшыгер башқұрт жазушысы Айгиз Баймұханбетовтың «Тастамашы, ана!» кітабын қазақшаға аударып, Қазақстанның көптеген мектептерінде оқушылармен кездесу өткізіп жүр. Оның жеміссіз емес екенін сол кітаптың сұраныспен бірнеше рет қайта басылып, қателеспесем, жиырма мың данадан астамы сатылғанынан білуге болады. Демек, оқушыларға кітап оқытудың жолдары бар екен.
Сөзімнің соңын жоғарыда атап өткен Нұрлан Қалқаның бір шумағымен аяқтағым келеді:
Игі жақсы ағалар,
Еңбегін ел бағалар.
«Жақсы кітап берер» деп,
Елеңдеп жүр балалар.
Балалар үшін ең жақсы кітаптар жазылсын, ол кітаптар әрбір шаңырақтан табылсын!

 

Қайырбек ШАҒЫР,
ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір