Оқырманды шатастырмайық
23.12.2022
469
0

Тағы да мемсыйлық жайында

«Қаңтар оқиғасынан» бері жазу, сызу жағы жайына қалған секілді еді. Әдебиет жүгін қатар арқалап келе жатқан Құлбек Ергөбек бауырымның «Мемлекеттік сыйлықта қадір қалмады» («Қазақ әдебиеті», №8,
25 ақпан, 2022 жыл) атты оқшау ойынан кейін өз ойымды айтқым келген. Исраил Сапарбай ағамның жанайқайын («ҚӘ», №10,
11 наурыз, 2022 жыл) оқып шыққан соң да компьютерге отыра алмадым. Араға уақыт салып, осы бір пендешілікке толы мәселені талқылау тоқтамай қойды. «Мемсыйлық жайлы жастар не дейді?» деген газеттің тұтас бетін алып жатқан проблемаға («ҚӘ», №46,
25 қараша, 2022 жыл) өз пікірімді білдіргім келсе қайтейін.

Құлбек бауыр: «Мемсыйлық кезінде Ленин сыйлығына өтпей қалған жазушыға берілді», – дейді. Ол кім? «Кім» деп қадалып отырған себебім, егер Ілияс көкем болса, ол Мемлекеттік сыйлықты Ленин сыйлығына ұсынылмай тұрып алып қойған еді ғой. Ал Әнуар Әлімжанов болса, өз басым ол ағамызды сый-сияпат, даңқ, дақпырттан жоғары адам деп есептеймін. Тіптен бар-ау, халқымыздан өз бағасын ала алмай келе жатқан осы ағамызға бағыштап, Әлімжанов атындағы Мемлекеттік сыйлық тағайындап жіберсек те артық емес-ау деп ойлаймын.
«Шығармасын орысша жазатын азаматқа «ұлы мәртебелі орыс тілі үшін» берілді» дейді құрдасым. Орысқа іші бұрмаса да, орыс тіліне іші бұратын адам ретінде айтарым, орыс тілді шығарма үшін сыйлық беріліп жатса, оның несі жаман?.. Ал сыйлық алған адам кім? Егер Олжекеңе қаратып айтылса, ағамыз Нобель сыйлығына лайық азамат емес деп айта аласыз ба? Егер Роллан Сейсенбаев болса, әлемдік деңгейде алмаған сыйлығы жоқ ағамыз осы сыйлыққа қызыға қояр ма екен деген күдігім бар. Егер Бақытжан Қанапиянов болса, ақындық қуатын былай қойғанда, қазақтың көне жырларын орысшаға аударғаны үшін-ақ мемсыйлық бере салу керек еді ғой.
«Комиссиядан құлаған шығармаға заңсыз қайта отырыс жасап, сыйлық берілді» дейді. Иә, «заңсыз» дейді. «Заңсыз» дегенде не айтқысы келеді? Әрине, осының алдында Жазушылар одағын басқарған ағамызға қаратып айтылып отырғаны белгілі. Бірақ сол оқиға Одақтың не пленумы, не құрылтайы емес, комиссия мүшелерінің басқосуы кезінде орын алғанын білеміз. Біріншіден, Құлбек астарлап отырған ағамыз мемыйлыққа лайық емес деп кім айтты? Оның үстіне, осы сөзді сол сыйлық алған ағамыз билік басында отырған кезде айтуы керек еді.
«Дүниеден өткен жазушыға Н.Ә. Назарбаевты мойынсерік етіп, мемсыйлық алды. Бұдан кейін өліге тіріні қосақтап, мемлекеттік сыйлық берілетін үрдіс туды» дейді. Мұқаңа бағыштап айтылса керек. Өз басым Құлбекті (жалғыз Құлбек емес) Мұқағали ағасымен таныстырған адам ретінде айтарым: сол жолы сыйлыққа үш адам түскен еді. Жол Тұрсынзаданыкі (Есімжанов) болатын. Ақындығын былай қойғанда, артында «Мамания» деп аталар «қоңды» жұрты мен Қонаевтың жалғыз көмекшісі тұрғанына қарамай, Тұрсынзада ақын сыйлықтан бас тартты да, сыйлық Фариза-қызға берілді. Өзім қасында бес жыл жүрген жарықтық Мұқаң Фариза қарындасы сыйлық алған күні қуанғаннан жатқан жерінде бір аунап түскен болар деп ойлаймын.
«ХХ ғасырдың «нөмірі бірінші халтурщигі атанған жазушы шімірікпей мемсыйлыққа ие болды, сол тұста біз «Бүгін қазақ әдебиеті үшін қаралы күн!..» деп күңірендік» дейді. Сол «Нөмірі бірінші халтурщигі» кім?.. Өз басым әзірге мемсыйлық алған халтурщикті білмейді екенмін. Одан қалды, «қаралы сөзге айналып, қалың қазақты күңірентіп, қазақтың ашық аспанын шарлап кеткен» не деген қуатты сөз? Бәлкім, осы қанатты сөзді айтқан адамға мемсыйлық бере салу керек шығар…

«Былтыр балалар әдебиеті жайында қомақты кітабым жарық көрді. Оқыған әріптес, қаламдастар «Мемлекеттік сыйлыққа ұсынайық» дейді. Мен ойланамын» дейді Құлбек бауыр. Ойланатын түгі жоқ, Құлеке. Біріншіден, әңгіме кітаптың «қомақты» немесе «қомақсыз» екенінде емес, мәселе… ақшасында емес, басқасында екенін өзің де білесің. Оны өзің де мойындап отырғаныңа ішім жылиды. «Ұлы Абайдың өзі мемсыйлық иегері емес. Ал бізде қаншама рет Абайдың бір кітапқа жетер-жетпес жинағын өндіріске дайындаған, ұлы ақынның мерейтойын аңдып отырып, еңбек жазған ғалымдар топ-тобымен мемсыйлық алды. Абай жарықтықтың аруағынан ұят емес пе?!» дейді.
Рас сөз. Шығыста жүргенімде облыс әкімінен әбден жалынып сұрап алған жеті мың долларды бөліске салған кезімде, сол сыйлықтың екеуін Абай жайлы еңбек жазған ғалымдар алып кетіп еді. Бірақ олар шығармасын (диссертация ғой баяғы) орыс тілінде жазғандықтан, тілімді қырши тістеп, үнсіз қалып едім. Иә, Абаймен таласатын біз кімбіз? Бұл жерде мәселе тағы да ақшасында емес, басқасында болып тұр… Мәселе сенің «қомақты кітабыңда»… Қазақта «біреу қатын алып қашады, біреу қызығына қашады» деген сөз бар. Мысалы, Қадыр Мырза Әліні былай қойғанда, шын талант Жарасқан Әбдіраш ағаң балаларға арналған қаншама топтама өлеңдер жазды, Құлбек! Қазақ елінің ғұламасы іспеттес ақын Байбота Қошым-Ноғай есіл талантын балаларға арналған өлеңдерге, қазақ прозасының үкілі үміті Арасанбай Естенов секілі құрдастарың есіл денсаулықты балалар әдебиетіне сарп етіп жүр емес пе?
Сейдолла Бәйтереков деген талантты композитор ағамыз болды. Сол жігіт қазақтың Әлия-қызын жоқтап ән шығарды. Ол әнді он сегіздегі Роза қарындасымыз (Рымбаева) әлем халқының алдында шырқады. Розадан кейін Қазақ теледидарында жұмыс істейтін менің Пономарев пен Ерғалиев дейтін әріптестерім сол әнді теледидарға шығарды. Шығарды да, Ленин комсомолы сыйлығын алды. Сол жолы сыйлықтан қағылған жазған басым трибунадан «Сейдоллаға дымбылбас та жоқ» деп айтқанымды халық біледі. Ендеше, сенің Абай туралы ойың дұрыс, Құлеке! Сыйлықты түпнұсқа авторына беру керек. Демек, Абай ақынға, Сейдоллаға, Жарасқан мен Байботаға беру керек, қалғаны – жарнама ғана…
Қазақ теледидарында «диктор» деген мамандық болды. Олар дайын мәтінді оқитын. Мысалы, Абай хакім ақылды сөз айтады. Сол айтқан сөздің төңірегінде мен секілді бір журналист мәтін жазады. Сол мәтінді оқыған адам бүкіл қазақ елінің сүйіктісіне айналады. Байқайсың ба, осы үрдіс бүгін де өзгерген жоқ. Мәселен, қазақ елінің атбегілері жылқы баптайды. Сол атбегілер баптаған жылқыны жинап алып, мен секілді бір пысық бәйге өткізіп абырой алады, сыйлық алады. Ау, ағайын атбегінің өзі қайда қалды, ат жаттықтырушы қайда қалды, атшабар бала қайда қалды?
Аруаққа сенетін қазақ ұрпағы болса, бұ дүниеде (бәлкім, о дүниеде) әркімнің де өз еңбегінің тиісті бағасын алғысы келетіні анық. Өз басым бүкіл ғұмырын қазақ ұлты үшін сарп еткен Сапа Мекебаев пен Мәди Айымбетов ағамыздан басқа мемсыйлықтан бас тартқан адамды білмейді екенмін. Басқа-басқа, әулие тектес Әбіш ағам елбасының қолынан «Жұлдыз» алғанда, сол жұлдызды құшып сүйгенде мен залда отырған едім. Ал енді ағамыздың елбасының қолын сүйгенін өз басым көрген жоқпын. Бәлкім, көргім келмеген шығар. «Көрмейін десем, көзім бар» дейді қазақ. «Мен сыйлықтан бас тартқанмын» дейтін Мұхтар Шаханов ағамыздың кеудесіне «Жұлдыз» таққан ел ағасына қаратып айтқан сөздерін құлақ естіп, көз көрді. Қазақта өзін сыйлықтан жоғары қоятын бірден-бір адам – «Халық қаһарманы» атағына әбден лайық жарықтық Әбең, Әбдіжәмил ағамыздың өзі «Еңбек ері» атағын алғандағы қуанғанын да көз көрді. Өйткені атағы түскір кімнің қолынан алғанда емес қой. Өз басым әлемде атақтан бас тартқан біраз адамды білем. Басы – Солженицын еді. Біздің қазақта да атақтан бас тартатындар бар екен-ау. Бізде сол атағы түскірді топырлатып беріп жатқан мына кеңшілік заманда жақын адам ретінде Құлбек бауырдың мемсыйлықтан бас тартқанына өкініш білдіремін.

«Лайықсыз берілген сыйлықтарды қайтарып алу қажет» дейді бауырым. Дұрыс-ақ, қайтарып алайық. «Оянған өлкені» жазған Ғабең сыйлықты «Кез­деспей кеткен бір бейне» атты хикая­тына, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған «Қарағанды» романын жазған Ғабиден Мұстафин мен «Болашаққа жол» («Инеш») романын Дудинцевтің «Белые одежды» романынан бұрын жазған Сафуан Шәймерденовтерге сыйлық естелік кітаптары үшін берілді. Қазақ оқырмандарына «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабымен танымал ағамыздың, өзінің «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» атты өрелі шығармасымен танымал досымыздың қай кітабына мемсыйлық алғанын білеміз. «Кезінде қате кеткен екен деп сол сыйлықтардың бәрін қайтарып алсақ қайтеді?» дейді Құлекең. Ең қызығы, мемсыйлық дегенің ақшалай сыйлық емес пе, баяғыда өмірден өтіп кеткен ағаларымыздың бала-шағасы баяғыда ішіп-жеп қойған ақшаны қалай қайтарамыз? Мемсыйлыққа қатысты пара­докс көп. Сонау сексенінші жылы «Өлгендер қайтып келмейді» романымен сыйлыққа ұсынылған ағамыздың алдында ұлы Баукең тұр еді. Егер сыйлықты екеуіне де бере салсақ, кішірейіп қалар ма едік?
Осы жерде Әбдіжәмил ағамыздың бір сөзі ойға оралады. «Жамбыл атындағы мемлекеттік сыйлық берілетін болды. Менің «Курляндия» романым ұсынылды. Ұлы Ғабең «Қазақ солдатын» ұсынды. Менікі – олпы-солпы шығарма еді. Аяқтан шалуға шебер қазақтар сыйлықты маған берді. Өз шамамды өзім білемін ғой. Сол сыйлық алған шығармамды кейіннен «Есею жылдары» деген атпен түгелдей қайта жазып шықтым».
Бір қызығы, мемсыйлық туралы ереже жылма-жыл өзгереді. Мемсыйлыққа үш-төрт рет ұсынылған Софы ағамыз «Елімайына» сыйлық берілмеген соң бүкіл қоғамға өкпелеп, өлең жазып кетті. Өйткені сыйлық беру жөніндегі кезекті ережеге «Бір шығарма сыйлыққа екі рет ұсынылмайды» деп бадырайтып жазып қойған еді. Егер осы ереже болмаса, Ұзақбай Доспамбетов ағамыздың «Абылай хан» эпопеясы, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы кез келген үміткердің алдын кес-кестеп тұрып алар еді-ау. Осы ереженің арқасында қаншама жігіттер бармағын тістеп қалды десеңші.
Ереже биыл да өзгерді. Енді мемсыйлықты әр бес жыл сайын алып тұруға болады. Енді қаламгердің көзі тірісінде ұсынылған шығармаға сыйлық ертелі-кеш беріле береді. Демек, кәдімгідей кезекке тұруымыз керек. Өз басым басқаларға үлгі болсын деп кезекке тұрып та қойдым. Өкінішке қарай, өзім көз майымды тауысып баспаға дайындаған Әбеңнің «Сондай да бір күн болған» («Соңғы парыз») дилогиясын ұсынуға болар еді, бүгінде Әбеңді кезекке қойып қоймағаныма өкінемін. Өйткені дәл осы ереже шығатын кезде тоқсанның тоғызына шыққан Әбең өмірден өтіп кеткен еді.
Мемсыйлық алуға әбден лайық Исраил Сапарбай ағам: «…Мен соңғысына ғана тоқталайын, иә, сыйлық алу үшін жазады. Жазған-сызғаның Жаратқан иенің жарылқауы болса және ол жәми-жамағаттың рухани игілігі мен қажетіне жарап жатса…» деп жазады. Осы жолдардан Жаратқан Аллаға қатысты тұстарын алып тастасаңыз, бәрі ап-айқын, түсінікті болады да шығады. Иә, шығарма ең алдымен жамағаттың қажетіне жарауы керек. Сонда ол қандай қажеттілік?
Өзіміз секілді ғылыми коммунизм ғылымын (иә, сол кездері ғылым ретінде саналып, диплом алудың ең басты өлшемі болатын), коммунистік идеология тәрбиесін бойына сіңірген буынның ара-тұра қарсылығын былай қойғанда, бүгінде көпшіліктің Алаш, Алашорда идеясына біржола бет бұрғаны байқалады. Өзінің жоғары деңгейлі поэзиясы мен прозасын жиып қойып, Алаш идеясын насихаттауға жарты ғұмырын сарп еткен Тұрсын Жұртбайдың мемсыйлықтан қағылғанын көргенде екі қолыңды төбеңе қойып… безіп кеткің келеді.

Жантас Еркін деген баламыз «Мемсыйлық әлемдік сыйлықтарды алуға кедергі келтіреді» деп жазады. Өз басым сол кедергінің себебін біле алмадым. Ал Досхан Жылқыбайдың «Мемлекеттік сыйлық тұтас шығармашылығы үшін беріледі» деген пікіріне қосыламын. Бүгінде сыйлық беру мен дәреже бөлісу кезінде биліктің екіұшты қағида стандартын ұстанып келе жатқанын көпшілік жақсы біледі. Билік халық қажеттілігін өтеу мен билік қажеттілігін өтеу қағидаларының шекарасын шатас­тырып алған жайы бар. Алысқа бармай-ақ бұған кейінгі екі жыл ішіндегі қазақ прозасының майталмандары Тынымбай мен Тұрысбектің басынан өткен оқиғалар дәлел.
Меніңше, бәрі оп-оңай. Мемлекеттік сыйлық (ақшалай сыйлық) сіз бен біздің мемлекеттік қазынаға төлеген салығымыздың есебінен төленеді. Ендеше сол салық төлеушінің қажеттілігін өтеуіміз қажет қой. Осыдан отыз жыл бұрын Әдеби жыл қорытындысында баяндама жасадым. Ақселеу Сейдімбек ағамның «Күңгір-күңгір күмбездер» атты шығармасы жарық көрген кез. «Сыйлық шығарманың шеберлігіне емес, халыққа қажеттілігіне орай берілуі керек» дегенде, Ахаңның көздеріндегі отты көрсеңіз ғой… Соның алдында ғана Канадада «Канаданың жеті өзені» атты кітапқа мемсыйлық берілген еді.
Өз сөзіме өзім сеніп қалдым ба, сол күннен бастап саяхатшы-жиһанкезге айналып, Қазақстанның өзен-көлдері жайлы кітап жаза бастадым. Екі томдық «Ғажапстанға саяхат», екі томдық «Ғажайып тұнған жерді» жаздым. «Сал үстіндегі маусым» «Аралға – арашадан» бастап Алтайдан Атырауға дейінгі аралықта он сегіз экспедиция басқардым, жиырмадан астам деректі-көркем фильм түсірдім. Менікі – халық қажеттілігін өтесем деген ниет еді. Ал сіз Нобель сыйлығы, «Букер» сыйлығы, «Тарлан» сыйлығы дейсіз…
Тағы бір айтпай тұра алмайтын мәселе: әу бастан бойымызға сіңіп қалған қазақы мінез – адамның жасын сыйлау мәселесі. Кеудеңе жұлдыз тағу үшін мүшел жасқа келуің керек. Сексенге әрең жеткен Дулат ағам жұлдыз тағып еді, сол сексенінде сый-сияпаттан құр қалған кей ағаларымыздың іші қан жылап ауырғаны анық. Келер жылы менің Әкім Тарази көкем тоқсан жасқа келеді. Ендеше, келер жылға дейін алып ағамыздың қымбат денсаулығын сақтау – Роза қарындасыма парыз.
Адамның жасын сыйлау демекші, сол жасқа жетсе де өз еңбегіне тиесілі сый-сияпаттан құр қалып келе жатқандар қаншама. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы кезінде кеудесіне сылдырмақ тақпағандар сирек. Өкінішке қарай, осы тізімнен тәуелсіздіктің түп бастауында тұрған теледидардың теңдессіз маманы одақтық «Мир» телеарнасын құрған Ғаділбек Шалахметов пен спорт журналистикасының майталманы, он олимпиадаға қатысқан, ұлттық «Намыс» футбол командасын құрған Несіп Жүнісбайұлын көре алмағанымыз өкінішті.
Жас демекші, өзіміз де жас емеспіз. Жасы келген адамның бойында екі қа­сиет болатыны белгілі. Бірі – өкпешілдік, бірі – дәмешілдік, яғни сый-сияпатқа құмарлық. Екеуі де жақсы емес, әрине. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, беріп жатса, өз басым Мемлекеттік сыйлықтан бас тартпаймын. Сен де бас тартпа, Құлбек бауырым. Мәселе ақшасында емес, басқасында… Мәселе, әділеттілікте. Өз басым жылына миллион теңгеге жуық салық төлеймін. Сол төл ақшамның кімкөрінгеннің қалтасына кеткенін қаламаймын. Көпшіліктің қалтасына түсуді әдетке айналдырған мына заманда халықтың төл ақшасына берілетін сыйлық сол халықтың қажеттілігін өтеуі керек.

Серік БАЙХОНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір