«ЗАҢ ҚАТАЛ… БІРАҚ ОЛ – ЗАҢ!»
23.08.2024
83
0

Әлеуметтанушылар қоғамдағы кез келген заң мен ереженің бұзылуына адамдардың құқықтық сауатының төмен болуы әсер етеді деген байламға келіпті. Дегенмен саналы адамның өрескел жағдай мен жағымсыз әрекеттерге жол беруін ештеңемен ақтап алуға болмайды. Әсіресе заң талабына мойынсынбау мен қарапайым қағидаларды елемеудің соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі. Оның аяғы қылмыстық оқиғалар мен орны толмас өкінішке ұласатыны және шындық. Демек, құқықтық сауаттың артуы қоғамға төнетін қауіп-қатердің алдын алатыны анық.

Қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінудің қарапайым мысалы ретінде күнделікті қолданыстағы ережелердің мүлтіксіз сақталуын айтуға болады. Соның ішіндегі маңыздысы – жол ережесі. Әсілі, жол ережесі адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жоғары жауапкершілікке толы талап болуы тиіс. Өйткені тіршілік заңы бойынша адам өмірінен қымбат нәрсе жоқ. Бұл қоғам заңдарында да нақтыланған. Алайда осы жол ережесінің толыққанды сақталмауының кесірінен болатын өлім-жітім факторы көбейіп тұр. Өкініштісі, көлік апаты мен жаяу жүргіншілердің де жауапсыздығының салдарынан болатын оқиғалардың дені қайғылы жағдаймен аяқталады екен.
Статистикаға жүгінсек, былтыр еліміз көлік апаты жиі орын алатын мемлекеттердің тізімінде алдыңғы қатарға шыққан көрінеді. Құқықтық статистика комитетінің дерегіне көз салсақ, Қазақстан жолдарында 2023 жылдың 8 айында ғана 13 200 жол-көлік апаты тіркелген. Оның ішінде, Алматы қласында 3 195 оқиға, Алматы облысында 1 148 оқиға және Жамбыл облысында 1 054 оқиға болған. Осы үш аймақ өліммен аяқталған жол апаты бойынша алдыңғы орында тұр екен.
Ал күні кеше ғана осы Жамбыл облысының аумағында тағы бір жантүршігерлік жол апаты болып, бір топ адам қаза болды. Қайғылы оқиға туралы ақпарат таратқан Жамбыл облысы ішкі істер департаменті өкілінің айтуынша, жол апатының салдарынан қаза болғандардың қатарында екі тәртіп сақшысы да бар болып шықты.
«2024 жылғы 17 тамызда сағат 1:00 шамасында «Меркі-Шу-Бурылбайтал» республикалық тасжолының 40-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. «Toyota Alphard» көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, полиция патрульдік полициясының «Skoda Octavia» көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан қызметтік көлікте болған және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тасжолды күзетіп жүрген екі патрульдік полицей оқиға орнында қаза тапты. Қайтыс болған полицейлердің бірі – 11 баласы бар әке. «Toyota Alphard» көлігінде сегіз жолаушы болған. Олардың төртеуі оқиға орнында көз жұмды, жүргізуші мен қалған үш жолаушы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттармен орталық аудандық ауруханаға жатқызылды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Жол қауіпсіздігіне қатысты мысал болып отырған бұл қанды оқиғаның жалғыз ғана себебі болуы мүмкін. Жолдағы жауапсыздық! Жалпы көлік жүргізушілерінің жылдамдықты мөлшерден тыс арттыруының соңы осындай қайғылы жағдайлармен аяқталатыны туралы мысалдарды көптеп келтіруге болады. Демек, бұл жерде де жеке адамның құқықтық сауатының төмен болуының салдары көрініс береді. Әйт­песе еліміздің жолдарындағы қауіпсіздік шарттары ережемен нақтыланып, заңмен бекітілген. Биыл ғана «Жол жүрісі туралы» заңға өзгеріс енгізіліген болатын. Мұндағы мақсат жолдағы жауапкершлікті арттырып, салдары ауыр оқиғалардың алдын алу еді. Сәуір айында Парламент «Жол жүрісі туралы» заңға және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің кейбір баптарына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді енгізді. Онда шағын электрлі көліктер мен көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылған. Бұл талап мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді. Енді мопед жүргізушілері «Әкімшілік құқық- бұзушылық туралы» кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Аталған норма мас күйінде мопед тізгіндеген жүргізушілер санын, олардың жол апаттарына түсуі мен жарақат алуын азайтуға бағытталған. Сондай-ақ «Әкімшілік құқық- бұзушылық туралы» кодекске енгізілген өзгерістер мопед жүргізушілерін толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіруді көздейді. Жалпы, өзгерген заң бойынша мопед жүргізушілері енді уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді және «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алуы тиіс.
– Жүргізушілер азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру рәсімінен өтеді. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдарға электросамокаттарды пайдалану тәртібін анықтау өкілеттігін беру қарастырылып отыр. Бұл әкімдіктерге әр өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту шарттарына қарай қозғалыс жылдамдығын, рұқсат етілген орындарды және электросамокаттардың жұмыс тәртібін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ енді жол ережесін бұзғандар 7 жылға дейін құжат ала алмайды Заң қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, сондай-ақ тізгін басында алкоголь немесе есірткі қолданған тұлғалар жеті жылға дейін емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Қазір олар әкімшілік жазаны өтеп, емтиханды оңай тапсырып жүр, жүргізуші куәлігін де ала алады. Осыған ұқсас айыптар бойынша жауапқа тартылған жүргізушілер 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады, – дейді тақырыпқа орай сөйлеген сөзінде сенатор Бибігүл Жексенбай.
Сондай-ақ қазір автожолдарда орташа және максималды жылдамдық мөлшерін бақылау енгізілген. Жаңа заңдағы түзетулер бойынша сертификацияланған арнайы бақылау-өлшеу құралдары мен құрылғыларды жолдың барлық учаскесінде орнату жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдықты шектен асырып жіберуге байланысты апаттар санын азайтуға бағытталған екен. «Бұл ретте «орташа жылдамдық» көрсетілген құрылғылар мен құралдар арқылы жолдардың түзу учаскелерінде және айналма жолдары жоқ қала сыртында автоматты түрде есептеледі», – дейді мамандар.
Айтпақшы, қазіргі уақытта «Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы» кодекске сәйкес ереже бұзушыларға белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де өскен. Мысалы, жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін асырсаңыз, 5 айлық есептік көрсеткіш (18 460 теңге), сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін 10 айлық есептік көрсеткіш (36 920 теңге), сағатына 40 және одан да көп шақырым болса, 20 айлық есептік көрсеткіш (73 840 теңге) көлемінде айыппұл төлейсіз. Сондай-ақ жыл ішінде белгіленген мөлшерде жылдамдықты қайта-қайта асырып, жол ережесін жиі бұзғаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (110 760 теңге) көлемінде тағы да айыппұл салынады.
Тағы ескеретін жағдай, жолдағы қозғалысты бақылайтын арнайы полиция қызметінің өкілеттігі де өскен. Әсіресе жылдамдықпен қатар басқа да заңсыздықты анықтау үшін жаңа технология қолданысқа енгізілуде. Мысалы, жолдағы көліктік бақылау кезінде жиі қолданыла бастаған «Ekin patrol» деп аталатын жаңа құрылғы сол қатарда. Ол төңіректі 360 градусқа дейін шолып, өзінен 70 метрге дейінгі қашықтағы автокөліктің нөмірін жазып алуға қабілетті 14 камерасы бар «ақылды» жүйе. «Ekin patrol» жол бойында дұрыс қойылмаған көлікті де, жолдағы реттеу жолағынан асып кеткен немесе бағдаршамның қызыл шамына өтіп кеткен автокөліктерді де түсіріп алады екен.
Жалпы, бұл шаралардың бәрі жол ережесін бұзатындарды азайта ма? Өйткені көлік жүргізушілерінің көбі жол бойында, бір орында ілініп тұрған камералардың маңында ғана ереже сақтайтыны жасырын емес. Тіпті заң талабының күшеюі түрлі қоғамдық талқылауға да арқау болып отыр. Әсіресе әлеуметтік желіде «Қазақстан – штрафстан» немесе «жолда жүру ережесін қатайтудан бұрын жолдың сапасын жақсарту керек» деген пікірлер әлі де айтылады. Бұл жерде халықтың ойымен де келісуге болады. Дерек бойынша, тіркелген әрбір жетінші жол апаты күре жолдарда болады екен. Мамандар республикалық немесе халықаралық маңызға ие жолдардағы апаттың дені жол сапасының төмен болуынан деген пайымға келген. Ақиқатында, еліміздің қай бағытындағы жолдар болса да, жоғары сапаға ие емес. Бір деректерде, дүниежүзі бойынша жол сапасының рейтингіндегі Қазақстанның орны мәз емес көрінеді. Деректерде айтылған 140 елдің ішінде, біз 117 орында екенбіз.
Қалай дегенмен, кез келген ереже мен заң талабының сақталуы қоғамның құқықтық сауатының өлшемі ғана емес, адам өмірінің қауіпсіздігіне кепілдік беретін алғышарт, яғни ежелден келе жатқан тәмсілді қайта еске түсіргеніміз абзал. «Заң қатал… Бірақ ол – заң!» басқаша болуы мүмкін де емес қой!

Қалмаханбет
МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір