ҚАРА СӨЗДІҢ БӘРІ ПРОЗА ЕМЕС

Проза жанры бойынша 2024 жылы жарық көрген 25 кітап қолыма тиді. Мұқтар МАҒАУИН. «Алтын орда. Жазушы бұл еңбегінде Алтын Орда өтешағын бір арнаға салуды діттеп, шығыстық, батыстық арғы-бергі жылнамашылардың жазбаларын зерделеген. Еуропа тарихшыларының әлде әдейі, әлде қателікпен теріс кеткен тұстарын басқа жазбалармен салыстыра зерттеп, орайластыра толықтырған. Алтын Ордаға қатысты оқиғаларды, жорықтарды рет-ретімен баяндаған.
Шығарманың көркем роман емес, танымдық зерттеу болғаны, бір жағынан, оқырманның олжасы ма деп қалдым. Жазушының өзі де алғы сөзінде: «Соны зерттеулер мен жаңаша танымға қарайлас еңбек» деп ескертіпті.
Әңгімені Батудан бастап, Алтын Орда хандарының өміріне жеке-жеке тоқталады. Сөйтіп, Керей мен Жәнібек хандармен қорытындылайды. Өзбек ханның дінге байланысты әрекеттерін ақтап алуға қатты тырысқанын айта кету керек. Бұл жөнінде кәсіби тарихшылар, тіпті де басқаша пікірде. Тарихшылар нақты дерекке жүгінеді, Мағауиннің бұл жағынан дерегі жұтаң.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ. «Қырмандағы қараторғай». Хикаяттар мен әңгімелер. Жинаққа енген «Қырмандағы қараторғай» хикаятында Кеңес одағы тарағаннан кейінгі жоспарлы экономиканың күйреп, нарықтық экономика табалдырығында тұрған ауылдағы адамдар психологиясы сөз болады. Бұл алғашқы колхоздасу кезеңін суреттеген Бейімбет әңгімелерін еске түсіреді.
«Төрт амал тіршілік» хикаяты да колхоз тараған кезеңнің оқиғасы. Бірақ оқиға ауыл ішінде ғана қалып қоймай, енді ауыл адамдарының қалаға көшуі мен көшкен кездегі сезімдеріне мән беріледі. Ауыл мен қаланы теңестіру деген бұрынғы идеяның бос сөз екенін оқушы санасына оқиғалар арқылы жеткізуі иланымды. Хикаяттың түйінін атауы айтып тұр. Тәңірі адамнан адамды айырады, адамды адамға қосады. Адамды адамнан бөледі, адамды адаммен көбейтеді. Осы төрт амалдың мәңгілік қайталанып келіп отыруын өмір дейміз. Жинаққа енген өзге әңгімелерде де ауыл мен қаладағы қазақтың өмірі әр қырынан көрінеді.
Қуандық Түменбай – тек өзіне ғана тән жазу мәнерімен ерекшеленетін жазушы. Кейде прозаның қалыптасқан классикалық шарттарына бағына бермейді.
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ. «Өлгендер қайтып келеді». Әжуа аралас мұңлы роман-фэнтизи. «Меценат» әдеби сыйлығының 2023 жылғы иегері.
Бас кейіпкері – жазушы. Кітаптары жарық көрмеген. Кітап шықпаған соң ақша қайда? Сол себепті әйелі cковородкамен басынан ұрып, оны үйден қуып жіберген. Ендігі жүрген жері – базар. Күзетші. Бір күні өмірден түңіліп, жұрттың көзінше өзін-өзі атып тастайды.
Роман оқиғасы осы адамның өлгеннен кейінгі көргендері мен ойлаған ойлары арқылы өрбиді. Баяндаулар бас кейіпкердің монологы болуы себепті өзін ақтап тұр. Романның қызықты оқылатыны да содан. Кейіпкер көзімен қоғам кемшілігін әжуа етеді. Онысы және сәтті шыққан. Қоғамның ғана емес, жұмақтың да кемшілігі барын меңзейді. Ол кемшілікті Алланың өзі романда «Пейіштің де кемшілігі болғаны…» деп мойындайды. Сөйтіп, өлген адам Жұмақтан жеріп, тіріліп келеді. Оның тіріліп келгендегі мақсаты не? Оқырманға осы мақсаты және сол мақсат жолындағы күресі қызығырақ болар еді. Бірақ ол мақсат романда жеңілдеу шыққан сияқты.
Жазушының тілі жатық. Қиюын тапқан ойлар диалогтер арқылы балалап жатады. Қоғамдағы әркімге таныс шындықтар жынды адамның көзімен қарағанда, расында түрленіп кетеді. Бірақ ол жынды – шын жынды емес, ақыл-есі сау, тек бұзылған қоғамның көзіне солай жынды болып көрінеді. Автор да осы жағынан тақырыпты аша түсуге ұмтылған. Шығарманың соңғы жағы магиялық реализмнен гөрі қиял-ғажайып ертегіге көбірек ұқсайды.
Негізі қияли прозаға шыншыл прозаны меңгергендер құлаш ұрады.
Жазушы ә дегенде романды өлген жігіттің аузымен 1-жақпен жазған. Алайда 3-жаққа кілт ауысып кететін тұстары да бар. Осыған қарап, романды бірден 3-жақпен бастау керек пе еді деген ойға қаласың.
Қасымхан БЕГМАНОВ. 15 томдық шығармалар жинағы. 3-томға енген тұлғалар туралы эсселері көркем әңгіме сияқты қызықты оқылады. 4-томына «Этнографпен әңгіме», «Салты мықтының – халқы мықты» атты көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлымен болған сыр-сұхбаты енген. 7-томда басқа да этнограф-ғалымдармен болған әңгімелері топтастырылған. Бұл сұхбаттар мен әңгімелері баршаға керек, оның ішінде, әсіресе жазушыға қажет қымбат деректерге толы.
Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ. «Қараман қарақшы». Хикаят. Оңтүстік өңіріне қарақшы аты жайылған Қараман атты кісінің қилы тағдыры баяндалады. Ол 1896–1971 жылдары өмір сүрген, екі жүйеге куә болған. Басынан өткен оқиғалары қарапайым оқырманды қызықтыратыны анық. Сол себепті болар, хикаят бірнеше рет кітап болып басылып шығыпты.
Былтыр оның бұдан басқа «Күн тұтылған мезет» атты 2 томдық хикаяты жарық көрген. Осы кітапта Ташкентті қалмақтың 1729–1745 жылдар аралығында жаулап алу кезеңдеріндегі Төле бидің, кейін оның кенже ұлы Қожамжардың ел басқару мәселелері сөз болады. 2-томында 1808–1816 жылдардағы Қоқан хандығының қазаққа салған ылаңы айтылады. Автордың көп ізденгені тарихи оқиғалардың молдығынан байқалады. Дегенмен автор аталған шығармаларын ықшамдай түссе деген тілек бар. Ықшамдауға сұранып тұрған сөйлемдер де кездеседі.
Әбубәкір ҚАЙРАН. «Күмән мен күнә». Новеллалар. Жинақты бастап тұрған «Ақсаққара» новелласының оқиғасы қарапайым, бірер сөйлемнен аспайды. Бірақ жазушы осы қарапайым оқиға арқылы өмірді кең көлемде танытады. Туған жер табиғатының ғажайыбын, түйе түлігінің, оның ішінде, інгендер мен боталардың қадір-қасиетін, қылықтарын, мінездерін шұрайлы тілмен шабыттана толғайды. Түйеші әке-шешесінің шынайы бейнесін олардың сөйлеген сөздері мен іс-әрекеттері арқылы сомдауы тамаша.
Новеллада басы артық тұрған кереғар сөз жоқ. Сөздерді ұтымды қолдану арқылы орынды айтылған әзіл езу тарттырады. Өлең сөзіндей өңкей келісіммен құрылған азат жолдар еріксіз сүйсінтеді. Осы новелланы қара сөзбен жырланған баллада деуге болады. «Арғымақ пен қазанат» новелласы туралы да осыны айтуға болады.
Алайда кейінгі новеллаларында суреттеуден гөрі баяндау басым. Баяндау прозаның әрін кетіреді. Баяндау әдісі дегенді ғылыми айналымға ендіріп жүрген әдебиетші ғалымдар. Шындығында, қазіргі прозада бұндай күні өткен әдіс болмағаны жақсы. Әйтсе де автор баяндаудың жанға жағымды мәнерін тапқан сыңайлы. Кәсіби сыншылар болмаса, қарапайым оқырман оқиға қызығына елтіп, прозаның осы бір заңдылығын елей қоймауы мүмкін.
Асылбек ИХСАН. «Алып балық күрсінгенде». Хикаяттар мен әңгімелер. Жазушы туындыларында айтар ойын оқырманға тәптіштеп түсіндіріп жатпайды. Оқиғаларды көз алдымыздан өткізеді. Кейде негізгі идеяға көріністерді әсірелеу арқылы назар аудартады. Оқырман оның қай әңгімесін оқыса да, шығарманың ой қазығын бірден тап басып, толық тани алмай әрі-сәрі күй кешіп қалуы мүмкін. Алайда сан тарау соқпақтар айналып келіп, негізгі арнаға тоғысқанда оқырман мәселенің мәнісін ұғына бастайды.
«Асфальттағы ұлу» атты әңгімесін оқығанда философияның әйгілі категориясы – форма мен мазмұн еске түседі. Ұлу асфальта жүрсе де сыртқы формасы мен ішкі мазмұнын еш өзгертпеген. Ал үңгірден шығып, даму жолына түскен адам баласы ше?
«Дүңгіршек» атты әңгіменің бас кейіпкері – соқыр ит. Жүрер жолын ғана жобалайды, одан арғыны көре алмайды. Бұл – қалаға келіп, қайтерін білмей қалған қазақтың образы.
Асылбек Ихсанның өзге шығармалары да осылай меңзеу мен тұспалға толы.
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ. «Наркескен». Хикаяттар. Жинаққа топтастырылған үш хикаяттың бірі – «Наркескен». Онда Қазақстанның Тың өлкесі деп аталған солтүстіктегі бес облысты Н.С.Хрущевтің Ресей құрамына қоспақ болғаны, оған Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшеновтің қарсы тұрғаны туралы сыр шертіледі. Автор осы оқиғаны көркем шындыққа айналдырған. Көп ізденгені байқалып тұр. Хикаяттың бас-аяғы түгел. Тек шығарма авторлық баяндаудан гөрі кейіпкердің (Тәшеновтің) ішкі толғанысына құрылса, нағыз прозаның хош иісі бұрқырап қоя берер еді.
Шығарма соңына қарай «Алланың қалауы… мүлде басқаша болып шықты» деген сөйлем бар. Осы сөйлем артық. Тәшеновтің тағдыры – Алланың қалауы емес, орыстық шовонизмнің салдары. Егер «Алланың қалауы» дейтін болсақ, оған сөзсіз көнуге тура келер еді.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ. «Ақылға атой». Роман. Роман кейіпкерлері астрономия, физика, теология, гидрогеология сияқты заманауи нақты ілім иелері. Олардың арасында биолог жас қазақ жігіті де бар. Жанама түрде Мұхаммед пен Иса пайғамбарлар, Абай ақын және өзге де ғұламалар көрінеді.
Роман идеясы – Қазақ елінің келешекке бекем қадам басуының кепілі ғылымды терең игеру. Сондықтан Марстан «АБАЙ» деген бас әріптермен таңбаланатын кеңістіктің ашылуын қисындайды. «АБАЙ» деп тұрғаны «Астрономиялық Байланыс Айлағындағы Йель» деген төрт сөздің бас әріптері. Бұл ғылымның табысы дегенді меңзейді. Өйткені сол жерден болашақтың отынын Жер планетасына әкелу амалдарын іздейді. Жазушы галактикадағы алуан сәулелер мен магнит өрісін энергияға айналдыру, дейтерий суынан жаңа қару жасау сияқты ғылыми негізге арқа сүйейді. Осмий кенінің Марсты игеруге қажетті металл ретіндегі құндылығы, оған ғарыштық державалар арасындағы талас шығарманың болашаққа бағытталған идеяларын айшықтай түседі. Романда ғылым мен технология, оның ішінде, жасанды зерде сөз болады. Ғылым бірінші кезекте тұрса әрі ол ар-ұжданға бағынса адамзат өркениеті зұлматтан аман қалады деген ойды меңзейді. Ғылыми тұжырымдарды көркем әдебиетке ендіргені жазушының табысы деуге болады.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ. «Шеңгелдің шешек атуы». Әңгімелер жинағы. «Қаңбақ», «Пәтер», «Айғырлар», «Жалдамалы жазушы» «Ешек», «Айман-Шолпан» және тағы басқа әңгімелер енген.
Өз шығармам туралы өзгенің пікірін келтірейін. Жазушы Айгүл Кемелбаева «Ана тілі» газетінде шыққан «Рух еркіндігін сағынған құса» мақаласында «Айғырлар» әңгімесі туралы: «Айғырлар» атты әңгіме бір демде оқылды. Тайбурылдың шабысындай ішкі қуаты үдей түседі. Тегеурінді, суреткерлік таңбасы, астар-ақиқаты ап-айқын. Бекер мыжу, алдамшы әлеулай жоқ. Жылауық, публицистикалық сарыны басым жасанды проза емес. Көркемдік шешімі дұрыс», – дейді.
Осы әңгімелердің тілі туралы мақаласында Амангелді Кеңшілікұлы: «Нұрлыбек іс-әрекеті арқылы кейіпкердің характерін әдемі ашады. Әдебиетімізде жоғалып бара жатқан, Төлен мен Тынымбай сияқты ірі суреткерлердің шығармаларында ғана сақталып қалған, оқырманын күлдіріп отырып жылататын әдемі тәсілді шебер меңгеріпті», – дейді.
Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ. «Жошы хан». Тарихи роман. Шыңғыс қағанға, оның хандық тақты иеленген батыр ұрпақтарына байланысты қандай шығарма да оқушыны тартпай қоймайды. Автор бұл шығарманы «Жошы хан жайындағы тұңғыш роман» дейді. Атауы «Жошы хан» болғанымен романда тарихи тұлғалардың көпшілігі бар. Жошының өзі 23 хикаяттан және эпилогтен тұратын романның бесінші хикаятында көрінеді. Шығарманы Есугейдің соңғы жылдарынан бастауы Жошының меркіттен туды деген бұрынғы әңгіменің дәлелсіз, жалған екенін айтуды діттегенінен болар. Бөртенің меркіттер қолына аяғы ауыр күйінде түскеніне, онда да олардың қолында көп болмағанына айрықша тоқталады. Жошыны бұрынғы жаладан арашалау қиялдан тумаған, автор нақты дерекке сүйенеді. Дәлелі – Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегі. Романның басты жаңалықтарының бірі – осы.
Жазушы соғыс оқиғаларын ғана баяндап қоймай, жорық кезіндегі және бейбіт өмірдегі тұрмыстық мәселелерді де тәп-тәуір сөз еткен. Жорық кезіндегі сарбаздардың қорегі – сүрборсы деген ас туралы, қару-жарақ пен жолға қажетті заттарды алып жүретін жорық қосы туралы, соғыс кезінде арбамен жебе тарату жайында мәліметтер нақты жазылған.
Романдағы біріне-бірі жалғасқан бірнеше жылдық күрделі, қат-қабат жорық оқиғалары шығарманың көркемдік жағына мән беруге мұрша бермейді. Сол себепті шығарманың кейде көркем проза қалыбынан ауытқып, тарихты толғаған мақала мәнеріне түсіп кететіні аңғарылмай қалады.
Романда көнерген сөздер көптеп ұшырасады. Оған тілші ғалымдар назар аударса, олжалы болар еді. Көнерген немесе аймақтық сөздер романның тарихи бояуын қанықтыра түсуімен құнды. Мен өзім автордың бұнысын қолдаймын. Біздің арамызда «күлпат» сияқты жат сөздерді дән тапқан құмырсқаша сөздік қорымызға терлеп-тепшіп сүйрелеп әкелушілер кездеседі. Қазір онсыз да қазақ сөзінің 70 пайызы арап сөзі деп көзімізді шұқушылар пайда болуда. Сондықтан егер соны сөз керек болса, түркінің ежелгі өз сөздерін тірілткен жөн. Кейбір сөздерді баяғы бітіктастардан және бауырлас түркі халықтарынан алуды ойлау керек. Мысалы, алтай тілінде «салым» деген сөз бар. Мағынасы – тағдыр. Осы сөз қазақта «аузының салымы жоқ/бар» деген тіркесте сақталған. Осы «салым» деген өз сөзімізді ұмытып, араптың тағдыр деген сөзін малданып жүрміз. Іздене түссек, осы сияқты мысалдар әлде де табылады. Тіпті керек болса, ана тіліміздің заңдылығына сай жаңа сөз жасасақ та айып емес. Сөз деген аспаннан түспеген, барлығын кісі баласы өздері жасаған.
Қанат ӘБІЛҚАЙЫР. «Ағыраптағы аты жоқ адам». Роман. Алматыдағы «Шаңырақ» шағынауданында 2006 жылғы жазда болған қанды оқиғадан өрбитін туынды. Кейіпкері – полиция қызметкерін өртедің деген жаламен 14 жылға нақақ сотталған Әлімбаев деген жас жігіт. Роман осы жігіттің түрмеден шығып, үйіне асығып келе жатқан кезінен басталады. Оқиға бірінші жақтан, кейіпкердің өз аузынан баяндалады. Негізі роман 3-жақпен жазылса, ұтымды болар еді. Әңгіме жанрында оқиға бір ғана кейіпкердің, ал романда көптеген адамның көзқарасымен, ойымен өрбіп, дамиды. Екеуінің арасындағы хикаят деген жанр – тамырсыз, жасанды жанр.
Романда бір отбасындағы төрт адамның өмірі трагедияға айналған. Сотталған жігіт ғашық болған Әния есімді қыздың қасіреті де осы оқиғаға байланысты. Шығарма соңында кейіпкер «Сонда кім кінәлі? Кім?» деп сұрақ қояды. Осы сұрақ артық. Бұл сұрақты жазушы қоймай, романды оқыған оқырман қойса жарасады.
Шығарма атауындағы «ағырап» деген сөз ислам ұғымында жұмақ пен тозақтың аралығындағы, сол екеуіне барар алдындағы орын. Ағырапқа жиналған жандар жұмақтан үмітті. Тозақтағыларды кекетіп, табалап сөйлеп, жақтырмай қарайтыны содан. «Шаңырақ» шағын ауданындағы үйлері бұзылған көшені автор сол «ағырапқа» теңеген болар. Бірақ қазақтың көркем әдебиетіне ислам дүниетанымын тықпалауға өз басым қосыла алмаймын.
Мақсат МӘЛІК. «Абыл мен Қабыл». Роман. Шығарма атауына көз түскеннен-ақ айтылар ойды шамалай бастайсың. Кісі баласының алдынан кесе көлденең шығатын ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, әділет пен әбілеттің айқасы бір адамның бойынан табылады. Сондықтан адам баласы өмірі таусылғанша өзімен-өзі алысып өтеді. Бүткіл өмірінің мазмұны осы арпалыстың нәтижесіне байлаулы.
Шығарманың негізі, автордың өзі жазғанындай, «адамзатты мезі еткен аңыздан…» алынса да, сол аңызды өзгертіп, басқашалау сипат берген. Адамзатты мезі ететін себебі Қабыл мен Абыл Библияда Каин мен Авель болып жүр. Құранда осы оқиғаға қатысты аяттар бар. Аталмыш аңыз Библиядан көшірілсе де, олардың аттары аталатын аяттарды аспаннан түсті дейтініміз қызық.
Аңызда Қабыл Ібілістің кеңесімен қатын үшін Абылды өлтіреді. Абыл болса, оның пиғылын біле тұра, ағасына қол көтермейді. Әділет жағында болады. Жазушы адам баласының сан мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған осы пайымын өз қалауынша өзгертіп, дамытуға талпынады. Оның Қабылы мен Абылы бір-біріне жабысып туған. Кейіпкер Қабыл Абылдан ота арқылы құтылғысы келеді. Олай істесе өзіне жақсы, сыңарына жаман болатынын ойламайды. Демек жамандық қашан да жамандығын жасайды.
Ал Абыл ота арқылы өзін құрбан етіп, Қабылға жақсылық жасағысы келеді, бірақ жамандықты тірі қалдыру жақсылық жасағандық емесін түсінеді. Демек жамандықты жою үшін жақсылық та жамандықпен бірге құрбан болу керек екен. Романдағы айтар ойдың бір тіні осы болар.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ. «Аға». Роман. Жазушы өз әулетінің өткен өмірін көркем шығармаға айналдырған. Роман бас кейіпкер Әбуғалидың өмірден өтер алдындағы мезетінен басталады да, өмірден өткен кезімен аяқталады. Осы екі аралықта үнемі шегініс жасау арқылы сонау қазақ-қалмақ соғысы кезіндегі ата-бабалар өміріне аялдап, одан берідегі алмағайып замандарға тоқталады. Сөйтіп, бір әулеттің бастан кешкен оқиғалары арқылы тұтас ұлттың қасіреті айқындалады.
Жанрын роман деп алса да, оқиғалардың белгілі бір жүйесі босаң. Алайда кейде қуанышпен, кейде қайғымен өтіп жатқан өмірдің өзін көреміз. Автор осы шығармасы арқылы кісі баласының бұл өмірдегі басты мұраты соңына ұрпақ қалдыру дегенді меңзейді. Нақты дерекке құрылғандықтан, романда идеяның емес, деректің жетегіне кетушілік байқалады.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН. «Өмір – иірім». Роман-мозайка. Автор шығарма жанрын роман-мозайка деп атапты. Неге олай атағанын кітапты оқып шыққанда аңғарғандай боласың. Бұнда қалыптасқан дәстүрлі романдағыдай белгілі бір оқиға, сол оқиғаға бастан-аяқ қатысатын белгілі бір кейіпкер жоқ. Мозайка десе дегендей, шағын-шағын әр алуан әңгімелерден тұрады. Уақыт жағынан алғанда қазақтың көшпелі кезеңінен басталып, бүгінге дейінгі түрлі өмірі суреттеледі. Әр әңгімеде әртүрлі кейіпкер, әртүрлі оқиға.
Бірақ бәрі де қазақтың басынан әр кезде өткен оқиғалар. Әңгімелер бір-біріне байланысы болмаса да, қазақтың тізбектелген өмірін танисың. Сөйтіп, қазақтың тұтас дәуірі көрініс береді.
Ырысбек ДӘБЕЙ. «Көгілдір Дунай», «Шырақшы» атты қос әңгімесі махаббат тақырыбына арналған. Жазушы «Көгілдір Дунайда» сүйгеніне қосыла алмаған ғашық қыздың жан сырына, құсасына үңілуге тырысады. Сүйген жігіті өзінің аталас туысы. Оларға жеті атаға толмай қыз алыспау деген қазақтың қастерлі заңы бөгесін. Ақыры ағайынның өсегіне ілінген жігіт суға кетіп мерт болады. Қазақтың дүниетанымы бойынша жеті ата – жеті аруақ. Автор осы қастерлі ұғым мен көзсіз махаббат арасындағы арпалысқа бойлап барғысы келгендей.
«Шырақшы» әңгімесінде оқиға Қозыға қосыла алмаған Баянның суретін жиырма жыл бойы салған, бірақ сол салған картиналарына өзінің көңілі толмаған суретші арқылы өрбиді. Баян сұлудың махаббат үшін өзін-өзі өлімге қияр алдындағы көз қарашығынан автордың өзі айтқандай, «үзіліп бара жатқан нәзік сәулені» іздеген суретші образы да шынайы.
Сағадат ОРДАШЕВА. «Әппағым». Хикаят пен әңгімелер жинағы. Сағадаттың туындылары «өзің тауып, өзің сезін» дегендей жұмбаққа толы. Жинақтағы шығармалардың бәрінде де кейіпкер жан дүниесінің арпалысы бар. «Сенің тауыңмын» әңгімесінде алғашқы махаббатына көп жылдан соң кездескен жігіттің жан азабы, «Жантелім» әңгімесінде жемқорлықпен байыған министрдің шетелде оқыған, шетелде тұратын ұлы Шерханның ішкі арпалысы шығарма өзегі болады.
«Авторын іздеген кейіпкер» әңгімесінде арғы-бергі роман, повестерден өзімізге таныс болып қалған кейіпкерлер бір жерге жиналып пікірталас құрады. Пікірталас тақырыбы «құдай бар ма, жоқ па» деген сол баяғы ежелгі сауал. Гогольдің Добчинскийі мен Бобчинскийі, Достоевскийдің Карамазовы, Жек Лондонның Мартині, қазақ жазушыларының кейіпкерлері жиналып Құдай туралы әңгімені талқылап, таласып жатқаны қызық. «Құдай жоқ болса, болар, бірақ бір Жаратушының бары рас қой», – дейді біреуі. Әңгіме атауына шығарылған «Автор» дегені, осы жаратушының өзі екенін білгенде еріксіз риза боласың.
Кітап атауы – «Әппағым». Әппағым деген сөз жоқ, дұрысы – аппағым. Үндестік заңы бойынша солай.
Жұмабай АСАРБАЕВ. «Жүректегі жалғыздық». Хикаят. Қарттар үйінің тұрғыны Күмісай атты кейуананың өмір жолынан сыр шертеді. Жалғыз қалып, жаны жабырқаған кейіпкердің өткен өмір жолына оның ойлары арқылы таныс боламыз. Әке-шешеден жастай жетім қалып, интернатта өскен. Кейін отбасын құрып, бір ұл, бір қыз перзент сүйеді. Отағасы өрт апатынан қайтыс болған соң, жалғызбасты ана балаларын жеткізем деп жүріп, дұрыс тәрбие бере алмаған сияқты. Ұлы да, қызы да үйленген соң анасын сыйдырмайды.
Қарттар үйіндегі өзге жандардың да тағдырлары неше қилы. Біреу өзі қателескен, енді бірінің балалары қатыгез болып өскен.
Хикаят тілдік жағынан ақсап жатыр. Оқиғаны суреттеп емес, құрғақ баяндап өте шығады. Автор мектепте оқытушы, директор болған екен. Содан ба, шығармасында ақыл айту сарыны басым.
Келіс РАХЫМЖАНОВ. «Таң күліп атады». Әңгімелер мен хикаят. «Бесіншіге барғанда» атты хикаятының бас кейіпкері – Жанатай атты төртінші сынып бітірген бала. Бесінші сыныпта әр пәнді әртүрлі мұғалім оқытатыны оған үлкен жаңалық болады. Осы мәселе оқушы баланың жан дүниесіне қалай әсер ететіні туралы тың ой өрбітуге болар еді. Бірақ олай болмады. Тілдік жағынан бұл хикаят көркем шығармадан гөрі оқушылар мен оқытушылар арасындағы күнделікті мәселелерді сөз еткен баяндамаға ұқсайды. Шығармада нақтылайтын тұстар баршылық. Басталған ой аяқсыз қалатын жерлері де бар. Мысалы, шығарма басталғанда Ажар апасы мен Кәмеш апасына байланысты оқиғаларға арнайы тоқталып, әжептәуір сөз еткеніне қарағанда, бұнда бір гәп бар шығар деп ойлайсың. Бір тартыс басталып келе жатқандай көрінеді. Бірақ осы екі жағдай сол күйі ұмытылады. Егер ұмытылса, оны неге айтты? Проза оқиға үшін емес, оқиға идея үшін жазылады емес пе?
Бас кейіпкер Жанатай бастан кешкен оқиғалар әуелі соның атынан бірінші жақтан әңгімеленсе де, кейін жарым жолда әңгіме Танашбай атты Жанатайдың сыныптасы туралы болып кетеді. Оны жазушы үшінші жақпен баяндайды. Бір шығарманы екі түрлі жақпен жазу көңілге қона қоймайды.
Қали ТҰРДЫҒАЗЫҰЛЫ. «Қайсар тұлға». Автор шығармасының жанрын «Публицистикалық көркем шығарма» деп атапты. Расында бұл көркем проза емес. Дегенмен мазмұнға бай. Бас кейіпкер Мамырхан Нұрғазыұлы 1930 жылғы қырғында Қытай жағына өтіп, көп қиыншылық көреді. Түрмеге түседі. «Шығыс Түркістан» республикасын құру жолында Гоминдаң өкіметімен болған соғысқа қатысады. Жапония Қытайға соғыс ашқанда Қытай жағы «Шығыс Түркістан» республикасын құрып беруге мәжбүр болады. Бірақ қытай тарапының арам пиғылын сезген қазақ азаматтары қытай коммунистеріне қарсы қарулы көтеріліске шығады. Көтеріліс Мамырхан басқаратын горнизонда бұрқ ете түседі. Бірақ Мамырхан жараланып, көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Содан соңғы үкім – ату жазасы. Көп қиындық көріп, ақыры 1958 жылы еркіндік алып, Қазақстанға келеді.
Туынды көркем шығарма деңгейіне жетпеген. Бірақ оқиғасы тарихи романға сұранып тұр.
Айзат Рақыш. «Әмірдің монологі». Хикаяттар мен әңгімелер. «Шырғалаң», «Диуана мен бикеш» хикаяттарында автор шындық үшін шырылдаған мұғалім қыздың образын сомдауға тырысады. Шығармадағы жағымды-жағымсыз кейіпкерлерге деген автордың көзқарасы анық аңғарылады. Бұл қаншалықты дұрыс? Автор осы жағын ойланса деген тілек айтамыз.
* * *
Проза жанры бойынша былтыр кітап болып шыққан шығармалардың бұл – бір парасы ғана. «Қазақ әдебиеті» газеті мен тұрақты шығып келе жатқан әдеби журналдар – «Жұлдыз», «Таң-Шолпан», «Жалын» басылымдарында да нөмір сайын прозалық жаңа туындылар үзбей жарияланады. Бірақ баяндама көлемі көтермейтін болғандықтан оларға арнайы тоқталмадым.
Ал енді 2024 жылы жарық көрген прозалық шығармалардың кейіпкерлері туралы не деуге болады? Қоғамтану ғылымы халықты кәсібіне, әлеуметтік жағдайына қарай төменгі тап, орта тап, жоғары тап деп шартты түрде үшке бөледі. Төменгі тап – жұмысшылар мен шаруалар, яғни қарапайым адамдар. Жоғары тап – жекеменшік иелері, бизнесмендер. Ал орта тап дегеніміз кімдер? Бірінші президентіміз өз жолдауларында: «Орта тап шағын және орта бизнес өкілдері есебінен қалыптасуы керек», – деп түсіндіретін еді. Демек, кедейден байлау, байдан кедейлеу адамдар тобы деген мағынада. Сөйтсек, бұл тіпті қате түсінік болып шықты.
Дұрысы орта тап дегеніміз – ғалымдар, өнертапқыштар, ақын-жазушылар сияқты дарынды шығармашылық адамдары. Бір сөзбен айтқанда, интеллектуал адамдар. Оқытушылар, дәрігерлер сияқты тағы басқа көзі ашық мамандар да осы тапқа жатады. Орта тап қоғамды қашан да алға сүйрейді.
Осы қисынға салсақ, былтыр жарық көрген прозаның кейіпкерлері көбіне төменгі тап адамдары екені байқалады. Жоғары тапқа жататын кейіпкерлер жоққа тән. Орта тап бірен-саран. Қуандық Түменбайдың, Асылбек Ихсанның, Нұрлыбек Саматұлының, Әбубәкір Қайранның кейбір әңгімелерінде, Әділбек Ыбырайымұлының «Ақылға атой» романында кездеседі. Тұрысбек Сәукетаевтың кейіпкері – орта тап деңгейіне жете алмай, төменгі тапқа түсіп қалған адам. Ерболат Әбікенұлы мен Сағадат Ордашева екеуінде де орта тап адамын кейіпкер етуге деген талпыныс бар. Кейбір шығармаларда кейіпкер орта тап өкілі болғанымен, атына заты сай емес. Бұл да – біздің қоғамда шынайы орта таптың толық қалыптаса алмай жатқанының бір көрінісі.
Әрине, кейіпкер мына таптың адамы болсын деген талап жоқ. Бірақ қазақ прозасында осы үш таптың үшеуі де болғаны жақсы. Сонда ғана қоғамның келбеті толық танылады. Дегенмен қоғамды алға жылжытатын орта таптың образын жасағанымыз маңызды. Өйткені кейіпкермен бірге оның сауатты ой-пікірі, дүниетанымы кең көлемде ашылып, оқырманды соны ойларға жетелейді.
Ал сөз болған жазушылар өздері таңдап алған оқиға мен идеяны көркем прозаға қаншалықты айналдыра алды? Баяндама ақпараттық сипатта болғандықтан ол жағына тоқталмадым. Жалғыз ауыз сөзбен айтқанда, баяндап жазылған қара сөздің бәрі көркем проза емес. Прозаның шыңы – драматургия.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ