Адресі адасқан бос сөздің құны «беш тиын»
31.01.2023
225
0

Бүгінгі «Әлеуметтік желілер» деп аталатын азаматтық-ақпараттық платформада айтылмайтын әңгіме кем, талқыланбайтын тақырып аз. Бұл платформада цензураның жоқтығы өз алдына, жазған-сызғанын түзеп-күзеп отыратын редактор да болмағандықтан, әркім-ақ сауатының жеткенінше, жазба қалдырып, жанығып жатады. Жалпы әлеуметтік желілерді, соның ішінде, мысалы, Фейсбукты (facebook.com) қолданушылардың арасында маңызды мәселелерді қозғап, мағыналы ой айтатын азаматтардың қарасы жыл сайын артып келеді. Олар және қоғамдық пікірдің әлеуетін арттырып, билікке ықпал ете бастады. Алайда, өкінішке қарай, жоқты-барды сөз қылып, елге қарсы жұдырық түйіп, желге қарсы дәрет сындыратындар да жетіп-артылады. Солардың бір тобы ақын-жазушылар мен Жазушылар одағына сойылын ала ұмтылатындар болып тұр. Әлгілердің әспенсіген сөзіне бақсақ, Жазушылар одағын жауап тастау керек екен. Неге? Не үшін? Таза шығармашылық ұйым болып табылатын Жазушылар одағын жауып тастағанда, бұ жұрт не мырғам таппақ? «Жауып тастаушылар» мен «шауып тастаушылар» мұндай сұрақтарға жауап іздеп бас қатырмайды. Бірақ қайткенде көпті шулатып қойып пайда таппақ, айызы қанып, «айттым батыр» атанбақ. Сондай нәкөстердің соңына ергендерге тоқтам болсын десе керек, белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай Фейсбуктегі парақшасында былай депті:

Осы жұрт қоғамдық ұйым дегеннің не екенін білмейді-ау деймін. Қазақ­станды қоғамдық ұйымдар басқарады деп түсінетіндерге тіпті таңғаламын. Әлеуметтік желіде көзі ашық деп есептелетін кейбір журналистердің өзі үкіметтің жүргізіп отырған нашар саясатына ақын-жазушылар кінәлі деп ойлайды екен. Олардың жөнсіз пікіріне құлақтары елеңдеп отырған тобыр… иә, иә, тобыр, бейне бір әкесі құрып бергендей, «Қазақстан Жазушылар одағын тарату керек» деп еліреді. Немесе Президентке, Парламентке, Үкіметке, сот орындарына қоятын шағым-талаптарын Қазақстан Жазушылар одағына бағыштағысы келеді.
Ау, сонда елімізді Қазақстан Жазу­шы­лар одағы, яки ақын-жазушылар бас­қа­рып отыр ма, немене?!. Сіз өзіңіз ақын-жазушылардың ғасырлар бойы үздік­сіз айтып келе жатқан қай сөзін құла­ғыңызға қыстырып едіңіз?!.
Өзге де елдер секілді Қазақстанда да қаншама қоғамдық ұйым бар, олардың жарғысында көрсетілген өз міндеттері болады. Қоғамдық ұйымдарға әртүрлі партиялар, кәсіподақтар, жастар ұйымдары, кооперативтік бірлестіктер, шығармашылық одақтар, түрлі салаларға байланысты құрылған ғылыми, ғылыми-техникалық, мәдени-ағарту, спорттық, қорғаныс және сол сияқты ерікті қоғамдар жатады. Бұл қоғамдық ұйымдардың бәрі де өз салаларында республикамыздың әр алуан мәселелерін шешуге мүмкіндігінше үлестерін қосып келеді. Әрине, олқы соғып жатқан тұстары да болуы мүмкін.
Біздің елімізде Қазақстан Сәулетшілер одағы, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Композиторлар одағы, Қазақстан Театр қайраткерлері одағы, Қазақстан Суретшілер одағы, Қазақ­стан Журналистер одағы секілді шығармашылық одақтар бар. Бәрінің де өз деңгейінде атқара алатын тиесілі шаруасы, бірі шешіліп, бірі шешілмей жатқан көкейкесті мәселелері шаш-етектен. Тіпті осындай шығармашылық одақтары дүниежүзінің көптеген елдерінде жоқ. Бұл – біздің өткен дәуірлерден құдай сақтап, аман алып қалған игілікті бір ісіміз.
Әркім өзіне тиесілі нәрсені білуі керек деп ойлаймын. Егер сіз сәулетші, ақын-жазушы, композитор, театр қайраткері, суретші, журналист болсаңыз, онда Қазақстан Сәулетшілер одағы, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Композиторлар одағы, Қазақстан Театр қайраткерлері одағы, Қазақстан Суретшілер одағы, Қазақстан Журналистер одағы сынды өзіңізге қатысты шығармашылық одақтардың ісіне араласып, істі ілгері бастыруға септесе аласыз. Ал адресі адасқан бос сөздің сізге де, маған да құны «беш тиын».

Байбота Қошым-Ноғай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір