«Айыбым болса кеше жүр…»
14.03.2025
205
4

Биыл қазақ поэзиясына өзіндік өрнек салған, көзі тірісінде әдеби ортаның құрмет-қошеметіне бөленген ақын Жұматай Жақыпбаевтың туғанына 80 жыл толды. Осыған орай жақында қазақтың аяулы ақынының мерейтойы өзінің туған жері Жетісу облысында кеңінен аталып өтті. Осы бір өлең мерекесінде «Жыр қағанының» туындылары жылдар өтсе де өз оқырманын жоғалтпағанына көз жеткіздік. Есімі ел жадындағы шайырдың туған күніне орай Жетісу облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Халық шығармашылығының ұйымдастыруымен, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілдігінің атсалысуымен «Айы­бым болса кеше жүр…» тақырыбында 8 аудан, екі қалада бір күнде, бір сағатта ақынға арналған еске алу шарасы өңір бойынша салтанат құрып, қорытынды кеші Талдықорған қаласындағы
Д.Рақышев атындағы Жетісу облысытық филармониясында дүркіреп өтті.
Әуелгі кештің әлқиссасы болып Б. Римова театрының кәсіби әртістерінің оқуында Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдерінен композиция жасалып, пролог ретінде сахна шымылдығы ашылды. Облыс орталығындағы мерейтойлық бұл игілікті бастамаға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов арнайы қатысып, беташар сөзін сөйледі. Сондай-ақ кешегі «Жұматай жыр қағанатының» құрамында болған бүгінде елге танымал шәкірттері Әбубәкір Қайран, Жомарт Игіман және ақынмен қызметтес болған руһтас інілері Әміре Әрін, Сайлаубай Тойлыбаевтармен қатар, ізбасарлары Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхандар ел алдында естеліктер айтып, жырларын шалқытты.
Филармония әншілері ақынның сөзіне жазылған жаңа әндердің тұсауын кесіп, тыңдарманға жолдады. Кеш соңында ақынның аруағына Құран бағышталып, келген қонақтарға ас берілді. 80 жылдық мерейтойдан бастау алған осынау игілікті күндердің аясында «Жанр» әдеби клубы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұйытқы болуымен журналистика және филология факультеттерінің білімгерлері де ақын, жұматайтанушы Ержан Алаштуғанмен кездесу ұйымдастырды. Бұдан былай жыл сайын ақынның есімін ұлықтау мақсатында, бір күнде, бір сағатта облыс бойынша жыр кештерін өткізу дәстүрге айналмақ.

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ,
Жетісу облысы 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 15.03.2025 | 08:54

Бәрекелді!

Аноним 15.03.2025 | 10:59

Бәрекелді. Ерін ұмытпаған елдің еңсесі биік болар

Аноним 18.03.2025 | 08:29

Айтары жоқ, Жыр қағаны — Жұматайға деген халқымыздың құрмет-қошаметі шексіз!

Аноним 20.03.2025 | 19:55

Қабыл болсын! Жұматай ағаның өзі де, өлеңі де өзгеше бір әлем. Ерте кеткені өкінішті. Иманы жолдас болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір