АЙБЕРГЕНОВ АҢСАҒАН ӘЛЕМ
Бірі де сияқты емес таныс маған,
Әлде бұл арман ба алыс қауышпаған.
Бұл әсем жаңғырығы ма екен әлде,
Өзге әннің өз кеудемнен дауыстаған!
Төлеген АЙБЕРГЕНОВ.
Төлегеннің таң шығындай мөлдір сезімдермен, тебіренген теңіз толқындарындай тегеурінді ақындық қуатымен, құс жолына жалғанған армандарының асқақтығымен, дархан дарынның жүрек түкпірінен мөлдір бұлақтай шым-шымдап көзін ашқан поэзиясы мүлде бір жаңа биіктен жарқырап, көз қарықтырған өткен ғасырдың 60-шы жылдары қазақ жырының бұрын-соңды болмаған жаңаша тұрпатта түлеген кезеңі болды.
«Құмдағы мұнаралар» жинағы жарық көріп, қаламгерлер қауымының талқысына түскеннен соң, қарымды қаламгер ағамыз Қалаубек Тұрсынқұловтың: «Біз Төлегенді енді білдік, тұңғиық терең, дархан да заңғар ақындық әлемін енді таныдық дегенде қайран ақыннан көз жазып қалдық», – деген тебіренісінде көптен аңсап көрген сәбиінің бал қылығына тоймай қалған ата-ананың өзек өртеген өкініші бар. Біз бұл лебізді шымкенттік кәсіпкер, белді меценат Бекен Төлешовтің демеушілігімен «Түркі әлемі» студиясының директоры Доқтырхан Тұрлыбек түсірген «Айбергенов әлемі» бейнефильмінен тыңдағанбыз.
Биылғы ақпан айының 22 жұлдызында Ақтау қаласында өткен «Ата жұртын аңсаған Айбергенов» атты ғылыми-теориялық конференцияның шымылдығы осы бейнефильммен ашылды.
Маңғыстаулық азаматтарды осындай игі бастама көтеруге ынталандырған не деген сұраққа жауап Төлегеннің «Маңғыстау мұнаралары» өлеңдер циклінде жатыр.
Көшелерінде бояулар, шіркін, мол қандай,
Құдай да болсаң қарай алмайсың толғанбай.
Жан-жағы толқын
Терезесінен теңізге
Секіріп кетсе болғандай.
Ақ ерке осы қалаға
Айырмай көзін көк тігіп,
Тұрады екен төңірегін түгел өрт қылып.
Құс жолы мұнда аңдамай келіпшашылып қалған сияқты
Мұнаралардың заңғар басына соқтығып.
Төлегенге тән асқақ арын, көркемдік тәсіл, образдық өрнекпен өрілген бұл жолдарда сол кезде «табанының астындағы қара дарияның» енді ғана арна ашып, әлі екі жасқа да толмаған Ақтау (бұрынғы Шевченко) қаласының «сарғалдақ өңді сәби» шағынан-ақ жарқын болашағын болжаған ақындық түйсіктің тереңдігі, көңілдің көрегендігі жатыр.
«Менің республикамнан» бастап, кең байтақ Қазақстанның қай өңірі жайлы қалам тербесе де Төлеген өзі көз тіккен көркемдік биігінен көз жазбаған, талғам таразысының тасын жеңілдетпеген. Дегенмен, «Құмдағы мұнаралардың» ақын поэзиясындағы орны өзгеше.
А.С.Пушкиннің «Жер бетіндегі ең соңғы ақын өлмегенше, мен тірі боламын» дейтініндей, бұл өмірден 29 жасында озғанына 50 жыл болған Төлегеннің өзі де, өлеңдері де мәңгі жас. Әдебиетіміздегі «Төлегентану» деген тараудың әлқиссасы енді айтылды. Ақын шығармашылығы жайлы алғаш кандидаттық диссертация қорғаған аяулы ақын, марқұм Рахмет Аяпбергенов осы тараудың берекелі бастауында тұр.
Заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев «Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы», адуынды ақын Темірхан Медетбек «Телегей теңіз тебіреністердің ақыны» атты мақалаларымен сондай ізденістердің іргесін нығайтып, арнасын айқындап, бағытын түзеп берді.
«…Күн жақсы көріскенше, ар жұлдызым,
Енді сен басқа ағыстан ізде мені», – деп ақынның өзі айтатындай, ол жыршылығының арнасы да, ағысы да мүлде бөлек, зерттеуге де басқаша деңгейде жанасуды талап ететін ақын. Әбіш Кекілбаевтың «Құлбек Ергөбекті зерттеу үшін тағы бір Құлбек Ергөбек туылуы керек» дейтініндей, Төлегенді зерттеу үшін де бұл тәңірия құбылыстың құпиясын қопара ашуға қабілетті, қиядағыны қалт жібермес мерген зерде, қалтарыстағыны көңіл көзімен аңғарар қырағы сана, зергер зейін қажет.
«Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, Мен өлемін өзімнің биігімде» деп, асқақ адамзаттық арман, мұраттарды, өршіл рух, нәзік сезімдерімен сәулелендіріп кеткен Төлеген поэзиясы әлі талай ұрпақтың патриоттық сезімдерін шыңдап, «сөз патшасына» деген ықыласын арттырары сөзсіз.
Мұрат БЕКЕЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ПІКІРЛЕР1