Ана тілімізден – әлем тілдеріне
24.05.2022
3671
0

2021 жыл әдеби аударма үшін өнімді жыл болды. Әсіресе отандық баспаларымыз шетел әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей аударып, елдер арасындағы әдеби байла­нысты жандандыра түсті.

Лаура Дәуренбекова, ф.ғ.к., доцент

Атап айтқанда, Астрид Линдгреннің «Ұзын шұлық Пиппи», Родари Джанидің «Чиполиноның басынан кешкендері», «Джельсомино Суайт­тар елінде», Ж.Зинелованың аударуымен 5 кітаптан тұратын «Шетел ертегілері», Г.Х. Андерсеннің адамды жақсылық жасауға баулу, өзгеге көмек көрсету, шындықты айту, өтірікке құмар болмау керектігін шытырманға толы оқиғалармен жеткізетін бірнеше ертегілері (аударған С.Ерғали) жарыққа шықты.
Балаларға арналған әлем әдебиеті жауһарларының өткен жылы қазақстандық баспалардан шыққан туындыларының қатарында Жоан Роу-­ лиңтің «Хәрри Пот­тер», Руал Даһлдың «Жеймс пен дәу шабдалы», Ракел Паласионың «Ғажайып», Фрэнк Лайман Баумның «Сүйкімді қыз бен сиқыршы шал» ат­ты еңбектері бар.
Жалпы, балаларға арналған аударма шығармалармен қатар, отандық баспалар әлем әдебиетінің жауһар туындыларын да ұсынуда. Бұл рет­те Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романы (аударған Т.Меллат), Өтен Ахмет­тің тәржімасымен Олкот­т Луиза Мэйдің «Кішкентай ханымдар» романы басылып шықты. Маржан Ершудың аударуымен О.Памуктың «Сезім музейі», М.Дүйісмағамбет­тің аударуымен Яхина Гузелдің «Зулейханың оянуы», Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған бала» (ағылшын тілінен аударған Д.Әлімақын), Стивен Кингтің «Сол», «Жасыл миль» (ағылшын тілінен аударған М.Сембайқызы), Ахмет Үміт­тің «Ыстамбұл естеліктері» (аударған Д.Зікірия) оқырман қолына тиді.
Джордж Оруэлдің әлемдік классиканың үздігі болып саналатын «Мал қора» романы 1944 жылы жарық көрсе де, әлі күнге дейін өз өзектілігін жоймаған, әлемнің көптеген тілдеріне аударылып жарық көріп келе жатқан танымал шығарма. Кітапта кеңестік мемлекет­тердегі тоталитарлық жүйе «Мал қорадағы» жануарлардың өмірін мысалға ала отырып, күлкілі пародия түрінде жазылған. Осы әлемдік бестселлер енді Сәкен Солтанаевтың тәржімасымен қазақ оқырманына жетіп отыр.
2021 жылы прозалық туындылармен қатар, поэзиялық шығармалардың аудармалары да жарыққа шықты. Мәселен, Байбота Қошым Ноғайдың тәржімасымен орыс әдебиеті алтын ғасырының ақындары В.А. Жуковскийдің, А.С. Пушкиннің, Я.П. Полонскийдің өлеңдері мен дастандары жарық көрді. Әлем ақындарының үздік өлеңдерін аударып жүрген қаламгерлердің бірі – Ержан Алаштуғанның «Жалғыз аспан» жыр жинағына Адам Мицкеевич, Низами Гәнжауи, Шота Руставели, т.б. шетел әдебиеті ақындарымен қоса белгілі ақын О.Сүлейменов пен Б.Қанапияновтың да өлеңдері енгізілген.
Өткен жылы жарық көрген аудармаларға назар аудара отырып, негізгі төрт бағыт­та жұмыс жасалғанын байқауға болады.
Түпнұсқадан тікелей аудару. Бұл бойынша, негізінен, шығармалар ағылшын, орыс, түрік, парсы, мажар тілінен тікелей аударылған. Осы арада М.А.Джамалзаденің «Ана тілдің әуезі» шығармасын Айнаш Қасым парсы тілінен, Эндре Ади лирикасын Р.Зақанқызы мажар тілінен аударғандығын ескере кеткен жөн. Аудармалар қазақ әдебиеті газетіне жарияланған.
1960-1980 жылдары орыс тілі арқылы аударылған шығармаларды қайта басып шығару, қайта өңдеп шығару ісі. Бұл бағыт­та Qasym кitaphanasy баспасы жоспарлы түрде жұмыс жасап келеді.
Алаш зиялыларының аудармалары жеке кітап болып басылып шыққан. Саяси күрес арқылы ғана емес, мәдени-рухани күреспен ұлт­тың санасын ояту қажет­тілігін түсінген Алаш зиялылары ұлт­тық сананы қалыптастыру үшін оқу-ағарту мақсатында жасаған еңбектерінің ішінде көркем аударма ісімен де айналысқанын ерекше атағанымыз маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының жобасымен (жоба авторы Абзал Құспан) Алаш қайраткерлерінің аударма мұраларын жарыққа шығару, насихат­тау ісі жалғасын тапқаны қуан­тады.
4) Қаламгерлеріміздің туындылары өзге тілде аударылып, жарыққа шыққан. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы «Шлях Абая» деген атпен беларусь тілінде жарық көрді. Сондай-ақ Д.Исабековтің шығармалары швед тілінде жарыққа шықты. Жинаққа Дулат Исабековтің ең танымал бес хикаяты мен екі әңгімесі енген. З.Жұманованың повестері мен әңгімелері «Запах дождя» деген атаумен орыс тілінде жарық көрді. Арман мен үмітке толы ойлы өлеңдерімен танылған ақын Саят Қамшыгер поэзиясы да орыс, башқұрт тілдеріне аударылды.
Байқап отырғанымыздай, әдебиетіміздің көркем аударма саласы дамып келеді. Сатылы аудармадан қарағанда, тікелей аударма жасаудың артықшылығы көп, пайдалы екені анық. Осы уақытқа дейін қаламгерлеріміздің шығармалары өзге тілге орыс тілі арқылы аударылып келді. Ендігі кезекте ақын-жазушыларымыздың шығармалары әлем тілдеріне тікелей ана тілімізден аударылса, қазақ әдебие­тінің өрісі кеңейер еді. Отандық баспаларымыз осы жағына назар аударса деген тілек бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір